Алаш ардақтыларының алдыңғы қатарында тұратын бірегей ұлт перзенті, Алашорда үкіметінің мүшесі, заңгер, қазақтан шыққан тұңғыш құқықтану магистрі Жақып Ақбаев өзінің қысқа ғұмырын елінің болашағына арнап, жарғақ құлағы жастыққа тимей, арпалыспен өткен. Көзі тірісінде қайран ер қуғын-сүргіннен көз ашпаған. Ал қудалаумен өткен өмір жолына үңілгенде, еріксіз таңданасың. Елін сүйген азамат аз ғана ғұмырында артына қаншама айшықты таңба қалдырып, қаншама жарқын істер тындырып кеткен десеңізші?! Бәлкім, оның жасаған елу сегіз жылдық ғұмыры өзге алаш арыстарымен салыстырғанда ұзақ та болып көрінер. Бірақ, бергенінен берері көп, жан-жақты қабілетті адам үшін бұл жас тым аз.
Жақып Ақбайұлының кіндік қаны тамған Ақтоғай топырағы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханды, алаш ардақтысы Әлімхан Ермековтерді бір-бірімен жарыстыра, ілгерілі-кейінді өмірге әкеліп, ұлт мұраты жолында табыстырып, басын біріктіріпті. Осы үш перзентімен-ақ Ақтоғай өңірі сол дәуірде бүкіл түркі әлемін дүр сілкіндіріп, Ресейдің отаршыл империясының іргесін шайқалтқан Алаш партиясының ұйымдасуына ұйытқы болған. Жұртымыздың топырақ қасиетіне айрықша мән беретіндігі де осында сияқты. Жақып Ақбайұлының күреске толы өмір жолы – барша алаштың қайнаған ар-намысының, елдік мұрат-мүддені аңсаған тілегінің ортақ сипатындай. Оның бар мағыналы өмірі жеке бастың рахатына емес, асқақ халқына арналған. «Елім!» деп емешесі құрып, «қайран жұртым!» деп қабырғасы қарс айрылып, жанын құрбандыққа тіге жүріп ғұмыр кешті. Оның алыс көкжиекке көз жіберген нағыз қыран тектілігін балапанша қанат қағып, талпынған шағынан-ақ аңдауға болар еді. 1886 жылы Қарқаралыдағы орыс-қазақ мектебіне қабылданғанда Жақып небары он жастағы бала екен. Яғни, бұрнағы қазақтың балалары секілді, ауыл молдасынан ескіше сауат ашуды қанағат қылмай, ыстық ұясынан ұзап, орысша-қазақша білім алуға талпыныпты. Жоғарыда айтқанымыздай, әрине, бұған текті ортаның ықпалы да аз болмаған. Қалай болғанда да, өзі болсын, жанашырының ақылымен болсын, жас бала Жақып заман талабын ерте ұққан секілді, әрі өзіне не керегін һәм замана талабын әуел бастан болжағандай. Бұл мектепті тауысқан соң, оқуын Омбының жетіжылдық гимназиясында жалғастырыпты. Әрине, бұл тұстарда білімі жетілген Жақыптың ой-өрісі де ұзарып, көзқарасы кеңейгенін шамалаймыз. Одан әрі асып, Томск гимназиясында бір жыл оқығаннан кейін, оның үлкен мұрат соңына түсіп, енді жоғары білім алуды көксеп, Санкт-Петербургке бет алуынан бұл жылдардың зая кетпегенін, Ыбырай Алтынсарин айтқандай, оқу-білім, ізденіс жолына «аш қасқырша шапқандығына» көзімізді жеткізе түсеміз. Санкт-Петербург университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген Жақып Ақбайұлының алдынан осыдан кейін-ақ кең болашақтың есігі айқара ашылғандай еді. Мұндай оқу орындарына ол уақытта қазақ түгілі, орыс-славян жұртының өзінің ішінде тек таңдаулылары, дворян ақсүйектері, қалталы буржуазия өкілдері ғана қол жеткізетін. Дегенмен, сол кезде материалдық жағдай алдыңғы орында тұрса да, біз қазақтың талапты жасының бұл асуды негізінен өзінің жеке басының оқу-білімге деген шексіз ынтызарлығымен, биік талабымен бағындырғанын баса айтар едік. Әрине, Жақыптың дәулетті отбасынан шығуының да биік арманына жетуіне зор ықпалын тигізгені түсінікті. Дегенмен, жеке басының қасиеті болмаса, тау бұзардай екпін, оқу-білімге, өз мақсат-мұратына деген жалындаған құштарлығы болмаса, оның бұл асуларды бағындыруы неғайбыл болатын. Жасыратыны жоқ, ол кезде европалық тәрбиедегі орта қазақ баласына менсінбей, мұрын шүйіре қарап келді. Патша заманында астамшыл орыс ортасын Шоқан сияқты бірегей тұлғаларымыз мойындата алғаны аян.
Сондықтан, осындай сиректердің қатарынан жұлдызы жарқырап, дара көрінген Жақып Ақбайұлының орны алаш жұртшылығы үшін аса бағалы, аса қадірлі болғанын баса айтуға тиіспіз. Салыстыру тұрғысынан айтсақ, бүкіл Кеңес Одағын билеген Ленин мен Сталиннің оқу-білімі гимназиядан аспаған. Ал алаштың көрнекті қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбайұлы, Әлімхан Ермеков, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер Ресейдің ең үздік оқу орнын үздік бітірген оқымыстылар еді. Қазақстан ішінде оқыған Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжандардың білім деңгейі кімнің тақиясына тар келер?! Осы тұрғыдан сараптасақ, сол кезде қазақтарды шетінен қараңғы, надан, білімсіз қылып көрсеткен, екі-ақ пайызы білімді деп ақпарат таратқан кеңестік саяси идеологияның қандай қитұрқы, жымысқы мақсат көздегенін жазбай тануға болар еді. Заңгерлік дипломы қолына тиісімен Жақып Ақбайұлы еңбек жолын 1903–1905 жылдар аралығында Омбы сот палатасының округтік сотында қызмет етуден бастады. Және жоғарыдағы сөзіміздің дәлеліндей, бірден күрескерлік бағытқа түсіп, саяси қоғамдық ахуалдың қыр-сырын жақсы ұғып-түсінген, патшалық биліктің әділетсіздігін, империялық үстемдік мүддесін толық аңдаған, оған қарсы қандай бағыт жолын ұстануды сезінген, соған орай, дайын күрескерлігін аңғартқан еді. Олай дейтініміз, Жақып көп ұзамай, 1905– 1907 жылдары Омбы, Петропавл, Семей, Павлодар, Баянауыл, Қарқаралы қалаларында өткен патшалық билік саясатына қарсы наразылық шерулеріне қатысады, әрі алдыңғы лекте, ұйымдастырушылар қатарында белсеніп көзге түседі. Сол кездегі саяси ахуалды жақсы түсінген азамат ретінде, ІІІ Мемлекеттік Думаға сайлануға тырысқанымен, патшалық режим оны бұл мүмкіншілігінен айырады. Осының өзі Жақыптың саналы саяси ұстанымы билік маңындағылардың назарын ерте аударғанын аңдатардай. Сол кездерде, Омбы қаласында шығып тұрған «Степной край» газеті осы тұстағы ұлттардың басын қосып, біріктірудің қиындығы туралы жаза келіп, олардың заңдық-құқықтық жағынан қорғалуын қамтамасыз етуде заңгерлік қызметіне енді кіріскен жап-жас Жақып Ақбайұлының сауатты іс-әрекеттерін, соңынан ел ертер ұйымдастырушылық қабілетін баса көрсеткен. Оның айналасына саяси тұрғыдан бағыт беріп, сауатты күресу жолдарын көрсеткені туралы жазған. Міне, осы кезеңдерде тұтанып, қарқын ала бастаған Алаш қозғалысы үшін Жақыптың қандай маңызды рөл атқарғанына баспасөз арқылы қоғам, ортаның да көңіл бөліп, осылайша құлақтанып отырғанын көреміз. Бұл іс-әрекеттері Жақыптың жақсы атағын шығарып, көзі ашық, көкірегі ояу қазақ жастарын төңірегіне топтастыра түсті. Дегенмен, Жақып Ақбайұлының саяси-қоғамдық қызметіндегі ең үлкен кесек қадамы 1905 жылғы патша атына жазылған әйгілі құзырхат /«Қарқаралы петициясы» деген атпен мәлім/ авторларының бірі болғанымен байланысты. Әрине, атақты «Қарқаралы құзырхатының» жазылуын жалғыз оның атымен байланыстыруға болмас, бұл құзырхат – Алаш партиясының көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған барша алаштықтардың ұлттық әрі мемлекеттік ұстанымын айқындаған тарихи маңызы жоғары, күрделі оқиға. Мәселе, тіпті, патшалық үкіметтің бұл алаштықтардың үлкен талабы қойылған құзырхатты жауапсыз қалдыруында да емес. Құзырхаттың жауапсыз қалдырылуы – патша үкіметінің елемегенінің, ескерусіз қалдырғанының белгісі емес, керісінше, алаштың зиялы оқығандарынан сескеніп, аяғын тартқанын танытады. Өйткені, осы құзырхаттан кейінгі патшалық үкімет тарапынан жасалған қысым-әрекеттердің бәрі тек осындай түсінік тудырады. Құзырхат жазу арқылы алаштықтар шегінерге жол қалмағанын, елі мен жері үшін қандай құрбандыққа да баруға дайын екендіктерін айқын танытты. Міне, патшалықты шошытқан да олардың осы тәуекелге бел буған жанкешті шешімі еді. Шындығында Жақып Ақбайұлы осы аса маңызды құзырхаттың басты авторларының бірі ғана емес, заң тұрғысынан негіздеп, бекемдеуші болғанын баса айту қажет. Демек, Жақып Ақбайұлының жоғары білімді заңгерлігінің, зерделі құқықтанушылығының Алаш партиясының тұғырын нығайтудағы рөлі аса жоғары болғаны анық. Оның Алаш партиясының мүддесіне қажеттілігі – өзі жанындай сүйген туған ел-жұртына қажеттілігінің айқын белгісіндей еді. Сондықтан Алаш партиясының күрес жолында ғана емес, Жақып Ақбайұлын Алаш мүддесі жолындағы жалынды күрескер, нағыз ұлт қайраткері ретінде танытқан Қарқаралы петициясының маңызына кеңірек тоқталған жөн. Тарихта «Қарқаралы петициясы» деген атпен танымал болған бұл құжат сол кездері қазақ даласында тұрақты түрде өтіп жататын әйгілі Қоянды жәрмеңкесінде бас қосқан Семей, Ақмола облыстары қазақтарының ұйғарымымен жазылып, патшалық үкіметке жолдануға шешім қабылданған екен. Әрине, негізгі ұйытқы болған ұйымдастырушылары алаш зиялылары болып, олар құзырхат мәтінімен жиналған қауымды таныс тырып, сол арада 16 мың адам (енді бір деректерде 12 мың адам) бұл құжатқа қол қойған екен. Құзырхатта ең басты талап ретінде жер, дін, шаруашылық, саяси теңдік пен рухани дербестік мәселесі қойылғанымен, мұнда назар аударарлық ауқымды талаптар кеңірек қозғалды. Оның ішіндегі басты маңыздыларына тоқтала кетсек, қазақ халқының байырғы атақонысын, жер иеліктерін өз мұрагерлеріне қайтарумен бірге, қазақтың тарихи атауын қалпына келтіру, іс қағаздарын ел аумағында қазақ тілінде жүргізу, сайлауды әділ өткізу, қазақ депутаттарының құқығын қайта қарау, олардың Мемлекеттік Думаға сайлануына мүмкіндік тудыру, сотта, тергеу ісінде қиянатқа жол бермеу, шоқындыру, орыстандыру саясатына тыйым салу, ұлттық басылымдар ашу, қазақ даласында ашылған немесе табылған қазба байлығының өз меншігінде қалуы, ол жерлерде салынған заводтардың жергілікті халық иелігінде қалуы сияқты көптеген аса маңызды талаптар енгізілген. Құзырхаттың аса сауатты, зерделі қолдан шыққандығы, заңнамалық тұғырының беріктігі, елдік талап-мүдделердің өткір қойылғандығы айқын аңғарылады. Міне, осы тұстан Жақып Ақбайұлындай білікті, зерделі заңгердің, сұңғыла құқықтанушының қолтаңбасын дөп басып тануға болатыны сөзсіз. Қарқаралы құзырхатына патшалық үкімет ресми жариялы түрде жауап қайтармағанымен, мемлекеттік тұрғыдан берілген, заңдастырылған бұл маңызды құжатты елеусіз қалдыруға шарасы болмады. Осы құжат дүмпуінің нәтижесінде 1905 жылы 17 қазанда патша манифесі жарияланды. Мұнда құзырхаттағы талаптарға орай, халыққа біршама еркіндік берілді. Дегенмен, бұл халық наразылығы күшейіп кете ме деген сақтықпен жасалған, алаштықтардың негізгі талабынан әлдеқайда алыс жатқан, әшейін жұрттың бетін қайтарып, алдаусыратқандай әрекет екенін алаш қайраткерлері жақсы түсінді. Мәселенің мән-жайын айқындай түсейік. Өз талаптарына сай жауап ала алмаған алаштықтар осымен қарап қалмасы анық еді. 1905 жылы 15-16 қарашада Қарқаралы қаласында өткен Алаш қозғалысының үлкен басқосуында да үкіметтің қарапайым халыққа жасап отырған қысастығы, теріс әрекеттері әшкереленіп, ендігі мақсат айқындалды. Қазақ ішіндегі толқу, ақыр аяғы ҚарқаралыҚоянды құзырхатының жазылуымен жалғасқан наразылықтар ел шегінен асып, Ресейдің өз жұрты арасында да дүрбелең тудырды. Мысалы, Ресейдің Нижний Новгород қаласында бүкілресейлік мұсылман жұртының жиыны өтті. Демек, қазақ елінің бұл талаптары олардың да көкейінде жүрген мәселелерге қозғау салған. Осы жиілеп кеткен дүмпулерден сескенген болуы керек, патша үкіметі бұл наразылықтардың кейбір талаптарын орындай бастады, баспасөз бостандығын беріп, жер-жерде әр халық тілінде басылымдар ашылып, мектептерде ана тілінде оқуға рұқсат беріле бастады. Сол 1905 жылдың қарашасында Мәскеуде өткен жиында Ә.Бөкейхан баяндама жасап, құзырхатта көрсетілген мәселелерді қайта көтерді. Осы үлкен саяси ауытқушылықтар басылып, отаршылдық тепкісін қатты сезінген қазақ даласына серпін беріп, демократия лебі соққандай болды. Осы құзырхаттағы қатаң қойылған талап нәтижесінде Ресей Мемлекеттік Думасына Ә.Бөкейхан, А.Бірімжанов, М.Тынышбаевтар сайланып, дала жұртының дауысы биік мінбелерден естіле бастады. Осының өзі, ұға білсек, аз нәтиже емес еді. Кей-кейде, алаш зиялылары түк бітірмегендей, дүниеге жарқ етіп келіп, лезде сөнгендей, біржақты трагедиялы тұлғалар тұрғысынан көруіміз дұрыс емес. Олар ғасырлар тоғысында атқарылатын ұлы істерді тындырды. Кеңес дәуірінде, көбінесе, революционер-большевиктерге таңылып келген мемлекеттік маңызы жоғары жасампаз істер осы аз ғана уақыт аралығында алаштықтар қолымен атқарылғанын кейінірек ажыратып, тани бастағанымызды мойындауымыз керек. Осыдан кейін алаш зиялыларының басына күн өткен сайын қара бұлт үйіріліп, төніп келе жатқаны айқын еді. Көп ұзамай патшалық саясатқа қарсы белсенділік танытқандардың бастылары қатарында Жақып Ақбайұлы аталып, патшаның жергілікті әкімшілігінің «Үкімет заңдарын халыққа теріс түсіндірген заңгер», «Уездік ұлықтар мен болыстардың қызметіне халықты қарсы қоятын элемент» деген айыптаулармен оны 1906 жылы 11 қаңтарда тұтқындап, Семей түрмесіне жөнелтеді. Міне, қайран ердің халқы үшін қызметі қалай оттай қызу қарқынмен басталса, сол сәттен бастап, көп ұзамай-ақ, жалақор үкімет те соңына шырақ алып түсіп, қудалап, әу бастан әр қадамын есептеп, сүзгіден өткізіп отырыпты. Аз уақыт бостандыққа шыға қалып, іле Жетісу облысы, Қапал уезіне жер аударылады. Үкімет мүмкіндігінше алаштың белсенді ұйымдастырушыларының бас қосып, бірігуінен сақтанып, қасақана айырып, араларын алыстатып отырған. Одан Семейге оралып, қаладағы округтік сотта қызмет атқарып жүрген жерінен «Патша үкіметінің саясатына қарсы іс-әрекет жүргізді» деген айыппен тұтқындалып, 1908 жылы Якутияға, одан 1910 жылы Тобыл қаласына жер аударылады. 1910–1912 жылдар аралығында Троицк қаласында айдауда жүріп, босап шыққан соң, Қарқаралы қаласына оралады. 1915 жылы қайта тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылады. Одан тағы да Якутияға айдалайын деп тұрған жерінен, 1917 жылы әйгілі ақпан төңкерісі басталып, құтылып кетуіне себеп болады. Бірақ, уақытша үкімет те алаштықтарға азу тісін көрсетіп, Ж.Ақбайұлы осы жылы, енді бұлардың айыптауымен үйреншікті болған Семей түрмесіне қайыра қамалған. Қарап отырып, жағаңды ұстайсың, сол жалындаған жас шағымен сәйкес келген күрес жылдарында қуғын-сүргінге толы қудалаудан, түрмеден көз ашпапты. Ең ғажабы осыншама қысастық оның жігерлі рухын сындыра алмаған, Жақып қайта құлшына түсіп, Алаш ісіне адалдығынан айнымай, белсенді қызметін жалғастыра берген. Оның үстіне, көп ұзамай, қуғын-сүргін саябыр тапқандай болып, алаштықтардың қызметі жандана бастағанда, Ж.Ақбайұлы да қызу жұмыстың қақ ортасынан табылып, ұйымдастырушылар қатарында жүреді. Ол 1917 жылы Семей қаласында Алаш партиясы құрылатын І жалпықазақ сиезінің, әрі қарай Алаш автономиясы жарияланатын ІІ сиезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене араласады. Алашорда үкіметі Ұлттық кеңесінің мүшесі болып сайланады. Бұл деректердің барлығы да оның қазақ елі үшін орнының аса мәртебелі болғанын айғақтайды. Олай деп отырғанымыз, Жақып Ақбайұлы осыншама қауіп-қатерден аман-есен өте жүріп, халқына біраз жыл қызмет еткен. 1917–1927 жылдары ол алаш зиялылары қалың топтасқан Семей өңірінде жауапты қызметтер атқарады. Ал 1927–1928 жылдары Сырдария округтік адвокаттар алқасының мүшесі болады. Әрине, осы жылдар ол үшін тып-тыныш өтті десек, қателесеміз. О бастан басынан қиқу кетпеген, қара бұлт айықпаған Ж.Ақбайұлына 1929 жылы жалған жала жабылып, ұсталып, көп ұзамай, Воронежге жер аударылады. 1934 жылы Алматы қаласында өмірден өтеді. Біз жалындап өткен ғұмырға басымызды иіп, тағзым етеміз. Жақып Ақбайұлы өзі заңгер, құқықтанушы болғандықтан, әрине, осы саланың Қазақстанда өркендеп, қанат жаюына күш салған. Қазақтың әдет-ғұрып заңдары, отбасылық, неке құқығы туралы еңбектерін жариялаған, атап айтсақ, «Қазақстандағы семья-неке қарым-қатынастары», «Қазақтың шығу тегі туралы» деген көрнекті зерттеу еңбегін жазған. Жалпы, қазақтың өзекті мәселелері туралы мақалалары «Айқап» журналында, сол кездегі басылымдарда жиі жарыққа шыққан. Абай елімен іргелес өскен Жақып ұлы ақынның өлеңдерін бала кезінен жаттап, құнарына бойлап, ой-өрісін кеңейткен, өмір жолында рухани азық еткен. Соның әсері тиген Жақып 1909 жылы Санкт-Петербургте ұлы ақынның жинағының шығуына атсалысып, еңбек сіңірген. Оның Мұхтар Әуезовпен етене жақын араласып, достық қарым-қатынаста болуына да осы абайшыл рухани үндестігінің ықпалы тиді. Жақып Ақбайұлы туралы тағылымды зерттеулерімен көзге түскен заң ғылымының докторы, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры Н.Дулатбековтің байыптама-зерттеулеріндегі Ж.Ақбайұлының адамгершілік асыл қасиеттері туралы қызғылықты деректері жаныңды шуаққа бөлейді. Соншама уақыты мемлекеттік маңызды мәселелердің басында бола тұрып, жарғақ құлағы жастыққа тимей, алашының қамын жеп жүрсе де, ол отбасына, ағайын-туысына қайырымды болған. Оның өмірбаянының аса қызықтырған бір тұсы Ж.Ақбайұлының жары Гүлбағар Бекметоваға байланысты өріледі. Бұл Гүлбағар бізге «Абай жолы» арқылы, жалпы Абай айналасында есімі жиі аталатын, ұлы ақын мен әкесі Құнанбайлардың тығыз араласқан, Қарқаралыдағы үйіне келіп түсіп отырған, сол кездегі зиялы қауым арасында абырой-беделі зор, ауқатты татар саудагері Халиолла Бекметовтің (Қарқаралыда оның үйі әлі сақталған) қызы екен. Екеуінің үйлену тарихы да қызықты. Әрине, атақты бай саудагердің ерке қызы Жақыптың ата-анасы келіп құдалық жайын сөйлескенде, әуелгіде мұрнын шүйіріп, менсінбесе керек. Кейінірек аса зиялы, биік мәдениетті, өзі сымдай тартылған сымбатты, еуропаша әсем киінген Жақыпты көргенде есі кетіп, құлай ұнатып, бірден келісімін берген. Сол ыстық сүйіспеншілігінен деуіміз керек шығар, кейінірек күйеуінің «отыз атты, қырық жаяу» қалың ағайыны, бала-шаға келіп, басып жатқанда, қабағын шытпай қарсы алып отырған. Ол уақыттағы ел жағдайы белгілі, әсіресе, балалардың ауруы көп, ағайын қиналғанда орталықтағы беделді туысын жағалайтыны белгілі. Соларды ескерген Жақып Ресей жағынан қызмет бабымен оралып келе жатқанда, қымбат дәрі-дәрмектер сатып ала келіп, әйеліне үйіндегі ауырып келген ел балаларына емдом жасатады екен. Ауыл баласында қайбір тазалық болсын, аурушаңдығының үстіне кір-қожалақ. Жары оларды ең алдымен шомылдырып, тазартып алып, емдейді екен. Осыны сырттай бақылап отырған Жақып: «Әй, Киікбай балалары, (Киікбай арғы аталары болса керек) не армандарың бар, Бекметовтің қызына аяқтарыңды жуғыздым ғой!» деп балаша мәз болады дейді. Осындай мінез-құлқына қарап, ол үшін өмірдің ұсақ-түйек ештеңесі болмаған-ау дегендейсің. Осы арада, бір маңызды мәселеге тоқтала кетуді парызым деп білемін. Жақып Ақбайұлы топырағының көптеген азаматымен сыйласып едім, солардың бірі ғана емес, бірегейі – жан досым, марқұм Балапан Әбенов. Жақып Ақбайұлы десе досымның жанары ұшқындап, кеудесін мақтаныш сезімі кернеп кететін. Ұлы заңгер атанған Жақып атасындай атақты жерлесін, алаштың арысын қалай қастер тұтатынына көзім жеткен айтулы оқиға көз алдымнан кетпейді. Көп жылдардан кейінгі жылымық орнаған кезең туып, Жақып Ақбайұлының есімі жиі атала бастаған жылдарда, сол Балапан досым Қарағанды облысы бойынша, бірінші сот әкімшісі қызметін атқарды. Сол Балапан өзі бас болып, ұмытпасам, 2002 жылдың басында, Қарағанды қаласындағы Алалыкин көшесі бойындағы экономикалық соттың алдына Жақып Ақбайұлына ескерткіш орнатуға мұрындық болып еді. Өзім ол кезде Теміртау қалалық сотын басқаратынмын. Сірә, халықтың алаш ардағына деген шексіз махаббаты мен риясыз ықыласының белгісі деуіміз керек шығар, халық та көп жиналғаны есімде. Сондай-ақ, елімізге танымал көрнекті тұлғалар, әсіресе, Ж.Ақбайұлының ұрпақтары, қыздарының келуі – бұл тарихи оқиғаның маңызын асыра түскен. Дәл осы оқиға Балапан Зибатоллаұлының да үлкен азаматтық деңгейін танытып, Жақып Ақбайұлындай алаш перзентіне деген халық сүйіспеншілігінің ешқашан суымайтындығының бір ғажайып белгісіндей болып, жадымызда мәңгілік жатталып қалып еді-ау! Жақып Ақбайұлының осыншалық халқына ыстық, қастерлі әрі тарихи күрделі тұлғасынан, аласапыран, қызу күреспен өткен ғұмыр жолынан, Жұбан ақын айтқандай, «мың өліп, мың тірілген», ұлтын жан-тәнімен сүйіп, жолында жанын қиюға дайын болған алаш арысының шынайы бейнесін көреміз.
Досжан ӘМІР, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы


