Соңғы жылдары елімізде қазақ тілінің қолданыс аясының кеңейіп келе жатқанын анық аңғаруға болады. Соның ішінде сот саласында қазақ тілінде қаралатын істердің де саны артқанын статистика аңғартып отыр. Жалпы Тәуелсіздік алғалы қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мақсатында мемлекет тарапынан нормативтік-құқықтық актілер, оны кешенді іске асыруға бағытталған бағдарламалар қабылданып, түрлі іс-шаралар атқарылуда. Ол мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға айтарлықтай ықпал етті.
Қолданыстағы мұндай құжаттардың бірі – 2019 жылғы 31 желтоқсанда бекітілген «Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы». Бағдарламаның мақсаты қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, жаңа латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының тілдік капиталын дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу. Нәтижесінде қазақ тілінің ұлттық, мемлекеттік және этносаралық коммуникация тілі ретінде толыққанды қолданылуын қамтамасыз ететін іс-шаралар жүйесі жүзеге асырылады деп күтілуде.
Әрине, сот билігі – биліктің бір тармағы ретінде мемлекеттік тілді дамытуға мүдделі. Дегенмен, процестік заңнама талаптарына сәйкес сот ісін жүргізу тілі талап қою берілген тілде іске асырылады. Сот саласында сот ісін жүргізу тілін белгілеу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14-бабында нақты көрсетілген.
Сондай –ақ сот практикасынан азаматтық іс бойынша құқықтық көмек беретін адвокаттар мен заңгерлер талап арыздарды көбіне орыс тілінде әзірлейтіні байқалады. Сотқа келген азаматтардың сот процесі кезінде орыс тілінде ойын еркін жеткізе алмай жататыны кездері болады. АПК-нің 14-бабы 2-бөлігінде егер істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындау барысында талап қоюшының өз өкілі талап қою арызы (арыз) берген тілді білмейтіні анықталса, онда сот талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады деп көрсетілген. Заңның бұл талабы талап қоюшыға түсіндірілсе де, көп жағдайда азаматтар өздерінің бұл құқықтарын қолданбайды. Сондықтан, кәсіби құқықтық көмек көрсетуші заңгерлер сотқа берілетін арызды талап қоюшының өзі жетік меңгерген тілде әзірлесе деген тілек бар. Себебі жоғарыда атап өткендей, арыз берілген тілде істі қарау соттың міндеті болып табылады.
Қазақ тілін білу – әр қазақстандықтың парызы, өйткені тілге деген құрмет – сол елдің халқына көрсетілген құрмет. Ол үшін алдымен өзіміздің ана тілімізге деген құрметіміз әрашан жоғары болуы тиіс. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген ақын сөзінің өзектілігі күннен күнге артып келеді.
Қадырқұлова Лира Меделқанқызы, Қонаев қаласының мамандандырылған тергеу сотының әкімшісі