Кез келген қазақстандық «Op, op doyamadim», «Simarik», «Dudu», т.б. әндерді естігенде, елең етпей тұрмайды. Тіпті бірге қосылып айтып, әннің ырғағына билеп кетеді. Жуырда Алматының төрінде мыңдаған халық сол әндерді орындаушының өзіне қосылып осы және өзге де әндерді бірге шырқап, көңілді кеш өткізіп, ерекше эмоцияға бөленді. Zanmedia.kz тілшісі жарқын кештің куәсі болып қайтты.
Кеш басталар уақытта Алматыдағы спорт және мәдениет сарайы «Алматы Аренаға» халық ағыла бастады. Танымал түрік әншісі, орындаушы әрі продюсер Тарканның концертін көруге қазақтармен қатар, Қазақстандағы түріктер де келді.
iTicket Productions ұйымдастырған концертті асыға күткен халықтың көпшілігі әнші, оның шығармашылығы туралы жақсы білетінін танытты. Соның бірі — Анжела Ғинаятова. Оның сөзінше, әншінің шығармашылығымен бұрыннан таныс. Тіпті барлық әнін жатқа біледі.
«Бір кездері Түркияға қатты ғашық болдым. Сөйтіп, түрік тілі, түрік мәдениеті, түрік музыкасы қызықтыра бастады. Таркан — түріктің танымал әншісі әрі әндері де адамға ерекше көңіл күй сыйлайды, адамды ешқашан жалықтырмайды. Сондықтан Тарканның әндерінің сөзін жаттап, қосылып айтуды әдетке айналдырдым. Содан бері ол сүйікті әншілерімнің қатарына кірді, барлық өлеңін жаттап алдым десем де болады. Оның үстіне Таркан — балалық шағымның естен кетпес естелігі. Бұл концертті ұзақ күттім. Концерт басталады дегенше хит әндердің орындаушысын тірідей көретініме өзім де біраз толқып тұрмын», — деді ол концерт басталмастан бұрын өзінің әсері туралы.
Халықты көп күттірмей басталған шоу концерт бірден бәрін билетіп жіберді. Залда түрік әншісінің қимылына ілеспей, билемей қалған жан болмаған секілді. «Алматы Аренаның» бір жерінде ана мен ересек балалары әншіге қосылып тұрса, енді бір тұста қыз бен жігіт ерекше әуендердің ырғағына билеп тұрды. Ал бір тұста жастар әншінің әндеріне ілесіп, ерекше қимылдарымен көзге түсті. Концертте жастардан бастап егде жастағы адамдарға дейін төбе көрсетті. Сірә, біреулер жастығын сағынса, енді біреулер «ешқашан қартаймайтын» әншінің өзі мен әндерін сағынып келсе керек. Осылайша, 50 жастағы Таркан жеңіл әрі үйлесімді қимылдарымен концерт аяқталғанша залды тік тұрғызды.
Залда қазақтардан бөлек, әншіні қолдауға келген түріктер де болды. Олар ерекше плакаттар да дайындап келіпті.
«Бойымды мақтаныш сезімі кернеп тұр. Бір жағынан қатты қуанып тұрмын. Тарканның әндері жас талғамайды. Ұлт та талғамайды. Оның көрінісі бүгінгі кеш деп ойлаймын. Қазақстанға жұмыс барысымен көшіп келгеніме бірнеше жыл болды. Түркияға жиі барып тұрсам да, түрік әншісінің мұнда келіп, өнер көрсетуі, бұл кешке куә болуым ерекше сезім сыйлады», — дейді концертке келген түріктердің бірі.
Концерт аяқталар шақта тыңдармандардың бірінен кештен алған әсерін сұрауды жөн көрдік.
«Жұмыстан қатты шаршап шыққан едім. 2 сағаттық концерт бәрін ұмыттырып жіберді. Бірінші ән басталғаннан соңына дейін қалай билеп кеткенімді өзім түсінбей қалдым. Нағыз шоу концерт болды. Мұндай концерттер көбірек болып тұрса екен. Алматы жұрты мұндай кештерді жақсы көреді», — деп түйіндеді тыңдармандардың бірі.
Жиналған өнер сүйер, ән сүйер, музыка сүйер қауымға кеш ұнағаны соншалық — әншінің соңғы әні орындалғанда да ешкім кетуге асықпады. Әдетте концерттерде қалың көпшілік залдан шығуға асығатыны жасырын емес. Ал бұл кеш «бұрынғы мен басқалардан өзгерек» болды. Бұл әншінің қуатты, жарқын әндерінің, өнер иесінің ерекше қалпы мен сахнадағы энергиясының күшінен шығар…
Сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік қызметшілерге қатаң талап пен жауапкершілік жүктейді. Мемлекеттік қызметкерлердің әдеп кодексінің талаптарын, сондай-ақ, заңмен белгіленген...