12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

«КӨРІСУ КҮНІНЕ РЕСМИ МӘРТЕБЕ БЕРУ КЕРЕК»

Нұргелді УӘЛИ, ҚР Мемлекеттік орталық музейінің бас ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының докторы

– Нұргелді Мақажанұлы, жұртшылық арасында Наурыз мерекесінде жасалатын рәсімдерге қатысты әлі күнге дейін ресми тұжырым жоқ. Деректерді жинақтау және оны сараптау қалай жүріп жатыр?

– Наурыз айы туралы деректер көп. Олар халықтың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінде және мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерде жақсы сақталып қалған. Олардың бәрінің өзіндік мән-мағынасы бар. Әрине, наурыздың «жаңа күн» деген мағынаны білдіретіні, наурызда наурыз көже болатыны барлығымызға белгілі. Бірақ оның мәні әлі толық ашылмай жатыр. Сондықтан осы туралы ой бөліскен артықтық етпейді. Мәселен, наурыз көженің мәні дәнмен байланысты. Ондағы халықтың этникалық, философиялық ойы өте тереңде жатыр. Қазақ дәм-тұзды аттамайды. Дәм татқан жеріне қазақтың баласы ешқашан жамандық жасамайды. Наурыз көже тек қана тамақ емес. Жалпы астың обал-сауабы күллі халыққа ортақ дүние ғой. Халық неге жамандық жасаған адамды дәм-тұз атсын деп қарғайды? Бұл да соның бір айғағы деуге болады.

– Осы арада наурыз көженің үш ырысы туралы да айта кетсеңіз.

– Рас, халық арасында наурыз көженің үш ырысы туралы айтылады. Оның біріншісі – көк ырыс, екіншісі – ақ ырыс, үшіншісі – қызыл ырыс. Көк ырыс деген – дән. «Көктен жаңбыр, жерден өндір» дейді егіншілік мәдениетінде. Ақ ырыс деген – қымыз, шұбат, сүт, айран, құрт, ірімшігіміз. Ал қызыл ырыс деп етті айтады. Еттің бір мағынасы қызылмен байланысты. Қызылсырап деген сөз содан қалған. Үш ырыстың ажырамас зор мәні бар. Қазақ ырыс баққандар деп егіншіні, малшыны, яғни, материалдық дүниені жасап жатқандарды айтады. – Наурыз айында жасалатын ұмыт қалған рәсімдерді атап өтсеңіз.

– Наурыз деген үлкен мәдени контентті жинақтап келгенде, мәні ашылатын нәрселер көп. Мысалы, Мұхтар Әуезовте «мұғал ошақ» деген сөз бар. Бұл ауылдың шетіне қазылып, ескі-құсқыны апарып өртейтін ошақ. Ол ескі-құсқыдан арылу, жаңару, жаңғыру деген мағынаны білдіреді. Бұдан бөлек, наурызда салауат айту деген бар. Салауат деген – кешірім. Өйткені, адам болған соң қателеседі, білместікпен артық сөз айтады. Адамдар бір-біріне деген өкпе-ренішінен көңілді тазартып отыру керек. Көңілде ешқандай дық қалмау керек. Сонда адамдардың арасындағы этикалық қарым-қатынас өте жоғары деңгейде болады. Осы жерде ойластыратын тағы бір нәрсе бар. Қазақ «құл құрықтан құтылды, күң сырықтан құтылды» дейді. Бұл тек наурызда ғана болатын, наурызда ғана жасалатын ерекше жақсылық. Өйткені, наурызда бір күндік теңдік орнайды. Онда бай да, жарлы да, құл да, мырза да бір. Қазақ қоғамында бұрын үш атадан кейін құлға бостандық берілген. Яғни, құлды сатып алған не оның еңбегін пайдаланып отырған әрбір адам оның шөбересін жеке үй қылып бөлек шығарады. Ол жай ғана айтыла салмайды. Наурыз мерекесі кезінде салауат айтып кешірім етумен ғана жүзеге асады. Өйткені, адам өз сөзінен тайқып кетуі де мүмкін ғой. Ал, Наурыз мерекесі кезінде бүкіл елдің алдында салауат айтып, кешірім берудің жөні бөлек. Жаугершілікте қолға түскен адамды 3 атадан кейін қазақ жеке үйге шығарып, көрші-қолаң деген. Сөйтіп олар да қыз алып, қыз берісіп қазақпен туыстасып кеткен. Ислам діні келген соң осыны күшейтті. Исламда құл ұстау деген жоқ. Олар сауал алу үшін оны босатып отырған. Міне наурыздың осындай бір маңызы бар. Наурыз мәдениеті мен философиясының қазақты халық, ұлт, ұлыс, ел етіп ұстап отырғандағы маңызы осындай терең және өте жоғары.

– Біреулер – Көрісу күні, екіншілері – Көрісу мерекесі, үшіншілері – Амал мерекесідеп жүрген көрісудің мәні неде?

– Дұрысы, Көрісу күні ғой. Оның ар жағында амандасу ғана емес, әрбір адамның бір-біріне жақсы тілек айтуы бар. Сондықтан Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде өткен «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» деп аталатын халықаралық форум кезінде Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовке 14 наурызды ресми Көрісу күні депжарияласақ деген ұсынысымды айттым. Мәселен, Көрісу күніне қатысты рәсім Түрікменстан қазақтарында жақсы сақталған. Онда 14 наурызда әрбір отбасы мүшесі бір-біріменкөріседі. Жасың құтты болсын деп тілек айтады. Көрісу күнін ресми түрде белгілеу керек. Ол біздің дәстүрде бар. Көрісу деген жақсы ниет, жақсы тілек. «Көрмесең, білмесең жат боласың» деген сөз содан қалған.

– Амал деген не?

– Амал – халық астрономдарының термині. Халық астрономдарын жұлдызшы дейді. Көбіне ауа райын болжайды. Олар ай мен күннің қозғалысын есептеп отыратын білімпаз адамдар. Онда жұлдызды негізге алады. Аспан әлемінде жұлдыз көп. Қазақ қоғамында жұлдызшылар көбіне үркерге қарайды. Халықта «Үркерлі айдың бәрі қыс» деген сөз содан қалған. Оны қалай түсінеміз? Үркер қазан айының орта шенінде шығыстан кешке қарай көтеріледі. Содан кейін үш арқар, таразы, сүмбіле жұлдыздары тізіліпті дейді. Олар бірінен кейін бірі көрінеді. Сонда үркердің көрінгені 6 ай қыс болады дейді. 6 ай жаз үркердің көрінбей кеткен кезі. Оны үркер жерге түсті дейді. Үркер мамырдың10-дарынан кейін көрінбейді. Көп халықтар көк шықты, құс келді, күн жылыды, қар кетті деген деңгейде ғана айтады. «Үркер жұлдыз ағасы» деп бағалайды біздің жұлдызшы, есепшілер. Олар қыстың жайлы-жайсыз болуын 7 амалмен бағалайды. Оны үркердің батқаны, көрінгені, жан-жануарлардың күйекке түсуі деген сияқтылармен есептейді. Күн мен түннің теңелуін есепшілер бұрыннан жақсы білген. Есепшілер жұлдыздардың қозғалысын ғана емес ауа райы мен табиғаттың байланысын бақылап, салыстырып, болжап отырған. Жануарлар, өсімдіктермен байланысты деректерді жинаған.– Наурызда қандай амал болады?

– «Қара жерге келсем қар әкелем, қарға келсем қарды әкелем» деген отамалының амалы бар. Наурыздың алғашқы жартысында қар жауып, суық боп кетеді. Осыны отамалының аязы дейді. Егер қар кетіп, күн тез жылынса отамалының амалы дейді. Наурыздағы амалдың тағы бірі – бес ешкінің суығы. Егер 1 жылда 365 күн болса, оны 30 күннен 12 айға көбейтсең 5 күн не ескі, не жаңа жылға кірмейді. Сол кезде суық болады. Соны бес ешкінің суығы деп айтады. Ал соңғы қарды құс қанаты дейді

– Қазыбектің наурызы деген де бар ма?

– Қазыбектің наурызы деген бар. Ол байбақты руынан шыққан халықтың үлкен астрономы болған. Лазарь Будаков оны 1869 жылы Петертбургте шыққан «Сравнителный словарь турецко-наречий» деген сөздігінде айтады. Онда Қазыбек наурызынан бөлек, Жас наурыз, Қарт наурыз дегендер де бар. Сол сияқты әйгілі жазушымыз Ғабит Мүсірепов Нұрпейіс Байғанин Алматыға келгенде сөйлесіп тұрады екен. Бір кездесуде Ғабит «енді қашан келесіз» дегенде, ол кісі «Қазыбектің қазанында келем ғой» дейді. Оны Ғабит Мүсірепов өз естелігінде жазып қояды. Бұл жылдың белгілі бір мерзімі екен ғой деп. Осылардың бәрі енді бір жүйеге түсіп, тиянақталу керек. Осыдан 3-4 жыл бұрын 5 томдық «Этнографиялық сөздік» шыққан болатын. Мен соның авторының бірімін. Қазыбектің наурызының дәстүрлі наурыздан онкүндік айырмасы бар.

– Ұлыстың ұлы күні деген қай күн? Қазір ұлттық және мемлекеттік ресми мерекелерде түрлі деңгейдегі билік өкілдері тарапынан бұл сөзді жиі естіп, көріп, тыңдап жүрміз.

– Ұлыс деген сөздің өзі халық деген мағынаны білдіреді. Халық деген араб сөзі. Ұлыс сөзінің тарихы тереңде жатыр. Бұрын жалпыхалықтық мерекені бабаларымыз Ұлыстың ұлы күні деп атаған. Ол қазіргі Наурыз меркесі деуге болады. Өйткені, ешбір, ресми, саяси шара Наурыз мерекесімен теңесе алмайды. Ұлыстың ұлы күні – күн мен түннің теңеліп, жаңа жылдың басталуымен құнды, маңызды, мәнді. Ұлыстың ұлы күні дегенді барлық мерекеге қолдануға болмайды. Ұлыс, дәстүр халықтан бұрын пайда болған. Ұлыстың ұлы күні жылдың басы деген сөз. Жаңа жыл парсы мәдениеті бізге келмей тұрғанда бұрын сәуірдің аяғы мен мамырдың басында тойланған. Ел жайлауға көшуге дайындала бастаған кезде. Алайда, бұл әзірше жорамал ғана болып тұр.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

«Ұлы дала жорығы»: фильм об уникальном конном марафоне презентовали в Астане

Презентация документального фильма о конном марафоне-байге «Ұлы дала жорығы»...

«Ұлы дала жорығы»: Астанада бірегей ат марафоны туралы фильмнің тұсаукесері өтті

Астанада «Ұлы дала жорығы» ат марафон-бәйгесі туралы деректі фильмнің...

Су тасқынынан кейін қазақстандық 202 отбасы қираған баспанасының орнына тұрғын үй мен пәтер алды

ҚР Үкіметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биылғы...

202 казахстанские семьи получили дома и квартиры взамен разрушенного жилья после паводков

По поручению Главы государства Касым-Жомарта Токаева Правительство РК продолжает...

Правительство выделило из резерва более 2,4 млрд тенге на капитальный ремонт теплосетей Риддера

По поручению Главы государства Касым-Жомарта Токаева Правительство продолжает проводить...