Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №15 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған ер азаматтар үшін арнайы «Самға» психологиялық клубынан психолог маманы Г.Нурсұлтанқызы шақыртылды.
Шараның негізгі мақсаты ішкі тәртіпті сақтау, суицидтің алдын алу және өмірге деген жаңа көзқараспен қарауға үйрету. Шара барысында алдымен танысу рәсімі, кейіннен психологтың арнайы дайындаған суреттерін таңдау арқылы өткен шақтағы естеліктерден деректер айтылды. Сотталғандар бұл әдістің дәлдігіне таң қалғандарын жасырмай, ашық ойларын ортаға салды.
Психолог маман бұл тренингтің мақсаты: өзіңді тану екендігін айтып, өткен шақтағы естеліктерді дұрыстау үшін жұмыс жасау қажеттігін түсіндірді.
Одан кейін сотталғандарға белгілі бір пішіндерден өз ойымен түрлендіру арқылы сурет салуға тапсырма берілді.Бұл тапсырма барысында сотталған азаматтар өз қиялдарына ерік бере отырып, түрлі суреттер салу арқылы, өздерінің терең ойлау қабілеттіліктерін жоғары деңгейде көрсете білді.
Сонымен қатар, сотталғандардың көңілін көтеру мақсатында бірнеше ойындар ойнатылып, сергіту сәті өткізілді. Ойын соңында сотталған азаматтар ризашылығын білдіріп, өздерінің жүрек жарды тілектерін айтып, естелікке суретке түсті. Алдағы уақытта психолог мамандар жиі келіп, осындай шаралар көптеп ұйымдастырылса деген ниеттерін білдірді.
Атырау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №15 мекемесінің аға инспектор психологы әділет майоры Ш.Ы.Максимова шара соңында сөз алып, сотталған азаматтарға белсенділік танытқаны үшін алғысын білдіріп, осыдай іс- шаралар жиі өткізіліп тұратындығын жеткізді.


