Ұстаздың білікті болуы – қоғамның ілгері басуындағы ең маңызды катализатор. Азат ойлы, білікті, білімді, құқы қорғалған мұғалімдер қосынын қалыптастыру – парыз. Ұстаздардың құқын қорғау мәселесін жиі көтердік, бұл бағытта біраз тірлік атқарылды да. Ұстаздардың мәртебесін қалыптастырудың бірі – білікті де білімді ұстаздар қосынының қалыптасуы. Сатып алынған дипломдар мен мектепке кездейсоқ келген «ұстаздардан» арылу өте маңызды.
2020 жылғы күздегі біліктілік тестілеуінде мұғалімдердің тек 42% өзінің біліктілігін дәлелдеді. Өзім жұмыс беруші ретінде үнемі мұғалім қабылдайтындықтан, бұл көрсеткіш маған түсінікті еді. Себебі, біз біліксіз қоғамға айналып бара жатырмыз. Дәл осы цифрларды көріп, мұғалімдер ортасында жүргесін, министрмен кездескенде де, соңғы онлайн кездесуде де мұғалім біліктілігін арттыру, кездейсоқ мұғалімдерден арылу ұсынысын жасағанбыз. Адам өзі беске білмеген дүниені өзгеге ешқашан беске үйрете алмайды! Ұлттық тестілеу орталығы басшысымен кездескен сайын мұғалімдердің біліктілік тестілеуі мен оқушылардың Ұлттық бірыңғай тестін таза өткізу турасында сағаттап талқы жасап жүрміз. Бұл тұрғыда ұсыныстарыма қолдау танытып жатқан министр мен ҰТО басшысына алғыс. Дәл кейбір нәрсеге көз жеткізу мақсатында осы жолғы мұғалімдердің біліктілік тестілеуінде тәуелсіз бақылаушы ретінде жұмыс атқарып жүрмін. Мәселен, Ұлттық біліктілік тестілеуге қатысуға 22 937 адам өтініш беріп, тестілеуге 17 727 мұғалім қатысқан. Олардың ішінде өз біліктілігін растаған қатысушылар: Педагог-модератор 3 195; Педагог-сарапшы 3 338; Педагог-зерттеуші 2999; Педагог-мастер 221. Яғни, қазірге дейінгі жалпы қатысушылардың 55%-ы. Бұл керемет көрсеткіш емес. Ең өкініштісі – біліктілік тестінің 110 балынан 40 балға да жете алмаған әріптестердің болуы. Сондай-ақ, шпор қолданушылардың көптігі мен өзінің орнына басқа адам кіргізген жандардың болуы. Бұл ұстаздық этикаға да, әдепке де жат дүние. Осы сынақта тыйым салынған заттарды қолданғаны және бекітілген ережелерді сақтамағаны үшін (құқық бұзушылық актісіне сәйкес) 238 адамның нәтижесінің күші жойылған. Шпаргалка, тыйым салынған заттарды пайдалану (телефондар, анықтамалықтар) секілділерден тыс, 18 адам өз орнына басқа адамды кіргізген. Бұл бойынша актілер жасалып, құқық қорғау органдарына тиісті өтініш жіберілді. Біреуге тәртіп сақта деу үшін өзің тәртіпке бағынуың, біреуге сапалы білім беру үшін өзің білімді болуың керек. Бауыржан Момышұлының сөзімен айтсақ: «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз жұрт ел болмайды». Білім саласына біраз жақсы өзгеріс жасалып жатыр, өзгеріс нәтижелі болуы үшін де бүкіл жұмыс заңдық тәртіпте жүруі керек. Бүгінде педагогикалық мамандыққа түсушілердің шектік балы 70 балға көтерілді. Шәкіртақысы өзгелерден ерекшеленіп, ол да көтерілді. Бұл білім саласына білікті жастардың келуіне пайдасын тигізеді. Мұғалімдердің біліктілік тестілеуін дұрыс өткізіп, білікті мамандардың жалақысын көтеру де сол кешенді шараның бірі. ҰБТ-ны да таза өткізу мақсатында біраз жұмыстар жасалып жатыр. Мұның бәрін қолдап, кемшіліктерді дер кезінде айтып, білім саласын тәртіпке келтіруді бірге қолға алуымыз керек. Менің осы жазғандарым біраз әріптесімнің шамына тиері анық. Бірақ, тәртіпсіздікті ақтап алуға тырысу, заңсыздықты ақтап алуға тырысу, біліксіздікті ақтап алуға тырысу, қылмысты ақтап алуға тырысу, ілгері басатын қоғамның тірлігі емес! Бірақ, өзіміз тазармай, бізді қоғам төріне шығармайды. Беделімізді көтеріп, бетімізді жарық етпейді. Дәл бұл біліктілік тестіне түсінбестік танытуға болмайды. Біріншіден, мұғалімдерден біліктілік тестін өткізу біздің елдегі ғана жағдай емес, дамыған елдерде бұрыннан бар тәжірибе. Біздің елде Білім-Инновация лицейлері бұрыннан өткізетін іс. Екіншіден, білікті адам тест тапсырудан қашпайды, саспайды. Өзім қай күні тапсыруға да, қандай тестке де дайынмын. Үшіншіден, Ұлттық біліктілік тестілеуге қарсы шығу – «білім саласында біліксіздік жайлай берсін» деген жан ашымастық. Ал, біліктілік тестілеу сапасы туралы әңгіме бөлек. Оған жанашыр ретінде бәріміз үн қосуымыз керек. Біліктілік тестінің деңгейін арттыруға ұсыныс білдіруміз керек. Ұрпақ алдында ұстаздық жолда жүргендер заңды сақтап, ізденісті ешқашан жоғалтпай, өзін дамытқаны жөн. Ал, менікі кешегі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, Ойлайтындай мен емес бір күнгісін. Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын, Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін», – деген жанайқай.
Аятжан АХМЕТЖАН, ұстаз


