12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ҰРПАҚТЫҢ ҚАРЫЗЫ МЕН ПАРЫЗЫ»

Қазақ тілін меңгеру және оның мәртебесін көтеру туралы оқтын-оқтын айтылып жүргеніне 20 жылдан астам уақыт өтті. Десек те, еш өзгеріс жоқ деп те, мем­лекеттік тілді мойындап, көпшілік құлшына меңгеріп, мәртебесін жоғарылатып жатыр деп те айта алмаймыз. Қанша жыл өтсе де, бүгінде қазақ тілінің еңсесін көтеру басты мәселе. Түр-түсінен кейін, елдің елдігін танытатын, ана сүтімен бойға дарыған — ана тілі. Осы тілдің көсегесін көгертіп, өрісін кеңейту ұлтым деген ұрпақтың мойнындағы қарызы мен парызы емес пе?! Егемендіктің таңы арайлап атқан кезеңде, ұзақ жылдар бойы заңсыз әрі негізсіз аясы қысылып, тынысы тарылған қазақ тілінің бағы ашылар деген үлкен үміт болған. Алайда бұл төңіректегі алыпұшпа көңіл көп ұзамай су сепкендей басылды. Себебі, қазақ тілінің мәселесін кө­теру, оның күнделікті өмірде қолдану аясын кеңейту жан-жаққа жалтақ­таумен өте баяу жүріп жатыр. Бұл 20 жыл ішінде ешқандай жұмыс жүзеге аспады, сең жібімеді деген сөз емес. Қазақ тілін үйренемін, білемін деген адам үшін қалыптасқан бағдарлама бар, барлық жағдай жасалған. Мәселен, Мемлекеттік органдардың барлы­ғында дерлік мемлекеттік тілді үйре­ту курстары ондаған жылдар бойы өз жұмысын тоқтатқан емес. Дегенмен, жаппай ықылас болмаған жерде еткен  еңбектің еш кететіні анық.  Заң саласының қыры мен сыры мол, нақтылықты талап етеді, болжам мен босаңсуға жол бермейді. Бірақ, осы күнге дейін құқық қорғау органдары, халықтың ертеңге деген сенімін нығайтар заңгерлердің өзі мемлекеттік тілді еркін меңгерген жоқ. Бұл органдарда қазақ тілі толыққанды іс жүргізу құралына айналған жоқ. Тек  ішінара қолданыстардан көрініс беруде. Тарихқа жүгінсек, тіл жана­шырлары айтып, басылымдарда жазып жүргендей, заманында қазақ тілі — мемлекетаралық қатынас тілі де болғанын аңғаруға болады. Қазақ хандығының іргесін көтерген әз Жәнібек, Керей хандардан бастап Қасым, Ақназар, Ер Есім, әз Тәуке, Абылай хандар мем­лекеттік, мәмілегерлік құжаттар­ды қазақ тілінде жүргізген. “Қасым ханның қасқа жолы”, “Жеті жарғы”, бес дуан ел билерінің басқосуында талқыланып қабылданған 73 баптан тұратын нұсқасын хакім Абай жазған “Қарамола” заңы ана тілімізде жарық көрген. Демек, бүгінде ресми тілді, заң тілін қазақшаландыруды аса ауыр, адам баласы түсінбейтін сөз жинағы ретінде қабылдау жалқаулық пен  немқұрайлықтың белгісі ғана. Мәселені шешудің алғы шарттарының бірі – алдын-ала тергеу кезінен бастап мүмкіндігінше тиісті құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізуге ұмтылу. Елбасы Н.Назар­баевтың үнемі “Қазақ қазақпен қа­зақша сөйлессін” деп қайталауының сыры – «отаншылдық, ұлттық тұғырымызды бекемдеу, текті тәрбие темірқазығы – ана ті­ліміздің тағдыры өз қолдарыңда» де­гені емес пе?!. Егер ел тыныш­тығының сақшысы болған жігіттер­дің, халықтың қорғаны болған заңгер аза­маттардың ана тіліне деген көз­қарасы өзгерсе, құқық қорғау орган­дарының ісқағаздарын толық мемлекеттік тілге көшіруге еш кедергі табылмас еді. Қарап отырсақ, бүгінде алдын-ала тергеу органдары қызметкерлері қалып­тасқан тәжірибе бойынша өздеріне ыңғайлы, жеңіл болу үшін сотқа келіп түскен қылмыстық, аза­маттық, әкімшілік істер мен күдікті­лер­ден жауап алуды тек орыс тілінде жүргізеді. Күдікті ретінде ұсталған азаматтан қай тілде жауап беру ыңғайлы екендігін сұрау, ресми тілді дұрыс түсінбесе, тергеуді мемлекеттік тілде жалғас­тыруға талпыну тәжірибеде жоқтың қасы. Осының салдарынан кейін іс сотқа келіп түскенде түрлі кедергілер туындайды. Мәселен, жәбірленуші немесе айыпталушы тарап істің мән-жайын толық түсіну үшін сот оты­рысының қазақ тілінде жүргізілуін талап ететін жағдайлар кездеседі. Салдарынан сот органдары алдын-ала тергеудің барлық айыптау қорытындыларын қазақшалауға тура келеді. Тіпті кей азаматтар өзіне қандай айып тағылғанынан да білмейді, олар  мұны соттан айыпталу қорытындысын қазақ тілінде алған кезде ғана түсіне бастайтынын да тәжірибеден көріп жүрміз. Осы орайда Қарағанды қаласы Октябрь сотының ұйымдастыруымен «Іс жүргізу барысында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту туралы» тақырыбында «Дөңгелек үстел» өткізіліп түрады. Аталған іс-шараға қала әкімдігі, қала прокуратурасы, тергеу органдары, қалалық банктердің қызметкерлері қатысты. «Дөңгелек үстел» барысында қатысушыларға азаматтық істер бойынша талап беруші жақ, әсіресе заңды тұлғалар, талап арыз мәтінін жауапкер қазақ тілін жетік меңгерген жағдайда, мемлекеттік тілде толтырған жөн екендігі айтылды. Сондықтан, қалалық тиісті мекемелер, салық басқармасы, банктер, коммуналдық қызмет көрсету мекемелері қандай да болсын дауларды сотқа қазақ тілінде дайындап жіберуді, тергеу істерін жүргізу органдары, іс бойынша өтініш, арыздарды негізінен қазақ тілінде тіркеуді қолға алу керектігі туралы сөз қозғалды. Сонымен қата,  басты қағида ретінде іске қатысушы жақтар қазақ тілін жетік меңгерген болса, міндетті түрде мемлекеттік тілде іс жүргізуді ұстанғандары жөн. Заң саласында қызмет көрсететін адвокаттар, заңгерлер сотқа құжат дайындағанда, азаматтарға кеңес берген кезде, қазақ ұлты өкілдеріне қатысты (сондай-ақ қазақ тілін жетік меңгерген басқа да ұлт өкілдеріне де) толтыратын іс-қағаздарды мемлекеттік тілде жазса, ана тіліміздің қолдану аясы кеңейер еді. Егер заңды және жеке тұлғалар сотқа іс құжаттары мемлекеттік тілде толтырылып өткізетін болса, азаматтық іс жүргізудің қазақ тіліндегі үлесін 50-60  пайызға көтеру мүмкіншілігі бар. Ал, ана тіліміздің құқыққорғау органдарында кеңінен қолданылуы,  шешуін ұзақ күткен ең басты мәселе. Бұл түйінді шешу үшін алдымен арнайы сөздіктер са­нын көбейтіп, қазақ тілінде тер­гелген, сотта қазақша қаралған істер бойынша тиісті әдістемелік мате­риалдар дайындауды жаппай қолға алған жөн. Болашақта құқық қорғау органдары мен сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңей­тудің тағы бір маңызды тұсы ­-заңгерлерді дайындайтын жоғары оқу орындарында қазақ тілін үйрету бағдарламаларын күшейту. Қазақтың тілін білмейтін, сол арқылы елдің әдет-ғұрпынан, ұлттық ерекшелігінен еш хабары жоқ шәкірттен келешекте халқына қызмет жасайтын, жан-жақты азамат шығатынына күдікпен қарау керек.

Көзі ашық, көкірегі ояу әрбір қазақ­стандықты қазақ тілінің мәселесі толғандыратын кез жетті. Бәріміз “қолымды мезгілінен кеш сермедім” деп осы мүмкіндікті уыстан шығарып алмау керек. Ол үшін алдымен заңды­лықты жақтап, заңсыздықты даттап жүрген заңгерлер, құ­қық қорғау органдары қызметкерле­рі «Тіл туралы» заңның өзге заңдармен тең орындалуына аса назар аудару керек.

Қарағанды қаласының Октябрь аудандық сотының сот приставы 

Б.С.Искаков

Интернет алаяқтарынан сақ болыңыз

Алаяқтық дегеніміз- бағзы заманнан бері адамзат баласымен бірге жасап...

Сот төрелігінің үнсіз қаһарманы: Сот отырысының хатшысы

Қоғамда әділдіктің темірқазығы саналатын сот жүйесінің әрбір мүшесі өз...

Талап болса, тіл тұғыры биіктейді

Қазақ тілі – қазақтың жаны, халықтың ең қадірлісі. Тілді...

Эксаумақтық соттылық және оның процестік ерекшелігі

Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен...

Қазақ тілінің бүгінгі тағдырына біз жауаптымыз

«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан...