Сот қылмыстың ауырлығы бойынша қай санатқа жататындығын, қылмыстың қайталануын және оның түрлерін, қылмыстық құқық бұзушылықты жасау кезеңін, сотталушының қылмыстық құқық бұзушылықты жасау кезіндегі қатысу дәрежесін, қылмыстық құқық бұзушылықтың мақсатына жету үшін оның әрекеттерінің маңызын және келтірілген немесе келтірілуі мүмкін зиянның сипаты мен мөлшеріне ықпалын, сол қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазаға қарағанда неғұрлым жеңіл жаза тағайындау негіздерін де ескереді.
Қылмыстық кодексте жеке адамға, отбасы және кәмелетке толмағандарға, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына, мемлекеттің конституциялық құрылысына және қауіпсіздігіне, меншікке, қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы және т.б. қылмыстық құқық бұзушылықтар көзделген, яғни сотпен жаза тағайындау барысында жасалған қылмыстың түрлеріне де назар аударылады. Сотпен қылмыстық топтардың құрамында қылмыстық құқық бұзушылықты, сыбайлас жемқорлыққа қатысты, террористік, экстремистік қылмыстарды, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылған және түзелу жолына түсуді қаламайтын бұрын сотталған адамдар үшін заңмен көзделген қатаң жазалау шараларын тағайындау міндетті түрде талқыланады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының барлық адам заң мен сот алдында тең, ешкім де заңды күшіне енген сот үкімі болмай қылмыс жасауда кінәлі деп танылуға жатпайды және қылмыстық жазаға тартыла алмайды деген ережелерін негізге ала отырып, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлығына, сотталушының қызметтегі және қоғамдағы дәрежесіне қарамастан, әрбір қылмыстық істі заңға сәйкес бұлжытпай шешуі қажет екендігіне соттардың назары аударылсын. Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 52-бабында көрсетілген жаза тағайындаудың жалпы қағидаларын бұлжытпай сақталады. Қылмыстық құқық бұзушылық жасалғаннан кейін міндетті түрде қылмыстық жауаптылықтың туындайтыны және заңда көзделгендей оған қандай да бір жаза тағайындалатыны анық. Жаза тек сотпен қылмыс жасап, кінәлі деп танылған тұлғаға ғана тағайындалады.
Жаза тағайындаудың өз ерекшеліктері бар, яғни жасалған қылмысқа байланысты жаза тағайындау кезінде қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесі, кінәлі адамның жеке басы, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі оның мінез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайын- далған жазаның сотталған адамның түзелуіне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тіршілік жағдайына ықпалы ескеріледі.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің ақпараттық жүйесінде соттылық туралы ақпарат мәңгілік сақталады. Сол себепті, қылмыс жасау — азаматтың өз болашағына балта шапқанмен тең. Оның жасаған қылмысы өмірінің барлық кезеңдерінде кесірін тигізіп отырады.
М.Аубакирұлы, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің қылмыстық саладағы заңдылықты қадағалау жөніндегі прокуроры


