Сот актілерін орындамау – сотты сыйламау

Сот – әділдіктің, елдегі ортақ тәртіпті сақтаудың кепілі. Азаматтар сотқа өз құқығын қорғау үшін, өз мүддесін таптатпау үшін барады. Әділдікке қол жеткізу ұзақ мерзімді, көп әурені қажет ететіні түсінікті. Өйткені, сот процесі бір күнде бітпейді. Сот актісі қолына тигенге дейін азаматтар сот шығынына қаржы шығарып, қаншама уақытын, қаншама күш-қайратын кетіреді. Ал сол көп әуремен, үлкен үмітпен қолына тиген сот актісі орындалмай, орта жолда қалса азаматтар қандай күй кешеді?

Сот актілерін орындамау ең алдымен халықтың мемлекеттік билікке, әділдікке деген сенімін төмендетеді. Бұл сотты сыйламаудың, соттың қызметіне құрметпен қарамаудың көрінісі. Сот мемлекет атынан шешім шығаратындықтан, маңызды құжатты дер кезінде, толық көлемде орындау тараптарға міндет. Алайда, оның жауаптылығын сезінбейтін, сот актілерін орындауға мән бермейтін азаматтар біздің қоғамда аз емес.

Сот шешімдерін дер кезінде орындату мәселесіне мемлекет ерекше назар аударады. Мұны соңғы жылдары заңдарға енгізілген соны өзгерістер мен толықтырулардан, сот орындаушыларының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту бағытында жүргізіліп келе жатқан кешенді жұмыстардан байқауға болады.  Сонымен бірге, жеке сот орындаушылар институтының енгізілуі де сот актілерінің уақытылы орындалуына серпін беруде.

Жалпы, дәл осы мәселені зерделегенде азаматтардың жауаптылығы туралы айтпай кетуге болмайды. Өйткені, сөзінде тұратын, өз ісіне жауап беретін, әр әрекетін бағалайтын азаматтар ешбір жазасыз-ақ, міндеттеу мен мәжбүрлеуді күтпей-ақ сот актісін орындайды. Өкінішке орай, бізде осы жауаптылық жағы ақсап тұр. Басқа дауларды, сот актілерін айтпағанда, алиментке қатысты міндеттемелерін созып жүрген азаматтардың адамгершілігі туралы сөз айту артық.

Алимент – өз қаныңнан тараған ұл-қызыңа берілетін қаржы. Алимент әкені алмастыра алмайды. Дегенмен, әкесінің уақытылы беріп тұрған алиментінің арқасында баланың күнделікті өміріне қажетті дүниелерді кедергісіз алуына мүмкіндік туады. Алименттің тұрақты түсіп тұратынына сенген бала ай сайын үйірмелерге қатысып, қатарынан қалмайды. Ал енді алимент бермей, мекен-жайын, нақты табысын жасырып жүрген әкелер баласының өміріне, ертеңіне мән бермейді. Мұндай жандарды заңның тезіне салып қана сот актілерін орындатуға болады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабында сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамаған тұлғаларға әкімшілік  жауаптылық  көзделген. Кодекстің 669-бабының 1-бөлігіне сай сот актілерін орындамаған жеке тұлғаларға бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынып, не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы белгіленген. Ал сот актілерін орындамаған лауазымды адамдарға, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға – жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынып немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу көзделген. Бұл тетік сот жұмысына құрметпен қарауға, тараптар алдындағы жауаптылықты көтеруге, сот актілерін аяқсыз қалдырмауға ықпал етері анық.      

Ғалия Әбимұрат,

Алматы қаласы

Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Развитие предпринимательства

В учреждении №79 Департамента уголовно-исполнительной системы по Атырауской области...

Шаңырақ күні – отбасы жылуының көрінісі

Шаңырақ күні аясында отбасы құндылықтарын нығайту мақсатында мекемеде ерекше...

День Шанырака — символ семейного тепла

Шаңырақ күні в рамках празднования Наурыза в учреждении было...