Тарихқа көз жүгіртер болсақ Қазақстан Республикасының Президенті тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде 1992 жылы – 90, 1993 жылы 89 заңға қол қойған. Бұл сан арада 10 жыл өткенде – 107 (2012 жылы), 20 жыл өткенде – 80 (2022) болды. Егер заңды – билік пен халық арасындағы келісім деп қарайтын болсақ, Қазақстанда қоғамның тұтастығын қамтамасыз етудегі келісімде тұрақтылық бар деуге болады. Дегенмен билік дегеніміз ең алдымен жауапкершілік екенін еске түсірер болсақ, әңгіменің бәрі халықтың әл-ауқаты мен елдің қуатына келіп тірелетінін байқауға болады.
Мәселен, Әлем елдерінің өркендеу рейтингінде (LegatumProsperityIndex) Қазақстан 2020 жылы 167 мемлекеттің арасында 62-орыннан көрінді. Көршілес елдерден тек Қытай (54) ғана біздің алдымызда болса, Ресей (76), Әзірбайжан (78), Қырғызстан (90), Өзбекстан (97), Түрікменстан (109), Тәжікстан (112), Иран (120) бізден айтарлықтай артта қалып қойды. Бұл бір қарағанда көңіл қуантқанымен, елдің әлеуеті бұдан әлдеқайда жоғары екені және бұл халықтың әлеуметтік-тұрмыс жағдайымен сәйкес келмейтіні уақыт өткен сайын анық байқалды. Заң заманның айнасы бола алмай отырғанын, қоғамдағы әділдік пен теңдіктің сақталуында билік органдары барлық уақытта бірдей халықтың үніне құлақ аса қоймайтынын ғасыр тоғысында Мемлекет басшысы өзі де мойындады. Атап айтқанда, 1999 жылы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасының жаңа Президенті ретінде халыққа арнаған алғашқы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталатын жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға қатысты ой-пікірлерін тұжырымдаған кезде – заман талабына сай тиімді мемлекет; азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету; қарқынды дамыған және инклюзивті экономика; әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі, Қуатты өңірлер – қуатты ел деп аталатын 5 негізгі бағытқа айрықша тоқталған еді. «Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналады. Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деген Қ.Тоқаевтың сөзі арада 3 жыл өтсе де өзінің өзектілігін жойған жоқ. Мемлекет басшысы 2021 жылы – 111, 2022 жылы – 80, 2023 жылы – 92 заңға қол қойғанымен, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» құру мақсатындағы іс-шаралар әлі де бүкіл жұртшылықтың көңілінен шығып отыр деуге болмайды. Наразы топ «Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес» деген Президент сөзін өзіне қарсы қолданғысы келгенмен, одан әзірге нәтиже болмай тұр. Өйткені, Мемлекет басшысы: «Мен уәде еткен саяси жаңғыру үдерісі азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүдделеріне сәйкес, біртіндеп үздіксіз жүзеге асырылатын болады. Негізсіз, жүйесіз саяси ырықтандыру елдің ішкі саяси ахуалының тұрақсыздығына, тіпті мемлекеттіліктен айырылуға әкеліп соғатынын әлем елдерінің тәжірибесінен көріп отырмыз. Сондықтан біз саяси реформаларды «асығыстыққа салынбай», керісінше, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жанжақты ойластырып жүзеге асыратын боламыз» деген сөзін ісімен дәлелдеуде. Өзін билікке қарсы оппозициялық күш ретінде көрсету үшін Мемлекет пен Үкімет басшысының сөздері мен әрекеттерін сынап жүрген саяси партиялар ғана емес, азаматтық қоғамның өзге де өкілдері қазір мәселе қозғау жағынан Парламент депутаттарымен таласа алмайтын жағдайда. Өйткені, билік органдарына депутаттық сауал жолдау жағынан бірінен-бірі озып тұрған «халық қалаулылары» Парламент отырыстарында алдарына келген Үкімет мүшелерін аяп жатқан жоқ. Қызды-қыздымен онда «Қуып шығамыз» дегендер де табылуда. Бұл әрине, біреулер үшін батырлық боп көрінетіні анық. Бірақ қолданыстағы заңнама бойынша өзінің әрекетін сөзімен емес, ісімен дәлелдеп, Парламент қарауына ұсынылған заңдардың барынша сапалы және тиімді болуы үшін оның жобасына қажетті өзгерістер мен түзетулер енгізіп, тіпті оған балама жаңа заң жобаларын ұсынуда әзірге депутаттар тарапынан белсенділік байқалмайды. Осындайда қабылданғанына бір жыл өтер-өтпестен жаңа өзгерістер мен түзетулер енгізіліп жатқан заңдардың сапасын көтеру үшін оны әзірлеуші органның да, қабылдаушы органның да жауапкершілігін қатайту қажет шығар деген ой туады. Өйткені, кейде Конституция мен өзге де заңдардан кейбір құзырлы үкіметтік органдардың нормативтік қаулыларының күші басым түсіп жататын жағдайлар аз емес. Мәселен, «Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерін бекіту туралы» ҚР Әділет министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы №416 бұйрығы соның бір көрінісі деуге болады. Бұл бұйрық бойынша жеке сот орындаушылар түрлі себеппен ажырасып, сот шешімімен өз балаларына алимент төлеп отырған елдегі жарты миллион адамнан атқару парағы өздерінде жатқандықтан әр тоқсан сайын ең кемінде 1АЕК мөлшерінде ақша өндіріп алуға мүмкіндік алып отыр. Егер қисынға салатын болсақ, алимент төлеуден түрлі сылтау айтып жалтаратындардың үлесі айтарлықтай көп емес. Осыған қарамастан Жеке сот орындаушылары алиментін жұмыс орнының бухгалтериясы арқылы уақытылы аударып отырған және өздеріне алимент өндіруші тарапынан ешқандай арыз-шағым түспесе де алимент төлеушінің қалтасына министрдің бұйрығының негізінде қолсалудан тартынбай отыр. Ал жеке сот орындаушылар әрдайым өздерінің қарауында жатқан атқару істерінің көптігін айтып шағымданып жүреді. Бұл жүктемені елдегі жарты миллион алимент ісін цифрландыру арқылы айтарлықтай азайтуға болатынын Әділет министрлігі білмей отыр деуге ешкімнің аузы бармайды. Сол себепті кейбір құқық қорғаушылардың, мұның артында Жеке сот орындаушылар палатасының жеке мүддесі тұр дейтіні негізсіз емес сияқты.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


