25 қараша – Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің халықаралық күні. 2015 жылдың қыркүйек айында БҰҰ-ға мүше елдердің басшылары 2030 жылға дейінгі тұрақты дамудың 17 мақсатына қол қойған болатын. Оның бесіншісі – гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту деп аталды. Өйткені, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық – адам құқықтарын бұзудың ең көп таралған түрі саналады. Сондықтан бұл мәселені Мемлекет басшысы да әрдайым өзінің халыққа жолдауында назардан тыс қалдырған емес.
Әйтсе де, гендерлік теңдік саясатының құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуде қоғам бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмауда. Жауапкершілікті айқындауда биліктің заң шығарушы және атқарушы билік органдарының өз ішінде ортақ ұстаным жоқ. Біреуі сотталушылар санының ұлғаюынан қауіптеніп мәселені айыппұл арқылы шешкенді жөн көрсе, екіншісі заңнамадағы жауапкершілікті қатайту арқылы ғана әйелдер мен қыздарға қатысты отбасылық, тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайтуға болады деп санайды. Үшіншісі, мәселенің түйінін діни сеніммен байланыстырса, төртіншісі мәдениет пен салт-дәстүр сабақтастығынан іздеу керек дейді. Бесіншісі, оны бір жыныстылардың некелік одағын заңдастыруға әкеп тірегісі келеді. Осылайша, Крыловтың әйгілі мысалындағы аққу, шортан һәм шаянның кебін кешкен билік пен азаматтық қоғам институттары арасындағы пікір қайшылығы азаматтардың Конституциялық құқығын әркімнің әрқилы қабылдап, өз көзқарасы мен ұстанымы тұрғысынан түсіндіруіне мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, 2020 жылы денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірудің 15015 жағдайы, ұрып-соғудың 7530 жағдайы тіркелді. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге қатысты 5216, қол жұмсауға қатысты 2051 шешім шығарылды. Бұл ретте негізгі жазалау шарасы әкімшілік айыппұл болды. Мұндай жағдайлар жұртшылық арасында ғана емес, заң шығарушы органда да әрдайым талқыланып жүр. Мысалы, Талдықорған қаласында 27 қазанда ер адам кеңсеге баса-көктеп кіріп, қызды және қорғамақ болған тағы бір қызметкерге пышақпен шабуыл жасаған еді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жетісу өңіріндегі өкілі Қанат Қарымсақов жақында жұмыс орнында бұрынғы жігіті тікелей кіріп, қол жұмсаған қызбен жеке сөйлесті. – Мен барлық заңды процестерді кезең-кезеңімен түсіндірдім: сотқа дейінгі тергеу қалай жүзеге асырылады, тергеуші қандай әрекеттер жасайды, ол қалай жауап береді, жауап алу кезінде өзін қалай ұстау керек, сонымен қатар биологиялық зерттеу үшін үлгілер алынуы мүмкін екенін ескертті. Егер бойжеткен бұл үдерістердің бірде-біреуімен келіспесе, сотқа дейінгі тергеу органдарына хабарласа алады, егер шағымы үстірт қаралған болса, прокурорға шағымданады, сонымен қатар маған жеке хабарласа алады. Жергілікті қоғамдық қорлардың бірі оған адвокат беруге уәде бергенін айтты. Әйтеуір, мен де оны Жетісу аудандық адвокаттар алқасының тәжірибелі маманымен байланыстыруды жөн көрдім. Бойжеткен оның қызметі үшін ақы төлеуге міндетті емес, өйткені ол мемлекет есебінен көмек алатын азаматтар санатына жатады, – деді Қанат Қарымсақов. Бастапқыда жергілікті полицейлер бұзақылық туралы бап бойынша іс қозғаған. Тек қоғамдық резонанстан кейін ғана ол «кісі өлтіруге оқталу» ретінде қайта жіктелді. Жалпы Конституцияның 14-бабы бойынша заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды. Яғни, гендерлік теңдікті желеу етіп, заңнамаға қандай да бір өзгерістер мен түзетулер енгізу Конституцияға қайшы келеді. Бұл отбасылық зорлық-зомбылық оқиғалары бойынша біржақты түрде еркектерді жәбірлеуші ретінде қарастырып, оның әрекетін қылмыстық жауапкершлікпен шектеуге тырысушыларға тоқтау салуы тиіс. Өйткені, тұрмыстық зорлық-зомбылық елдің даму деңгейімен өлшеніп, не белгілі бір халықтың тұрмыс салты мен мәдениетінің өлшемі бола алмайды.
Қанат ЖҰМАБАЙ, Халықаралық адам құқықтарын қорғау комитетінің Қазақстандағы өкілдігінің кеңесшісі:
– Кез келген мемлекет үшін адам оның ең басты құндылығы саналады. Бұл қағида есте жоқ ескі замандардан бері өзгерген жоқ. Қайта уақыт өткен сайын маңыздылығы арта түсуде. Бұл бағыттағы іс-қимылдар еліміз өз тәуелсіздігін жариялап, БҰҰ-ға мүше болып, әлемдік қауымдастық тарапынан қабылданып, дүниежүзі мойындаған адам құқығы мен оның бостандығын қорғауға қатысты халықаралық конвенцияларды ратификациялауынан да анық көрінеді. Өйткені, барлық адам жасына, жынысына, діни сенімі мен нәсіліне қарамастан тең құқыққа ие. Сондықтан да әлемнің өзге елдері сияқты Қазақстанда да Конституцияның 17-бабында: «Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды» деп анық жазылған. Өкінішке қарай, қоғамда әйелдер мен қыздарға әлімжеттік жасап, зорлық-зомбылық көрсетушілер барлық елде әлі кездесіп қалып жатады. Кейбіреулер оның себебін құқықтық сауаттылықтың төмендігінен көреді. Олар бұл келеңсіз жағдайды тек заң күшімен ғана шешуге болады деп ойлайды. Меніңше, оның тамыры тереңде жатыр. Зорлық-зомбылық көрсеткіштері оларға қолданылатын жазаның ауыр не жеңілдігінде ғана емес. Бұл отбасында, балабақшада, мектепте басталып, өмір бойы жалғасатын тәлім-тәрбиеге байланысты. Оны құқықтық тұрғыдан қарастырған кезде құзырлы органдар жәбірлеуші мен жәбірленуші арасындағы қатынасқа түрткі болған субъективті жағдайларды да жан-жақты қарастыратыны сондықтан. Өкінішке қарай, біз көп жағдайда себепті емес, салдарды ғана айтамыз. Кейде заңнамаға енгізілетін кейбір өзгерістер мен түзетулерде мамандардың пікірі емес, белгілі бір топтардың ықпалы басым болып жататын кездер де бар
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


