Қоғам және мемлекеттік ірі қайраткер тұлға, заңгер ғалым Салық Зиманов «Қазақтың Ата Заңдары» атты жинақтың алғы сөзінде «Ежелгі қазақ даласындағы заңдылық пен әділ соттың «Алтын ғасырдың» негізін құраған идеялар адами маңызы бар көшпелі өркениеттің өзгеше құбылысы болып табылады. Уақыт өте келе қазақ құқығы әлемдік құқық жүйелерінің ішінен лайықты өзіндік орнын алатындығына сеніммен қарауға болады.» деп жазғанын Жетісу облыстық сотында мемлекеттік тілде атқарылып отырған жұмыстармен байланыстырған жөн. Зерделей білсек, бұл заңды қадам.Себебі, Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл –қазақ тілі» деп анық жазылған.
Негізі «Бұлақ басынан тұнады» деп қазақ бекер айтпаған. Осынау қазақы даналықты заңгер ғалым ойымен байланыстырсақ ұлттық менталитетімізге сай тіл мәселесі өзіндік үйлесім мен сабақтастық табады. Сондықтан мемлекеттік тілде таза сөйлеп, сауатты жазу, толық түсіну Ата Заңымызды — құрметтеу, Ана тілімізді – сыйлау және функционалдық міндетімізді талапқа сай атқару, азаматтық парызымызды адал өтеу болып табылады.Әсілі, азаматтық парыздың бір бастауы адами құндылық екенін әсте ұмытпаған ләзім. Дей отырып, Жетісу облыстық сотында өтіп жатқан жиналыс, семинар-кеңестердегі мемлекеттік тілге деген құрметті,таза сөйлеуді естіп, көріп жүргендіктен өзім төрағасы болып функционалдық міндетімді атқарып отырған Алакөл ауданының № 2 аудандық сотының судьяларымен қатар мамандардың да іс қағаздарын мемлекеттік тілде қатесіз, сауатты жазуын талап етемін. Сонымен қатар облыстық соттың аудандардағы сот төрағаларынан бастап, судьялары және мамандарының атқарып отырған жұмысы туралы мерзімдік басылымдарда мемлекеттік тілде көрініп отыруын назарда ұстағанын қуана құптаймын. Бұл ретте сот жүйесінің төл басылымына айналған республикалық «Заң газетіне» үзіліссіз мақала жазып отыруға әдеттеніп алдым. Себебі, заңнама талабын мүлтіксіз орындап отырғанымызды осынау қарапайым да еренсіз бірақ мәні зор мәселе – мемлекеттік тілге жете көңіл бөлетініміз арқылы да көрсетудемін. Қарамағымда қызмет істейтін судья да сот хатшылары да аталған басылымның тұрақты оқырманы әрі авторы болып саналады. Осы қадам әріптестерімнен қолдау тапса нұр үстіне нұр емес пе?! Еш қиындығы жоқ.Заңнама талабын мемлекеттің, елдің алдында адал өтеп, күнделікті жұмысымызда көрсетіп те жүргенімізді қазақ тілінде ақ қағазға түсірудеміз. Ретіне орай үкім, қаулы, шешімдерді де мақалаға айналдырамыз. Әрине, ресми хаттамадан мәтіні бөлек болады. Бірақ мағына еш өзгеріссіз қазақы жалпақ тілмен жазылады. Нәтижесінде статистикалық мәліметтер газетте басылып жариялануымен қатар толық расталады. Негізінен біз еңбек ететін аудан тұрғындары жергілікті ұлт өкілдері болып келеді.Сондықтан талап арыздар толығымен мемлекеттік тілде түседі.Бірақ заңның аты заң.Талап арыз мемлекеттік тілде түссе мемлекеттік тілде, ал ресми тілде түссе ресми тілде қарап ұйғарым, шешім шығару, керегінше аудармашымен қамтамасыз ету міндет.Бұл тәртіп пен талапты судьяларымыз да, сот хатшылары да, жалпы аудандық сот қызметкерлері толық орындайды. Білімдері де жұмыс тәжірибелері де жеткілікті.Аудандық сот шешімдері мен үкімдеріне заңда көрсетілген уақытында заңды күшіне енуі соның бір дәлелі болып саналады.
Ана тілі — әр ұлттың жан дүниесі, тағдыры. Мирас болып қалатын баға жетпес асыл мұрасы.Ұлт болмысы, таусылмас қазынасы. Халқымыз тілінің тазалығын, байлығын қастерлеп, сақтап болашағына бей-жәй қарамаған. Өйткені тіл мемлекет бірлігінің түпқазығы. Оны сақтау саналы азаматты толғандыратын маңызды мәселе. Мемлекеттік тіл аясын кеңейтіп, қамқор болу — әр азаматтың міндеті.Бұл тұрғыда құдайға шүкір елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесі үстем, тұғыры нық. Сондықтан да мемлекеттік тіл — халқымыздың ауызбірлігінің, ұлт болып ортақ мақсаттарға ұйысуының символына айналды.
Ринат Құрманғалиев,
Жетісу облысы Алакөл ауданының № 2 аудандық сотының төрағасы