12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Гүлдана БАЗАРБАЕВА, жеке сот орындаушы: «ӘР ҚҰЖАТТЫҢ АРТЫНДААНАНЫҢ НАЛАСЫ МЕНБАЛАНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ БАР»

Сот шешімі орындалуымен құнды. Бұл кез келген мемлекеттегі заңның үстемдігі, азаматтар мен заңды тұлғалар құқының сақталу деңгейінің көрсеткіші. Халықтың әділеттілікке, елдің баянды болашығына сенімінің тұғыры. Сондықтан сот шешімдерінің дер кезінде сапалы орындалуы өте маңызды. Бұл  сот орындаушылардың біліктілігі, қызметтік парызы мен міндетінің жауапкершілігін ұғыну деңгейіне байланысты.  Құқықтық мемлекет құру жолына түскен елімізде жеке сот орындаушылар институтының ролін көтеріп, пәрменділігін арттыру жолында  маңызды қадамдар жасалғанын білеміз. Соның арқасында 2011 жылы құрылған жеке сот  орындаушылар қызметі бүгінде өзіне артылған сенімді ақтады десе болғандай. Соның бір дәлелі ретінде Ақтөбе облысындағы жеке сот орындаушылар ұжымын айтуға болады. Өндірісті өлкелеріміздің бірі – бұл аймақта сот шешімдерінің орындалуы бойынша үлгі тұтар тамаша тәжірибе бар. Ол және шешімдердің ішінде орындалуы қиынға түсетін алимент өндіру  істері. Ең  таңқаларлығы бұл шаралармен айналысып жүргендердің дені тіпті бәрі  нәзік жанды қыз-келіншектер екендігі.

   Бүгін біз Ақтөбе облысындағы жеке сот орындаушылардан құрылған алимент өндіру ісімен айналысатын арнайы бөлім жайлы айтпақпыз. Айта кету керек мұндай арнайы бөлімдер ел көлемінде Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Павлодар, Атырау және  Қызылорда облыстарында бар екен.  Алименттік кеңселердің ерекшелігі – олар тек   алименттік іспен айналысады. Бүгінде осы  арнайы бөлімдер жұмысы бойынша  Ақтөбе озық тұр. Онда  борышкерлерден балалардың пайдасына тек былтыр және  биылғы  жылдың өткен үш айы ішінде 77 826 966 теңге өндіріліпті. Бұл көрсеткішті осылай жаза салу оңай болғанымен, оның артында қаншама  жүйкеге салмақ салатын табанды еңбек тұрғанын біріміз сезінгенмен, біріміз түсіне бермеуіміз мүмкін. Шын мәнінде алимент ісі бойынша әрбір орындалған шешім сот орындаушының маңдай тері мен мұқалмас ерік-жігерінің өтемі. Өйткені, сот шешімдері, оның ішінде алимент бойынша істерді жүзеге асыруда көп жағдайда мәжбүрлеу шаралары қолданылатынын білеміз. Сондықтан бұл жұмыста жүйкеңе салмақ түсудің сыртында өміріңе қауіп төнетін сәттер де аз болмайды. Демек нәзік болмыстарына қарамастан тәуекелге бел буып, осындай жауапты да қатерлі  жұмысты өз мойындарына алып, атқарып жатқан  ақтөбелік сот орындаушы қыздардың  батылдығы, табандылығы қай жағынан  болса да мақтауға лайық.

  Біз бүгін солардың бірі Гүлдана Базарбаева жайлы кеңірек  әңгімелемекпіз. Өйткені ол тек соңғы екі жылдың ішінде борышкерлерден 40 млн. теңге көлемінде алимент өндіріпті. Оның  11 млн. теңгесі  биылғы жылдың өткен үш айының еншісіне тиеді. Гүлдана жалпы  бұл қызметке өте ерте  келген екен. Осы өңірде туып өскен оның сот орындаушы ретіндегі алғашқы қадамы  Ақтөбе қаласындағы  арнайы заңгерлік орта оқу орны Нұр колледжінде оқып жүргенде басталыпты.  Студент кезінде ол  өзінің екі өндірістік  тәжірибесін қаладағы  Сот актілерін орындау бойынша облыстық департаментте өткізіпті. Гүлдананың алғырлығы мен  жауаптылығын іс барысында байқаған департаменттегілер оқу бітірісімен оны  өз қатарына шақырды. Сол кезден бастап Гүлдана  сот орындаушы қызметінің  қыры-сырын зерделеп, өзіндік жұмыс істеу тәжірибесін қалыптастыра бастады. Бұл жиғанының аясы жоғарғы оқу орнын бітіріп, Әділет департаментінде мемлекеттік сот орындаушы болған кезінде кеңи түсті. Осы қызметте  үнемі ізденісте жүріп, ең бастысы әр істің артындағы адам тағдырын, ел мүддесін жан –жүрегімен пайымдай білген жас қызға сот орындаушылық қызметтің барлық сыры, құпиясы ашыла берді. Әділет департаментінде ол мүлік даулау, алимент өндіру ісі  бойынша үлкен мектептен өтті. Хромтау қаласы мен Алға ауданында жұмыс істеген кездері өз кезегінде үлкен тәжәрибе алаңы болды. Қайда жүрсе де ол барлық мәселенің адам өмірі үшін маңызын ұғып, талап етушілер мен борышкерлердің шынайы болмысын тануға  ұмтылды. Сот орындаушылық қызметтің адам құқын қорғаудағы қайырын сезіне түсті. Сот приставі, сот хатшысы,  сот саласында басшы қызметтерін атқарған кезі де болды. Бірақ оны қай жұмыста жүрсе де оны сот орындаушылық қызмет өзіне тарта берді. Әсіресе  соңғы Ақтөбе қалалық әкімшілік сотындағы бөлім басшысы міндетін атқару кезінде  жан дүниесінің қалауы осы сала екенін айқын түсінді.

Ол көп ойланып жатпастан жеке сот орындаушылар қатарына қосылды. 2019 жылы алимент ісі бойынша арнайы бөлім құру қажеттігі туғанда  өзінің бұл саладағы тәжірибесін пайдаланып, тірі жетімге айналған балаларға көмектесуі қажет екенін ұқты. Өйткені, Ақтөбе ғана емес жалпы республика бойынша алимент өндіру өте күрделі болатын және мұндай істердің қатары уақыт өткен сайын көбейіп бара жатты. Оларды  іске асырудың оңай еместігін тәжірибесінде талай  көзі жеткен. Мұнда  тек сот орындаушы болу аз,  психолог, қажет кезінде мәмлегер ролін атқаруың  керек. Құр орындаудың жөні осы екен деп мәжбүрлеу машинасын іске қоса бергеннен тек қана ұтыласың. Сондықтан  әрбір адамға жеке қарым-қатынас жасап, әрқайсының жандүниесіне үңілу, мәселенің себебін айқындау, содан соң барып әрекет ету қажет.

  Бұл бөлімде бүгінде өзімен қосқанда  он төрт нәзік жанды бар. Орталарында екі-үш жігіт болған еді. Қазір олардан қалғаны біреу. Өңшең қыздардан құрылған ұжым сондай тату. Осы қызметте олардың әрқайсының өзіндік тарихы бар. Және оның бәрі жап-жас қыздардың қайсарлығы, өз ісіне берілгендігін айтып, алдыңа жайып, таңқалдырады. Әйелдер қауымының отбасы, бала тағдырын, отбасының тауқыметін жандүниесінен өткізіп, сезіне алатындығын, аналардың  көз жасына, алаңына жайбарақат қарай алмайтынын, оларға көмектесу үшін қандай тәуекелге де дайын болатынын  көрсетеді.

  Біздің кейіпкеріміздің де   тарихы өте әсерлі. Оны тыңдай отырып, нәп-нәзік қыздың  адамдық ар, кәсіби парыз алдындағы адалдығына еріксіз сүйсінесің.

-Өндірілмеген алименттер өте көп. Әрқайсымызда кем дегенде 600-ден іс бар. Олардың арасына  әртүрлі жағдаймен төлемей жүргендер кездеседі. Біреу қасақана төлемесе, енді бірінің табыс көзі жоқ. Тағы біреуінің айлығы шайлыққа жетпейді. Яғни, төлейін десе де шамасы келмейді. Олардың әрқайсының жағдайына, ниетіне қарай әр түрлі қарым-қатынас жасаймыз. Жұмысы жоқтарға  жұмыс тауып беруге тырысамыз. Талапкермен тілдесіп, ортақ мәмілеге келуіне күш саламыз. Соның арқасында кейбіреулер келісіп,  алиментті мүмкіндігі жеткен сомада өтеп тұруға уағдаласып жатады. Кейбірі табыс көзін жасырып қашып жүреді. Ондайлар бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылса да төлемейді.Тек  шетелге шығу қажет болғанда бірақ өтеп тастап жатады. Мұндайда әрине қуанасың. Кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғауға тура келеді. Кей жағдайда әкімшілік шара қолданылайын деп тұрғанда талапкердің өзі ара түсіп, кешірім жасайтын кездер де болады. Кейде шыны керек қулыққа көшеміз. Көбіне борышкерлерді алдап шақырамыз. Басында бір рет келеді, қарыздың жайын айтқан соң жоламай қашып жүреді. Былтыр сондай жағдай болды. Бір борышкер табыс көзін жасырып, алиментін толық төлемей жүрді. Талапкер үнемі одан алатын он мың теңгенің жетпейтіндігін айтып шағымданумен болды. Бір күні келіп, борышкердің жеке  пластикалық терезе жасайтын   фирмасы барын айтты. Мен оған  бірден басқа номерден телефон шалып, бір әріптесімнің  кеңсесіне    терезе салуға  тапсырыс бердім. Ол еш күманданбай  қабылдап алып, артынша жетіп келді. Сол кезде  біз оны таксимен Әділет департаментіне жеткізіп, сол жерде хаттама толтырып, төрт тәулікке қаматтық. Осыдан  соң 2 млн. теңгеге жуық қарызын жауып тастады. Қазір алиментін тұрақты түрде төлеп тұрады. Сол секілді қашып  жүрген тағы бір борышкерді  ағасының үйіне таңертең ерте барып ұстап алиментін төлеттім. Осындай қадамдарға  баруға тура келетін сәттер аз емес. Небір агрессивті адамдар бар, олардан жеке басыңа қауіп төнетін кездер болады. Сондықтан әріптестер объектлерге бірігіп баруға тырысамыз. Қуанатыным біздің ұжымда бір-біріне қолдау көрсетіп, көмектесуден ешкім  бас тартпайды, — деген еді Гүлдана.

   Бірлік түбі- тірлік деген осы болса керек. Бұл әрине сот орындаушы қыздардың  өз міндетінің маңызын, жаупкершілігін сезіне білуінің арқасы. Бір-бірін тартып, ісімен, сөзімен  жетелеп, жақсы өнегені  бойға  сіңіруге деген ынта – пейілдің көрінісі.

  Осы орайда Гүлдананың әріптесі Гүлсезім Тоғызбаева жайлы да  айта кетудің реті келіп отыр. Өйткені  Гүлсезім биылғы жылдағы Ақтөбе облысында ең қомақты алимент қарызын қайтартқан жеке сот орындаушысы. Соңғы 30 күн ішінде ол бірнеше атқарушылық құжат бойынша 20 млн теңге көлеміндегі қаражат өндіріпті. Талапкерлер оған дән риза болып, алғыс білдіріп жатыр.
2021 жылдан бері сот орындаушының жұмысын атқарып келе жатқан Гүлсезім, бұған дейінгі  5 жыл қатарынан жеке сот орындаушының  көмекшісі болып жұмыс істеп, тәжірибе жинаған. Қазіргі уақытта маманның өндірісінде 600-ден астам алименттік іс бар. Жалпы жоғарыда айтып кеткеніміздей, барлық сот орындаушының атқаруында осынша сот шешімі бар.  Бұл өте көп. Оларды орындау үшін қыздар тіпті еңбек демалысын алмай жұмыс істейді екен. Өйткені, барлық атқарушы құжаттың  артында ашынған ананың наласы,  жылаған баланың көз жасы бар. Оларды мұндай күйде қалдырып, қалай алаңсыз жүруге болады?! Сондықтан қыздар уақытпен есептеспей, кейде еңбек демалысын да алмай еңбек етуде.

   Ақтөбелік сот орындаушы қыздар жайлы әлі де көп әңгіме айтуға болады. Бірақ оның бәрі де бұл арулардың азаматтық ұстанымдарының нықтығына, ар алдындағы адалдығына, елге қызмет етсек деген таза ниетіне тіреледі. Әрбір ынтамен атқарылар істің жемісінің де тәтті екендігін көз алдыңа тосады. Сондықтан  бұл қыздардың еңбек жолы баршаға үлгі өнеге болуы керек деп арнайы қалам тарттық.

Айша Құрманғали

«Заң газеті»

    «Ұлттық ойындар»  авторлық бағдарламасының  берері не?

Мазмұны бойынша барлық халық ойындары балаларға қол жетімді. Олар...

”МИГРАНТ” профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде

02.05.2024 жылы Түрксіб станциясындағы Желілік полиция бөлімі көші-қон қызметі...

Рейдовые мероприятия провели среди сотрудников ДУИС Астаны

Сотрудниками Группы собственной безопасности совместно с сотрудниками Отдела воспитательной...

Строевой смотр проведен среди личного состава ДУИС Астаны

В ДУИС Астаны среди личного состава проведен строевой смотр....

Осужденные Алматинской области отметили День единства

Осужденные, отбывающие наказание в учреждении №14 ДУИС по г.Алматы,...