Айназар адам өлімі орын алған жерге келгенде мүрде бөгет астында шалқасынан жатты. Басында жүрген криминалистердің айтуынша өлгеніне біраз уақыт болған. Қатты құлағанда басын бөгет астында жатқан үлкен қиыршық тасқа соғып, қарақұсын ойып жіберген. Учаскелік полиция инспекторы өлген жігіт мас болып жүріп құлап, жантәсілім еткен деген пікірде. Жазым болу аяқ астында, дегенмен де Айназар өлікті мұқият зерделеп қарады. Аузынан арақ иісі мүңкиді. Неге екені белгісіз санасында сансыз сұрақ туындады. Себебі, өліктің бас жағында жайыла аққан қан көрінбейді. Адам басы жарылса қан көп кететінін бұл біледі. Қанды қатырып тастайтындай күнде қатты аяз да жоқ. Бас сүйегінің сынғаны көрініп тұр? Ендеше, қан қайда? Екіншіден, үлкен болғанымен қиыршық тас қатпаған. Оңай қозғалады. Оны өлікті көтергенде байқады. Марқұм қалай құласа да басымен мынандай үлкен тасты жылжытуы мүмкін емес. Бұл жерде көптен жатқан тас болса бірнеше рет қор жауып, еріген қармен бірге қалай қатып қалмаған? Үсті неге таза? Ұйытқитын топырақ жанжағын бітемей қалай ашық жатыр? Жігіт оған басын соққан бойда келмеске аттанып кетті ме екен? Тайып құлайтындай жер тайғақ та емес. Тас биік емес, жалпақ. Сонда шалқалап барып құлап, қалайша қатты соққы алуға болады? Мастықпен құлағанда да жерге әуелі денесі тиеді емес пе? Бұл соққыны бәсеңсітпей ме? Осы және басқа да сұрақтар көңіл көгін торлаған Айназар өлікті алып кеткеннен кейін бөгет маңында тұратын адамдармен сөйлесіп, мән-жағдайға қаныққанды жөн санады. Алдымен бөгет астынан табылған мүрде жайлы полиция бөлімі бастығымен сөйлесті. Қолында дерегі болмаса да кісі қолынан жазым болған деген күдігін де жайып салды. Басшы бұл қылмысты ізін суытпай ашуды тапсырды. Жаға жай бойындағы тұрғындардың біреуі түн ортасында автокөлік дауысын, бөгет астында біреулердің құмыға шыққан үнін естіген. Содан кейін ұйқысын бұзбас үшін басындағы жастығымен құлағын жауып алған. – Н е а й т қ а н д а р ы н а н ы қ естімедім. Далаға неге шығамын, ұрлап кететін малым жоқ. Аула ішіндегі ескі-құсқыны ұры қайтсін? Екі алюминий бөшке бар еді. Оны баяғыда қолды қылды, – деді сұхбаттасы. – Сіз бағана бөгет астында жатқан тасты көрдіңіз. Ол сол жерде көптен бар ма? Әлде бөгет басына шықпайсыз ба? – Тас ол жерде бұрын болған жоқ. Бірақ, бөгеттің астына кез келген нәрсені тастай салатындар көп қой. Өр суынан қорғайтын бөгетті салғанда қамыс, құм, саз қолданылды. Шынын айтсам, соңғы екі күнде тұмауратып, үйден шығып жарытпадым. Мүмкін сол уақытта әкеліп тастамаса. Ол марқұм ішіп келе жатып, денесіне ие бола алмай шалқасынан түскен болар. Байғұстың маңдайына солай өлу жазылған шығар. Айназар біраз әңгімелескеннен кейін полиция бөліміне бет алды. Бір күннен соң өлген жігіт Бәтеннің елу шақырым жерде орналасқан ауылдың тұрғыны екені анықталды. Еш жерде жұмыс жасамайды. Басбұзарлығы бар. Бір рет үш жылға сотталып, темір тордың арғы жағына отырып қайтқан. Оған қатысты сараптама нәтижесі де қолына тиді. Инспектор кісі қолынан өлген деп күдіктенгенде қателеспепті. Басының ойылған тұсы мен тасқа тиген жерінің мөлшері сәйкес келмейді. Үшкір темірмен зақымдалғаны анықталып отыр. Қарақұсынан соғуы немесе кеудесінен тиген әлдебір күшті соққының салдарынан шалқасынан түскенде үшкір нәрсеге басымен құлауы да мүмкін. Соққы тигенінің дәлелі – төсі тұсында аздап көгерген жер бар. Қарақұсының зақым алған тұсында қатқан қаннан дәке тінінің қалдығы алынған. Сірә, дәкемен аққан қанды тоқтатпақ болса керек. Осының бәрі бөгет астында құлап өлмегенінің айғағы. Полиция инспекторы марқұмды үйде өлтіріп, бөгеттің етегіне әкеліп тастаған деген тоқтамға келді. Бөгет астында өлтірсе, қанды дәкемен тоқтатамын деп әуреге түспейді. Жанжалдасып қалып, кездейсоқ өлтіріп алып, ізін жасыру үшін солай еткендері анық. Қылмыскер қатты мас болса, олай ете алмайды. Түн ортасында бөгеттің астында жүрген кімдер? Далада отырып арақ ішетін жаз мезгілі болса бір жөн. Өлген жігіттің осында Шымхат, Назар, Жастаң атты әскерде бірге болған үш досы бар екен. Үшеуі де бұрын сотталмаған. Қылмыс жасап полицияға тіркелмеген. Сөйлесіп көріп еді, олар үйлеріне келмегенін жеткізді. Сонда қайда жүрген? Мұнда туыстары жоқ. Көп келмейтіндіктен тұрғындар біле бермейтін көрінеді. Оны ешкім танымаса кіммен кездесуі мүмкін? Әлбетте, жаңағы достарымен! Айназар учаскелік полиция инспекторын ілестіріп оларға тағы бір рет барып шыққанды жөн санады. – Менің үйіме келсе, әйелім, балаларым көреді ғой. Неге мазамды ала бересіз? Шаруамнан қалдырдыңыз. Келген жоқ деп айттым емес пе сізге? Өзім талай бірге жүрген досымнан айырылып, қайғыдан қан жұтып отырсам, – деді Шымхат. – Үйіңізге келмегенімен бір жерде отырған шығарсыздар? Басқа баратын жері жоқ. Үшеуіңіздің қайсыңыз болғанда да біреуіңізбен бірге отырғаны анық. – Анау екеуін білмеймін, мен көргем жоқ. Марқұмның екінші досымен Айназар басқаша сөйлесті. – Сіздің алдыңызда әскерде бірге болған досыңызбен сөйлескенде, төртеуіңіз бірге отырып арақ ішкендеріңізді жасырмай айтты. Содан кейін оның үйден шығып кеткенін де жеткізді. Үшеуіңіз мас болған соң іште қалыпсыздар. Ол да қатты мас болған ғой. Бөгеттің астына барып құлап өлген. Шығып кеткенде қасына біреу ілесті ме? Күдіктенетін адамыңыз жоқ па? Неге жалғыз өзін жібердіңіздер? Ренжісіп қалдыңыздар ма? – деп сұрақ жаудырған инспектор алдында отырған адамға барлай қарады. Жастаңның жүзінде абыржу байқалып, сасқалақтап қалғаны, артынша бойын тез жиып бұрынғы қалпына келгені назарынан тыс қалмады. – Солай деді ме? Ішкен соң әртүрлі жағдайлар орын алады. Керісіп, кері татуласып жатамыз. Сол түні біздің үйде отырдық. Ол әзілді көтере алмай шығып кетті. Мұны әйелім мен ұлым да растайды. Не үшін ренжігені ойымда қалмапты. Кері оралар деп күткеніміз есімде. Мен үшін орны бөлек азамат еді. Қалай, қашан тарағанымызды ойымда сақтамаппын. Логикалық түрде ойлап қараңызшы, өзім мас болсам, оның қасындағы адамды қайдан білемін? – Бірінші кездескенімізде оны мүлдем көрмедім дегенсіз. Енді бірге ішкеніңізді мойындадыңыз. Аяқ астынан неге өзгердіңіз? Қылмысты жасырудың өзі қылмыс болып саналады. – Иә, сасқалақтап «көрмедім» дегенім рас. Оны кім өлтіргенін білмеймін! Дәл қазір соттатып жіберсеңіз де айтарым осы! – Еш кінәңіз болмаса неге сасқалақтайсыз? Ерте ме, кеш пе біз қылмыскерді табамыз,– деді Айназар – Сол кезде сізді де жауапқа тартатын боламыз. – Сонда мас болып бөгеттің астына барып құлап өлген әлдебіреу үшін, мен сотталамын ба? – Ол қалайша «әлдебіреу» болады? Жақсы араласатын досыңыз емес пе? Жаңа ғана өзіңіз үшін орны бөлек азамат екенін айтқансыз. Оған деген көзқарасыңыз неге өзгеріп кетті? – Ашу үстінде жай айта салдым ғой. – Біз қазірдің өзінде оны үйде өлтіріп, тергеуді жаңылдыру үшін бөгеттің астына әкеліп тастағанын біліп отырмыз. – Жасамаған қылмысты менің мойныма іле алмайсыздар! Оған жол бермеймін, – деді Жастаң. Айназар оның бір нәрсені жасырып, айтқысы келмей отырғанын жақсы ұқты. Тағы да біраз сұрақтар қойып қақпақылдап көріп еді, «қораға кіре қоймады». Неге шынын айтпайды? Неден қорқады? Әйелі мен ұлы олардың «отырыстарының» бас жағына ғана қатысқан. Содан кейін ұйықтап қалған. Ішкен адамдардың өмірде бітпейтін, таусылмайтын, қайталана беретін әңгімелері мезі етіп жіберген. Айтуларынша төртеуі де біраз масаңсып қалған. – Жастаңның үйіне Бәтен келгенде күтіп отырғанбыз, – деді үшінші күдікті Назар – Қуана қарсы алып, төс қағысып, құшақтаса көрістік. Сонда Бәтеннің аузынан арақ иісі мүңкіп тұрғанын байқадым. Онда ішімдік ішкен жоқпыз, саумыз ғой. Демек, бізге келгенге дейін ішкен. Шымхат екеуі әскерде жүргенде де сөзге келіп қала беретін. Артынша кері татуласатын. Бұл жолы да сөйтті. Бәтен бұл жолы да Шымхатқа өзі тиісіп, кейін оның сөзін көтере алмай ашуланып кетіп қалды. Арғы жағында не болғаны, үйіме қалай жеткенім маған беймәлім. Әйтеуір, қанша ішсем де үйімді тауып барып, шарбағына кіріп құлаймын. – Менің түсінбей отырғаным, бірінші кездескенде үшеуіңіз бірдей оны көрмегеніңізді айттыңыздар ғой. – Ол рас! Солай деп айтуға келіскенбіз. Ішімізден біреуіміз келісімді бұзып, енді міне мазамызды алып жатсыз. Төртеуіміз бірге іштік десек, жауапқа тартылуымыз мүмкін деп қорықтық. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» емес пе? Полицияға қайта-қайта шақыртып, мезі қылғанын кім қалайды? Қылмыскерді таба алмаса істі біреуіміздің мойнымызға іле салуы да мүмкін. Мысалы, сізге есімізді жойғанша ішкенімізді айтып отырмын ғой. Ертең масаңдықпен өлтіріп алған деуден тайынбассыз. – Түсінікті, – деді инспектор – Үшеуіңіз де қатты мас болып қалдыңыздар дейік… – «Дейік», емес, шынымен солай. – Ендеше Бәтенді өлтірген, бөгеттің астына тастаған кім? Ол жерге бұрын болмаған тасты апарып, соған құлап басын жарып алған деу кімге керек болды? Бұл жөнінде не айтасыз? – Қайдан білейін? Жаңа ғана отырысқа арақ ішкен күйде келді дедім емес пе? Адам өлді ол – факт. Оны кері тірілте алмаймыз. Бізге келгенге дейін ол кіммен ішті? Кім өлтірді? Мұны табу сіздің міндетіңіз. Сол үшін ақша алып отырсыз. – Табамыз, ол жағынан қорықпаңыз. Бәтен бөгеттің астында өлмеген. Кеудесінен теуіп құлатқан. Сыртқы киімінде білінер-білінбес аяқ киімнің ізі қалған. Қазір қыс мезгілі. Олай болуы заңды. Соған қарағанда соққы оған аула ішінде берілген. Аяқ киім мөлшерін біз анықтаймыз. Төсінен тиген соққыдан марқұм құлап басымен бір нәрсеге соғылған шығар. Орнынан кері көтерілгенде балғамен немесе балтамен ұруы да мүмкін. Үшеуіңіздің де бұл қылмысқа қатыстарыңыз бар. – Сіз жассыз, ойланып, дәлелмен сөйлеңіз, инспектор! Қандай ауыр жала жауып отырғаныңызды білесіз бе? Сол үшін мен сізді сотқа бере аламын. – Ол енді конституциялық құқыңыз! Ойланыңыз, мен тағы да келемін немесе учаскеге шақыртамын. Инспектор шығып бара жатып, Назардың тұнжыраған күйі жерге қарап отырып қалғанын байқады. Айназар енді Бәтен тұратын ауылға бет бұрды. *** Қарсы алдында отырған орта бойлы қара торы қыз жанарынан әйнекті бойлай аққан жаңбыр тамшыларындай болған көз жасын сүртіп сөзін жалғады. – Айназар аға! Жақсы болсын, жаман болсын адамға туған бауырынан артық ешкім жоқ. Иә, менің ағамның тентек екені рас! Бірақ, ол жауыз емес. Қанша ішсе де үйдегілерге тиіспейтін. Әскерге дейін қойдан жуас момын жігіт еді. Екі жыл десантта болып келгеннен кейін де жайына жүрді. Ел қатарлы еңбек етті. Сөйтіп жүріп бір қызбен танысты. Бір жылдай бірге жүрген соң, ол қыз басқа біреуге тиіп кетті. Шыны керек, оны күштеп алып қашып кетіп, барған жерінде келін болып қалды. Артынан ағам іздеп барғанымен қайтпады. Осыдан кейін мінезі өзгерді. Аузына арақ алмайтын адам тойып келетінді шығарды. Төбелесіп, сотталып та келді. Алайда, одан сабақ алмай бұрынғы дағдысынан айырыла алмады. Анда-санда өзімен бірге әскерде болған Шымхан, Назар, Жастаң атты жігіттерге барып тұратын. Олар бір-екі рет біздің үйде де болды. Бұл жолы да соларға барамын деп осындай жағдайға ұшырап отыр ғой. Әкемізден ерте айырылдық. Енді, мына жағдайды естіп анам да төсек тартып жатып қалды. Өтінемін, қылмыскерді тауып жазасын беріңіздер. – Сіздерге оңай тимей отырғанын жақсы түсінемін, Жәмила! Әрине, табамыз. Жаңа ғана Бәтенді танитын, онымен бірге ішкен жігіттермен сөйлесіп көрдім. Жастаңның үйіне ол масаң күйінде барғанын естіп, кіммен ішті соны анықтағым келген. Сұрастырып қарап едім сол күні оның ішіп жүргенін ешкім көрмепті. Алақандай ауылда мұндай нәрсе жасырын қалмайды ғой. Дүкеншілер де Бәтенмен жолығыспағанын жеткізді. Қашан жолға шықты, қасында кім болды? Бұған жауап таба алмадым. Бірге ішетіндердің ешқайсысы ілеспепті. Таксилерге мінбепті. Елу шақырым жерге қанат байлап ұшып кетпеген шығар? Өйткен жағдайда да біреу көреді ғой. – Ауылдағылар байқамауы да мүмкін. Бәтен жексенбіге қараған кеште кетті. Телефонмен шақыртып алмаса ол уақытта такси де көп қатынамайды. Кешкі сағат ондар шамасында дос қызымның үйінен келсем ол жоқ. Анам Жастаңның үйіне кеткенін айтты. Соның алдында, дос қызымның үйіне кеткенімде ол сау еді. Сол аралықта қайдан ішіп үлгерді екен? Қызбен әңгімеден кейін Айназар жұмыс орнына оралды. Инспектордың ойы Жастаңға орала берді. «Кеудесінен теуіп құлатқан, киімінде аяқ киімнің ізі байқалды. Мөлшерін анықтап жатырмыз» деп науамен айта салғанда жалт қарағаны есіне түсті. Алайда, сөйлесуді Шымхаттан бастағанды жөн санады. Учаскелік инспекторды жіберіп шақыртып алды. – Жастаңның үйінде төртеуіңіздің бірге арақ ішкендеріңіз бізге мәлім, – деді Айназар – Мұны «Бәтенді мүлдем көрген жоқпын», деп өтірік айтпауыңыз үшін еске салып қойып жатырмын. – Көрмегенім рас. Оның біздің үйге келмегенін әйелім де сізге айтты, – деді Шымхат салмақты үнмен. – Басында солай деп айтамыз деп келіскендеріңізді мен білемін! Бәтеннің Жастаңның үйінде сізге тиіскенінен де хабардармын. Жанжалдасып аулаға шыққандарыңызда сіз Бәтеннің кеуде тұсынан тептіңіз. Десантсыз ғой, бір соққыңыз өзі әрең тұрған мас адамды шалқасынан түсірді. Сыртқы киімінде сәл көрініп тұрған аяқ киім ізі, денесінде көгерген жер бар. Ол құлағанда басын аулада тұрған үшкір темірге соғып тіл тартпастан кетті. Сөйтіп, қасақана емес, жанжал үстінде, байқаусызда адам өлтіріп алдыңыз. Мұны Жастаң мен Назар айтып отыр. Айназарға олар бұлай демеген. Сыр суыртпақтау үшін айтқан жалған сөздері нысанаға атқан оқтай дөп тиіп, Шымхатты беймаза күйге түсірді. Жүзі қарауытып, қабағы түйіліп, көзі қанталап кетті. Тістенген күйі басын шайқады. Ашу үстінде еденге шырт түкірді. Содан кейін инспекторға тіке қараған күйі: – Сұр жыландар бәрін маған жауып салған екен ғой, – деді дауысы қарлыға шығып – Оларды осы уақытқа дейін дос санап келіп едім. Бәтенді мен өлтірген жоқпын. Тыңдаңыз бәрін айтып берейін. Содан кейін не болғанын түсінесіз. – Айтыңыз, құлағым сізде. Бірден ескертемін, жалған айтсаңыз жауапқа тартыласыз! – Жастаңның үйінде Бәтен маған қайта-қайта тиісе берді. Арақ басыма шапқаннан соң мен де оған жауап қайтарып отырдым. Дау насырға шауып аулаға төбелесуге шықтық. Мұндай жағдай арамызда бұған дейін де болған. Бәтен келеді деген соң мен сол отырысқа барғанды қаламаған едім. Арақ ішкім келсе дүкеннен де аламын ғой. Жігіттердің көңілін қимадым. Айқай-шуды естіп Жастаңның әйелі ортамызға түсті. Бәтен оны қолынан ұстап бір шетке лақтырып жіберді. Араға түскен Жастаңды да ұрып құлатып, маған бұрылғанда секіріп кеудесінен теуіп үлгердім. Ол шалқалай құлады. Бұған дейін ылғи одан таяқ жейтінмін. Соңынан «Ер шекіспей бекіспейді», деп бір жартылығын алып, кешірім сұрап келетін. Жақсы төбелесетін жігіт қой, атып тұрып мені құлақшекеден ұрып үлгерді. Құлап бара жатып байқағаным, Жастаң үйден алып шыққан балғаны Бәтеннің қарақұсына сермеп қалды. Әйеліне қол жұмсағанына шыдамай кетсе керек. Ол құлап, қансырап жатты. Сонда ғана есімізді жидық. Мастықпен не бүлдіргенімізді түсіндік. Аман алып қалуға бар күшімізді салдық. Жастаңның әйелі дәке әкеліп байлап көріп еді, қан тоқтамады. «Жедел жәрдем» шақыруға қорықтық. Сол кезде Назар: «Бөгеттің астына апарып тастайық. Анау тасты алыңдар, ішіп жүріп құлап, соған соғылып басын жарып алған деп ойласын. Ертең адамдар көріп, полицияға хабарлайды. Мүрдеханаға апарып, туыстарына табыс етеді», деді. Бәріміз осыны жөн көрдік. Бақырып жылаған Жастаңның әйелін көндіріп, не айтуы керектігін ескерттік. Басқаша болған жағдайда сотталатынымызды оған жақсылап түсіндірдік. «Ашулы баста ақыл жоқ», деп текке айтпаған. Үндемегенімде бәрі басқаша болар ма еді. Мен де кінәлімін. Оны мойындаймын. – Сізбен арадағы әңгіме бейнекамераға жазылды. Учаскелік инспектор да блокнотына түртіп отыр. Оның жазғанын растап қолыңызды қойыңыз. Сосын жаңа айтқандарыңыздың бәрін мына қағазға түсіріңіз, – деді Айназар оған ақ парақты ұсынып.
Қанат ҒҰМАРОВ Атырау облысы, Құрманғазы ауданы. Құрманғазы ауылы.