Эленора 1981 жылы Шымқалада дүниеге келіп, осы шаһарда өсіп бойжетті. Ол бір үйдің жалғыз қызы болғандықтан, әке-шешесі бар тапқандарын ерке әрі шолжаң Эленораның аузына тосты. Көпқабатты үйде тұрғандықтан және анасы оған ешқандай жұмыс істетпегендіктен, ол жалқау болып өсті. 90-жылдары дүкендерде азық-түлік азайып, киім-кешек пен тағы басқа да керек заттар қат болған тұста да ата-анасы оған жоқшылық дәмін татқызбады. Қалаған тамағын ішкізіп, таңдаған киімін алып берді. Осылай жастық шағында шалқып өмір сүрген Эленора не киемін, не ішемін деп ойлаған емес. Әке-шешесінің арқасында тайраңдап жүріп, оның мектепте жақсы оқуға ынтасы болмады. Содан болса керек, мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына түсе алмай, бір жылдай үйінде бос жүрді. Оған келесі жылы да жұмыс табыла қоймады. Сол жылдары шешесінің істеп жүрген жұмысы тоқтап, анасы жұмыссыздар қатарына ілікті. Арада бір жыл өткеннен кейін әкесі істеп жүрген кәсіпорын жабылып, ол да амалсыздан үйде отырып қалды. Бұлар тұратын Шымқаладағы «Теріскей» шағын ауданында базар да, сауда орталығы да болатын. Содан шешесі үйде отырған қызын ертіп жеміс-жидек, көкөніс сатуға базарға шығады. Ақшалары аздау болған соң, базардан көкөністі килолап алып соны сатып күнелтті. Бірақ, тапқан табыстары күнделікті ішіп-жемнен артылмады. Қалада туып-өскен және мұндай қара жұмысқа үйренбеген Эленораға бұл тірлік тіптен ұнаған жоқ. Әйтеуір амалы қалмаған соң анасының жанында таңертеңнен кешке дейін көмекші болып жүргені. Мұның барлығы да Эленораға ауыр тиді. Содан кейін базарды қойып, сауда орталығына басқа жұмысқа ауысты. Үлкен сауда орталығына келген небір бай адамдардың, бизнесмендердің қымбат заттарды ойланбай сатып алғанын көріп, мұның да тез байығысы келді. Тапқан табысы мардымсыз болып, ішіп-жемнен және өзінің киім-кешегінен артылмады. Эленора күндіз-түні қалайда тез бай болуды ойлап жүрді. Ол жалғыз өзі қаланың бір шетінде бетоннан соғылған екі бөлмелі ескі үйде тұрып жатты. Кей кездері ойланып қараса, жасы отыздың ортасына барып қалыпты, өзінің құрбылары тұрмысқа шығып, 2-3 балалы болып, отбасымен жаңадан салынған 2 қабатты даңғыраған үйде тұрып жатқанын көргенде, іштарлығы ұстап, шеке-басы тырысып қалатыны тағы бар. Ол өзінің осы шарасыз жағдайына билікті кінәлайтын. Эленора қолы бос кездерінде ұялы телефоны арқылы және кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын түрлі жаңалықтар мен «Қылмыс хроникасы», «Заң және заман» айдарымен жарияланған материалдарға көз жүгіртіп: «Алаяқ әйел», «Қош бол, 300 мың», «Интернетке сене бермеңіз» деген секілді тақырыптарда жазылған посттар мен хабарларды көріп, оқып жүрді. Тіпті, кейбіреулер қаржы пирамидасын немесе жалған клиника, т.с.с. ашып, жүздеген адамның ақшасын көбейтіп беремін, ауырған жерін емдеймін деп алдап алып, кейін жалған қаржы пирамидасын, клиникасын жауып өздері қашып кеткенін де естіп білді. Содан кейін ол, қоғамда оңай олжаға кенеліп тез байып кетуді көздейтіндердің қатары жылдан жылға көбейіп бара жатқанына және олардың қандай жолмен ақша тауып жүргеніне жіті назар аударып, кейбірін өзінше зерттей бастады. Эленора осылайша, жұртты алдап, жан қинамай тез арада көп табыс тауып, тез баю жағын мықтап ойластырды. Ол жеңіл табыс тың болмайтынын білсе де, кейбір адамдардың сауатсыздығын пайдалануға болатынын, сөйтіп оларды алдап-арбап қақпанға түсіру жағын жоспарлады. Егер сондай адамдарды іздеп тауып сендіре алса, олар ақшасы болмаған жағдайда қарыз немесе несие алып, соңғы теңгесіне дейін санап беруге дайын екенін іштей сезді. Бұл 2019 жылдың күзі болатын. Осылайша, Эленора ойын желтоқсан айында нақты жоспарға айналдырып, өзінің қылмыстық пиғылын іске асыруға кірісті. Ол 2019 жылғы 30 желтоқсанда оңай жолмен ақша табу мақсатында «WhatsApp» қосымшасы арқылы жәбірленуші Б.А.-мен танысып, өзінің әлемдік биржамен жұмыс істейтініне және ақшасын көбейтіп беретініне сендірген. Кейіннен Эленора Б.А.-ға әлемдік биржамен жұмыс істеу үшін қаржылай айналымын көбейтуге ақша қажет екендігін, сондықтан оған «WhatsApp» қосымшасы арқылы топ ашып беретінін, оны топтың басшысы (админ) ететінін және сол топтағы адамдардан «Kaspi Golg» кәртішкесіне түскен ақшаны оның айтқан шоттарына жолдау қажеттігін айтқан. Содан кейін, Б.А. өз ақшасын көбейту мақсатында 2020 жылғы 15 ақпанда «Kaspi Golg» қосымшасы арқылы Эленораның берген кәртішкесіне жәбірленуші С.К.-ның 2 000 000 теңгесін аударған. Осылайша Б.А. өзінің «Kaspi Golg» қосымшасы арқылы әр түрлі адамнан түскен 13 млн теңгені Эленораға жіберген. Ал Эленора алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен, жәбірленуші Б.А.-ға бірнеше рет алаяқтық жасап, оған аса ірі мөлшерде 15 млн теңге мүліктік шығын келтірген. Эленора «WhatsApp» қосымшасы арқылы түрлі топтарға кіріп әлемдік биржамен жұмыс жасайтынын айтып, ақша салымдарын 14 күн мен 1 ай арасында 100 пайызбен қайтаратынын жарнамалап, жалған ақпарат таратқан. Оның бұл жарнамасына С.К. хабарласып, оның биржамен айналысатынына сеніп, Шымкент қаласындағы «Теріскей» шағынауданында орналасқан «Север» сауда үйінің ішінде Эленорамен кездесіп, ақшасын пайызбен көбейту үшін 400 мың теңгесін берген. 2020 жылдың басында С.К. Эленорамен екінші рет кездесіп, ақшасын пайызбен көбейту үшін қосымша 600 мың теңгесін берген. Содан кейін Эленора С.К.-ға ақшаны пайызбен қайтаратынына сендіру мақсатында, алдыңғы берген 400 мың теңгесін 100 пайызбен оған 800 мың теңге етіп қайтарған. Сөйтіп ол қомақты ақшаны қажет ететін адамдарға өзінің биржамен жұмыс жасайтынын айтып, жарнамалауды сұраған. Майда-шүйдені дүние санамайтын Эленора манипуляцияның хас шебері. Көпке алдамшы үміт сыйлап, жұрт есебінен шалқып өмір сүруді мақсат еткен шымкенттік бикештің бір өзі алты айдың ішінде 34 адамды алдап, олардың 61 млн 410 мың теңгесін жымқырған. Бұл оның «алаяқтық тәжірибесі мол, кәсіби әккілігін» аңғартса керек. Қалтасынан жүз теңге де шығармай бір клиентінен алып, екіншісіне беріп жүрген алаяқ әйел, алғашында 400 мың теңгеден бастап, кейін салымшылардың сеніміне кіре отырып, бір салымшыдан 20 730 000 теңге ақшасын жымқырған. Салымдарды үстеме ақысымен көбейту туралы жарнамаларды WhatsApp желісінде түрлі топтар ашу арқылы таратқан. Алғашқылары өз ақшасын еселеп қайтарғандықтан, кейінгілерінде күмән тумаған. Содан болса керек, кейбір адамдар ойланбастан миллиондарын өздері апарып алаяқтың қолына ұстатып немесе аударып отырған. «Ұрлық түбі – қорлық» екені анық қой, ол жымысқы тірлігін қанша кәсіби дәрежеде мінсіз жүргіздім дегенімен, сәл ғана қателігінен тергеушінің қолына түсіп, аудандық соттың судьясы оның айыбын аймандай етіп әшкере етті. Бірақ бәрі де енді кеш еді, осылай жалғанды жалпағынан басып жүре берем деген алаяқ әйел жаны қиналмай тапқан ақшаны аямай, есепсіз шашып, қылмысы ашылғанда оны қайтаруға шамасы келмей, темір торға қамалды. Бұл істі қарап, оған нүкте қойған Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының судьясы А.Орақбаева алаяқ әйелді 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда, сотталған Эленора сот үкімімен келіспей, Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына шағымданды. Былтыр қалалық соттың апелляциялық сот алқасы бұл істі қарап, шағымды қанағаттандырмай, аудандық соттың үкімін өзгеріссіз, күшінде қалдырады. Осылайша, бұл іске нүкте қойылып, лайықты жазасын алған Эленора жәбірленушілерден олжалаған ақшасын толық көлемде қайтарып беруге міндеттенді.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ