Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанына 30 жылдан асты.
Алайда, бұл тілдің дамуында мәселе жоқ дегенді білдірмейді. Оның
көрінісін соттарда мемлекеттік тілде қаралып жатқан істер санының
аздығынан да байқауға болады. Мұның себебі соттарға емес, сотқа
жүгінушілерге, яғни, азаматтарға байланысты екенін көпшілік біле бермейді.
Егер азаматтар сотқа арыз-шағымдарын мемлекеттік тілде берсе, тілдің
қолданыс аясы кеңір еді. Өкінішке қарай, сотқа жүгінушілердің басым
көпшілігі талап-арыздарын ресми тілде береді. Нәтижесінде сот ісі де сол
тілде жүргізіледі.
Азаматтық процестік кодексте азаматтық істер бойынша сот ісін
жүргізуде мемлекеттік тіл, қажеттілік туса, заңда белгіленген жағдайда өзге
тілдер де қолданылатыны айқын жазылған. Бұл заңдылықтар Азаматтық
процестік кодекстің «Сот ісін жүргізу тілі», Қылмыстық процестік кодекстің
«Қылмыстық сот ісін жүргізу тілі» және Әкімшілік құқық бұзушылық
туралы кодекстің «Іс жүргізу тілі» бөліктерінде көрсетілген.
Қазақ тілінің қарқынды дамуында ең алдымен сотқа жүгінушілердің,
сонымен қатар, азаматтық істерде адвокаттың, ал, қылмыстық істерде
тергеушінің рөлі үлкен. Олай дейтініміз, адвокаттар, заңгерлер, құқық қорғау
органдарының қызметкерлері өтініштерді қабылдау, тергеу амалдарын
жүргізу, хаттамаларды толтыруда мемлекеттік тілге басымдық берсе,
қарапайым азаматтарға үлкен сабақ болар еді.
Енді заң талабына келсек, Азаматтық процестік кодекстің 14-бабының
2-бөлігіне сай, сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге
байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Бұған қоса заңда іс сот
талқылауына дайындалып жатқан кезде тараптар өтінішхат беру арқылы сот
ісін жүргізу тілін өзгерте алатыны көрсетілген. Мұндай жағдайда сот
ұйғарымы шығарылады.
Талап қоюшы өкілі талап қою берген тілді білмейтін болса, талап
қоюшының жазбаша өтінішхатымен сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы
сот ұйғарымы шығарылады. Сонымен қатар, іс жүргізілетін тілді білмейтін
іске қатысушылардың құқықтары түсіндіріліп, олар қажет болса заңда
белгіленген тәртіпте аудармашымен қамтамасыз етіледі.
Жалпы алғанда соттарда қазақ тілін жандандыру шаралары барынша
дамытылуда. Кеңседегі барлық шығыс және ішкі құжаттар, мемлекеттік
мекемелермен хат алмасу мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған жолдауында қазақ тілінің
мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын
кезеңі келгенін айтқан болатын. Бұл үшін мемлекеттік тілді өз тұғырына
қондыруда қоғам болып жұмылу қажет. Өйткені, қазақ тілі – қазақтың ғана
тілі емес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Сондықтан, оны
білуге және осы тілде сөйлеуге барша қазақстандық міндетті.
Азамат Шойбеков,
Қарасай аудандық сотының судьясы
Алматы облысы