Дамудың жаңа жолына түскен Қазақстанда қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғыртуға, саяси трансформациялауға, мемлекеттің әлеуметтік рөлін және құқық қорғау әлеуетін күшейтуге ықпалды құқықтық негіздер қаланды. Мұның айқын дәлелі Конституциялық Соттың қалпына келтірілуі. Бүгінде барлық заңдардың атасы Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етіп, оның талаптарының орындалуына бақылауды жүзеге асыратын осынау жоғары құзырлы ұйымның жұмыс істей бастағанына бір жыл толып отыр.
«Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конститутциялық Сотқа айрықша тоқталып, бұл құрылымның қоғам өміріндегі маңызын тағы бір атап өтті. Онда «…Біреулерге Конституциялық Кеңестің аты ғана өзгергендей көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, оның заты түбегейлі өзгерді. Конституциялық Сот шешімдерінің күшін ешкім жоя алмайды. Оның шешімдеріне, соның ішінде азаматтардың конституциялық құқықтарына қатысты байламдарына күмән келтіруге, Президенттің де еш қақысы жоқ» деді Қ. Тоқаев. Конституциялық Соттың құрылуы елімізде жасалған конституциялық реформа нәтижесінде мүмкін болды. Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Азимованың айтуынша, ұйымның бір жылдағы жұмысының нәтижесі азаматтардың өз өтініштерінде заңдардың жекелеген ережелерінің конституциялық мәселелерін әділ көтеретінін аңғартты. 2023 жылы Конституциялық Сотқа 5282 өтініш түссе, оның 5272-сі азаматтардан, 10-ы мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан жасалған екен. Қабылдау талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты 4977 өтініш яғни, 94,4 пайызын қайтару себептері түсіндіріліп және қайта жүгіну құқығы көрсетіліп азаматтарға қайтарылды. 5272 өтініштің тек 1398 өтініші ғана нормативтік құқықтық актілердің (НҚА) Конституцияға сәйкестігін тексеру мәселесін көтеріпті. Қалған өтініштердің барлығы Конституциялық Соттың құзыретіне жатпайды, яғни, 2039 шағымда азаматтар сот шешімдерін қайта қарауды сұраған. Бұл цифрлар азаматтардың жаңа органға деген жай ғана қызығушылығын емес, әрқайсысының өз құқықтарын қорғау ниетін көрсетсе керек. Жалпы, Конституциялық Сот судьялары рұқсат ету критерийлеріне сәйкес келген 182 азаматтың өтінішін қарапты. Алдын ала қарау нәтижелері бойынша конституциялық іс жүргізуден бас тарту қағидаларын негіздейтін 131, конституциялық іс жүргізуге қабылдау туралы 51, Конституциялық Сот өндірісінің нәтижелері бойынша конституциялық, конституциялық емес және түсіндірмелік шешімдері бойынша 39 нормативтік қаулы қабылданды. Сонымен қатар, Конституциялық Сот ұжымы жұмыс барысында 153-тен астам азаматты тікелей, 600-ден астам азаматты телефон арқылы да қабылдап, түсініктеме берді. Бұл орайда айрықша белсенділік танытқандар Астана, Алматы қалаларының, Қостанай және Қарағанды облыстарының тұрғындары болып отыр. Сонымен қатар, мәртебелі ұйымға шағымданушылар арасында шетелдіктер де баршылық. Өткен жылы өздерінің бұл құқын Ресей, Өзбекстан, Грузия, Иран, Тәжікстан және Қырғыз Республикаларының азаматтары айрықша пайдаланыпты. Олардың мазмұны негізінен сот актілерінің орындалмауына, тұрғын үй және еңбек қатынастарына, әлеуметтік қорғауға, жазалардың орындалуына, ақпаратқа қол жеткізуге, жеке тұлғалардың банкроттығы мәселелеріне арналған. Өтініштердің төрттен бірінде ғана (26%) азаматтар заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің конституциялылығын тексеруді сұрапты. Нақтылай айтқанда, Конституциялық Сотқа 2023 жылы қолданыстағы заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан 10 өтініш түскен.
Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларын орындау мақсатында заңнаманы жетілдіру бойынша ұсынымдарды іске асыру тұрақты бақылауда. 2023 жылы төрт түпкілікті шешімді орындау барысында қылмыстық, әлеуметтік, салық заңнамасына және Жоғарғы Соттың ҰП-на өзгерістер енгізілді.Әлеуметтік кодекстің кейбір нормалары Конституцияға сәйкестендірілді және әлеуметтік атаулы көмек көрсету критерийлері белгіленді. Оңайлатылған тәртіппен бала асырап алу туралы сотқа арыз берген кезде молекулярлық-генетикалық сараптама қорытындысы болу міндеттілігі туралы қосымша императивтік талап конституциялық емес деп танылды. Өйткені, соттар үшін мұндай қорытындының болмауы азаматтың арызын қараусыз қалдыруға негіз болады. Рәсім мемлекеттік органдар мен соттардың бала мүдделерін барынша қамтамасыз ету міндетіне сәйкес келмейді. Осы кезеңдегі конституциялық іс жүргізу қорытындысы бойынша жекелеген нормативтік құқықтық актілерде елеулі олқылықтардың бар екені анықталды. Қабылданған 18 нормативтік қаулының бесеуінде нормалар конституциялық емес деп танылды, тағы бесеуі бойынша Конституциялық Сот біркелкі құқық қолдану мақсатында тиісті нормаларға түсіндірме берді. Қазіргі уақытта Үкімет пен мүдделі органдарға қажетті шаралар қабылдау ұсынылды. Тоқетерін айтқанда, конституциялық бақылау тұтастай қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында Конституцияны іс жүзінде іске асыруға бағытталған. Өйткені, Конституция үстемдігі баршаға қадір-қасиетті, еркіндік пен әділдікті заңнамалық және практикалық қамтамасыз етуі тиіс. Бұл талап ескі де жаңа құрылым – Конституциялық Соттың қоғамдағы ерекше маңызын айқындай түседі.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»


