Жастарды дамытудың сапалы шарттары жалпы ұлттың табысы мен бәсекеге қабілеттілігін анықтайды. Сондықтан мемлекет дамуының кешенді стратегиясын қалыптастыруда жастар саясаты шешуші рөлге ие. Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында жастардың өз қабілетін көрсетуі үшін әлеуметтік-экономикалық жағдай жасау мақсатында бірқатар бағдарлама мен жоба қабылданды. Олардың әрқайсысын жасауда мемлекеттің даму стратегиясындағы негізгі өзгерістер мен халықаралық саясат факторлары ескерілді.
Бүгінгі таңда жастар саясаты мемлекеттің ішкі саясатының құрамдас бөлігіне айналды. 2022 жылғы 26 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Құжаттың тұжырымдамалық жаңалығының бірі – жастардың жасын 35-ке дейін ұлғайту. Бұл елдегі жастардың үлесін 3,7 миллионнан 5,7 миллион адамға дейін арттыруға мүмкіндік берді. «Естуші мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес 2019 жылдан бастап адам құқығын, заң үстемдігін нығайту және сыбайлас жемқорлықпен күресу мақсатында төрт негізгі демократиялық реформалар пакеті жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде 2020 жылдан бастап сайлауалды партиялық тізімдегі әйелдер мен жастар үшін заңнамалық деңгейде міндетті 30 пайыздық квота қарастырылды. Бұл шара жастар мен әйелдердің мүддесін айқындап, саяси деңгейде қорғауға мүмкіндік береді. Осылайша 2021 жылғы қаңтарда өткен жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауынан кейін Мәжіліс депутаттары арасындағы әйелдердің үлесі 27,4 пайызға жетті. Жастардың елдегі қоғамдық-саяси процестерге тартылуы мемлекеттік басқару жүйесіне қатысуымен, саяси партияларға мүше болуымен, Парламент Мәжілісіндегі және мәслихаттағы өкілдігімен, сондай-ақ, жастар ұйымының қызметіне қатысуымен айқындалады. Алайда жас қазақстандықтардың басым бөлігі саяси партияларға мүше емес. Парламент Мәжілісінде 2022 жылы 35 жасқа дейінгі 7 депутат болса, 2021 жылы сайланған мәслихат депутаттарының арасында жастардың үлесі 7 пайызға жуық немесе 228 адам болды. 2021 жылдан бастап жастардың саяси жаңалықтар мен оқиғаларға деген қызығушылығының төмендеуі байқалды. Жастардың саяси және азаматтық іске қатысуының белсенді арналары мен қолжетімді нысандары мемлекеттік органдардағы өкілдік, волонтерлік және басқа да қоғамдық ұйымдар қызметіне қатысудан көрінеді. Әсіресе, волонтерлік – жастар арасындағы белсенді қызмет. Ал, жастардың мемлекеттік қызметте және өкілетті органдарда (мәслихаттарды қоспағанда) үлесі азайып келеді. Елімізде жастарға өз қабілетін іске асыру үшін көптеген құрал ұсынылып отыр. Мәселен, білім беру саласында бакалавриат бағдарламасына мектеп бітірген 170 мың түлек үшін 56 мыңға жуық грант бөлінді. Бірақ білім грантын тағайындау конкурсына 80 мыңға жуық үміткер қатысыпты. Магистратура мен докторантураға сәйкесінше 13 мың және 2 мыңға жуық грант көзделді. Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасына 445-ке жуық, Назарбаев университетіне 1 мыңнан астам грант берілді. «Тех Орда» ІТ мамандарын даярлау бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, 2025 жылдың соңына дейін 20 мың қазақстандықты IT мамандығы бойынша оқыту жоспарлануда.
Қазіргі уақытта мемлекет әр мектепке «мансаптық бағдарлау» бөлімін енгізуді көздеп отыр. Сондай-ақ, EduNavigator, Qabilet, Жаңа мамандықтар атласы сияқты бірқатар жеке бастама бар. Тұрғын үйдің қолжетімділігі мен жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасының ішінде жалға берілетін тұрғын үй, жеңілдетілген ипотека, жастарға жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бар. «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі», «Ұрпақтық келісімшарт», «Қоғамдық жұмыс», «Әлеуметтік жұмыс орындары» секілді жастарды жұмыспен қамтудың түрлі жобалары іске қосылды. Соңғы 3 жылда жас мұғалімдерге де бірқатар жағдай жасалды. Дарынды жастарды тарту және педагогикалық мамандықтарға түсушілерді сапалы іріктеу мақсатында ҰБТ-ның шекті балы 50-ден 75 балға дейін көтерілді. Десек де, жастарды жұмыспен қамту ісінде проблемалар өзекті күйінде қалып отыр. Бұған кедейшілік, теңсіздіктің өсуіне алып келген экономикалық және әлеуметтік саладағы жағдайлар ықпал етіп отыр. Табыстың диспропорциясы нарықтық экономикаға деген сенімнің төмендеуіне әкелді. Фрилансерлер мен жеке кәсіпкерлерді жұмысқа орналастырудың серіктестік нысаны сияқты жаңа өндірістік технологиялардың пайда болуы да еңбек нарығы мен білім саласын түбегейлі өзгертті. Осыған орай өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды «сұр аймақ» деп аталатын аймақтан шығару мәселесі өзекті. Бұл Үкіметтің, ХҚКО және ЖАО және депутаттық корпустың бірлескен жұмысын талап етеді. Қазіргі уақытта жұмысшы мамандықтардың беделі төмен. Дегенмен, «Қазақстан жастары» 2021 жылға арналған есебіне сәйкес, Қазақстанда ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығында ең көп сұранысқа ие мамандар жұмысшы мамандығының өкілдері болады деуге толық негіз бар. «Адам ресурстарын дамыту орталығы» АҚ 2025 жылға қарай сұранысқа ие жұмысшылардың ең көп үлесін жұмысшы мамандығы бар мамандар құрайтынын алға тартуда. Қазақстанда «жастарға арналған саясаттан» «жастарға қатысты саясатқа» түбегейлі көшу қажет. Бұл ретте мемлекеттің жастармен диалогы маңызды. Олар бастамашыл және жасампаз күш ретінде қарастырылып, әлеуетін қоғам мен мемлекеттің дамуы үшін барынша пайдалану қажет. Осы орайда уақыт талабына сай жаңа тұжырымдамалық шешімдерді әзірлеу қажет. Жас қазақстандықтардың қазіргі қажеттілігін уақытылы шешуді қамтитын жастармен жұмыс істеудің жаңа бірыңғай стратегиясы қажет.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»