ОТАНДЫҚ ТУРИЗМНІҢ ДАМУЫ ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА

Алатау ұлттық паркі аумағындағы Аюлы визит орталығында V «Жас турист» этно-эко-экскурциялық-спорттық байқауы өтті. Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінің отандық туризмді дамыту бағытында ұйымдастыратын дәстүрлі бұл шарасына биыл ҚР Ұлттық туризм индустриясы қауымдастығы қолдау көрсетті.

– Жыл сайын өтетін бұл байқаудың басты мақсаты: болашақ жас мамандардың өздері тұратын аймақтың тарихын және туристік нысандарын тереңнен тану, экскурсия жүргізу деңгейлерін шыңдау. Сондай-ақ, туристікөлкетану жұмысын ұйымдастырудың үздік тәжірибесін анықтау және тарату. Сондықтан қатысушылардың 4 адамнан тұратын командасы алғашқы кезеңде өз өлкесі бойынша саяхатшылардың қызығушылығын арттыру үшін жергілікті туризм департаменттеріне ұсынылатын туристік нысандарды таныстыру жобасы жасалды. Ал екінші кезеңде саяхатқа арналған құрал-жабдықтарды қолдана отырып, сапарда кездесетін түрлі қиындықтарды еңсеруі бойынша сынға түсті, – дейді Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінің құрылтайшысы Фарида Мерхамитқызы. Оқу-ағарту министрлігінің есебі бойынша, елімізде 770 техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орны бар. Оларда 488,9 мың адам білім алады. Алайда олардың арасында туризм саласы бойынша мамандар дайындайтындардың нақты саны белгісіз.

«Бұл салаға қажетті мамандар тек Алматы қаласындағы 80 колледждің 20-сында дайындалады. Яғни, республика бойынша олардың саны айтарлықтай деуге болады. Осыған қарамастан елімізде туризм бойынша білім алып жатқан жастардың республика бойынша білімін сынап, кәсіптік дағдысын тексеретін жалғыз ғана байқау бар. Ол – Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжі өткізетін «Жас турист» байқауы. Алдымен қалалық, одан кейін республика көлемінде өткізіліп келген бұл шараның биыл қатысушылар географиясы кеңейіп, көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан да командалар келіп отыр. Оларға ҚР Ұлттық туризм индустриясы қауымдастығының президенті Раушан Шәмілқызы, Алматы облысының спорттық құзға өрмелеу және альпинизм қауымдастығының президенті, облыстық құраманың аға жаттықтырушысы Нұржан Батырбеков, туристік көпсайыс бойынша спорт шебері Данил Жданов төрелік жасады», – дейді Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінің директоры Талғат Мамырұлы. Оның айтуынша, байқау жастардың өз шеберліктерін шыңдап, білімдерін жетілдіріп, өзара достық қарым-қатынас орнатуына ғана жағдай туғызып қоймай, туризм бойынша мамандар дайындайтын колледждер үшін де білім мен тәжірибе алмасуға жол ашып отыр. Мәселен, биыл қыркүйек айында осындай халықаралық жарыс Өзбекстанда, ал келесі жылы Қырғызстанда өтпек. «Былтырғы байқауға еліміздің әр өңірінен 14 команда қатысып, екінші кезеңге олардың жетеуі жолдама алған екен. Бұл жолы байқаудың алғашқы кезеңіне елімізден 10 команда өтініш білдірген еді. Онда 1-2 орынды Алматы қаласының Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжі, Алматы сервистік қызмет көрсету колледжі бөліссе, үздік үштікті Шығыс Қазақстан облысының Алтай қаласынан келген Алтай жоғары колледжі түйіндеді. Ал екінші кезеңдегі сайысқа Алматы, Алтай, Байқоңыр қалаларының жеті командасы мен Қырғызстанның Ош мемлекеттік университетінің СТЕМ инновациялық колледжі, Өзбекстанның Бахмал экономика және туризм колледжі командалары қатысты. Онда Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжі бірінші, Бахмал экономика және туризм колледжі екінші, СТЕМ инновациялық колледжі үшінші орын алды», – дейді ҚР Ұлттық туризм индустриясы қауымдастығы президенті Раушан Шәмілқызы. Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм комитеті төрағасының орынбасары Мирас Төлебаевтың сөзіне қарағанда, «Жас турист» байқауының республикалық көлемінде шектеліп қалмай, халықаралық деңгейге көтерілуі еліміздің туризм саласындағы ахуалдың да оң көрсеткіші іспетті болып отыр. Министрлік мұндай бастамаларды алдағы уақытта да қолдап, өз құзыреті шегінде әріптестік байланысты ары қарай нығайтуға мүдделі.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Мемлекет басшысы Көбейтұз көлінің жай-күйіне назар аударды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Көбейтұз көлін қорғау бойынша шаралар...

Атырау облысына жаңа әкім тағайындалды

Болат Ақшолақов Атырау облысының әкімі болып тағайындалды.

Қазақстанда әлеуметтік саясат өзгереді: Көмек шынымен мұқтаждарға ғана беріле ме? 

Қазақстанда әлеуметтік қолдау жүйесін реформалау мәселесі күн тәртібіне шықты. Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, еліміз әлеуметтік қорғау деңгейі бойынша көптеген мемлекеттен алда болғанымен, ендігі міндет – төлем көлемін ұлғайту емес, көмектің әділ бөлінуін қамтамасыз ету.

ҰБТ-2026: Талапкерлер ең көп таңдаған пәндер қандай? 

Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық бірыңғай тестілеуде ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясын атады.

2026 жылы АӘК-ті кімдер ала алады және қандай өзгерістер енгізілді? 

Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) Қазақстандағы аз қамтылған отбасыларды мемлекеттік қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі болып қала береді. 2026 жылдың басынан бері бұл төлемді 30,3 мың отбасының 163,3 мың мүшесі алды.