12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

БОЛАШАҚҚА ҰМТЫЛУ ТАРИХЫ

Бүгін еліміздің жетекші университеті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 89 жыл толып отыр. 1934 жылдың 15 қаңтары Қазақстандағы тұңғыш көп салалы универ­ситеттің ресми ашылу күні болып саналады. Университет құрылғаннан бері Қазақстанның әлеуметтік-саяси өміріне және экономикасына зор үлес қосып келеді. Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық ғылым және білім беру кеңістігінде өзінің лайықты орнын алып, жоғары білім саласындағы әлемдік көшбасшы университеттің біріне айналды.

Университеттің тарихы еліміздің маңызды кезеңдерімен тығыз байланысты. Оның құрылуы ұлттық кадрларды даярлау мәселесін шешуге бағытталған болатын. Осы міндеттерді жүзеге асыруда университеттің алғашқы ректоры Федот Оликов елеулі рөл атқарды. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының соңында Қазақ мемлекеттік университеті құрамында бес факультет және қазақ жас­тарына арналған дайындық бөлімі жұмыс істеді. Соғыс жылдарында Ресей, Украина және Белоруссияның ірі ғылыми-зерттеу институттары мен зертханалары ҚазМУ-ге ауыстырылды. Соның нәтижесінде Қазақ университетінде химия, астрономия, физика, тарих және тілтану салалары бойынша жаңа ғылыми мектептер ашылып, іргелі ғылыми орта қалыптаса бастады. Соғыстан кейінгі жылдарда ҚазМУ республиканың өндірістік-экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық салаларына жоғары білікті кадрлар даярлаудың жетекші орталығына айналды. Сол жылдарда университетті басқарған Иван Лукьянец, Төлеген Тәжібаев, Асқар Закарин және Темірбай Дарқанбаев сынды қайраткер-тұлғалар университеттің білім беру бағыты мен ғылыми-зерттеу саласын жетілдіруде айрықша қызмет атқарды. Осы тұста кафедраларды белгілі тұлғалар Ермұхан Бекмаханов, Әбікен Бектұров, Константин Персидский сияқты беделді ғалымдар басқарды. Университет аудиторияларында есімдері әлемге танымал Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев сынды әйгілі ғалым-академиктер лекция оқығанын бүгінде мақтанышпен еске аламыз. 1960-1980 жылдары университетті басқарған ректорлар Асқар Закарин, Өмірбек Жолдасбеков, Еділ Ерғожиннің ұйымдастырушылық қабілеттері нәтижесінде ҚазМУ одақтың жетекші ғылыми орталықтарының біріне айналды. Сол кезеңде университет шетелдерге білімді кадрлар даярлау жұмыс­тарын жолға қоя бастады. Атап айтар­лық жайт, танымал ғалым және білікті ұйымдастырушы Ө.Жолдасбековтің басшылығымен «ҚазҰУ қалашығы» бірегей оқу ғимараттары мен тұрғындық кешендер құрылысының алғашқы кезеңі басталды. 1991 жылы университет адамзаттың екінші ұстазы атанған, түркі әлемінің ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби есімін иеленді. 2001 жылы еліміздің алғашқы ұлттық университеті мәртебесін алды. Осы кезеңде барлық мамандық халықаралық талаптарға сай «бакалавриат-магистратура» бойынша екі сатылы білім беру жүйесіне көшіріліп, университеттің құрамында ғылыми-зерттеу институттары мен технологиялық паркін құру жөнінде маңызды іс-шаралар атқарылды. Бұл жетістіктерге қол жеткізуде ректорлар Мейірхан Әбділдин және Көпжасар Нәрібаевтың қажырлы еңбектерін ерекше атап өткен жөн. 2003 жылы ҚазҰУ Орталық Азия жоғары оқу орындары арасынан алғашқы болып Болонья қаласындағы Университеттер­дің Ұлы Хартиясына қол қою арқылы еуропалық білім беру кеңістігіне кірді. Ал 2006 жылы жоғары білім берудегі сапа саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты атанды. Бірқатар оқу бағдарламаларына халықаралық сертификаттау жүргізілді. Осы кезде ҚазҰУ қалашығын кеңейту мен көркейтудің екінші құрылыс кезеңі басталды. Сол кезде университетті басқарған Төлеген Қожамқұлов пен Бақытжан Жұмағұлов осы шаралардың барлығын жүзеге асыруға үлкен үлес қосты.

Ғылым, білім беру және инновациялық өндіріс интеграциясы нәтижесінде, ҚазҰУ танымал әлемдік зерттеу университет­тері қатарында. Университет жоғары техно­логиялар аумағын құрып, алдыңғы қатарлы технологиялық шешімдерді даярлау мен инновациялық өнімдерді өндіріске енгізу платформасына айналды. Осы бағыттағы ізденістер Оңтүстік Корея, Ресей және Қазақстанның ғылыми-жобалық ұйымдарын тарту арқылы жүзе­ге асырылып, «R&IID» инновациялық-өндірістік консорциумы құрылды. Бұған «Қазмырыш», «Қазақмыс», «Казхром» және «Үлбі металлургия зауыты» сияқ­ты ірі өнеркәсіптік кәсіпорын­дары қатысуда. Университетте құрылған ғылыми-технологиялық парк, иннова­ция­лық процестер орталығы мен «Жа­сыл технологиялар» орталығы заманауи ин­женерлік және ғылымды қажет ететін технологиялардың кластерін қа­лып­т­астырып отыр. «ЭКСПО-2017» иде­я­ларын жүзеге асыру мақсатында «Жасыл технологиялар» орталығы «жасыл энергетика» бойынша инновациялық жоба­ларды іске асырып, жаңа формация мамандарын даярлауда. Осының негізінде университет «Жасыл көпір ұрпақтан-ұрпаққа» атты халықаралық жобасын іске асыруда. Бұл жоба Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Жасыл көпір» бас­тамасын қолдау мақсатында ҚазҰУ тарапынан Бразилияда өткен RIO+20 халықаралық форумында ұсынылды және жан-жақты қолдау тапты. Қытай Ғылым академиясымен бірлесе отырып Жерді қашықтықтан зондтау орталығы ашылды. ҚазҰУ посткеңестік елдер аумағындағы санаулы университет ішінен тарихта тұңғыш рет «Әл-Фараби-1» және «Әл-Фараби-2» алғашқы қазақстандық наноспутниктерін ғарышқа шығарды. Осының нәтижесінде университетте ғарыштық технология саласында қуатты кластер дамуда. ҚазҰУ «Жаңа Жібек жолы» университеттері Альянсының IT-технологиялар паркін ашу арқылы әлемдегі 130-дан астам университеттерді бірік­тірген ІТ-технологияларды дамыту­дың жаңа перспективасын жолға қойды. Оның негізін Елбасының тікелей қолдауымен Қытай Халық Республикасы үкіметтік гранты бойынша алынған ҚазҰУ-дың суперкомпьютері құрайтын болады. Әлемдік медициналық білім берудің көшбасшысы Оңтүстік Кореяның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен әріптестік орната отырып, ҚазҰУ инновациялық медициналық-биоло­гиялық кластердің ғылыми-зерттеулер жүргізу, білім беру және клиникалық-диагностикалық базасын дайындады. Бұл істердің заңды жалғасы ретінде  елімізде көпбейінді университеттер тарихында алғаш рет медицина факультетін ашты. Мемлекет басшысының қолдауымен ҚазҰУ-дың сенімді басқаруына Алматы қаласының №1 емханасы берілді. Мұнда медициналық білім беру, ғылым мен тәжірибені толыққанды интеграциялау аясында жаңа технологияларды қолдану арқылы халықаралық талаптарға сай келетін жоғары сапалы медициналық қызметтер көрсетіледі.

Жоғарыда аталған жаңашыл жобалардың барлығы университетте бірегей инновациялық-технологиялық платфор­масының негізін қалады.  Атап өтетін бір жайт, соңғы үш жылда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыс­тардың саны екі есеге өсті. Ғы­лым­ды қаржыландырудың жалпы сомасы 5 миллиард теңгеге жетті, оның 20%-ы шаруашылық келісімшарт бойынша жұмыс істейді. ҚазҰУ «Scopus» және «Web of Science» жетекші халық­аралық дерекқорларына кіретін ғылыми журналдардағы жарияланымдар саны бойынша Қазақстан жоғары оқу орындары арасында көш бастап отыр. Бүгінгі таңда қазақстандық авторлардың халықаралық жоғары рейтингтік ғылыми журналдардағы әр бесінші басылымы ҚазҰУ ғалымдарының үлесіне тиесілі. Университеттің үш ғылыми журналы халықаралық ғылыми-өлшемдік деректер қорына енгізілген. Студенттер бойындағы кәсіпкерлік бастамаларды ояту мақсатында университет студенттерге өзіндік бизнес-идеяларын жүзеге асырып, start up компанияларды, студенттік бизнес-инкубаторларды жан-жақты дамытып отыр. Қазіргі уақытта университетте 14 студенттік бизнес-инкубатор бар, онда 80-нен астам студенттік инновациялық жобалар іске асырылуда. Жыл сайын студенттік ғылымды қолдау үшін ғылыми-зерттеулерге берілетін қар­жының 10 пайызы бөлінеді. ҚазҰУ-да алғашқы қазақстандық постдокторантура бағдарламасының ашылуы – ғаламдық ғылым мен білім беру кеңістігінде бәсекеге қабілетті ғылыми мектептерді қалыптастырудағы маңызды қадам.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының басты тұжырымдарын ұстаным тұтқан ұлттық университеттің маңызды міндеті – тек бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау ғана емес, сонымен бірге еліміздің ертеңгі тұлғаларына айналар жас ұрпақтың рухани болмысын қалыптастыру. Әл-Фараби атап өткендей: «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы» деген ойдың негізінде сту­дент­тердің бойында білім мен тәрбие қатар ұштастырылуда. Сондықтан инно­ва­циялық-технологиялық платформамен қатар, «4.0 Университет» моделінің шеңберінде рухани-адамгершілік тәрбие беру ісі белсенді түрде дамуда. Уни­верситеттің жаңа корпоративтік идеологиясы мен серпінді әлеуметтік жобалары жаңа сапалы тәрбиенің тиімділігін қалыптастыруға бағытталған. ҚазҰУ-да «Саналы ұрпақ» жобасының кең­сесін, «Азаматтық бақылау» қоғам­дық қабылдау бөлімін, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы ғылыми-зерттеу институтын біріктірген зерттеулер мен білім беру орталығы құрылды. Осы орталық жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда Қазақ­стандағы жетекші орынға айналды.  ҚазҰУ-да дарынды студенттерді жан-жақты түрде қолдауға ерекше мән беріліп келеді. Мысалы, соңғы үш жылда, университетке 350 миллионнан астам қаржыны құрайтын сырттан 1300 демеушілік шәкіртақы тартылды. Жыл сайын мыңнан астам әлеуметтік жағдайы төмен топтағы үздік оқыған студенттерге оқу ақысын төлеуде жеңілдіктер беріледі.  Алғашқы болып ашылған, әлемде теңдесі жоқ, бірегей «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында студенттер кампустан шықпай-ақ, 500-ден астам білім беру, әлеуметтік, мәдени және демалыс қызметтерін пайдалана алады, соның ішінде алғашқы медициналық санитарлық көмек және денсаулық диагностикасы да бар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғима­раттарының инфрақұрылым көлемі соңғы 5 жылда 40% — ға өсті, оның көп бөлігі мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттарына сәйкес тұрғызылған. Бұл, атап айтқанда, жас ғалымдар үйі, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, жүзу бассейні, жаңа кітапхана ғимараты, т.б. 2019 жылы университетте мемлекеттік-жекешелік әріптестік әдісімен Қазақстандағы ең ірі, қазіргі заманға сай, ыңғайлы да жайлы 1287 орындық жатақхана құрылысы басталды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында БҰҰ Өркениеттер альянсымен бірлесіп «Қайырымды қоғам азаматтарын қалыптастыру. Қазіргі заманғы университеттердің миссиясы» атты халықаралық жобасы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Әлемнің жетекші университеттерінде, Голландия, Түркия, Италия, Иордания, Қытай, Египет және басқа да шетелдік университеттерде ашылған ҚазҰУ-дың әл-Фараби ғылыми, білім беру орталықтарының саны осы уақытта 10-ға жетті. Бұл орта­лықтарда қазақ тілі мен мәдениеті, тарихы кеңінен оқытылуда және олардың негізінде университеттің филиалдарын ашу жұмыстары жүргізілуде. Бір негізде инновациялық-технологиялық және рухани-адамгершілік сипаттағы екі платформаның қатар енгізілуі өзінің синергиялық нәтижесін беруде. Оған дәлел ретінде университеттің QS халықаралық рейтингісінде қарқынды түрде алға жылжуын айтуға болады. Соңғы жылдары университет халық­аралық QS рейтингісінде 350 позицияға көтеріліп, бүгінде 220-орынға ие болып отыр. ҚазҰУ посткеңестік елдер аумағында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінен кейінгі екінші орында тұр. Бұл жетіс­тік­ке халықаралық қоғамдастық «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ феномені» деген жоғары баға берді. «UI Green Metric Ranking of World Universities» жаһандық рейтингісінде ҚазҰУ 172-орын алып, үздік 200 экологиялық университеттері қатарында өз позициясын нығайта түсті. Сонымен қатар әлем мемлекеттері бойынша жүргізіліп жатқан беделді еуропалық «ARES» рейтингісінің мәліметтері бойынша ҚазҰУ АА позициясына ие болып, жетекші еуропалық жоғары оқу орындарының қатарына көтерілді.

Ендігі мерейтойлық жыл ҚазҰУ үшін халықаралық ауқымдағы маңызды оқиғаларға толы болмақ. Мерекелік жылда ҚазҰУ-да білім мен ғылымның барлық саласы бойынша мыңға жуық академиялық топтардың көшбасшылары, алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының басшылары мен әлемнің ең танымал ғалымдары бас қосады. Бұл ҚазҰУ-дың ғана емес, сонымен қатар Қазақстан жоғары білім беру жүйесінің әлемдік биік көрсеткіші деп білеміз. Еліміздің жетек­ші университетінде аталмыш іс-шараларды өткізу – мемлекеттің жоғары білім берудегі халықаралық беделін, экспорттық потенциалын арттыра түсетіні сөзсіз. Соны­мен қатар Елбасы алға қойған әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру бойынша міндеттерді орындауда өз үлесімізді қоса отырып, ынтымақты бірлігіміздің арқасында жаңа белестерді бағындыратынымызға сенім білдіремін.

Маликова Ш.Б.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің

 қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және

криминалистика кафедрасы қауымдастырылған профессоры, з.ғ.к.

Избасова А.Б.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің

 қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және

криминалистика кафедрасы, PhD докторы

Қасымбек Асемай

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің

1 курс магистранты

ҚазҰУ студенттері су мәселесі талқылады

  Қазақстан Республикасының тұрақты даму саласындағы халықаралық міндеттемелеріне сәйкес,...

ҚазҰУ студенттерінің белсенді өмірі

  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тек жоғары білім...

ҚазҰУ-сапалы білім берудің үлгісі

    Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) – Қазақстандағы...

ҚазҰУ-еліміздің болашақ көшбасшыларын тәрбиелейтін оқу ордасы

      Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) – Қазақстанның...

ҚазҰУ студенттері кедейлік мәселесін талқылады

Кедейлік-жалпыұлттық өзекті мәселе        Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Заң...