Ұлт жанашыры Мұстафа Шоқай айтқандай, «Ұлттың тілі — ұлттық
рухтың негізі» саналады. Сондықтан, тіл тағдыры ұлтын сүйетін әрбір
азаматты ойландыруы тиіс. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі —
қазақ тілі. Алайда, тіл мәселесі тәуелсіздік алып, дербес мемлекет
болғанымызға отыз жылдан асса да өзектілігін жоймай келеді. Оның басты
себебін қоғамымызда қазақ тілін білуге, яғни, осы тілде сөйлеуге деген қатаң
міндеттің болмауымен байланыстыруға болады. Бұл уақыттың өзі көрсетіп
отырған шындық.
Қазақстан азаматтары мемлекеттік тілді білуге міндетті болса да, бұған
жұртшылық тарапынан аса мән берілмеуде. Содан болар, ел арасында
мемлекеттік тілде сөйлеуді өзінің конституциялық парызы санайтындар
қатары көбеймей тұр.
Тілдің тағдыры ел азаматтары бір-бірімен жаппай қазақша қарым-
қатынас жасағанда ғана оңынан шешілетінін түсінетін кез жетті. Бұл ретте
отбасының алар маңызы зор. Өйткені, әр отбасы мемлекеттің бір бөлшегі.
Әрбір ата-ананың бойындағы елге, жерге оның тіліне деген сүйіспеншілік
балаларға берілсе ғана қазақ тіліне даңғыл жол ашылады.
Тіл халықпен бірге дамитындықтан, ол мемлекеттің тілі ғана емес,
барша қазақстандықты біріктіретін құдіретті күшпен тең. Оның құдыретін
жас ұрпаққа сезіндірмейінше діттеген межеге жету қиынға соғады.
Тілге құрмет – өзің өмір сүріп отырған мемлекетке құрмет екені
бұлжымас қағида. Қазақстанда мемлекеттік тіл ретінде қазақ тіліне ғана
конституциялық мәртебе берілуі, әрбір азаматты осы тілді білуге
міндеттейді. Мысалы, олар сотқа мемлекеттік тілде жүгінсе, қылмыстық,
әкімшілік, азаматтық іс жүргізуде, яғни, сот өндірісінде оның қолданылу
аясы кеңейіп, сапасы артады. Бұл өз кезегінде азаматтардың мемлекеттік
тілге деген құрметін көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдаудында
«Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас
тіліне айналатын кезеңі келді» деді. Президенттің бұл сөзі әрбір
қазақстандықты қазақ тілінің мәртебесін көтеруге шақырып отыр.
Президент «Болашағын отанымызбен байланыстыратын әр азамат қазақ
тілін үйренуге ден қоюы тиіс» дегенді де бекер айтқан жоқ. Қазақ тілін
дамытуға мемлекеттік органдар, мекемелер, басқа да кәсіпорындар мен
ұйымдар, адвокаттар, заңгерлер, сондай-ақ, қарапайым азаматтар барлығы
бірігіп атсалысса, тілдің Конституциялық мәтебесі өз-өзінен нығаяды.
Қоғамымыздың барлық саласында қазақ тіліне деген қажеттілік арттыру
ел азаматтарының қолында. Елімізде тек қазақ тілінде сөйлеуге тырысу
мемлекеттік тілді насихаттаудың ең тиімді жолы болмақ.
Қарлығаш Сарсенова,
Алмалы аудандық №2 сотының судьясы
Алматы қаласы