12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ДЕКЛАРАЦИЯ – ТӘУЕЛСІЗДІК БОЙТҰМАРЫ

Тәуелсіздікті жақындатқан, азаттықты сезіндірген декларацияның ел тарихындағы алар орны бөлек. Себебі 1990 жылы 25 қазанда қазақ елі үшін тағдыршешті құжат дайындалып, көпшілікке таныстырылған еді. «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация – сын сағатта ел басында тұрған азаматтардың жанкешті еңбегінің жемісі. Өйткені жетпіс жылдық бодандықтың боз қамытынан бас тартып, жаңа қадам жасау, тәуелсіздікке ұмтылу тәуекелі көп, жауаптылығы зор іс болатын.

Осы тұста ертеңіне алаңдаған елді алға ұмтылдырған, келешекке сендірген негізгі құжат – осы декларация болғаны күмәнсіз. Халықтың қиындықтан қорықпауына, тәуекелден тайсалмауына негіз болған да – осы декларация! Себебі декларацияда ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің іргетасы қаланып, егемендік деген аңсар сөз тұңғыш рет құжат жүзінде таспаланған болатын. Декларацияға сәйкес, ҚазКСР егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді. Онда алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадірқасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді.

Осы декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата заңымызды құруға қадам бастық. Өйткені республика – егемен ел, ерікті адамдардың мемлекеті деген сөз. Тарих беттерін парақтағанда, декларацияның ел үшін қаншалықты құнды, маңызды болғанын бағамдай түсесің. Әсіресе, бұл құжатты таныстырудың өзі тартысты болғаны белгілі. Бұған сол кездегі естеліктерімен бөліскен бірінші Президент сөзі дәлел. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің мәжілісінде декларация жобасын таныстырған Нұрсұлтан Назарбаев: «…біз декларациядан республикадағы ұлттық мемлекеттілік мәселесін ғана емес, сонымен қатар қазақ халқы туралы сөздерді де алып тастағысы келетіндермен келісе алмаймыз. Бізді бұл жағдай КСРО-ның басқа ұлттарымен тең емес жағдайға түсіреді әрі бұны қазақ халқы дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Одақтас республикалардың осыған ұқсас декларацияларының кез келгенін алыңыз – барлық жерде ұлттық мемлекеттілік туралы ереже бар. Бұл тезисті біздің құжаттан тек республика аумағындағы қазақ халқының саны басым емес деген сылтаумен алып тастау саяси тұрғыдан дұрыс емес. Қазақ халқы өзінің бүкіл тарихында интернационализм идеяларын ұстанатынын дәлелдеп, өздеріне деген мұндай көзқарасқа лайық емес еді» деп өзінің биік ұстанымын білдірген болатын. Дәл осы естелік декларацияны дайындаудағы ұлт қайраткерлерінің елге, жерге, отанымызға деген зор махаббатын, жауаптылығын, шексіз құрметі мен сүйіспеншілігін көрсетсе керек.

Декларация жүректе тоң боп қатқан бодандық қамалын бұзды, санадағы күмәнді сейілтті. Әрине, құжаттың қабылдануына дауыс берген депутаттар әрекетінің өзі сол тұста ертеңгі күнге деген күдіктің қою болғанын айғақтайды. Өйткені осы кездегі тарихи хаттамаға көз жүгіртсек, Тәуелсіздік декларациясына сырттай дауыс берген депутаттардың 261-і құжатты қолдағанымен, 18-і қарсы шығып, 2 адам қалыс қалған, бір депутат дауыс бермеген. Декларацияның қабылдануы халықтың рухын көтерді, ертеңгі күнге деген сенімін нығайтты. Тәуелсіздіктің темірқазығы болған Республика күні кейіннен мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. Бірақ, одан бұл күннің маңызы әлсіреп, мәні төмендеді деп айта алмаймыз. Бұл айшықты мерекенің қадірі, қуаты әр отандасымыздың жүрегінің түбіне берік орныққан еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күнін ұлттық мереке ретінде қайта түлету туралы ұсынысы сол көпшіліктің көкейінде талай уақыттан бері бұғып жатқан ізгі тілекті қозғағандай болды. Содан болар, Ұлттық құрылтайда айтылған оңтайлы ұсынысты Қазақстан халқы бірден қолдады. Жалпы, ел өміріндегі айтулы оқиғаларды бірден тарих бетінен сызып тастауға болмайды. Азат ел атанғанына отыз жылдан енді асқан Қазақстан үшін тәуелсіздік жылдарындағы әрбір оқиға үлкен мәнге ие. Ал өткенге оралып, кейінге қайырылу – болашақ үшін қажет. Сондықтан Республика күнінің қайта ұлық мерекеге айналуы – ұлт үшін маңызды шара. Ұлттық мерекенің мемлекеттік мерекеден бәсі жоғары. Себебі ұлттық мереке ерекше тарихи маңызы бар, мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғаларға орай белгіленеді. Ал мұндай күні мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралар ұйымдастырылып, тәуелсіздікке тірек болған оқиғалар тарихи тұрғыдан талданады. Тәуелсіздік декларациясынан бастау алған азаттық жолында Қазақстан үлкен жетістіктерге жетті, биік белестерді бағындырды. Әлем таныған, дүние жүзінің халқы мойындаған өркениетті, қауіпсіз мемлекетке айналды. Ал оның қауіпсіздігінің сақталып, құқықтық тұрғыдан дамуында прокуратура органының көмегі өлшеусіз. Қазақстан Республикасының прокуратурасы – мемлекет атынан заңда белгіленген шектерде және нысандарда Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады. Прокуратураның негізгі мақсатының бірі – адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде қорғау, Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау және бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру. Бұл бағытта жеткен жетістігіміз аз емес. Алысқа ұзамай-ақ, биылғы жылдың дерегіне тоқталар болсақ, ағымдағы жылдың 9 айында Түркістан облысының прокуратурасы 194 мыңнан аса тұлғаның, оның ішінде 10 мыңнан астам мүгедек адамның құқығын қорғады. Облыс аумағы бойынша жұмысшыларға 34 млн теңге жалақы қарызы қайтарылып, бюджетке 2,5 млрд теңге өндірілген, 1,7 млрд теңгені құрайтын мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды. Мұндай іргелі істер алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Ол үшін еліміздің сырты жаудан, іші даудан аман болсын! Ендеше, Қазақстан халқының тәуелсіздігін тұғырлы етіп, бірлігін нығайтуға, ынтымағын арттыруға жол ашқан Республика күні баршамызға құтты болсын!

Мұрат ТЛЕУБЕРДИЕВ,
Түркістан облысының прокуроры

Кредит нарығындағы өзгеріс: кімге қарыз берілмейді, кімге жеңілдік бар

Агенттіктің мәліметінше, 2024 жылғы тамызда халықтың барлық кредиттері бойынша жылдық тиімді сыйақы ставкасының (ЖТСМ) шекті мәндері азайтылған.

16 жасқа толмаған балаларға TikTok пен Instagram-ға тыйым салынды

Аустралия 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салған алғашқы ел болды. Көптеген ғалым мұны жасөспірімдердің психикалық денсаулығына және әлеуметтік байланыстарына шектеудің әсерін зерттеуге мүмкіндік беретін тәжірибе деп бағалап отыр.

Қазақстанда киімдер АҚШ пен Жапониядан қымбат екені рас па?

Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та "Қазақстанда киім мен аяқ киім АҚШ-қа, Жапонияға және Канадаға қарағанда қымбат" деген ақпарат тарады.

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы өткізу бекеттері уақытша жабылады

Қазақстан мен Қытай шекарасындағы өткізу бекеттері мерекеге байланысты  екі күнге жабылады.

Драйвер роста и комфорта

ШЫМКЕНТ АКТИВНО УКРЕПЛЯЕТ СВОИ ПОЗИЦИИ В ЭКОНОМИКЕ И ИНВЕСТИЦИОННОЙ СФЕРЕ, СОЗДАВАЯ НОВЫЕ ВОЗМОЖНОСТИ ДЛЯ ЖИТЕЛЕЙ И БИЗНЕСА. ГОРОДСКИЕ ВЛАСТИ ПОСЛЕДОВАТЕЛЬНО РЕАЛИЗУЮТ ПРОЕКТЫ, НАПРАВЛЕННЫЕ НА РОСТ ПРОМЫШЛЕННОГО ПРОИЗВОДСТВА, РАЗВИТИЕ ИНФРАСТРУКТУРЫ, УЛУЧШЕНИЕ СОЦИАЛЬНОЙ СРЕДЫ, ПОВЫШЕНИЕ КАЧЕСТВА ОБРАЗОВАНИЯ, ЗДРАВООХРАНЕНИЯ И СПОРТИВНОЙ СФЕРЫ.