Қызылорда облыстық сотының төрағасы Шығамбаев Әділхади Жұмабайұлының төрағалық етуімен «Сот жүйесінің коммуникациялық стратегиясы – қоғам мен соттың тиімді диалогын қалыптастыру. Соттың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету» тақырыбында семинар-кеңес өтті.
Шараға облыстық соттың алқа төрағалары мен судьялары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, кеңсе меңгерушілері мен баспасөзге жауапты мамандары қатысты.
Семинарды Ә.Шығамбаев ашып, ақпараттың дамыған заманында бүгінгі тақырыптың маңызды екендігін, сот саласының қоғамдық диалог орнату, сот жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуде өзіндік ерекшелігін атап өтіп, тақырып төңірегінде баяндама жасау үшін облыстық соттың судьясы, азаматтық істер бойынша баспасөз қызметін үйлестіруші судья Ш.Маликоваға сөз берді.
Баяндамашы ашықтық – тек қана сот жұмысын ақпараттандыру ғана емес, сонымен қатар сот жүйесінің ерекшеліктеріне сай сот отырыстарының ашықтығы және соны қамтамасыз ету болып табылатынын айта келе азаматтық істер бойынша соттың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша өткен жылда атқарылған жұмыстарға талдау жасады.
Семинар-кеңесте келесі болып облыстық соттың судьясы, қылмыстық істер бойынша баспасөз қызметін үйлестіруші Б.Қалымбет баяндама жасады. Баяндамашы сот ісін қарау барысында БАҚ өкілдері мен өзге де мүдделі тұлғаларды заң бойынша қолжетімді ақпаратпен қамтудың маңыздылығын, себебі соттың баспасөз қызметі ұсынған ақпарат қана шынайы екендігін айтты. Сондай-ақ Б.Қалымбет соттың ашықтығын қамтамасыз етуде қылмыстық істер бойынша әлеуеметтік желі арқылы сот отырысынан тікелей эфир ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.
Баяндамалардан соң қатысушылар тақырып аясында баяндамашыларға сот істері бойынша ашықтықты қамтамасыз етуге байланысты өздерінің сұрақтарын қойды.
Семинарды қорытындылаған Әділхади Жұмабайұлы халықты ашық әрі қолжетімді ақпаратпен қамту мемлекеттің ұстанған саясатының бірі екенін, сондықтан сот жүйесі де мейлінше ашық жұмыс жасау қажет екенін, сондықтан заңға сәйкес тиісті шаралар атқару бойынша қатысушыларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі


