12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Баян ТОҚТАРОВА, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы: «ЕҢ ҮЛКЕН БАҚЫТ — БЕЙБІТ КҮН»

Бүгінгі таңда қоғамның жүгін ер-азаматтармен қатар арқалап жүрген қыз-келіншектер көп. Әлемді мейірім мен шуаққа толтыратын да аналар, арулар. Қызметіне асқан жауапкершілікпен қарап, кәсіби білік шыңын бағындырып, ел құрметіне бөленіп жүрген де осы абзал жандар. Мереке қарсаңында біз ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Баян Тоқтаровамен жолығып кәсіби маманның қиындығы мен қызығы қатар өрбіп жатқан қызметі мен жеке өмірі, жалпы қоғам жайлы әңгімелестік. Жоғарғы Сот судьясының ойлары – жұмыр, тәжірибесінен айтқан естеліктері – құнды.

Күрделі істерді қарау бізді ширатты

– Қазақтың философиясы қуаныштың мәнін барлық кезеңде де айрықша көрсетеді. Өйткені, өмірдің мұндай сәттері адамның жүрегіне мейірім, ізгілік ұялатып, өзара сыйластыққа, ынтымаққа дәнекер болады. Әсіресе, адамзатқа өмір беретін аналардың қуануы, өзіне деген риясыз пейілді, ақ ниетті сезінуінің орны бөлек. «Жұмақ ананың аяғының астында» деп бекер айтылмаған. Аяулы ана, асыл жар, жанашыр жеңге, сырлас абысын, сенімді әріптес болып, бүкіл елдің көшін сүйреп жүрген әйелдерге құрмет көрсету, қамқор болу, қабілетіне лайықты қызмет беру арқылы қоғамдағы көп жараның емін табамыз. Бұл күндері балалар, келіндер, немерелер құттықтайды. Шыны керек, ешкімнен ештеңе күтпеймін. Ең үлкен бақыт айналаңның амандығы, ел іргесінің бүтіндігі, бейбіт күн. Бұл – әрбір ананың тілегі. Мен судьялыққа 36 жасымда келдім. Судья боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді. Жалпы, университетті бітіргеннен кейін мемлекеттік нотариус болдым. Тоқсаныншы жылдары нотариалдық кеңселер ашыла бастады ғой. Сонда менімен бірге университет бітірген қыздар өздерінің жеке нотариалдық кеңселерін аша бастаған кезде мен де осы бағытқа түсуге шешім қабылдадым. Бұл үшін арнайы емтихан тапсыру керек. Сол кезде жалпы емтихан болды. Оны тапсырған адам судья да, адвокат та бола алады. Бірге тапсырғандар осы емтиханды да тапсыруға кеңес берді. Одан соң курстастар «емтиханың бар, тәжірибең бар, судьялыққа құжат тапсырсаңшы» деді. Шынымды айтсам, жүрексіндім. Тек үш жылдан кейін тәуекелге бел буып, судья болуды шештім. Соңғы 20 жыл бойы осы қызметтемін. Судьялық өтілім Павлодарда, қалалық соттан басталды. Одан соң жаңадан ашылған экономикалық сотқа ауыстым. Ары қарай облыстық сотта азаматтық істер алқасының судьясы болып, 13 жылдан кейін Жоғарғы Сотқа келдім. Алғашқы кезде тараптардан қорқып отырасың. Кейбірі сот шешіміне риза болмай қарғап кетеді. Бұл өте ауыр тиеді. Уақыт өте келе бәріне үйрендім. Жалпы, білімің болса, құқықтық өлшемдерді дұрыс қолдансаң қиындығы да жоқ. Тек істі мұқият қарау керек. Ең бастысы адал ниет пен жауапкершілік. Судьяның негізгі міндеті заң бойынша бәрін жүзеге асырсаң болды. Біз алғаш жұмыс бастаған кезде қазіргідей мамандандырылған соттар болмады. Аздап осыдан қиналатынбыз. Қазір соттар азаматтық, қылмыстық, тергеу соты болып бөлінеді. Әкімшілік әділеттің өз судьялары бар. Жиырма жыл бұрын осының бәрін бір судья атқарып, бүкіл істерді қарай беретін. Таңертең келесің де әкімшілік, одан соң некеге қатысты дауларды, сағат 11-де айдауыл келіп, қылмыстық істі қарайсың. Түстен кейін азаматтық істермен айналысып, сағат 5-те колонияға кетесің. Қазір бұлардың бәрі дербес мамандандырылған сотқа айналып, судьялар белгілі бір бағыт бойынша ғана іс қарайтын болды. Бұл судьялардың әр түрлі мәселеге алаңдамай, тиісті саланы терең зерделеп, істі барынша сапалы жүргізуіне мүмкіндік ашты. Әртүрлі бағыттағы істерді қарау бізді ширатты. Қазір 30 жылдық өтілі бар судьялардың барлық істі қарай беретін мүмкіндігі бар.

Адамдар заңды білмеген соң үлкен қиындықтарға тап болады

– Қазір неше түрлі дау туындайды ғой. Кей адамдардың ниеті дұрыс емес, кейбірінің құқықтық сауаты әлсіз. Соның салдарынан түрлі қиын жағдайға тап болып жатады. Күрделі істер көп. Бәрін заң бойынша шешеміз. Жеңілген тараптар әрине наразылық білдіріп жатады. Әсіресе, банктерден алынатын қарыздар бойынша дауларды қарау моральдық-психологиялық тұрғыда өте ауыр. Әрине, басындағы жалғыз баспанасынан қарызын өтеу үшін айырылу кімге оңай тисін. Жаңа айтып кеткендей жылап-сықтау, қарғау осындай кезде басталады. Кейбірі өзіне қол салып жатады. Ажырасып жататын отбасылар да бар. Ал, заңның өз шеңбері бар. Судьялар осы борышкерлермен бетпе-бет қалады. Олармен тіпті бірге мұңайып, бірге қайғырады десе де болады. Бірақ көмек көрсетуге дәрмені жоқ. Осы жағдай қоғамдық мәселеге айналған соң үкімет банктерге қатысты талаптарды қатаңдатып, қарызға батқан азаматтар үшін бірқатар жеңілдіктер жасады. Бұл судьялар үшін де қолайлы болды. Заңдарға жасалған өзгерістер негізінде банктер де енді төленбеген қарызға тек алты айдан соң ғана сыйақыны қосады. Айыппұл қарыздың он пайызынан аспайды. Бұл белгілі деңгейде борышкерлер үшін үлкен қолдау, көмек болды. Судьялар жүктемесінде теңгерімсіздік бар. Бұл мәселе қанша күш салынса да шешілмейді. Бізде мысалы бір ауданда айына 70 іс қаралса, тағы бір ауданда жылына 70 іс те болмайды. Жүктеме әсіресе, үлкен қалалардағы соттарда көп. Шаралар атқарылып, заңдар қабылданып жатыр. Бірақ бұл мәселе халықтың орналасу тығыздығына байланысты. Жалпы, тараптар Астанада болғанымен, олардың өтінішімен істі басқа қалалардағы соттарға жіберуге болатын шығар. Бірақ бұл да тиімді шешім емес. Мұның түйінін тарқату үшін біз салдармен емес, себеппен күресуіміз керек. Мысалы, жаңа айтқанымдай, қаншама мәселе адамдардың алған несиесін төлемей, оны мәжбүрлеп өндіріп алудан туындайды. Бұл соттардың емес, үкіметтің мәселесі. Адамдардың төлем қабілетінің әлсіздігі, несие алудың оңай үрдіске айналғаны үшін неге соттар кінәлі болу керек. Адамдар жағдайы болмаса, неге қарыз алып, үлкен той жасайды. Қарыз болған соң үйде жанжал болады, бірі-бірінен ажырасады. Пирамидаға неге барады? Оған кеткен ақша қайтпайды ғой. Бұл қылмыс. Өйткені, оны құрғандардың өзінде қаржы жоқ. Мысалы, киберқылмыстар көп. Оған ұрынғандардың бәрі телефондарына күмәнді қосымшаларды өздері ашқан, келген хабарламаларды алаяқтарға өздері айтып берген. Осының бәрі заңды білмеудің, қаржылық сауат төмендігінің салдары. Міне, осы мәселемен жұмыс жүру керек. Сот бұл проблеманы шеше алмайды. Иә, жанымыз ашиды. Бірақ біз мәселе қалай бар, солай шешеміз.

Бірінші сатыдағы сот сені тәуелсіз болуға үйретеді

Апелляциялық сот салмақтылыққа әкеледі. Өйткені, істі қайта қарайсың. Бұрын облыстық соттарда апелляция және кассация болатын. Кассацияның жауапкершілігі бәрінен де үлкен. Өйткені, өз әріптестеріңнің шығарған сот актілерін қайта қарайсың. Ал, Жоғарғы Соттың жауапкершілігі тіпті жоғары. Өйткені, сенің жазған қаулың сот кабинеттері арқылы бүкіл халыққа жария болады. Оны ашады да соның негізінде өтініш жазады. Сондықтан Жоғарғы Сот судьясына жүктелетін жауапкершілік өте жоғары. Өкінішке қарай, жұртшылық арасындағы кейбір пікірлерге қарағанда «Жоғарғы Сотқа түскен істер толыққанды зерделенбейді, көбіне төменгі сатылардың шешімдері өзгертілмей бекітіле салады деп ойлайды. Жеңілген тараптар бұлай демегенде басқа не айтады? Қараймыз, зерттейміз. Алдағы уақытта бұл жұмыс одан әрі дамытылмақ. Бірақ қазірдің өзінде Жоғарғы Сот судьялары істі толыққанды қарамайды деп айтуға болмайды. Бұл тіпті мүмкін емес. Өйткені, әр шешімге қолымызды қойып, оның жауапкершілігін арқалаймыз.

Заңдар табиғаты эмоциялық сезімге байланысты емес

Көпшілік арасында көптеген заңдар табиғаты эмоциялық сезімге байланысты деген пікір бар. Бірақ мен онымен келіспеймін. Заңдар табиғаты эмоциялық сезімге байланысты емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты істерді қылмыстық іс судьялары қарайды. Бірақ азамат ретінде бұл проблеманы білемін. Бүгінде бұл мәселеге орай елімізде көптеген шаралар қабылданып жатыр. Мемлекет басшысы соңғы жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша заң талаптарын күшейту керек деді. Мұны мен толығымен қолдаймын. Жалпы, менің ойымша, қылмыскер тиісті жазасын алу керек. Өкінішке қарай, көбіне оларға кешірім жасалады. Мысалы, әкелері шешелерін ұрған соң балалары шырылдап, полиция шақырады. Бірақ ертеңіне таяқ жеген әйел «Ол менен кешірім сұрады, кешіре салайын» деп өзі күйеуін жазадан арашалап алып қалады. Содан соң проблема тереңдей береді. Сондықтан тәртіп болу керек. Бұл жерде ешқандай эмоцияның қажеті жоқ. Сот тек жазаны жұмсарту жағдайы бойынша ғана шешім қабылдасын. Ешқашан жауапкершіліктен кетпесін. Қазір барлығы эмоциямен шешіледі. Бұлай істеуге болмайды.

Гендерлік теңдікте сот саласы алдыңғы орында

– Қазір тиісті заң бойынша билік бұтақтарында әйелдер саны отыз пайыздан кем болмау керектігі бекітілді ғой. Біздің сот саласына мұндай талап қажет емес деуге болады. Өйткені, бізде судьялардың 50 пайызы әйелдер. Гендерлік теңдік бойынша сот саласы алдыңғы қатарда тұр. Жұмысы қандай қиын болса да әйелдер судья болуға ынталы. Менің ойымша бұл қуанарлық жағдай. Себебі, әйелдер барынша ізгі ниетті, сезімтал. Бірақ аудандық соттар төрағалары ішінде әйелдер болғанымен, облыстық сот төрағалары бырыңғай еразаматтар. Бұл тұрғыда да қысым жоқ деп ойлаймын. Әйелдердің өзі осы қызметтің жауапкершілігін мойындарына алғысы келмейді. Судьялықта істі сапалы қарау үшін ең бастысы, жаңа айтып кеткенімдей, жүктеме шектен тыс көп болмау керек. Екіншісі, тараптар өкілдерінің дайындық деңгейінің төмен болмауы да маңызды. Қазір оларға қатысты бірқатар оң шешімдер бар. Мысалы, бұрын сіздің біліміңіз жоқ болса да сізге мен сенім хат беріп, өкіл ете алатын едім. Тек жоғарғы біліміңіз болса, жеткілікті. Қазір өкіл болу үшін адвокат немесе заң палатасына тіркеліп, соның кеңесшісі болуыңыз керек. Сосын өкіл қанша отырыс өтсе де судья секілді қатысуға дайын болуы тиіс. Барлық дәлелдерді жинақтап, оларды дұрыс ұсына білуің керек. Бірақ көбісі бұл талаптарды орындамайды. Сосын сот отырысын кейінге қалдыруды сұрайды. Жоғарғы Соттың өзінде солай. Амал жоқ оған түсіндіруге тура келеді. «Сен мемлекеттік бажды төлеген жоқсың. Бұл іс бойынша баж көлемі осындай болу керек. Хатыңды қосымша жібер» деп кеңес береміз. Өкіл кәсіби маман, осы қызмет үшін ақша алады. Неге мен оған түсіндіруім керек? Өкінішке қарай, осылай етуге мәжбүрміз. Бұл әрине, сот өндірісіне белгілі деңгейде кері әсер етеді.

Білікті қазылар жетіспейді

Сот төрелігінің сапасын көтеру судьяның біліктілігіне, тәжірибесіне байланысты. Өкінішке қарай, бізде қазір осындай судьялар жетіспейді. Мысалы, жергілікті аудандық соттарда он пайызға дейін бос орындар бар. Солар қанша уақыттан бері толмай келеді. Талай рет конкурс жарияланса да келіп жатқан ешкім жоқ. Мұның басты себебі – судьялыққа үміткерлерге қойылатын талаптардың тәжірибеге сай келмеуі. Судья болам деген адам үш жыл жұмыс істеу керек. Содан кейін барып, емтихан тапсырады. Сосын полиграфтан өтеді. Тағлымдамада бір жыл жүреді. Бұл үшін негізгі жұмысынан босатылып, ол орын сақталады,Үкімет үміткерге судьяның жарты жалақысын төлейді. Бұдан өткеннен кейін облыстық соттарда жалпы отырыстың оң қорытындсын алу керек. Содан кейін барып, конкурсқа жіберіледі. Егер төрт жыл ішінде судья болып үлгермесе осының бәрінен қайта өтеді. Егер үміткер заң саласында жұмыс істеп жатса, оның жағымды мінездемесі болса, мұның қажеті не? Бұл қаржының құр босқа далаға кетуі ғой. Қайта байқауға қатысып, тағылымдамадан өту жасанды кедергі. Ал, енді бұған керсінше облыстық сотқа өзінің біліктілігін дәлелдемей, заң саласында істемей келіп жатқандар бар. Оларға жағдайлар жасалып отыр. Неге бірінші сатыға барам дегендерге осындай жеңілдік жасамасқа. Олар ақылды, тәжірибелі адамдар. Бірақ бір беті қайтса, екінші рет бармайды. Қолды бір сілтейді де басқа салаға кетіп қалады. Сондықтан сот корпусын жаңғыртып, сапалы мамандармен қамтамасыз еткіміз келсе, бірінші саты судьялығына үміткерлерге талаптар жеңілдетілуі керек.

Мақсат жолында табандымын

Отыз жыл істесең де білетініңнен білмейтін нәрселерің көп. Өйткені, әртүрлі жағдай болады. Қазір тіпті, ұлтымыздың менталитетіне жат небір әрекеттер көрініс беріп жатыр. Әке баласымен соттасады. Немерелері әжелерін үйден шығарып тастайтын оқиғалар болуда. Меншік иесімен келісімге келу өте қиын. Осы секілді қиын жағдайларда, әсіресе, бірінші сатыда істеген кездерде процесті тоқтатып қойып, әріптестермен ақылдасамыз. Нені оқу керек, нені басшылыққа алу керек екенін бірге талқылап шешетін кездер болады. Мұнсыз болмайды. Судьялыққа, оның ішінде Жоғарғы Соттың судьясының лауазымына әркім келмейді. Бұл жолда ерік-күштің үлкен рөлі бар. Өзіңді тәртіпке келтіре алмасаң, өзіңді жеңе алмасаң кетесің. Сондықтан көп нәрседен бас тартуға, рухани тұрғыда дамуға, денсаулығыңды күтуге уақыт арнап, қарым-қатынастарда көп нәрседен шектелуге тура келеді. Ұлтқа қызмет көрсету білімнен емес, мінезден деп Алаш көсемі Әлихан Байменов айтқандай, мінез болу керек адамда. Жалпы, мен ерке бала болдым. Айтқаным орындалатын. Бес жасымда мектепке бардым. Әке-шешем бұл талабымды тұсамады. Соның арқасы болар кез келген мәселеде батылмын, тәуелсізбін. Мақсатымның жолында табандымын.

Дайындаған Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

Алтынбек НУХҰЛЫ, Парламент Сенатының депутаты: «ҚАБЫЛДАНҒАН ӘРБІР ЗАҢ МАҢЫЗДЫ»

– Биылғы жылы қандай маңызды заңдар қабылданды? – Қазақстан...

ЖЕР БАҒАСЫ АСПАНДАП ТҰР

Қиян шеттегі ауылды қайдам, аудан орталығындағы жер бағасы сіз бен бізді ойландырмай қоймайды. Облыс не үлкен қала орталығына жақын елді мекендерді былай қойғанда, 10-15 мың түтіні бар моноқалалық жерде 10 сотық жер бағасы 2-3 млн теңгеден асып жығылады.

Қазақстан су тасқыны кезеңіне дайын ба?

Төтенше жағдайлар министрлігі 2025 жылдың су тасқыны кезеңіне дайындық барысы туралы айтты.

Елімізде 35 градусқа дейін аяз болады

Синоптиктер 24, 25 және 26 желтоқсанда Қазақстанда ауа райы қандай болатынын болжап айтты.

ШҚО-да қар көшкініне байланысты жолдар жабылды

Шығыс Қазақстан облысында көлік қозғалысына шектеу қойылды.