Қазақстанда алғаш рет «AI-Quryltai» жасанды интеллект платформасының көмегімен заң жобасы әзірленді. Жаңа құжат балаларды цифрлық және ақпараттық ортадағы қауіп-қатерлерден қорғауға бағытталған. Бұл туралы Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиева Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, «Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» заң жобасы AI-Quryltai интеллектуалдық платформасында әзірленген алғашқы құжат болды. Платформаға заңнамалық талдау жүргізуге және құқықтық нормаларды әзірлеуге бейімделген жасанды интеллект моделі енгізілген.
Жасанды интеллект көмегімен заң жобасын әзірлеуші депутаттарға балалардың цифрлық және ақпараттық ортадағы қауіпсіздігінің қазіргі жағдайына кешенді талдау ұсынылған. Бұл жұмыс барысында үлкен деректер, азаматтардың өтініштері, ата-аналар, сарапшылар мен қоғам өкілдері көтерген мәселелер ескеріліп, ықтимал қауіп-қатерлер бағаланған. Сонымен қатар халықаралық тәжірибе зерделенген.
Ерекшелігі – құрамында 800 мыңнан астам нормативтік құқықтық акт бар деректер базасы біріктірілген AI-Quryltai платформасындағы арнайы оқытылған заңнамалық модель заң жобасының мәтінін әзірлеуге тікелей пайдаланылған. Бұл ұсынылатын өзгерістердің толықтығын қамтамасыз етіп, заңнамалық қайшылықтардың алдын алуға мүмкіндік берген.
Динара Зәкиеваның айтуынша, заң жобасында балаларды цифрлық кеңістікте қорғаудың бірқатар жаңа тетігі қарастырылған. Соның бірі – барлық платформаларда ата-ана бақылауы механизмін енгізу.
Бұл талапқа сәйкес, балаларға арналған арнайы сүзгі іске қосылып, таңбаланбаған және тексеруден өтпеген цифрлық өнімдерге, қосымшалар мен ойындарға қолжетімділік шектеледі.
Сондай-ақ платформаларға цифрлық өнімдерді, соның ішінде қосымшалар мен ойындарды міндетті түрде таңбалау және тексеру, ал қауіп-қатерлер мен заңбұзушылықтар анықталған жағдайда оларды бұғаттау талаптарын енгізу ұсынылып отыр.
Жаңа қауіптер мен цифрлық технологиялардың дамуын ескере отырып, балаларды цифрлық және ақпараттық ортада қорғау жөніндегі шаралар кешені әзірленді. Барлығы 120-дан астам түзету дайындалды, – деді Динара Зәкиева.
Оның атап өтуінше, жасанды интеллект көмегімен әзірленген барлық ұсыныс депутаттардың, шақырылған заңгерлердің, ақпараттық және цифрлық қауіпсіздік саласындағы сарапшылардың қатысуымен қосымша тексеріліп, пысықталған.
Қазіргі уақытта заң жобасы Үкіметтің қорытындысын алу үшін жолданады. Одан кейін құжатты Құрылтайдағы жұмыс тобы аясында талқылау және жетілдіру жалғасады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жыл басында қабылданған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру аясында Құрылтай депутаттары үш заң жобасын әзірлеген.


