Желтоқсанның 3-інде әлем елдері Халықаралық мүгедектер күнін атап өтеді. Онда мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты заңнамалық және практикалық тәжірибелер талқыланып, жетістіктер мен олқылықтарды түзеу мәселесі де сөз болады. Бұл бағыттағы жұмыстың маңыздылығын Мемлекет басшысы назардан тыс қалдырған емес.
Мәселен, «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты биылғы Қазақстан халқына жолдауында: «Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды. Алайда нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтікэкономикалық реформаға ұштастыру қажет» деген болатын. Сондықтан 18 қазанда Мәжілістегі «Ауыл» фракциясының мүшесі Таңсәуле Серіков, «AMANAT», «Respublika», «Қазақстан халық партиясы», «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» фракциялары мен жеке мандат бойынша сайланған бірқатар әріптестерінің қолдауымен Үкімет басшысының атына сауал жолдаған еді. Онда депутат 2015 жылы Үкіметпен әр мемлекеттік мекемеде, әр квазимемлекеттік мекемелерде, ұлттық компанияларда, жекеменшік кәсіпорындарда мүгедектігі бар тұлғаларға денсаулығына зиян келтірмейтін жұмыс орындарын ұйымдастыруға берілген тапсырманы еске түсірді. 2016 жылы бұл көрсеткіш 2-4% деп белгіленген болатын. Яғни жұмысшы саны 50- ден 100 адамға дейінгі кәсіпкерлік субъектілері үшін квота – 2%, 101- ден 250 адамға дейін – 3%, 250 адамнан астамға – 4 % белгіленген. 2023 жылдың көктемінде Әлеуметтік кодекс күшіне енген соң, 7 маусымда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен мүгедек адамдар үшін жұмыс орындарын квоталау ережесі бекітілді. – Біз тіпті жаз айларында ел ішін аралағанда облыс, аудан, ауыл әкімдері бұдан хабарсыз екенін көрдік. Сонда Президенттің тапсырмасын, Үкіметтің нұсқауын елемегені ме? …Бірде бір ұйым мүгедекті жұмысқа алғысы келмейді. Мүгедекті мүсіркейді. Өкінішке қарай күннен-күнге мүгедектігі бар жандар саны артып келеді. Сондықтан олар ертеңгі күніне сенімді болулары үшін біз оларға көмектесіп, ұйымдастыра білуіміз керек. Президенттің тапсырмасы міндетті түрде орындалуы тиіс және оны Үкімет қадағалауы керек. Әр министрлік, әр әкімшілік бір-біріне сілтемей ең алдымен өзінен бастау керек, Президенттің тапсырмасымен өз штаттарына 2-4% аралығында қызмет орны ұйымдастырылуы қажет. Және осының бәрі министрдің және әр мекеме басшысының бақылауында болуы тиіс. Сонда әр мүгедекте, әр мүгедек балада келешегіне деген сенім пайда болады, ол үшін қазір жігер беру керек, – деген Т.Серіков шетелдік тәжірибені де еске салған болатын. Мысалы, Германия, Ұлыбритания, Австралияда жұмыс беруші мүгедектің артынан жүрсе, бізде керісінше. Қазақстандағы мүгедек жандардың 62 пайызы еңбекке қабілетті жастар екенін еске салған депутаттар өздерінің нақты ұсыныстарын да көрсетті. Бірінші, мүгедектігі бар жандар үшін жұмыс орындары міндетті түрде ұйымдастырылсын және қатаң түрде қадағалансын. Екінші, орындамаған ұйымдарға үлкен мөлшерде айыппұл салынсын. Сол айыппұлдан түскен қаржыға мүгедектігі бар тұлғаларға жұмыс орындары ұйымдастырылсын. Үшінші, Оқу ағарту министрлігіне, Ғылым және жоғары білім министрлігіне мүгедектігі бар жандар үшін жоғары оқу орындарында, колледждерде сапалы мамандар даярлайтын, қайта даярлайтын оқу орындары ұйымдастырылсын. Оқу орындарын тәмамдаған мүгедектігі бар жандар мемлекеттік, квазимемлекеттік ұйымдарда 100% жұмысқа орналастырылсын және қадағалансын деген депутаттар сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайылов өз жауабын берді. Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, 2005 жылы халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғаудың жаңа моделі енгізіліп, жаңа заңнама қабылданды. Олар азаматтардың осы санатына қатысты парадигманы өзгертті, оған сәйкес мүгедектік еңбекке қабілеттіліктің немесе адамның еңбекке жарамсыздығының көрсеткіші болып табылмайды, тек оның тіршілік-тынысының шектеу деңгейін айқындайды. Қазіргі уақытта мүгедектігі бар адамдарды еңбекке интеграциялау мақсатында жұмыспен қамтуға және оқытуға жәрдемдесу шараларының кешені көзделген. Бірінші, азамат еңбек қызметін жүзеге асыру кезеңінде мүгедектікке алып келген жарақаттану немесе мертіккен жағдайда, оның жұмыс орнын сақтау. Бүгінде 6 мыңға жуық мүгедектігі бар адам өз жұмыс орындарында немесе сол ұйымдағы басқа позицияларда жұмыс істеуді жалғастыруда. Екінші, мүгедектігі бар адамдарды жоғары оқу орындарында оқыту. Инклюзивті білім беруді жетілдіру жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған жол картасы бекітілді, ол ерекше қажеттіліктері бар білім алушылар үшін оқу ғимараттарының, жатақханалардың және т.б. ғимараттар мен құрылыстардың қолжетімділігі бөлігінде бірқатар іс-шараларды көздейді. Бүгінгі таңда мүгедектігі бар адамдар үшін бірдей оқу мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін жоғары оқу орындарының үлесі 75,5 пайызды құрайды (2022 жылы – 5 4%). Жоғары оқу орындарында оқитын мүгедектігі бар адамдардың саны 1730. Үшінші, мүгедектігі бар адамдар үшін арнаулы жұмыс орындарын құру. Аталған тетік 2018 жылдан бастап енгізілді және жұмыс берушілердің арнаулы жұмыс орындарын құруға жұмсаған шығындарын субсидиялауды көздейді. Осы бағытты іске асыру басталғаннан бері 520 арнаулы жұмыс орнын ұйымдастыруға бюджеттен 367,1 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Төртінші, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту. Бүгінде жобамен «Бастау бизнес» шеңберінде қысқа мерзімді курстарда және кәсіпкерлік негіздерінде оқыту, өз ісін ашуға өтеусіз гранттар алу, субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру бойынша 38,4 мың адам қамтылды. Бесінші, өз бетінше жұмысқа орналасу мүмкіндігін беру. Осы мақсатта Электрондық еңбек биржасында бос жұмыс орындарын іздеудің арнайы функционалы ашылды. Бүгінгі таңда осы санаттағы азаматтар үшін 2,7 мыңға жуық бос жұмыс орны орналастырылған. Алтыншы, мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын квоталау шеңберінде жұмысқа орналастыру. Бүгінгі таңда аталған квотаны жергілікті атқарушы органдар ұйым қызметкерлерінің тізімдік санына қарай 2-4 пайызға дейінгі мөлшерде белгілейді. Жоғарыда аталған іс-шараларға қосымша, жұмыс берушіге жүктемені ынталандыру және азайту үшін осы жылдан бастап мүгедек адамдардың жалақысын мемлекет субсидиялау тетігі іске қосылды. Мәселен, субсидиялау жұмысқа орналастырудың үш жылы ішінде жүргізіледі: бірінші жыл 70 %, екінші жыл – 65 % және үшінші жыл – 60 %. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 98-бабына сәйкес жұмыс берушінің Қазақстанның халықты жұмыспен қамту саласындағы заңнамасын мүгедек адамдар үшін белгіленген жұмыс орындарының квотасын орындамау түрінде жасаған құқық бұзушылығы – ескерту жасауға алып келеді. Бұл ретте, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап бұзу лауазымды адамдарға кәсіпкерлік субъектісіне байланысты 5-10-ға дейінгі АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілердің белгіленген квотаны орындамағаны үшін жауапкершілікті күшейту мәселесін қарауда. Тиісті заңнамалық түзетулер заңнамада белгіленген тәртіппен Парламент Мәжілісіне енгізілетін болады. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға және оқытуға жәрдемдесу шараларының ауқымы жеткілікті түрде кең екенін және тек квота белгілеуді ғана қамтымайтынын атап өтеміз. Үкімет мүгедектігі бар адамдарды қоғам өміріне тарту және азаматтардың барлық санаттары үшін тең мүмкіндіктер жасау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде», – дейді Ә. Смайылов. Дамыған елдерде мүгедек адамдар үшін бөлінген жұмыс орындарының квотасы 6 пайызға дейін жететінін ескерсек, бұл мәселе қоғам үшін әлі де өзектілігін сақтап қалары анық. Өйткені, елдегі демографиялық оң үрдіске қарамастан маман тапшылығы қоғамның барлық саласында әлі ұзақ уақытқа дейін сақталып қала бермек. Қазірдің өзінде елдегі еңбекке қабілетті 9 млн-нан астам адамды жұмыспен қамту мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін жақсартуда маңызды критерийлердің бірі болып отыр.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


