Сот – мемлекеттегі ақ пен қараны айырып, әділдік салтанат құратын орын. Еліміздің бас құжаты – Конституциясының 75, 76-баптарында Қазақстан Республикасында төрелікті тек сот жүзеге асыратыны бекітілген. Ал осы сот алаңындағы тәртіпті сақтау, жалпыға ортақ талапқа бағыну баршамыздың міндетіміз. Өкінішке орай, қаншама ескерту жасалып, түсіндіріліп жатса да, тәртіпке бағынбайтын, теріс әрекеттер жасайтын азаматтар әлі де аз емес. Мұндай азаматтар сотқа құрмет білдірмеудің соңы жауаптылыққа әкеп соқтыратынын ескере бермейді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексіндегі 119-баптың 1-бөлігінде сотқа құрметтемеушілік танытқандарға берілетін жауаптылық көрсетілген. Сотқа құрмет білдірмеудің нақты көрінісі ретінде – азаматтардың сот шақыртуына көңіл бөлмеуін, сот процесіне себепсіз қатыспауын атауға болады. Сот процесіне қатысатын тұлғалар көп. Кейде бір куәнің сот отырысына қатыспауы істің созылуына ықпал етуі мүмкін. Соның кесірінен сот процесі кейінге шегеріліп, мұның соңы – судьядан бастап, барлық тараптарды әуре-сарсаңға салады, уақытын босқа кетіріп, жұмысындағы жүйені жоғалтады. Міне, сондықтан да сот шақыртуына дәлелді себептерсіз қатыспаған тұлғаларға судьяның «сотқа құрметтемеушілік» бабымен жаза тағайындауға толық құқығы бар.
Сонымен бірге, сот отырысында процестің өз деңгейінде өтуіне кедергі келтіру деректері де жиі кездеседі. Судьяның сөзін бөлу, сот залының тыныштығын бұзу, қарсы тарапты тыңдамау, тараптарға айғайлап, өз ойын айтуына кедергі жасау фактілері сотқа және төрағалық етушінің өкімдеріне айқын құрметтемеушілік көрсетудің белгілі болып табылады. Бұл сот отырысындағы тәртіптің бұзылуына әсер етеді. Осыған байланысты азаматтар сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін туындайтын жауапкершілік туралы, сотқа келмеудің, процеске қатысушыларды қорлаудың қандай құқықтық салдары болатынын білуі керек.
Бүгінде сотты құрметтемегендерге әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік белгіленген. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Егер сот отырысында тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, бұл адам қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін. Заңға қарсы жасалған әрекет (әрекетсіздік) үшін бір ғана мәжбүрлеу шарасы және (немесе) жауапкершіліктің бір түрі қолданылуы мүмкін.
Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін әкімшілік жауаптылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 653-бабында көзделген. Ал Қылмыстық кодекстің 410-бабында сот талқылауына қатысушыларды қорлаудан не судьяны және алқабиді қорлаудан көрінген құқық бұзушылықтар үшін жауаптылық белгіленген. Сондықтан кез-келген азамат сот процесіне қатыса отырып, өзіне ғана емес, сотқа және сот талқылауының басқа да қатысушыларына құрмет көрсету керек екенін үнемі жадында ұстауы шарт.
Э.Акбаев,
Алматы қаласы
Медеу аудандық сотының судьясы