12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ОЙЫНШЫ

Піл сүйегінен жасалған әппақ шар жап-жасыл шұға бетінде домалап барады. Төртеуі демін ішіне тартып, шардан көз алмады. Діттеген жеріне жетпей тоқтап қалардай көрінген әппақ шар ортаңғы ұяшықтың ернеуіне ілініп, көбелек қанат қаққан мезеттей іркіліп барып, ұяшық ішіне үзілген тамшыдай құлады. Пәлі! – деп, үшеуі кезек-кезек барып археологтың қолын алып, арқасынан қақты. Үш партия бильярд ойнап, 2:1 есебімен есесін жіберіп алған герпетолог кийді бильярд үстеліне сүйеп, темекі тұтатты. Үшеуі сәл әріректе жайылған дастарқанға барып отырды. Мүсінші: – Керемет ойын көрсеттіңдер! Осы үшін жақсылап бір алайық. Әй, кел! – деп темекі шегіп тұрған герпетологты шақырды. Көк түтінін будақтатып, бильярд үстелінің арғы шетінде тұрған герпетолог те дастарқанға келіп жайғасты. Төртеуі арақ толы стаканды қағыстырды. Кәсіпкер мен мүсінші археологтың шебер ойынын, соңғы шардың ортаңғы ұяшыққа түскен сәтін айтумен болды. «Зиратқа қонбаса, археологтың ұйқысы қанбайды» деуші еді. Енді «шарды бұлай салмаса, археологтың құмары тарқамайды» дейміз бе?! Бастан-аяқ керемет ойнадың. Ең сұмдығы – соңғы шар болды. Алыс, бортта жатқан ол шардың ортаңғы лузаға түсеріне қандай ойыншы болса да сенбес еді. Ғажап!» – деді кәсіпкер. Айтпа. Шар балқып, созылып барып түскендей болды ма, бір керемет құбылысты сезіндім. «Эстетика!» – деді мүсінші. Теледидардан археологтардың көне қабірлерді қазып, аршып жатқанын көргенде ішім пысушы еді. Байқаймын, ептілікке әбден үйренген секілдісің. «Кайф, кайф!» – деп кәсіпкер босаған стакандардың ернеуіне жеткізе арақ құйды. Жеңісіңмен құттықтаймын! Керемет ойнадың! – деп герпетолог та стаканын қолына алып, оң жағында отырған археологқа бұрылып, суық жымиды. – Ішейік! Төртеуі стакан қағыстырды. Кенет жарық өшіп, коттедж ішін қою қараңғылық басты. Әрегідік найзағай шатырлап, терезелер жарқырап көрінді. Зал іші тым-тырыс. Герпетолог тағы да темекі тұтатты. Светке не болды екен? Мына найзағайлы нөсер құртты-ау! Движок қос дейін, – деп герпетологтың сол жағында отырған кәсіпкер үстел шетін сипалап, телефонын қолына алды. Әлдекіммен қысқа сөйлесті. Жарық қосылды. Кәсіпкер босаған стакандарды қайта толтырды. Герпетолог шегіліп болып қалған шылымын мыжғылап өшіріп, күлдікті шетке ысырып қойды. Археологқа қарама-қарсы отырған мүсінші: Елге сіңірген еңбегіңді ескеріп, осы қалаға мүсініңді қояр болса, сенің бильярд ойнап тұрған бейнеңді жасар едім. Маған сондай фантазия келді, – деп күлді. Онда халық «атақты археологтың емес, әйгілі бильярдшының мүсіні» деп шатасып қалатын шығар, – деді кәсіпкер де күліп. – Тамақ келгенше тағы бір алып жіберейік. Төртеуі стакан көтерді. Археолог тұздалған қиярды кірш еткізіп тістеп, күтірлете шайнады. – Әй, мені көп мақтай бермеңдер! Шар деген домалақ, кейде ондай-ондай боп тұрады, – деді де ол кеңірдегін ұстап, көзі шарасынан шығардай алайып, артқа шалқая берді. * * * Тергеуші шеті мүжіліп ағара бастаған былғары креслосына сүйеніп, ыстық шайын сораптап ішті. Алдында ыбырсып жатқан қағаздарды қопарыстырып, әлденені іздеді. Қарсы алдында мүсінші отыр. Ол сөйле дегендей мүсіншіге иегін қақты. Марқұмның өйтіп, оп-оңай кетіп қаларын ойлаған жоқпыз. Ауырып, өзін жайсыз сезінген жағдайы да болған жоқ. Керемет ойыны үшін алып, мәре-сәре болып отырғанбыз. Өкінішті, қандай өкінішті! Көп шаруасы аяқсыз қалды, – деді мүсінші. Мүсіншімен бір сағатқа жуық сөйлескен тергеуші оны жайына жіберді. – Бильярд көңіл-күйіңе тікелей байланысты. Ауырмақ түгілі, ұйқың шала, көңіліңде сәл алаң болса, құрыдым дей бер. Кісі қиялына келмейтіндей шеберлік көрсеткен археологтың денсаулығында ешқандай ақау болмағанына жүз пайыз сенімдімін. Не болғанын біз де түсінбей қалдық, – деді тергеуші алдында соңғы сөзін айтқан герпетолог. – Асыл досымның қазасы қабырғамды қайыстырып кетті. Көптен бері бас қоспап едік. Қайран, есіл ер! Мақсат-мұраты орындалмай, арманда кетті. Құдай сәл ғұмыр берсе, үлкен жаңалық ашып, қоғамды дүр сілкіндірер еді. Шетелде жүрсе де жиі хабарын алып, жағдайын біліп тұрушы едім. «Сырқаттандым, ауырдым» деп ешқашан айтпаған. Өзі де денсаулығын жақсы күтетін, – деп тергеуші алдына барған кәсіпкер ағынан жарылып, археологтың соңғы жұмысын өз мойнына алатынын да айтты. Археологтың соңғы сәтінде онымен бірге болған үшеуді тергеп-тексеру аяқталды. Сот-медициналық сараптама археологты «жүрек талмасынан көз жұмған» деп қорытынды шығарды.

* * * Тергеушінің есігі тарс-тарс қағылды. Ол асығыс барып есік ашты. Есікті қақыратып жіберердей ұрған жас жігіт алқынып, ішке кірді. – Не болды сонша?! – деді тергеуші оған алая қарап. – Археологтың әйелінің адвокатымын. «Күйеуім жүрек талмасынан өлген жоқ. Қастандық жасалған» деп кеше ғана менімен кездесіп, үйіне ертіп апарған. Бүгін телефон соғып, «тез жет» деген соң үйіне бардым. Сол жерден келген бетім осы. Біреулер «газ тексереміз» деп есігін ашқызып, әйелдің бетіне бірдеңе шашып жіберіпті. Есін жиса, әлгілер үйдің ішін астаң-кестең қып, археологтың чемоданын алып кетіпті. – Не дейсің?! Отырып, асықпай айтшы! – деді тергеуші. – Кеше түстен бұрын ол кісімен кездесіп, істің мән-жайымен таныстым. Сосын үйіне бардық, – деді адвокат. – Ол кісі археологқа қастандық жасауға себеп болар заттармен таныстырған. Енді осындай жағдай болды! – Қандай заттармен таныстырды?! Археолог екі жыл бұрын Берел қорымындағы қазба жұмыстары кезінде көне қолжазба, ескі карта тауыпты. Әйелдің айтуынша қолжазбада құпия белгілер, жасырын қазынаға сілтемелер бар екен. Бұл сырды ашу үшін археолог марқұм шетелге де барған, небір ғалымдарды осында да шақыртқан. Сол үшін өмір бойы жиған-тергенінен айырылып, таза-тақырға отырыпты. Маған ол әйел де, достары да ондай ештеңе айтпады ғой, – деп тергеуші көзілдірігін алып, әйнегін сүртіп қайта тақты. Тергеу нәтижесін күтіпті. Нәтиже андай болған соң мені жалдап, істі қайта қарауды өтініп, сізге бірге келмекші едік, – деп адвокат алға ұмсынып, кеудесін үстелге тіреп отырды. – Іспен кеше ғана таныстым. Археологтың қандай құпия карта, жасырын қазынаға апарар қандай дерек тапқанын толық түсінген жоқпын. Кейінгі кезде оған телефон соғып, қорқытып-үркіткендер де көбейіпті. Өйткені, ол тапқан дүниесін жеке адамдармен бөліскісі келмепті. Әйелі солай айтып отыр. Үлкен жаңалық ашып, қоғамды дүр сілкіндірмекші болған-ау шамасы. – Көне карта мен қолжазбаны көрдің бе сен? – Әрине, көрдім. Тозған былғарымен қапталыпты. Сарғайған парақтар, көне жазу, түрлі белгілер. Соның бәрін зерттеген еңбегінің өзі бір чемодан болыпты. Белгісіз адамдар сол чемоданды алып кеткен. Әйелдің басы айналып, қайта-қайта лоқси берген соң жедел жәрдем шақырттық. Мен осында тарттым, – деді адвокат. Тергеуші археологты өлтіріп, әйелін естен тандырып, чемоданды алып кеткен оқиғаларды ойлап, басы қатты. Бірінен соң бірі болып жатқан жағдайды анықтап, күш-жігері жеткен жерге дейін тексеруге бекінді. * * * Археологтың мәйітіне сот-медициналық сараптама қайта жасалды. Оның жүрек талмасынан емес, уланып өлгені анықталды. Тергеуші археологтың соңғы сәтінде өзен жағасындағы жалға алған коттеджде бірге болған кәсіпкер, герпетолог, мүсінші үшеуін тергеу ісін бастады. Төбе шашы түсіп, жалпақ басы жалтыраған мүсінші: – Археолог ат басындай алтын тауып алса да мен оған қылдай қиянат қылмас едім. Марқұмды қандай жауыз дәті жетіп, өлімге қиды! – деп бордай егілді. – Істің жай-жапсары түбі бір ашылар, мен оған ескерткіш соғам. – «Көп шаруасы аяқсыз» қалды дедің өткенде. Археологтың немен айналысып жүргенін білуші ме едің? – Оның жан досы менмін. Немен айналысып жүргенін қалай білмейін?! Тергеуші онымен сағаттап сөйлесті. Шыпырлап толған парақтарды ретімен қойып, мүсіншіні уақытша ұстау изоляторына жіберді. Бөлмеге герпетолог жеткізілді. Тергеуші қарсы алдында отырған оған: – Не шаруамен айналысасың? – деді. – Әуесқой герпетологпын және кәсіпқой бильярдшымын. – Кәсіпқой бильярдшы? – Иә. – Кәсіпқой болсаң, археологтан қалай ұтылып жүрсің? – Кездейсоқтық, – деді герпетолог. – Ойын болған соң ондай-ондай болады. Әйтпесе, көп ешкімге есемді жібермеймін. Тергеуші орнынан тұрып, бөлме ішінде ары-бері жүрді. – Археологтың айналысып жүрген шаруасы жайында білуші ме едің? – деді ол герпетологтың оң иығына сол қолын артып. – Кәсібінен жалпы хабардармын. Бірақ нақты не іспен шұғылданып жүргенін онша білмеймін. Бізді таныстырған кәсіпкер. Мүсінші екеуі жақсы біледі оны. – Кәсіпкермен жақсы доссың ба? – Иә. – Қандай ортақ істер байланыстырады сендерді? Герпетолог бөгеліп барып: – Бильярд шығар, – деді. – Республикалық турнирде танысқанбыз. Ойынымды көріп, кездесуге жиі шақырды. Мен оған ұстаз болдым десе де болады.

– Археологқа сенен гөрі ана екеуі жақын болды ғой сонда? – деп тергеуші орнына барып отырды. – Иә. Тергеуші ұзақ әңгіменің кейбір тұсын ғана қағазға түртіп, бір отырып, бір тұрды. Герпетологты да уақытша ұстау изоляторына жіберді. Көк түтін кеулеген шағын бөлменің есігі ашылды. Темекі тұқылын күлдікке тастаған тергеуші тыжырынып, табалдырық аттаған кәсіпкерді көрді. – Коттедж жалдап, басқосу ұйымдастырасың. Ол жерде адам өміріне қастандық жасалады. Мұны қалай түсіндіресің? – деді тергеуші. Кәсіпкер үстел астына сұғынып, арқалығының матасы жыртылған орындықты тартып, тікесінен тік отырды. Қалтасынан шытын алып, қолын сүртті де: – Мүсінші ақпейіл жан, одан күдіктенудің реті жоқ. Бұл қастандыққа герпетологтың қатысы бар ма екен деп ойлаймын, – деді ол. – Мен тергеуші емес, өзің тергеуші сияқты сөйлейсің ғой! – деді тергеуші шытынап. – Мен сенен күдіктенем ал! Бұған дейін археологқа демеуші, қолдаушы болып келдім. Жақында зерттеп жүрген жұмысына байланысты марқұм Египетке барып келді. Шет елден қаншама ғалымдар да шақыртты. Соның бәрін қадағалап, жәрдем етіп келемін. Ондай адам қалай қастандыққа барады деп ойлайсың? – Гәп осында! Құпиялылық ашылып, ол саған керек болмай қалған шығар?! Табылған дүниені ешкіммен бөліспей, өзің иемденесің. Керемет емес пе?! Археолог секілді жаңалық ашуға емес, «алтын көрсе, жолдан таюға» даяр пенденің бірі емеспін» деп ойлайсың ба өзіңді? Кім сенеді оған?! – Тергеуші мырза! – деп кәсіпкер орнынан атып тұрды. – Айқайлама, отыр! Кәсіпкер орнына отырды. Қалтасынан шытын алып, жіпсіген маңдайын сүртті. – Тергеуші мырза, – деді ол үні бәсейіп. – Дүние-мүлікке арымды сататын адам емеспін, өзімдікі өзіме бұйырсын. Археологке тілеулес, ниеттестіктен басқа, бөтен ойым болған емес. Егер мен оған шынымен қастандық жасағым келсе, еш із қалдырмас едім. Ондай ойым болса, коттеджге шақырып, басқосу жасап, ашыққа шығам ба? Ол ақымақтың тірлігі болар еді. Ойлашы өзің. Тергеуші қаламсабын үстелге ұрып, сәл үнсіз отырды да: – Герпетологтан не үшін күдіктендің? – Енді археолог уланып өлген болса. Удың жайын жақсы біледі ол. – Қалай? – Жылан уымен айналысады. Талай клиент тауып бергем мен оған. Тергеуші қалтасынан шылымын шығарды. * * * Кабинетте шаш-сақалы өсіп, қалжырағаны түрінен менмұндалап герпетолог отыр. – Керемет кәсібің туралы неге айтпадың? – Айтқам. – Не деп? – Әуесқой герпетологпын деп. – «Жыланның уын сатумен айналысам» деп айтқан жоқсың ғой. Кәсіпкер айтпаса, айтатын ойың жоқ. – Кәсіпкер не айтты? – Сен араққа у қосқан дейді, – деп тергеуші оның көзіне көзін қадап, кірпік қақпай қадалды. Ол мелшиіп, сазарып аз отырды да: Ахеологты мен өлтірдім. Арағына у қостым. Бірақ солай істеуге кәсіпкермен келістім. Ол сұрағанымды беретін болды, ондай көп ақшаға кім қызықпайды дейсің?! * * * Тозған кресло, сыры көшкен қоңыр үстел. Бөлменің сарғыш қабырғалары, қуыс-қуысына сіңген темекі исі мүңкиді. Тергеуші шашының ұйпа-тұйпасы шығып, беті ісіп, көзі былшықтанған герпетологқа әлсін-әлсін қарап, жазу жазып отыр. Ол біраз уақыттан кейін барып қаламсабын қойып: Сөйле! – деді герпетологқа. – Әйелдің адвокаты болмағанда бізді әлі біраз жынды қылар едің. Қылмысыңнан бұрын, кәсіпкерге не үшін жала жапқаныңды түсіндір! – Жала емес, кәсіпкердің тапсырыс бергені рас. – Мен сендерді беттестірдім, бір сөзің бір сөзіңе қайшы. Логика деген болады, біз соны жіті назарда ұстаймыз. Егер қастандық жасауға кәсіпкер өзі тапсырыс берсе, археологтың әйелін істі қайта қарауға үгіттеп, адвокат жалдауына көмектесер ме еді?! Енді бұлтақтап, жалтаруыңа жол қалған жоқ. Араққа не үшін у қостың? Тапсырыс берген кім? Олар «қазынаны тапсақ, үлесіңді береміз» деді ме? Басқа себебі бар ма, әлде? Герпетолог бетін қос алақанымен басып, басын жоғары-төмен изеді. Қос қолын тастай салып, шалқайып отырды. Тергеуші оның шиыршық атып, бір бекемге келе алмай отырғанын аңдады. – Өллаһи-беллаһи, анау айтып отырған қазына, карта туралы ештеңе білмейді екенмін. Ешкім де тапсырыс берген жоқ. Саған шынын айтайын, мен оны бильярдтан ұтқаны үшін өлтірдім. Тергеушінің өңі бұзылып, орнынан атып тұрды. Үстелді жұдырығымен бір ұрды. – Сен бүйтіп менімен тағы да жасырынбақ ойнама! Бәрібір көкелеріңді жасырып қала алмайсың! Шыныңды айт! – деді ақырып. Герпетолог оның бетіне қарап, басын шайқады. Тергеуші оның еш саспай, сабырлы қалыпқа көшкеніне тіптен ашуланды. – Кімдер? Айт деймін! – Бильярд ойнап көргенсің бе? – деді герпетолог еш саспай. – Қыртпашы! Сен тыңда, сөзімді бөлме. Сен айтқан қазына-мазына, құпия карта-мартаңды білмейді екенмін. Мен – әуесқой герпетологпын. Бірақ осы қаладағы ең шебер бильярдшы, ең мықты ойыншымын. Бильярд – мен үшін өнер! Халықаралық турнирде де талай топ жарғанмын. Сондай адамның жер тырнаған қайдағы бір археологтан ұтылуы қандай ауыр боларын сезіне де алмайсың сен! Және бір емес, екі партия жеңіліс! Талас болған соңғы шардың лузаға қалай түскенін көрсең ғой! Осы ойынға ғұмырымды сарп етсем де, мен ондай сұлу да шебер ойын, ғажап трюк жасап көрмеппін. Шар емес, айдында сырғып аққу жүзіп бара жатқандай болды. Тымық су бетінде баяу сырғып бара жатқан ақ мамық – ақ құсты ойлашы, тура сол! Сондай сұлу картина жасап, алдымда мерейі өсіп, мейманасы тасыған, әспенсіген адамды мен кешіре алмадым. Күйреп, ешкім емес екеніңді әшкерелеп, жалаңаш кейпіңді көзіңе көрсеткен жанды сен де кешірмеуің мүмкін сол сәтте. Мүмкін кешіру үшін уақыт керек. Бірақ ақылың асықпай келеді, кең толғануға эмоцияң ырық бермейді. Өзіңді мықты санасаң, тіптен солай. Енді ойласам, мен ешқандай да мықты ойыншы емес екенмін. Шын мықты ешқашан эмоцияға берілмейді, бәрін салқын қабылдайды. Енді бәрі кеш. Мен рас жеңілдім. Ойыннан емес, өмірден. Нәтижесі осы – қылмыс! – деп герпетолог екі қолын үстелге тіреп, басын шеңбектей ұстап, күрсініп жіберді. Арыны басылып, күйзеліп, таусыла сөйлеген герпетологтың аянышты бейнесінен тергеуші көзін алмай, үнсіз отырып қалды. Темекі тартқысы келіп, қалтасын ақтарды. Шылымы таусылыпты. Бос қорапты үстел үстіне тастады. Орнынан тұрып, ары-бері жүрген ол кілт тоқтап: Сонда сен коттеджге «мен археологтан ұтылам, сосын оның арағына у қосам» деп, мықты ойыншы бола тұра ұтылатыныңды алдын ала біліп бардың ба?! Сөзіңнің қисыны болсашы! Артыңда тұрған адамдарды айт көп мыжи бермей! – деді. Герпетолог басын көтеріп, жөткірінді. Салалы саусақтарымен дудыраған шашын артына қайыра сылады. – Мен әуесқой герпетолог болсам да, жыланды қалай сауудың қыр-сырын жетік білем. – Жылан сауғаны несі?! – деді тергеуші. «Саууды» тырнақшаға ала тұр, қазір түсіндірем, – деп герпетолог екі қолының сұқ саусағы мен ортан терегін қозғапқозғап қойды.

– Жыланның әр түрін асыраймын. Уын алып, сатамын. Бұл шаруадан кіріс көп маған. Жылан уының кептірілген 1 грамм ұнтағын көзін тапсаң, 400 АҚШ долларына дейін сата аласың. Әрине, бізде оны кәдеге жарататын фармокологиялық зауыт жоқ. Сол үшін де шетелдіктермен байланысқа шығам. Көп адам бұл шаруамен айналыспайды. – Контрабандиспін деші. Картаң ашылып келеді, – деді тергеуші. – Енді маған бәрібір. Ештеңе де кісі өлтіргеннен ауыр емес. Мен әңгімемді аяқтайын рұқсат болса, тергеуші мырза, – деді герпетолог. «Айта бер» дегендей тергеуші басын изеді. Жыланның уын бұрынғылар у жинайтын организміне массаж жасап алатын көрінеді. Қазір жыланды жеті-сегіз волттық электродпен соқтырсаң болды, уы тамшылайды. «Сауу» деген сол. Жиі саусаң, тез өледі бейшаралар. Одан да түрін, санын көбейтіп алған абзал. – Ал жарайды, – деп тергеуші оның сөзін бөлді. – Сол күні неге коттеджге у апардың, соны айтшы? – Үйден шығарда клиентім хабарласып, кішкентай бір құтысын алып шыққам. Бильярдтан алып кететін болған. Сол күнгі нөсер жауынның кесірінен ол жете алмады. Ең улысы еді, мен алып шыққан, археологтың ажалына бұйырыпты. Сен мені «археологты ойыннан ұтылғаным үшін өлтірдім» деген өтірігіңе сендірем деп әуре болма! – деді тергеуші оның желке тұсына келіп. – Шыныңды айт, жазаң жеңілдейді! Герпетолог үнсіз қалды. Бөлме іші тыныштыққа шомды. Тергеуші орнына барып отырып, тілін жұтып қойғандай мелшиіп, қарсы алдында отырған герпетологтан көзін алмады. Ол мұның сөзін естімегендей, тіпті қарсы алдында отырғанын ұмытқандай өзімен-өзі, қыбырсыз отыр. Тергеушінің жон терісі тырысып, үстелді қойып қалды. – Айтсаңшы енді! Герпетолог: Адамды шаршатып жібереді екенсің, – деп жымиып күлді.

– Ертеректе Шығыстың бір дастанын оқыған едім. Ешкімді алымсынбайтын бір батырдың оқиғасы есіме түсіп отыр. Алысқан жауын алатын сол баһадүр бір жолы өзі секілді сайыпқыранмен сайысады. Күн алысады, түн алысады екеуі. Жекпе-жек неше күнге созылады. Ешкімді екі рет алдына келтірмейтін батыр қабағат ашуланып, кезегі келгенде басына қалқанын тосқан қарсыласын ауыр күрзімен аямай соғады. Қарсыласының қалқаны, басына киген дулығасы да қақ айырылады. Сол сәтте оның төбесіне түйген қолаң шашы тарқатылып, басын сілкіп-сілкіп жібереді. Сонша күн сайысқан қарсыласының әйел заты екенін көрген әлгі батыр сол сәтте күрзісін лақтырып жіберіп, арқырап аққан асау өзенге ат-матымен қойып кетеді. Саған түсіндіре алмай отырған мендегі хәл де осы, – деп герпетолог кеуде кере тыныстады. – Мықтысынамыз, ешкім де мықты емес. Осыны түсінуге үлкен бодау бердім, бір-ақ сәтте қылмыскер болдым. Сен «ойын үшін адам өлтірдің бе?» дейсің. Мен үшін бұл ойын деп жеңіл қарайтын дүние емес, басқа нәрсе. Кез келген салада мен секілді табысқа жетіп, өзіне сенгендер сол сенімі күйрегенде өзін ұстауы қиын. Қу нәпсі ғой. Атсаң да, шапсаң да айтарым – осы. Қандай жаза кессеңдер де көтердім! Бөлме ішін үнсіздік биледі. Тергеушінің екі көзі герпетологта болса да, ой-қиялы басқа қиырға қыдырып кеткен сыңайлы. Кірпік қақпайды. Ұзақ үнсіздіктен кейін: Кәсіпкерге не үшін жала жаптың? – деді ол. Археологқа қастандық жасағаныма шындап өкінемін. Ойласам, менің ондай жауыздыққа баруыма кәсіпкердің әсері қатты болды. Кәдімгі отқа май тамызғандай. Менің әрбір ойыныма аузы ашылып таңғалып: «Сенің таяғың Мұса пайғамбардың таяғындай киелі, қасиетті. Түрткен шарың бос кетпейді» деп, кийдің ұшын сүюші еді. Жеңілген сәтімде бар-жоғымды бір-ақ сәтте ұмытып, табашы боп шыға келді. Мен оны жек көрем, кешірмеймін! – деді герпетолог.

Ырысбек ДӘБЕЙ

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...