12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Раушан ШӘМІЛ, ҚР Туризм индустриясы ұлттық қауымдастығының президенті: «ЖАРНАМАҒА АЛДАНЫП ҚАЛАТЫН САЯХАТШЫЛАР АЗАЙМАЙ ТҰР»

– Раушан Шәмілқызы, сұхбатымызды турист немесе саяхатшы деген кім деген сауалдан бастап, оның қоғамда алатын орнын анықтап алсақ?

– Турист деген сөзге түсініктеме берер алдында алдымен 2001 жылы қабылданған еліміздегі туристiк қызметтiң құқықтық, экономикалық, әлеуметтiк, ұйымдық негiздерiн белгiлейтін «ҚР туристік қызмет туралы» заңдағы ресми анықтамасына тоқталып өтейін. Онда туристке – уақытша болатын елге (жерге) 24 сағаттан бір жылға дейінгі кезеңге келетін және ақылы қызметпен айналыспай, сол елде (жерде) сауықтыру, танымдық, кәсіби-іскерлік, спорттық, діни және өзге де мақсаттарда кемінде бір рет түнейтін жеке тұлға деген анықтама берілген. Ал туризм – туристің тұрақты тұрғылықты жерін ауыстыруға байланысты емес саяхатта уақытша болуы деп түсіндірілген. Енді оны қазақы ұғыммен түсіндірер болсақ, «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» деген тәмсіл бекер айтылмаған. Радио мен теледидар, телефон, интернет жоқ кезде де адамдар өзге жұрттың жаңалығын біліп, оның мәдениеті мен өнерінің жетістігінен хабардар болып отырған. Оған ел мен елдің арасындағы сауда-саттықтан бөлек, білім-ғылым іздеп әлемді шарлайтын саяхатшылардың да қосқан үлесі мол болды. Жалпы, қай дәуірде, қай елде болмасын жолаушыны жатын орын, ішер аспен қамтамасыз етіп, баратын жеріне жөн сілтеп, шығарып салу кез келген адам үшін бұлжымас қағида болған. Тіпті, жолаушыны қондырмай, дұрыстап күтіп алмаған жанның өзіне ғана емес оның бүкіл ауылына ат-шапан айып төлету дәстүрі біздің халқымызда ХХ ғасырға дейін сақталып келген. Қонақ күту әдебі бізде әлі жойылған жоқ. Ол бүгінде ұлттық мәдениеттің бір бөлшегі ретінде бағаланып жүр. Сондықтан құдайы қонақпын деп келген адамға, әсіресе, ауылдық жерде көрсетілетін құрмет пен қошемет әлі де өзгерген жоқ. Әлі күнге дейін бала-шағаның аузынан жырып, сойған малының кәделі жілігі мен дастарқанға салатын тәттісі мен дәмдісінің бір бөлігін бұл «құдайы қонақтың еншісі» деп сақтайтын ата-әжелеріміз аз емес. Өйткені, аз отырып, көп сынайтын мұндай қонақтар жүрген жерінде көрген жақсылығының есесін еселеп қайтарып, елдің және оның адамдарының даңқын алысқа таратады. Бұл игі дәстүрдің жалғасуына туризм саласының қосып жатқан үлесі зор. Мәселен, қазір бүкіл әлемде экономиканың ең қарқынды дамып келе жатқан саласы осы туризм болып отыр. Ол дамыған елдерде жалпы ішкі өнімнің 10-40 пайызын қамтамасыз етеді. Сондықтан Қазақстан да 2025 жылға қарай оны кем дегенде 8 пайызға жеткізуді алдына мақсат етіп қойып, 2019–2025 жылдарға арналған арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдады.

– Туристер өз саяхатын жоспарлау кезінде ең алдымен не нәрсеге мән беру керек?

– Қазір интернеттің дамыған кезі. Егер шет елге барып демалғыңыз келсе алдымен баратын мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық, саяси, құқықтық жағдайымен танысып алыңыз. Одан кейін таңдаған қала, аудан, облыстағы ахуалды біліңіз. Өйткені, қазір көптеген елдер бұл саладағы халықаралық және әлемдік қауымдастықтардан белгілі бір жерлерге туристер үшін қауіпсіз деген құқықтық мәртебе беретін белгі қоюға рұқсат алуға тырысады. Яғни, бұл жерде саяхатшылар үшін қауіпсіздік шаралары барынша сақталып, оған барлық жағдай жасалған. Былтыр, мәселен қазақстандықтар үшін ең танымал ел саналатын Түркияның өзінде арнайы белгі орнатылған мұндай жерлердің саны 20 шақты ғана болды. Өкінішке қарай, Қазақстанда әзірге ондай бірде-бір орын жоқ. Бұл мәселе тіпті құзырлы органдар тарапынан қарастырылмаған да. Жалпы, саяхатты жоспарлау кезінде отандастарымызға қаржы үнемдеймін деп қауіпсіздікті естен шығарып алмауға кеңес берер едім. Сол себепті ең алдымен кәсіби мамандардан кеңес алуы қажет. Интернеттегі жарнамаға сеніп демалыс нысандары мен қонақ үйлерге алдын ала тапсырыс беріп, алаяқтарға алданып далада қалып қоятын жағдайлар аз емес. Турагенттерге сеніп, уәде еткен туры мен көрсеткен қызметіне көңілі толмағандар қалтасындағы қаржысынан ғана емес, кейде денсаулығынан да айырылып жатады. Мұндай қиын жағдайда қалмас үшін саяхатқа шығам деген жан барынша туристік қызметтің барлық түрлері бойынша лицензиясы бар кәсіби компанияларға жүгінгені дұрыс болар еді.

– Денсаулық демекші, сақтандыру сертификаты туралы да айта кетсеңіз?

– Кәсіби қызмет көрсететін компаниялар арқылы саяхаттайтын туристердің бәрінде медициналық сақтандыру сертификаты болады. Олар өз сапары кезінде қандай да бір медициналық көмекті қажет еткен жағдайда оған тәуліктің кез келген уақытында барлық жерде тегін қолжеткізе алады. Сондай-ақ, алғашқы көмектен кейінгі өзге медициналық қызмет ақылы болған жағдайда оған жұмсаған қаржысын өз еліне барғанда сақтандыру компаниясы арқылы қайтарып алуына мүмкіндігі бар. Осы арада айта кететін бір жәйт, туристер тур арқылы келсе де, жеке өз бетімен келсе де қолында сертификаты болған жағдайда алғашқы көмекті тегін, ал өзге ақылы қызметке жұмсаған шығынды сақтандыру компаниясы арқылы қайтарып ала алады. Дегенмен, ақылы қызметке жұмсалатын қаржының көлемі шектеулі. Оның көлемі әр елде әртүрлі. Шығын одан асып кеткен жағдайда мөлшерлемеден асқан қаржыны сақтандыру компаниясы туристке қайтаруға міндетті емес.

– Шетелге шығуда сертификат алу барлық туристке міндетті ме?

– Міндетті. Егер туристік компания арқылы барғанымен, сақтандыру сертификатын алғым келмейді десе оны ешкім мәжбүрлей алмайды. Яғни, сақтандырусыз шығатын болса өз бетімен барса да, арнайы қызмет көрсететін компаниялар арқылы барса да медициналық көмек қажет болған жағдайда бұл қызметтің бәрін тек ақылы түрде алады. Бізде осыған қатысты бір жағдай болды. Түркияға бір шараға баратын жігіттер «Тұмар-Транс» компаниясынан билет алды. Онда олардың біреуі баспалдақта тайып жығылып, амалсыз рентгенге түсуге мәжбүр болады. Оны жасаған мекеме сақтандыруың бар ма деп сұраған. Алайда, сертификаты жоқ болғандықтан отандасымыз өз қалтасынан 300 еуродай қаржы жұмсауға мәжбүр болады. Келген соң сіздер керек пе деп сұраған кезде бекер бас тартқан екенмін деп өз өкінішін айтты.

– Сақтандыру сертификатының құны қанша? Ол қай елде қымбат, қай елде арзан?

– Сертификат құны шартты түрде белгіленген. Доллар қолданылатын Тайланд, Индонезия сияқты елдерде туристердің ақылы медициналық шығындарын жабуға бөлінген қаржының көлемі 10 мың АҚШ долларына дейін болса, еуро қолданылатын елдерде 30 мың еуродан жоғары. Яғни ақылы қызметке жұмсалған қаржы бұл мөлшерден асып кеткен жағдайда туристің қалған шығыны қайтарылмайды. Сондықтан сақтандыру сертификатының құны бір күнге доллар қолданатын елде 1-1,5 доллар, еуро қолданылатын елде 1-1,5 еуро. Осы арада тағы бір нәрсе бар, айта кетейін. Егер шет елде сапарда жүрген адам қайтыс болса оның денесін туған жерге алып келу сақтандыру сертификаты арқылы тегін жүргізіледі. Сондықтан кейбір адамдардың шетелге саяхаттап кеткен туыс-туғандары қайтыс болған кезде сақтандыру сертификаты болмағандықтан оны қайтаруға қаржысы жетпей халықтан, үкіметтен көмек сұрап жатады. Оны біреу түсінсе, біреу түсінбей айдалада қыдырып жүріп қайтыс болған адамға Сыртқы істер министрлігі не үшін бюджет қаржысын жұмсауы керек дейтін кездері сирек болса да кездесіп тұрады.

– Қазақстанда шетелдіктерге сақтандыру сертификатынсыз-ақ алғашқы медициналық көмек тегін көрсетіліп жатады емес пе?

– Оныңыз рас, бізде алғашқы медициналық көмек барлық жерде тегін. Мұндай жағдай бізден басқа ешбір шет елде жоқ. Медициналық қызмет оларда тек сақтандыру сертификатымен ғана тегін жасалады. Бізде оған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қомақты қаржы бөлінеді. Бұл мәселе мамандар мен оған мүдделі барлық құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен талқыланып, белгілі бір шешім қабылданғанын өз басым қалаймын. Өйткені қорда шетелдіктерге медициналық қызмет көрсетуге бөлінген қаржының көлемі аз емес. Өзгеге жалпақтамай оны неге өз азаматтарымыздың жағдайын жақсартуға жұмсамасқа. Бізде медициналық қызмет көрсететін мекеме де, маман да көп жерде әлі күнге дейін тапшы. Халықтың әсіресе, елді мекендерде дәрігерлік амбулаторияның өзіне қолы жетпей, бір ауылдан бір ауылға қатынауы ХХІ ғасырда ұят нәрсе. Айтпақшы, алғашқы медициналық көмек «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің азаматтарына медициналық көмек көрсету туралы келісімді және Медициналық қызметтер ұсынудың тәртібі бөлігінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің азаматтарына медициналық көмек көрсету туралы келісімді іске асырудың тетігі жөніндегі хаттаманы бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2000 жылғы қаулысына сәйкес бәрінде емес, тек бірқатар ТМД елдерінде ғана тегін.

– «Туристік қамқор» деген де бар ғой?

– Бұл қордың басты мақсаты – туроператордың, туроператор-әуе кемесімен жалданушының міндеттемелерді орындау мүмкіндігі болмаған кезде Қазақстан аумағынан уақытша келген азаматтарды жедел елге қайтаруға негізделген. Турды рәсімдеп құжаттаманы алған кезде сапардың әрбір қатысушысына туркод беріледі. Тізілімге туркодтың енгізілуі туроператорда қиындықтар туындаған кезде бұл адамның Қазақстанға қайтып оралуына кепілдік берілгенін білдіреді.

– Кейбір адамдардың туроператор мен турагенттің айырмасын білмей шатасып жататын кездері аз емес?

– Рас айтасыз. Бұл үшін алдымен «ҚР туристік қызмет туралы» заңдағы осы ұғымдарға берілген анықтамаға жүгінген жөн шығар. Онда туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар ретінде – турагенттер, туроператорлар, туризм нұсқаушылары, сондай-ақ, өз бетінше туристік қызмет көрсететін гидтер, экскурсоводтар көрсетілген. Ал туристік операторға (туроператор) – туристік операторлық қызметті, ішкі туризм, келу немесе шығу туризмі саласындағы туристік операторлық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға деп түсінік берілген. Айтпақшы туроператордан бөлек фрахтователь-туроператор деген бар. Фрахтофатель – өз турымен бірге ұшаққа орын алатындар. Туристер көбіне солардан алуға тырысады. Олардың ұшаққа билет алатын бағасы тұрақты, белгілі бір бағамен қатаң шектеледі. Ол не өспейді, не түспейді. Ал ұшаққа билетті әуекомпанияның өзінен алсаң ол бүгін 100 мың теңге болса, ертең 120 мың теңге боп кетуі мүмкін. Онда тарифтік жүйе өсіп отырады. Фрахтователь болса бұл орынды келіскен бағамен ғана алады. Бірақ ол тәуекелді. Егер ол ұшаққа күнде 10 орын алатын болса әрдайым оны толтырып отыруы керек. Толмаса да оған өзі ақша төлейді. Мұндай фрахтовательдер бізде көп емес. Мұндай үлкен компаниялар ары кетсе оншақты ғана деп ойлаймын. Олардың өзі осы жерден өз филиалын ашып алған шетелдік ірі компаниялар.

– Қазақстанға қазір қанша елден туристер келеді?

– Қазіргі уақытта ТМД елдерін қосқанда 77 мемлекеттің туристері бізге визасыз кіре алады. Әйтсе де кейбір елдерде әлі де біз туралы ұнамды мағлұмат жоқ. Оған Канаданы мысалға келтіруге болады. Олардың туристерге арналған сайтында Қазақстанға барғанда абай болыңдар, заттарыңызды ұрлауы, әуежайда таксистері өте қымбат ақы сұрауы мүмкін деген сияқты ескертулер бар. Бұл туралы Канададағы Қазақстан Елшілігіне хабарлассақ, канадалықтар Германияны да, Түркияны да қиын ел дейтінін айтты. Бұл жағдайды түзету үшін Канададағы әріптестерімізбен сөйлестік, олар бізді өз көрмелеріне шақырып жатыр. Болашақта олардың Қазақстанға қатысты көзқарасы өзгеретін шығар деп ойлаймын.

– Туркомпаниялар саяхатшылардың қауіпсіздігіне кепілдік бере ала ма?

– Бәрі емес. Сапа белгісіне ие болғандар ғана кепілдік бере алады. Ал олардың саны бізде өте аз. Мен жетекшілік жасайтын «Тұмар-Транс» компаниясы былтыр сол мәртебеге ие болды. Мәселен, еліміздегі туризм саласындағы компаниялардың басым бөлігі шоғырланған Алматының өзінде оның саны 20-ға да жетпейді екен. Сапалы қызмет көрсетеді деген құжатты біз «Қазақтуризмнен» алдық. Біздің өтінішімізге сәйкес олар туристік қызметке қатысты барлық құжаттарымыздың дұрыстығын, атап айтқанда саяхатшыларды күтіп алудан бастап, оларға көрсететін өзге де қызметтерімізді, сақтандыру компаниясы және өзге де серіктестермен арадағы ынтымақтастық туралы келісімдерімізді тексеріп, мақұлдады. Сондықтан қызметі толық қанағаттандырылмағандықтан өзіміздің ғана емес шетелдік туристердің де саяхаттан ренжіп қайтатын жағдайлары кездесіп тұрады. Мәселен, Польшадан келген туристер интернеттен біздің қаладағы бір компанияны таңдап алған екен. Олар сайтында өздері туралы керемет қып жазып, Шарын каньонына, Көлсайға апарамыз деген. Сеніп келген туристер тамақтан уланып қалады. Оларға қызмет көрсеткен компания тамақты өздерімен бірге алып шыққан екен. Сосын бұл туристер интернеттен тауып алып, бізге хабарласты. Оларға саяхатының қалған уақытына Қазақстанмен бірге Өзбекстанға да сапар жасап қайтуына жағдай жасадық. Кейін олар «бұл жақсы тур болды» деп бізге өз алғыстарын айтты. Яғни, бұл саладағы компаниялар өзінің сапалы қызмет көрсететінін барлық жағынан көрсету керек. Бізде қазір турагенттер қызметі лицензияланбайды, тек туроператорлар қызметі ғана міндетті түрде лизенцияланады.

– Мазмұнды сұхбатыңызға рақмет. Еңбектеріңіз жемісті болсын.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Алтынбек НУХҰЛЫ, Парламент Сенатының депутаты: «ҚАБЫЛДАНҒАН ӘРБІР ЗАҢ МАҢЫЗДЫ»

– Биылғы жылы қандай маңызды заңдар қабылданды? – Қазақстан...

ЖЕР БАҒАСЫ АСПАНДАП ТҰР

Қиян шеттегі ауылды қайдам, аудан орталығындағы жер бағасы сіз бен бізді ойландырмай қоймайды. Облыс не үлкен қала орталығына жақын елді мекендерді былай қойғанда, 10-15 мың түтіні бар моноқалалық жерде 10 сотық жер бағасы 2-3 млн теңгеден асып жығылады.

Қазақстан су тасқыны кезеңіне дайын ба?

Төтенше жағдайлар министрлігі 2025 жылдың су тасқыны кезеңіне дайындық барысы туралы айтты.

Елімізде 35 градусқа дейін аяз болады

Синоптиктер 24, 25 және 26 желтоқсанда Қазақстанда ауа райы қандай болатынын болжап айтты.

ШҚО-да қар көшкініне байланысты жолдар жабылды

Шығыс Қазақстан облысында көлік қозғалысына шектеу қойылды.