Бекжан ӘШІРБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Ақпарат саласының үздігі: «ЖУРНАЛИСТЕРДIҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МƏДЕНИЕТI БОЛМАСА, ҚОҒАМДА АРАЗДЫҚ ТУЫНДАЙДЫ»

– Бекжан Төребекұлы, еңбек жолыңызға қарасам «Қазақ университеті», «Ел мен жер», «Заң газетінде» бас редактор, «Жас қазақ үні», «Қазақ əдебиеті» газеттерінде редактордың орынбасары болып қызмет етіпсіз. Қазір ғылым жолын қуып, əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде жас журналистерді тəрбиелеуге атсалысып жүрсіз. Жаңа Қазақстанның журналистикасы қандай болуы керек?

– Статистика бойынша басына іс түскен адамдардың 70 пайызы өзінің мəселесін айтуға ақпарат құралдарына барады. 20 пайызы мінəжат орандарына барады. Тек 10 пайызы ғана сотқа барады. Негізі демократиялық қоғамда мəселесін шешкісі келетін əрбір азамат өз құқығын қорғау үшін 100 пайыз сотқа баруы керек қой. Бізде олай болмай тұр. Одан кейін журналистика құзырлы орган емес, тек қоғамдық пікірге ықпал ете алады. Біздің журналистер көбінесе «заңда осылай ғой» дейді де, қай заңның, қай бабы екенін айтпайды. Мысалы Голливуд киноларының кейіпкерлері Америка Конституциясының 2-түзетіліміне, 13-түзетуіне байланысты деп нақты адреспен сөйлейді. Осыдан 4-5 жыл бұрын студенттерім тағылымдамадан өту үшін Германияға барды. Гүлзарда ойнап жүрген баланы көріп бəрі телефонға түсірген ғой. «Баламды неге рұқсатсыз түсіріп жатыр» деп анасы полиция шақырыпты. Олар дабыл белгісін қосып, өздерінің арнайы көлігімен келген соң тіл білетін жетекшілер араға түсіп, студенттер заңдық жауаптылықтан əрең дегенде аман қалған. Яғни, онда заң жұмыс істейді. Бізде кез келген адам ешкімнен рұқсат сұрамай суретке түсіріп, əлеуметтік желіге салады. Бұл сөз бостандығының шыңы сияқты көрінеді. Сондықтан біздің азаматтарымыз біреу көшеде рұқсатсыз телефонға, бейнекамераға түсірсе, «кешіріңіз, Азаматтық кодекстің 145-бабы бойынша менің рұқсатымсыз суретке түсіруіңізге болмайды» деу керек. Кейбіреулерге рұқсатсыз суретке түсіру, сөйлеуге тыйым салу сөз бостандығын шектеу сияқты көрінуі мүмкін. – Ж у р н а л и с т е р д і ң ө з і н е құқықтық сауат керек дейсіз ғой? – Азаматтық кодекстің 145-бабы «Өз бейнесіне құқық» деп аталады. Ол бойынша кез келген адамның, дүниеден өткен адамның да бейнесін мұрагерінің рұқсатынсыз бере алмайсың. Қазір блогерлер кез келген адамды түсіреді, сөйлетеді. Мектептің директорына, аурухананың бас дəрігеріне келіп телефонын қосып қойып, «мен қоғам белсендісі бəленшемін» дейді де, оның бейнесін рұқсатсыз жариялайды. Бұған тоқтам салынғанын көбісі білмейді. Болмаса 145-бапқа өзгеріс енгізіп, əлемдік тəжірибе бойынша танымал тұлғалардан «сіздің бейнеңізді əлеуметтік желіге салам» деп рұқсат сұрау міндетті емес деп жазып қою керек. Мен «Айғақты журналистика», «Журналистік зерттеуден» 3-4 курстарға сабақ берем. Қылмыстық кодекстің 158-бабы «Журналистің заңды кəсіби қызметіне кедергі жасау», 159-бабы «Ақпараттық ресурстарға қол жеткізу құқығын заңсыз шектеу» туралы. Журналист құқық, экономика ғана емес, социологияны да білу керек. – Қазақ журналистикасының ішкі цензурасын қалай азайтуға болады? – Бұл өте күрделі сұрақ негізі. 1993– 2001 жылдары еліміздің Ақпарат министрі болған Алтынбек Сəрсенбаев ағамыз «Жас Алашқа» берген бір сұхбатында: «Мен Қазақстандағы соңғы Ақпарат министрі болып қалсам деп армандаймын» деген еді. Шынында да əлемнің көптеген елдерінде Ақпарат министрлігі деген жоқ. Өйткені Ақпарат министрлігінің болуының өзі – цензураның белгісі. Цензура дегенде бізде мынандай бір мəселе бар. 2024 жылы қылмыстық, азаматтық, əкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстер ауысты. Үлкен дау болып жүрген «Көрінеу жалған ақпарат тарату» туралы Қылмыстық кодекстің 274-бабымен біздің көптеген əріптестерімізді қызметтен шеттетіп, цензураны күшейтіп жатыр. Бізде сынға төзушілік иммунитетін қалыптастыру керек. Өкінішке қарай, осы жоқ. Бізде «жала жабудың» категориясы анықталмаған. Кез келген мəселені осы бапқа əкеле береді. Кешегі «Орданың» тілшісі Гүлнара Бажкенованың, оның алдындағы Мирболат Мырзатайұлының ісі де өте нəзік мəселелер. Сондықтан бізге құқықтық реформа керек. 2024 жылы «Масс-медиа туралы» заң қабылданды ғой. Егер сіз істі болсаңыз, ешкім «Масс-медиа туралы» заңмен соттамайды. Қылмыстық, Əкімшілік құқық бұзушылық туралы, Азаматтық кодекстермен жауапкершілікке тартуы мүмкін. Сондықтан болашақта біз де АҚШ, Ұлыбритания елдеріндегідей жүйеге келуіміз керек. – 2020 жылы «жала жабу» туралы бапты Қылмыстық кодекстен Əкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстырған кезде енді жағдай түзеледі деп үміттендік қой. Алайда бəрі керісінше болуы неліктен? – Қазір Қылмыстық кодексте кеңінен қолданылып жатқан «əлеуметтік, ұлттық, рулық, нəсілдік, тектік-топтық немесе діни араздықты қоздыру» бойынша 174-бап пен Əкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі «Жалған ақпаратты, құқыққа қайшы контентті орналастыру тарату» 456-2-бап. Біз 2023 жылы «Онлайн платформалар мен онлайн-жарнама туралы» заң қабылдадық. Осы жерде де блогерлер мен азаматтық журналистикамен айналысып жүрген адамдардың тынысын біршама тарылтып тастағандай болдық. Жоғары оқу орындарындағы заң факультеттерінде қаншама ғылыми диссертациялар қорғалып жатыр. Олар осы тақырыпты көтеріп, межесіне жеткізу керек. – Жаңа медианың келуі дəстүрлі мерзімді басылымдардың таралымын төмендетті. Біреулер «бұл үрдіс дəстүрлі баспасөзді жоя ды» деп жүр. Бұл қаншалықты негізді? – Жаңа медианың келуі қанша дегенмен биліктің баспасөзге, ақпарат құралына деген монополиясын жойды. Қазақстанда сөз бостандығы қалай дегенмен белгілі дəрежеде өсті. Барлық адам əлеуметтік мəртебесіне, жасына, жынысына қарамай желіде өз пікірін білдіре алады. Жаңа медианың келуімен Жапонияда да бұрынғымен салыстырғанда қағаз газеттердің таралымы түскен екен. Мысалы «Yomiuri Shimbun» («Ёмиури газеті») күнделікті басылымы 5 миллион 850 мың тиражбен шығады. Қағаз газеттің қоғамда болуы сөз бостандығының кепілі сияқты. Дұрыс ылғалда сақталса, газет 200-250 жыл сақталады екен. Əлеуметтік желінің интерфейсі, бағдарламасы əр 5 жылда өзгеруі мүмкін. Демократиялық қоғамда қағаз газеттер сөз бостандығының кепілі. Бізде де Президенттің өзі жылда бір газетке сұхбат беруі жайдан-жай емес. Өйткені Мемлекет басшысы əлемдік тенденцияны жақсы біледі. Осы арада мерзімді басылымдарды қолдаудың бір мысалын айтайын. Францияда 2018 жылы пилоттық жоба болған. Олар 18-24 жастағы француз жастарына ресми газеттерді тегін жаздырып берген. «Əрбір азамат қоғамдық-саяси жағдайлардан құлағдар болу керек» деген саясаттың негізінде. Қазақстанда да билік халықтың құқықтық сауатын көтерем десе оншақты салалық басылымға жазылым ұйымдастырса болады ғой. – Қазір əлемде бірқатар мемлекет арасындағы соғыс майданда ғана емес, ақпарат алаңында да жүріп жатыр. Онда жақсы мен жаманды ажырату қиын боп кетті. Бұл жағдай қанша уақытқа созылуы мүмкін? – Біз қазір жаңа медианың дəуіріндеміз. Азаматтық журналистикаға келдік. Американың коммуникациясын зерттеген Джой Розен деген профессор «Азаматтық журналистика деген біз бұрын аудитория санаған адамдар» дейді. Əлеуметтік медиада жеке эмоциялар бірінші планға шықты. Бұрын газеттің заманы болса, қазір гаджеттердің заманы келді. Алдыңа смартфоныңды қойып қоясың да, өзіңнің мəселеңді айтасың. Өйткені елдің бəрін осы мəселелер ойландырады. Президенттің өзі сөз бостандығының əлеуметтік жауапкершілігі болу керек деп айтады. Азаматтық журналистика оны түсінген кезде сөз бостандығы орнайды. Журналистердің құқықтық мəдениеті болмаса, қоғамда араздық туындайды. Егер сенің əлемдік қауымдастықтың көз алдындағы жағымды имиджің құласа, сен терроризмге бейім елге, соғыс қаупі жақын елге айналасың. Біз қалайық-қаламайық үкімет халықаралық банктерден несие алады. Онсыз экономиканы сауықтыра алмаймыз. Егер бизнеске қауіпті ел болсаң, олардың саған беретін несиесінің мөлшерлемесі жоғары болады. Сондықтан журналист əріптестер ел туралы айтқан кезде бұл мəселені ойлау керек. Тек негативті айта беріп, қара бояуды ғана көрсете берсек, жағымды имиджіміз төмендеп, қарыз алудағы мөлшерлемеміз жоғары болады. – Сенатор Нұртөре Жүсіп біршама уақыт бұрын «Журналистер мəртебесі туралы» заң шығару керек деп ұсыныс жасағанмен, ол аяқсыз қалды. Бұл неліктен? – Бізде «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мəртебесі туралы» конституциялық заң бар. Сол сияқты прокуратураға, əскерилерге жəне тағы басқаларға қатысты түрлі заңдар бар. Сонымен олардың əлеуметтік жағдайы дұрыс. Мəселен, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мəртебесі туралы» заңның кепілдігімен кез келген судья зейнетке ойланбай шыға береді. Өйткені зейнетке шыққан соң жалақасының 70 пайызы сақталады. Əрине, олардың жүктемесі өте қиын. 1 айда 40-50 іс қарап, қаншама адамның тағдырын шешеді. Бұл нəрсе оларға психологиялық соққы да болуы мүмкін ғой. Сондықтан Нұртөре ағамыздың айтқаны орынды. Журналистердің де мəртебесін заңда көрсету керек. Оны «Масс-медиа туралы» заңның ішіне кіргізсе де болады. Бірақ ол орындалу керек. Баяғыда Шерхан Мұртаза ағамыз Парламент қабырғасында: «Не деген масқара. Бізде бір заң орындалу үшін сол заң орындалсын деген тағы да заң шығу керек», – деп еді. Осы жағдай əлі жалғасып келе жатыр. Заңда сөздің нарқын қою керек. Журналистикада қазір сөздің құны жоқ. «Мақалаңның қаламақысы қанша болу керек?» деген нəрсе заңда жоқ. «Заң газетінде» редактор боп тұран кезде облыстық сот төрағалары жиі хабарласатын. «Мына мақаламды газетіңізге жариялап беріңізші» деп. Бірде Жоғарғы Соттың аппаратын басқарған Ирак Елекеевтен «сот төрағалары неге осы «Заң газетіне» шығуға ынталы?» деп сұрадым. Ол кісі «халықтың құқықтық мəдениетін көтеру үшін судьялар республикалық газет-журналдарға ғылыми-танымдық мақала жазса, сыйақы берілсін» деген Жоғарғы Сот төрағасының қаулысы барын айтты. Бізде пітір-садақаның да ставкасы бар ғой. Мүфтиат оны арнайы пəтуасымен бекітіп отырады. Сол сияқты қаламақының да бағасы болу тиіс. Конституция, білім күніне байланысты түрлі кездесулерге барам. Сол жерлерге аудан əкімдерінің орынбасарлары келеді. Олар баспасөз қызметінің спичайтерлері жазып берген 1 беттік қағазды əрең оқып береді. Соған үйреніп алған. Өзі ештеңе айтпайды. Мен бір-екеуіне «Конституция күнінде өздеріңіздің іштен шыққан дүниені неге айтпайсыздар?» дедім. Сондықтан қағаздан оқуға тыйым салу керек. Сол кезде олар да түзеледі. – БАҚ-тағы редактордың рөлі мен жауапкершілігі қандай? – 2010 жылы «Дарын» жастар сыйлығын беріп жатқанда Əкім Тарази ағамыз: «Қазір шығармашыл тұлғаларды бұхалтерлер билейтін заман болды ғой», – деген еді. Шынында да қазір газет редакторларына шағын мақала ұсынсам, барлығы «мынаны баса алмаймын, менің үстімде дирекцияның адамдары бар» деп айтады. Бұл мəселе жойылмай, бізде абсолютті сөз бостандығы болмайды. Бас редактор қазір барлық мекемеде 3-4-ші орында тұр. «Масс-медиа туралы» заңда редактор бірінші орында көрсетілгенімен, шынайы өмірде бəрі басқаша. Бүкіл əлемде құрылтайшы мен редактордың өкілеттігі заңмен реттелген. Сондықтан біз де ең бірінші заңды реттеуіміз керек. – Журналистер одағы журналистердің құқығын қорғап отыр ма? – Шығармашылық одақтардың ешқайсысында ондай құзырет жоқ. Қоғамдық ұйымдардың мəртебесі бірдей. Шығармашлық одақтар идеологияға жауап беретін уəкілетті мекемелермен серіктес болғанда ғана олардың сөзі далаға кетпейді. Сондықтан олардың статусын заңмен қайта анықтау қажет. Президент Аппаратында істеп жүрген кезінде Əлібек Асқаров ағамыздан «Қазақ əдебиеті» газетіне сұхбат алдым. Ол кезде «Қазақ əдебиетінде» жалақы 35 мың теңге еді. «Қаламгерлер қаламақысының əр баспа табағына 150 мың теңге төленетін болды» деп сүйіншілеп бердік. Қазір жағдай шамалы дұрысталды демесең, айтылған сөз айтылған жерінде қалды. – Ұзақ жылдар бойы қоғамдық телеарна ашу мəселесі айтылып, жазылып жүрді де, соңғы кезде бұл əңгіменің аяғы сұйылып кетті. Бізге қоғамдық телеарна керек емес пе? – Қоғамдық телеарна ешкімге тəуелді болмауы керек. Оны қаржыландыру үшін, меніңше, Міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру сияқты жалақының белгілі бір бөлігін əр азамат өз еркімен қоғамдық телеарна жұмысына жинаса, ол өзін-өзі толық қаржыландырар еді. Өйткені оның басшысын министр тағайындамайды. Алайда ол бізде жақын арада құрылатынына өз басым сенбеймін. Жалпы, журналистика мықты болу үшін 101, 102, 103 қызметтері деген сияқты БАҚ-та да осындай техникалық мүмкіндік болуы шарт. Олардың кез келген уақытта оқиға орнына жедел жетіп, сол жерден тікелей ақпарат тарату мүмкіндігі туса, сол кезде журналистика шынайы болады. – Əңгімеңіз үшін рақмет! Кəсіби мерекеңіз құтты болсын!

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Ата-ана құқықтары мен міндеттері

Отбасы қоғамның негізгі әлеуметтік институты болып табылады. Әрбір баланың...

Қылмыс және жаза тағайындау

Сот қылмыстың ауырлығы бойынша қай санатқа жататындығын, қылмыстың қайталануын...

СОТ ТӨРЕЛІГІНДЕГІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: КӨМЕКШІ МЕ, ӘЛДЕ БАЛАМА МА?

Цифрландыру дәуірі адамзат қызметінің барлық саласын түбегейлі өзгертіп, заң...

Мемлекеттік сатып алу санатындағы әкімшілік істерді қарау ерекшеліктері

Мемлекеттік сатып алу – ел экономикасының маңызды құрамдас бөлігі...

Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына – 25 жыл

2026 жылы 1 тамызда Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық...