12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

БАНДЫНЫ ҚУҒАН ХАМИТ

Түнгі сағат үштен он бес минут кеткенде кезекші бөлімнің телефоны шарылдап қоя берді. – Аудандық полиция тыңдап тұр. – Әләу… әләу… –Тыңдап тұрған аудандық полиция, айта беріңіз. – Өлтіріп кетті, ойбай! Тонап кетті, ойбай! – Адрес. Адресті айтыңыз! – Абай көшесі. 264 үй! Тезірек… Дабыл қағылды. Аудандық полиция бөлімінің түнгі құрамы аяғынан тік тұрып, аталған мекенжайға жетті. Ақпанның аязды түні тым ызғарлы. Аула да, үй де көзге түртсе көргісіз қараңғы. Электр сымын сырттан қиып тастапты. Демек, қылмыс кездейсоқ емес. Ойластырылған. Есік алдында қарайып біреу сұлап жатыр. Фонардың жарығын түсіріп қараса, қарт адам. Жүзін қан жуып кеткен. Жедел уәкіл Хамит оның тамырын басып көріп, жантәсілім болғанын аңғарды. Үйдің ойраны шыққан. Бір әйел, екі ұл бала қанға боялып жайрап жатыр. Кеудесінде жаны бар. Оларды Жедел жәрдем зембілге салып, ауруханаға әкетті. Қайтыс болған қарияның басына ауыр соққы тиіпті. Содан жантәсілім қылған сияқты. Мәйіт дереу сот-дәрігерлік сараптамаға жіберілді. Криминалистер үй ішінен саусақ ізін таппады. «Қолғаппен келген» десті. Өзгеше заттай айғақ көзге түспеді. Болжам жасауға да ілік табылар емес. Жарақат алған әйел мен балалар есін жимай, әлдене білу мүмкін емес. Қайта жанекпінмен полицияға телефон шалып үлгергенін айт! * * * Көршілерге сұрау салғанда бұл үйдегі отағасының есімі Темірхан екені белгілі болды. «Жеделдетіп үй иесінің қайда жүргенін анықта!» деп аудандық полиция бастығының жедел іздестіру жөніндегі орынбасары Ғалымжан Мәметов тапсырма берді. Жедел іздестіру нәтижесінде үй иесі Темірхан Оразбаевтың сауданың жайымен Байқоңыр қаласында жүргені белгілі болды. Телефон соғып, «Үйіңізде төтенше жағдай боп қалды, тез келіңіз» деп хабарлады. Бір жарым, екі сағаттай уақыт өткенде жеңіл көлігімен есі шығып Темірхан да жетті. – Айналайын-ау, не боп қалды? – деді ол үрейленіп. – Аға, сабыр етіңіз, жағдай жақсы емес, – деп болған жайды жасырмай айтты Хамит. – Қап, нәлеттер-ай, өзім болмағанымды қарашы! Әттең-ай, әттең! – деп бармағын шайнады Темірхан. – Өкінгенмен пайда жоқ. Іске кірісу керек! Қанішер жауыздарды құрықтау керек! Кімнен күдіктенесіз? Соны ойланыңыз! – деді Хамит. – Ойбай-ау, інім-ау, кімнен дейсің бе? Қайдан білейін қай иттің баласы екенін. Тірі пендеге жамандық жасамап ем, – деп маңдайын ұрғылады. Олар сол бойы ауруханаға келді. Әйелі есін жиыпты. Бірақ өз-өзіне әлі толық келе қоймаған сияқты, не айтып, не қойғанын өзі де біліп отырған жоқ. – Олар неше адам? – деп сұрады Хамит . – Екеу… бет-аузын таңып алған, – деді әйел жай сөйлеп. – Дене бітімі, бойы қандай? Үстінде кигені қандай киім? – деп Хамит сұрақты үсті-үстіне қойып жатыр. – Білмеймін, – деді әйел басын шайқап, кемсең қақты. – Тас қараңғы еді. Әйел көзін жұмып, бірауық ойланып жатты да: – Біреуін жаздағы балаға ұқсаттым, – деп қалды. – Жаздағы бала? Ол кім? – деді Хамит Темірханға қарап. – Ойпырмай! Өткен жазда екі жігіт жұмыс істеп еді үйде. Солар болмаса?! – Аты-жөні есіңізде ме? Қай жақтікі? – Біреуі Қазалыдан. Екіншісі Алматы жақтан-ау. Бақытжан, Мірқасым… аттары. – Толық аты-жөні, фамилиясы? – Пәмилесін құдай білсін! Есте тұра ма? Үйде құрылысты жазған дәптер бар еді. Содан қарайын… Ертеңіне ескі дәптерден Бақытжанның ғана фамилиясы табылды. Досқалиев екен. Екіншісінің фамилиясы жазылмапты. Хамит Қазалы аудандық ішкі істер бөлімімен хабарласып жүріп, Бақытжан Досқалиевтің мекенжайын анықтады. Алайда ол жерден Бақытжан табылмады. Қайда жүргенін ешкім айта алмайды. Хамит күдікті жігіттің өз туысқандарын да, нағашы жағын да түгел зерттеп, білді. Әдетте қылмыскер адам осы екі жұртына барады. Қылмыскердің қайда жүргені де туысқандарына беймәлім. Ал ол болса, қос тарапқа да із тастамаған. Негізі Қазалы жақта қылмыскер адамның бой тасалайтын жері көп. Хамит сондай қуыс-қолтықты түгел тінтіп, тексерді. Бармаған жері жоқ, сонда да жіптің ұшын ұстай алар емес. Бастығы да тез тап деп асықтырып қояды. Қылмыс ашылмаса, аудандық полицияның жұмысы нашар деген сөз. Қазалыға бір барғанда әскерде бірге болған досы Ерқанатқа соқты. Шай үстінде Ерқанат: – Қазалыға келгіштеп кеттің, сірә жоқ іздеп жүрсің-ау! Бірақ менттер біздей пақырға құпиясын айтпайды ғой, – деп баяғы ақкөңіл мінезімен қарқ-қарқ күлді. – Айт, мүмкін көмегім тиер. – Шынымды айтсам, Досқалиев Бақытжан дегенді іздеп жүрмін. Білсең көмектес. Бірақ мұны жан баласы білмеуі тиіс. – Бақытжан дейсің ба? Әрине, айтпаймын. Фамилиясы Досқалиев ә? Қай жылғы өзі? – Сексен тоғызыншы… – О-о, ол Сағалбайдың Бақытжаны болды онда. Бізде үш-төрт Бақытжан бар. Иә оны білем. Атақты ұры ғой ол, бандит. Сен оны Қазалыдан іздеме. Ол бұнда жоқ. Ол сыртта. Анада Астанада кездесіп қалғанмын онымен. Қасында Ерғали деген жүр. Ол да Қазалының жігіті. Қазір Ақтөбенің Қарғалы ауданында тұрады дейді. Бадамша деген аудан орталығында. Бір білсе сол біледі. Соны тауып алып, қысып-қысып жіберсең айтуы мүмкін. Ерқанат айтқан хабардың ізімен Бадамшаға да жетті. Ерғали тұратын үйді де тапты. Бірақ ол үйінде емес екен. «Ресейдің Орск қаласына кетті» деді үйіндегілер. «Неге кетті?» деген сұраққа «СТО-да жұмыс істеуге» деген жауап алды. Нақты мекенжайын, телефон нөмірін айта алмады. «Тездету керек, жалғыз ілгек сол ғана» деп асықты. Пойыз күтсе кешігетін түрі бар. Көпшілік асханадан жүрек жалғап алды да, трассаға шықты. Қолтық астында тапанша асынған, қол сөмкеде екі оқсауыт оқ бар. Куәлік қалтада, жәй киіммен келеді. Сақтық керек. Егер қылмыскермен бетпе-бет кездесіп қалса, ол да тайынбас. Жолда «АУДИ» жеңіл көлігі тоқтады. Рөлде қаба сақал, жасы отыздарға келіп қалған мығым денелі жас жігіт отыр. Бұған терезеден қарап: – Қайда барасың? – деді сақалы жыбырлап. – Орскіге. Ала кетші, – деді бұл. – Отыр. – Сендер де сонда барасыңдар ма? – деді Хамит қаба сақалдың бетіне бажайлай қарап. – Әрі қарай кетеміз. Орскінің үстімен жүреміз. – Жолымыз бір екен. Артқы отырғышта екі жігіт жайғасыпты. Хамит көлікке бас сұға бере оларға да көз қиығын салып өтті. Бірі отыз-отыз бестер шамасында, екіншісі одан сәл үлкендеу жігіт ағасы. Олар бұның әр қимылын бағып қарап қалыпты. «Пошымдары жаман екен. Бекер міндім бе?» деп қауіп ойлап қойды. Енді не болса да кеш. Қайта түсіп қала алмайсың. Төс қалтасын қараған боп, қолтығындағы тапаншаның ілгішін ағытып қойды. Рөлдегі қаба сақалды көз қиығымен бағып, арттаға екеудің қимылын түйсігімен сезіп келеді. Отырғыш арқалығын сәл шалқайтты да, соған жантайып көзін жұмды. «Бұлар маған тиіспеуі де мүмкін ғой, – деп ойлады бір уақ. – Бекерге қауіптендім бе, осы?» «Сонда да болса сақтық керек. Сақ болсаң сақтаймын деген бар емес пе! – деп ойлады тағы. Егер ойлары арам болса, алда отырған адамды қылғындырып өлтіру онша қиын емес. Алқымына тұзақ түскен жан ондайда тым қауқарсыз. Тіпті, тебіне де алмай қалады. Талай таксишіні солай өлтіріп, көлігін олжалап кеткендер болған». Жарты сағат уақыт өтті ме екен, өтпеді ме екен, бір кезде қаба сақал жөткірініп қалып, әлдене дегендей болды. Не дегенін түсінбей қалды, бірақ әлдебір ғажап түйсікпен артта отырған екеудің бірі өзіне төніп кеп қалғанын сезді. Сол сәт сол қолын шалт жоғары көтеріп қалғанда алақанына жіңішке арқан іліге кетті. Арқанды тамағына жолатпай керіп тұрып, оң қолымен тапаншаны суырып алды да, қаба сақалдың қара санына бағыттап, шүріппені басып қалды. Тапанша тарс етті, қаба сақалдың баж еткен дауысы естілді. Көлік былғақтап барып, үлкен жолдан шығып кетті. Сол бойы жиырма-отыз метрдей жерге зырғып барып, жыраға соғылды. Капоты сарт етіп ашылды. Осының бәрі қасқағым сәтте болды. Анау үшеуі ес жия алмай алақтап қалғанда, Хамит мойнына түскен арқанды жұлып алып, көліктен атып шықты. Тапаншадан тарс-тарс еткізіп аспанға екі оқ атты. «Түсіңдер ма шинадан!» деп кіжіне бұйырды оларға. Арттағы екеуі қолдарын көтеріп үрке-соқтап түсіп жатыр. Қаба сақал кемсеңдеп, аяғын баса алмай тұр. – Братан, бізден қателік кетті, – деді біреуі. – Келісейік. Не сұрасаң да береміз, – деді екіншісі. – Тапқан екенсіңдер саудаласатын адамды. Мен полиция қызметкерімін. – Адам атқаның үшін жауап бересің! – деді қаба сақал. – Менің прокуратурада адамым бар. Білдің бе? – Былшылдама! Қажет болса тағы атам! Екі аяғыңды теңестірем! Ол аз болса, үшеуіңді де ит құсатып ата салам. Не істейсіңдер маған!? – деді Хамит тапаншаны кезеніп. Үшеуінің үні өшті. – Машинаны шығарыңдар! – деді Хамит сау тұрған екеуге бұйыра сөйлеп. Олардың жастауы машинаны оталдырып, үлкен жолға айналдырып әкелді. Бір жақсысы трассаның осы тұсы тік жар емес, жайпауыт екен. – Сен бері кел, – деді Хамит қаба сақалға, сосын ана екеуіне қарап: – Жібіңді әкел! – деді. – Жаңа мені қылғындырмақ болған жіпті айтам. Біреуі лып етіп, аяқ саларға түсіп қалған жіпті жеткізді. – Ананың санын тас қылып байла! Қансырап қалар, – деді қаба сақалды нұсқап. Екеуі Хамиттің айтқанын орындады да, енді не істейік дегендей бері қарады. – Ал, енді кеттік! Екеуің алға отырасыңдар. Не қарап тұрсыңдар? Давай! Айдаңдар машинаны! Ал мен сақалмен бірге артта отырам, – деді. Анау екеуі күйбеңдеп алға отырған соң: – Ал, сен, шеш белбеуіңді! – деді қаба сақалға иек қағып: Қаба сақал белбеуімді шешіп не істемек дегендей алақтап қалып еді, Хамит сол қолын оның ышқырына салып жіберіп, белбеуді суырып алды. Оң қолындағы тапаншаны қойнына сүңгіте салды да: – Соз бері қолыңды! – деді. Ай-шайға қаратпай сақалдың екі білегін айқастырып, өз белбеуімен шындап байлады да тастады. Машина орнынан қозғалды. Хамит алдағы екеудің желкесіне тапаншасын тақап, нұқып-нұқып қойып: – Тырп етсеңдер өлесіңдер. Сөзге келмей атам! – деді. – Братан, кешірші! Айтқаныңыз болады, – деді рөлдегісі. – Сендер мені Орскіге апарасыңдар. Сосынғысын сосын көреміз, – деді Хамит күшіне мініп. Бұдан кейін ләм-мим тіл қатыспады. Қаба сақал ғана жарақатын ауырсынып, ауық-ауық ыңыранып қояды. Көлік бірқалыпты заулап келеді. Өзінің ойынша, Бадамша мен Орскінің арасы жүз шақырымдай. Бәлкім сәл көбірек. Бір жарым, екі сағатта жетуі тиіс. Айнала мидай жазық дала. Шетіне көз жетпейді. Кең далада Сыр бойындағыдай емес, ауыл аз. Жол бойы ұшырасқандары далиып жазылмай, ат төбеліндей шошайып-шошайып анадайда артта қалып жатыр. Бір сағаттай жүрген соң: – Братан, шаптырып алайық, а? – деді рөлде отырғаны бұған жалынышты көзбен қарап. – Мейлің, – деді Хамит. Машинаның тоқтаған жері көпір екен. Суы төменде сарғайып ағып жатыр. – Әй, сендер алысқа бармаңдар! – деп ескертті Хамит жүгіре түскен екеуіне. Ұзынды-қысқалы екеу жолдың жиегіне қатарласып тұра-тұра қалысты. Сонан соң екеулеп қолы байлаулы сақалдыны түсіре бастап еді. Хамит көпірдің жиек темірінен ұстап, төменде ағып жатқан суға қарай берген-тұғын, машина жүксалғышының сарт-сұрт ашылған дыбысы құлағына шалынды. Жалт қарағанда кеспелтек мылтық кезенген ұзынтұраны көрді. Мылтық гүрс ете қалды. Бұл жалт беріп жата қалды, жерге желкесі ғана тиіп, бір аунап түсті. Тапаншасын алып үлгерді. Етпеттеп жатқан күйі тарс-тарс екі атты. Анау болса, машинаны қалқалап алған. Бұның жатқан жері ашық. Төрт-ақ оқ қалғаны санасында. Оқтап үлгермейді. Тұра бере тағы атты. Сол күйі көпірдің қоршау темірінен атылып барып төменге бір-ақ секірді. Көпірді қалқалап тұрып оқтап алатынын түсінді. Су онша терең емес екен. Белден келеді. Жанталасып жиекке шықты. Бетон тіреуге жасырынып, тың тыңдады. «Обрезде жалғыз патроны қалды» деп ойлады. Сол кезде машинаның оталған гүрілі естілді. Жүгіріп жолға шыққанда, трасса бойымен алыстап кеткенін көрді. «Әттең-ай, қалай бүлдіріп алдым. Жүксалғышын неге қарамағанмын, қап!» деп басын шайқады. Киімі малмандай су. Тұла бойы қалтырап, тоңып кетті. Мезгіл наурыз айының соңы, оңтүстіктегідей емес, Ресей жақтың ызғары әлі күшінде. Киімдерін тез-тез шешті де, сығып-сығып, қайта киіп алды. «Денемнің қызуымен кебер» деп ойлады. Сосын жеңіл жүгіріске салып, алға ұмтылды. Артына қарап қояды. Сәлден соң алыстан жеңіл көлік ағызып келе жатқанын көрді де, қолын көтеріп, жол жиегінде күтті. Жер танабын қуырған көлік әп-сәтте жетіп келіп, тоқтамастан зу ете қалсын. Осылай екі-үшеуі өтті. Төртіншісі көрінгенде екі қолын сермеп, тоқта деген белгі беріп, жолдың ортасына атып шықты. Бір жағынан сескеніп, егер жылдамдығын тежемесе, жолдан тайқып шығуға сайланып тұр. Бұл жолы анау жылдамдығын амалсыз тежеп, жол жиегіне тоқтады. Шопыр еңгезердей қазақ екен. – Әй, не, өле алмай жүрмісің?! – деп зекіді. – Ағатай, ала кетіңізші, мен полиция қызметкерімін. Міне, – деп, куәлігін алып көрсетті. – Не болғанын жолда айтам. – Жарайды, отыр! – деді шопыр. – Жалғыз екенсің. Сенейін. Орск қаласына күн қайта жетті. Еңгезердей қазаққа ақша ұсынып еді, ол да мәрт екен, алмады. * * * Орскінің полиция бөлімін тауып, ресейлік әріптестерінен жәрдем сұрады. Олар орыс еместерге қатал қарайды екен, Ерғалиды көлік жөндейтін шеберханада жұмыс істеп жатқан жерінен ұстап, бөлімге сүмірейтіп алып келді. – Бауырым, мен сенен бір нәрсе ғана сұраймын. Келісіп алайық, тек шыныңды айтасың. Өтірік айтам деп ойлама. Ертең басыңа бәле болады, – деді Хамит. – Жарайды, келістік, не сұрайсыз? – Қазалылық Досқалиев Бақытжан кімің болады? – Ауылдасым. Кішкентайдан бірге өстік. – Оны соңғы рет қашан көрдің? – Үш ай бұрын Астанада бірге болдық. Оған не болды? – Сен тыңда! Сұрақ қойма! Менің сұрағыма жауап бер. Ол қазір Астанада ма, әлде басқа жақта ма? Астанада кіммен араластыңдар, оны кім білуі мүмкін? – Оның қазір қайда екенін білмеймін. Бірақ Астанада онымен немере болып келетін Сырлыбай деген жігіт бар. Әскери қызметкер. Қосшыда тұрады. Әдірісі есімде емес. Бақытжанды сол біледі. Жұмыс тауып бере ме деп барғанбыз оған. Жұмыс таппағасын мен кетіп қалдым. Бақытжан қалған. – Сен оған қазір хабарлас. Телефон соқ. – Нөмірін білмеймін. Телефонымды жоғалтқанмын. Нөмір сонда кетті. – Ол бір қылмыс бойынша күдікке ілініп тұр. Сондықтан екеуміздің кездесуімізді тірі жан білмеу керек. Егер ол өзін полицияның іздеп жүргенін біліп қойса, сен хабарлады деп есептеймін. Онда саған қиын болады. Бүгіннен бастап сен полицияның бақылауындасың. Егер бәрі дұрыс болса, саған да ештеңе болмайды. Сен айтты деп мен де айтпаймын. – Жарайды, – деді Ерғали. Хамит Ерғалидан барлық мәліметін алып, сол түні кері қайтты. Жалағашқа соғып, операцияны тікелей бақылауға алып отырған облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасарына келіп, барлық жағдайды баяндады. – Дұрыс болған екен, яғни, оның Астанада екені анық қой? – деді департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Әлібек Әлжанов. – Досының дерегі бойынша Астанада, бірақ үш айдан бері хабарласпаған. Алайда Астанадағы немере ағасымен міндетті түрде кездесу керек. Нақты деректі содан ғана алуға болады. Әлжанов қолындағы қаламымен үстелдің үстін тықылдатып сәл ойланып отырды да, Хамитқа қарап: – Ерғали досына дабыл түсіріп, ол ізін жасырып үлгерсе ше? Не дегенмен бала кезінен бірге өскен досы ғой, жамандыққа қия ма? – Жоқ, ол дабыл түсіре алмайды. – Бұған сенімдісің бе? – Сенімдімін. – Олай болса Астанаға тарт, қасыңа адам аласың ба? – Жоқ, қажеті жоқ, тәуекел, өзім кете беремін. – Онда жолың болсын, Хамит, іске сәт! – деп қолын ұсынды. * * * Хамит іс сапар құжаттарын рәсімдеп алды да, сол күні Астанаға шықты. Қосшыдан Сырлыбайдың үйін оңай тауып алды. Үйінде әйелі бар екен. – Сізге кім керек? – деді үйден шыққан келіншек.

Хамит куәлігін көрсетіп, өзінің полиция қызметкері екенін айтты да: – Маған Сырлыбай керек. Бір нәрсе сұрайын деп ем. Сіз қобалжымаңыз, басқа жұмысым жоқ, – деді келіншектің көзіндегі үрейді байқап. – Ол жұмыста. Әскери комиссариатта. – Қазір телефон соғыңыз, тілдесіп кетейін. Келіншек үйден телефонын алып шығып, сол арада күйеуінің нөмірін терді де, құлағына апарды. «Сырлыбай, мен ғой… үйге бір кісі кеп тұр, сені сұрайды, сөйлесші» деп, тұтқаны Хамитқа ұсынды. Сырлыбаймен сөйлесіп тұрып телефон дисплейіндегі нөмірді жадына тоқып алды. Жарты сағатта жолығатын боп келіскен соң әйелмен жылы қоштасқан Хамит сыртқа беттеді. Сырлыбай айтқан «Астра» кафесіне уақытында жетті. Мұны көрген жігіт: – Тыныштық па? – деді әбіржіп. – Тыныштық, – деді Хамит. – Сәке, сені айыпты қылайын деп келгем жоқ, – Бір ғана сұрақ бар. Досқалиев Бақытжан деген інің ба? – Немере болып келеді. – Сол інің бір қылмыс бойынша күдікті боп тұр. Саған келген екен. Сен оған жұмыс тауып беріпсің. Соның қайда екенін айтсаң болды. – Ол енді… былай ғой… – Ол ерте ме, кеш пе ұсталады. Сол кезде оны жасырғаның үшін кінәлі боласың. Құрығанда қызметіңнен айырыласың. Сенде басқа жол жоқ. – Жарайды, мен оның жатқан жерін көрсетем. Бірақ өзің алып кетесің. Қызметі үлкен бір кісінің үйінде ит бағады. Алабай иттер ғой. Біреудің сілтеуімен апарып ем. Анда-санда хабарласады, бірақ көп араласым жоқ. Оның қылмыс жасағанын мен қайдан білем?– деді Сырлыбай. – Айт дедің, айттым. Енді мені мазаламайтын шығарсың? – Саған залалым жоқ. Оған мен кепіл. Тұрып жатқан жерін көрсет. Болды. Кафеден шыққан соң Сырлыбайдың машинасымен «Он үшінші магистраль» деген шағын ауданға кеп тізгін тартты. Оң жақта екі қабатты зәңкиген үй тұр. Сырты түйе бойы тас қорған. Үй алдында ұзынша тағы бір үй. Ол да қымбат қызыл кірпішпен қаланыпты. – Міне, осында тұрады, – деп Сырлыбай ұзынша үйді нұсқады. – Ал, Сәке, көрсетуін көрсеттің. Бірақ полиция іздеп келгенін оған айтпауың керек. – Иә, айтпаймын ғой. – Саған қалай сенем? – Өзімді, отбасымды дауға қалдырып қайтем? Айтқаныңды орындадым, енді мені мазалама. Бірақ, жаңа айттым, бұл мықты адамның үйі, байқа, өзің күйіп кетпе, – деді Сырлыбай. – Ескертуіңе рақмет! Бірақ ол бұл үйде болмай шықса қайтем. Сөзіңе жауап бересің бе? – Онда қазір-ақ біліп берейін. Біраз болды хабарласпағанына, – деді де телефонын ақтарып, оған қоңырау жіберді. «Әл-лө, – деген дауыс естілді. Сырлыбай телефонның дауысын шығарып қойған екен. – Қалайсыз? Бәрі жақсы ма?» «Әтлишіні, – деді Сырлыбай. – Итке үйрендің ба?» «Үйреніп атырм. Сол иттің біреуі болсам ғой деп армандап қоям!» деп күлді. «Иә онда жақсы. Рөлде едім ғой. Жәй амандық білген!» «Жақсы, братан!» Сырлыбай телефонды сөндіріп: – Үйде екен. Өзің естідің, – деді Сырлыбай әбіржулі кейіппен. – Болды, бауырым, рақмет, сен қолдан келгенді істедің. Уайымдама! Сенің атың аталмайды. Мені жаңағы жерге апарып таста. Сырлыбай Хамитты пәтеріне әкеліп тастады да, өз жөнімен кетті. Хамит екінші қабаттағы пәтеріне келді. «Таңғы тәтті ұйқының кезі дұрыс болар, адам аяғы саябыр. Ешкім көшеге шыға қоймас, атыс бола қалса да басқаларға зияным тимейді» – деп ойлады. Сағат алтыларда барып, үстінен баспақшы болды. Оған дейін біраз уақыт бар. Сыртқы кәстөмін шешіп, орындықтың басына ілді. Партупейін ажыратып, тапаншасын жастығының астына қойды да, көз шырымын алмаққа жастыққа қисайды… * * * Таңғы сағат бесте көшеге шықты. Шақырып қойған таксиге отырып, кешегі зәңкиген үйге жетпей түсіп қалды да, одан әрі жаяу кетті. Міне, кешегі үй. Дарбазасының өзі керемет екен. Аттылы адамның бойындай-ау. Кідіруге уақыт қайда, жеткен бойда қоңырау түймесін басты. Сәлден соң тырп-тырп басқан аяқ дыбысы естілді. – Әй, бұ кім-әй, таң атпай! – деп келіп қақпаны ашты. Бойы бір тұтам қария кісі екен. – Құлқын сәріде тыныштық бермей… кімсің өзің? – Ассалаумағалейкүм, аға! Мен полициядан едім, – деп Хамит куәлігін көрсетті. – Капитан Хамит Сымайлов. Осында бір жігіттер бар екен, жолықсам бола ма? Қария бұған ежірейе қарады да: – Стоять! Мальчик, ты куда прешь, а?! Кто ты такой, ну что угрозыска?! Сен өзің қайда келіп тұрғаныңды білемісің?– деп зекіді. – Аға, мазалағаныма кешіріңіз, жұмыс бабы солай. Осында тұратын бір жұмысшымен бір-екі ауыз тілдессем болды, – деді Хамит қарияны сабырға шақырып. – Ты, сопляк, слушай, бір бала верховный сотта, бір бала генпрокуратурада, бір бала МВД-да, так что аулақ жүр… пока погоны на плечах. Бұлар өстіп тұрғанда ұзынша үйден бір бала шықты. Шамасы дәретханаға беттеді-ау, үйді айналып кетті. Осылай тұра берсе кеш қалатынын түсініп, қарияның байбаламын елемей: – Аға, інім еді, ең болмаса бір ауыз тілдесейін, – деп, есікті керіп, көлденең ұстап тұрған қолының астынан сымп беріп, ішке кірді де, жаңа біреу шыққан есікке тура тартты. Кіріп барса, төрт-бес жігіт ұйықтап жатыр. – Бақытжан! – деп дауысын көтере сөйледі. – Бақытжан! Тұр кәне! Біреу жамылғысын серпіп ашып, «а-а-а» деп, басын көтерді. Кім келгенін ұқпай кіржие қарады. Хамит бірден таныды. Фотосы қалтасында жүргелі қаш-шан. – Шық бері! Бақытжан көрпені лақтырып тастап, есікке ұмтылды. Хамит жанынан өте берген оны өзінің үйреншікті әдісімен иек астынан жеңіл ғана періп кеп жіберді. Анау шалқалап барып, артында тұрған ас ішетін үстел, шкафтарға соғыла құлады. Үстел үстіндегі кесе-шәйнектер, тәрелке, қасықтар салдырлап, жерге түсті. Осы кезде оған бір аттап жетіп, қолына кісен салып үлгерді. Сосын барып тіл қатты. – Таңғы сағат бесте адам жайдан-жай жүретін бе еді, бір үйдің ойранын шығарып, «Жай ма?» деп сұрайсың тағы, – деді де куәлігін көрсетті. – Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімі, жедел іздестіру бөлімінің уәкілі, капитан Хамит Сымайлов. Сені тұтқындауға прокурордың санкциясы бар. Қашам деп әуре болма, онда жағдайың мүлде қиындайды. Хамит оны жығып салып, желкеден тіземен басты да, полицияға телефон соқты: «Маған жедел көмек керек» деп, мекенжайды айтты. Сөйтті де, Бақытжанды лақша өңгеріп сыртқа алып шықты. Сиренасы жарқылдап полиция да жеткен екен. Осы кезде терезелері де, өзі де қап-қара дүңкиген дәу машина дарбазаға тақалып кеп демін басты. Іштен орта бойлы, жасы қырықтың үстіне шыққан жігіт ағасы түсіп, бұларға беттеді. Жергілікті полиция қызметкерлері оны көре сала, қолдарын шекесіне қадап, сымдай тартылып, жорғалай жөнелді. «Е-е, қарияның дөкей баласының бірі болды ғой» деп ойлаған Хамит куәлігін көрсетіп, жағдайды қысқаша баяндады. – Мына қылмыскер осы жерден табылды. Тұтқындауға прокурордың санкциясы бар. – Інім, түсінем. Бұл сенің жұмысың ғой. Мына жер шумный боп кетті-ау, жүр былайырақ шығайық, – деп Хамитты аулаққа қарай икемдеді. Осы кезде бұлардың жанына қария жетіп келіп: – Осы бала, тәртіпсіз, мені тіпті тыңдайтын емес. Бұндай боқмұрындарды басындырма… Жігіт ағасы қарияның сөзін үзіп жіберді. – Папа, бұл олардың қызметі… өзім сөйлесем… қазір. Аулағырақ шыққасын, Хамиттың қолтығынан алып. – Інім, мен бәрін түсінемін, сіздердің жұмыстарыңыз. Опер деген осындай болу керек. Екеуміз әріптеспіз, саған бір өтініш, бұларды бұл жерден алдық деп айтпай-ақ қой, басқа жерден ұстадық дерсің, – деді. – Жарайды, аға. – Онда келістік, жақсы, егер көмек керек болса жергілікті полицияға хабарласа беріңіз. Қажетті көмек көрсетеді, жарайды інім, жолың болсын… * * * Досқалиев Бақытжанның істі мойнына алар түрі көрінбейді. Дәлел, айғақ, куә жоқ. Тергеуші Бектемір Есқазиевтің де шарасы таусылған сыңайлы. – Тергеуші мырза мені де, өзіңді де босқа қинама. Менің сен айтып отырған қылмысқа қатысым жоқ, – деді Бақытжан тергеудің алғашқы күні-ақ айылын жимай. – Қатысың болмаса тіпті жақсы. Алдымен сұраққа жауап бер. Сен биылғы, яғни 2018 жылы ақпанның 24-інде қайда болдың? – Өз үйімде болдым. – Өтірік айтпа, сен нақ сол күні үйіңде болмағансың. Қайда болдың? Айт! – Ұмытып қалдым. Үйде болмасам, болмаған шығармын. Бірақ қылмыс істемегенім анық. Тергеу осылай жалғасып жатты. Досқалиев Бақытжанның расында кісі өліміне қатысы жоқ сияқты. Кейде қатысы барға да ұқсайды. Ол өткен жазда сол үйде екі ай жұмыс істегенін растайды. Жанында Мірқасым деген жігіт болған. Фамилиясын білмейді. Алматыда аз уақыт құрылыста бірге болған. Оны содан бері көрмепті. Хамиттың да басы қатты. Уақыт болса тоқтаусыз өтіп жатыр. Қылмыстың ашылар түрі көрінбейді. 2018 жылғы ақпанның соңында басталған сергелдең бұны әуреге салғалы міне, үшінші ай. Бірде ол Темірханның үйіне келді. Ойы оқиғаға куә болған әйел мен екі ұлдан сыр тарту. «Мүмкін есіне әлдене түсер?!» Жаңа дәлел, айғақтар табылып қала ма деген ой да бар. Темірхан үйде екен. Әйелі мен екі ұлы ауруханадан шыққан. Жағдайлары жақсарып келе жатқандай. – Тәке, қазаның арты қайырлы болсын. Бастысы әйел, бала-шағаңыз аман. Уақыт емші, бәрі орнына келеді, – деп жұбатты Хамит. – Иә, Құдай басқа салса, көнбеске шара бар ма?– деді Темірхан ауыр күрсініп. – Тәке, Бақытжанның қасындағы Мірқасымның нақты әдірісі белгісіз. Қайда тұруы мүмкін? Осы үйде жұмыс істеп жүргенде не әңгіме айтатын еді? – Ай, ол итті қайдан білейін? – деді Темірхан торыға сөйлеп. – Дәптерді мың ақтарған шығармын. Пәмилесі шығып қала ма деп. Қасындағысының пәмилесі бар болатын себебі, ақшаны алған сол. «Мұнша ақша алдым» деген қолхат жаздырғанмын ғой. Темірханның әйелі мандытып ештеңе айта алмады. Түн жарымы. Тас қараңғы. Ұйықтап жатқан жерінде басқан. Соңы мынау. Сандықтан миллион теңге ақша алған.– Кәне, қай сандық? – деді Хамит далбаса үмітпен сандықты көргісі кеп. – Міне, мынау, – деп, жатын бөлмеде тұрған ескі сандықты көрсетті. Үстіне жүк жиналған екен. – Осыны ақтарған ғой. Хамит өз анасының да ақшаны сандыққа салып, сақтайтынын есіне алды. Әжесі де сөйтетін. Соны ойлаған ол сандықтың әшекей қаңылтырына киімнің жібі ілініп қалмады ма екен деген оймен смартфонның жарығын жағып қабырғаға тақалған қуысына көз жүгіртті. Жоқ, ондай ештеңе байқалмайды. Шаң бөгіп қалыпты. Еденде ағарып жатқан әлдебір қағазға көзі түскені сол кез. Шетінен шымшып ұстап, алып қараса, алақандай фото. Жас қыздың суреті. «Сүп-сүйкімді екен, – деп еріксіз ойлап, бір сәт қарап қалыпты. – Жас қыздардың бәрі сүйкімді» деді сосын іштей. Сыртына «На память Миржану. ЖенПИ. 3 курс. Турсунай. 14.05.2010 г» деген жазуды көрді. – Мынау не сурет? Қызыңыз ба? – деп Темірханға көрсетті. Темірхан әрі қарап, бері қарап: – Танымаймын. Қазір әйелден сұрап көрейік, – деді. Әйелі де білмейтінін айтты. – Мейіржан, Тұрсынай дегендерді естімеп пе едіңіздер. Женпида оқыпты. Екі мың он деп тұр. Темірхан да, әйелі де басын шайқасты. – Сіздер естеріңізге түсіруге тырысыңыздар. Осы үйге келген-кеткен ағайындардан сұраңыздар. Әзірге бұл менде болсын, – деп қалтасына салып қойды. Темірханның үйінен шыққасын бірден жұмысқа келді, бастығына кірді. – Кел, шаруа не боп жатыр? – деді бастығы амандық-саулықтан кейін. –Жаңа Темірханның үйіне соққанмын. Естеріне бірдеңе түсті ме екен, сұрайын деп. Сандығынан ақша алынған еді ғой. Сол сандықтың қуысында бір фото жатыр екен, – деп төсқалтасынан алақандай суретті алып, бастығына ұсынды. – Иә, бұнымен не айтпақсың? –Ақша алған адамның қалтасынан түсті ма дегенім ғой. Олай ойлағаным, Темірхан да, әйелі де танымайды. Білмейді. – Қызық екен! – деді бастық. – Қылмыскер мүлдем басқа біреу болып жүрмесін. А-а? – Осыны бір зерттеп көру керек-ау! Тұрсынай деген қызды ЖенПИ-ден анықтауға болады. – Әуелі Бақытжан дедің. Енді Миржан деген шықты. – Тағы бір шанс беріңізші. – Жарайды, – деді бастық, орнынан тұрып әрлі-берлі жүре бастады. – Көр. Әйтеуір кінәсіз жандарды қамап жүрме. Мұқият тексер. Ал мына суретті сараптамаға тапсыр. Саусақ таңбасын анықта. – Жарайды, Әлеке… Алматыдағы Қыздар педагогикалық университетіне сұрау салғанда, университет ақпараттар базасынан оқуды 2010–2011 жылдары Тұрсынай атты бірнеше қыз бітіргені белгілі болды. Ал ұсынылған фото бойынша сұрау салынған қыздың фамилиясы Серікқалиева екені анықталды. Қазір Алматы облысы, Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында тұрады екен. Хамит хабарды алған бойда бастыққа кірді. – Полковник мырза, Тұрсынайды анықтадым. Серікқалиева екен. Координаттары белгілі. Мейіржанның кім екенін сол қыз ғана айта алады. Полковник оған бір сәт сынай қарап тұрды да: – Расында… мынау ойланатын жағдай екен, логикаң дұрыс. Ту-у, Алматыдағы қыздың фотосы біздің жақта неғып жүр? Бірақ Алматының қызына Жалағаштың жігіті қырындамасын деген заң жоқ. Барсаң бар! Сол күні-ақ жолға шықты. Тамылжыған мамыр айы. Алматыға барғанша вогонның терезесінен жап-жасыл далаға қарады да жатты. «Ой, мына жерге қой баққан рақат шығар» деп ойлап қойды. Алматыға жеткен соң, такси ұстап, Үштөбеге тартты. Ұзын бойлы, кең иықты, қайратты шашын артқа қайырған, қалың қара қасты, ашаң жүзді, қыр мұрынды жігітке әркім-ақ бұрылып тұрып, сүйсіне қарайтындай. Тұрсынай жұмыс істейтін мектепті біреу сілтеді. Үш қабатты үлкен мектеп екен. Мектептің кіреберісіндегі күзетшімен сәлемдесіп: – Маған Серікқалиева Тұрсынай деген мұғалім қарындас керек еді, қалай жолықсам болады, шақырып берсеңіз жақсы болар еді, – деді. – А-а, Тұрсынай ма? Қазір ол сабақта шығар. Қазір көрейін. Кім шақырды дейін? – Туысқан ағасы едім… Күзетші қасындағы телефон тұтқасын алып, бір нөмірді терді де: – Тұрсынай Серікқалиеваға келіп тұр. Айтыңызшы төменге түссін. Туысқан ағасы екен, – деді. Сәлден соң оң жақтағы баспалдақтан үстінде ақ кофта, қызыл юбка киген, аққұба өңді, қиылған қара қасты, атжақты, қара шашын каре қылып қиған жас келіншек түсіп келе жатты. Хамит бұның Тұрсынай екенін білді, суреттегі түрінен өзгермеген. Сол әдемі қалпы. Ол өзін шақырған жігіт Хамит екенін сезді ме, жақын келіп, «қай туысқанымсың» дегендей жәудірей қарады. – Саламатсыз ба? Сіз бе шақырған? – деді сосын. – Иә, мен едім шақыртқан. Сәлем! Былайырақ барып сөйлесейік. Екеуі мектептің алдындағы көлеңкеге қойылған арқалы орындыққа барып отырды. – Айып етпеңіз, туысқаным деп шақыртқаныма. Мен полиция қызметкерімін, – деп куәлігін алып көрсетті Хамит. Бейтаныс жігіт осылай дегенде келіншектің көзінен үрей байқалды. Сонда да сыр білдіргісі келмеді ме, жымиып қойып: – Полиция іздеп келетіндей бүлдірген ештеңем жоқ сияқты еді. Әлде оқушыларға байланысты ма? – деді. – Жоқ, Тұрсынай, қорықпаңыз, сізге қатысы жоқ. Тек мынадай мәселе, – деп Хамит төс қалтасынан умаждалған фотоны алып ұсынды. – Мына суретті білесіз бе? – деп сұрады. Тұрсынай суретті қолына алып: – Менің суретім ғой, – деді жүзі жадырап. Бұл қайдан жүр? – Сыртын қараңызшы, – деді Хамит. Тұрсынай суреттің сыртын қарады да, аққұба жүзі қабарып сала берді. Көңілі пәсейіп қалды. Әдемі ерніне үйірілген жымиыс та жым-жылас. – Миржан деген кім? Тұрсынай, әлденеге шүйіле қарап, үнсіз отыр. – Неге үндемейсіз? Бұл жігіт полицияның іздеуінде. Оны сіз ғана білесіз. Сондықтан біз сізден айырылмаймыз. Ол кім? Қазір қайда? Шындықты айтыңыз! Бізге көмектесіңіз! Сосын сізді мазаламаймыз. – Мен шындықты айтуын айтам ғой. Бірақ көмектесе алмаймын, – деді Тұрсынай. –Себебі біздің жолымыз әлдеқашан айырылған. Ол өз жолымен кетті, мен өз жолыммен… Екеуміз бірге оқыдық. Мен ЖенПИ-де, ол СХИ-да. Қапшағайдың жігіті. Менен екі жас үлкен. Оқу бітірген соң үйленеміз деп жүргенде бір жағдайлар болды… сонымен арамыз үзілді.

– Арада не жағдай болды? Айтуға бола ма? – Айта беретін арақ қой. Ол аздай есірткі… жолымыз солай айырылды. – Оқу бітіргелі бері жеті жыл өтіпті. Содан кейін көрмедіңіз бе? – Жоқ, келіп тұрады. Арамызда бір қыз бар. Босанғанда пәмилесін де берді, – деп, смартфонын ашып «Туу туралы» куәліктің суретін көрсетті. – Менің ватсабыма жібере салыңызшы. Менің нөмірім мынау… – деп Хамит нөмірін айтты. Тұрсынай смартфонды шұқылап отырды да: – Жібердім. Бірақ тағы айтам, қызым екеумізді ол үшін әурелеп жүрмеңіз, – деді. – Оған бола қам жемеңіз. Ол келгенде не дейді? – Үйленейік дейді. Мен… жо-жоқ. Көңілім қатты қалған. Кешіре алмаймын. Жаратылысым солай шығар. Оның үстіне ол арағын, есірткісін қоймаған. Бірнеше рет қылмысқа қатысып, түрмеге де жатып шықты. Істейтіні ұрлық. – Соңғы рет қашан келіп еді? – Наурыздың алдында болу керек. Қызымды бетінен бір сүйіп қайтайын деп келдім деп бір сағаттай бірге болдық. – Пәмилесі кім? – Масимов. –Қазір қайда тұрады? Қапшағайда ма? – Жоқ. Қапшағайдағы пәтерін казиноға ұттырып жіберген. Әкесі бұрын қайтыс болған. Шешесі де қайтты. Қазір әр жерде жүреді. Қаңғып. – Тұрақты тұратын жері жоқ па сонда? – Иә. Нақты тұрағы жоқ, бірде онда, бірде мұнда… Мен сұрамадым. Қайтем сұрап? Қайда тұрса, онда тұрсын. Ол мен үшін маңызды емес. Бір жаманшылық жасай ма деп үндемеймін. Әйтпесе жуытқым келмейді. – Кім білуі мүмкін? Тұрсынай бір сәт ойланып қалды. – Алматыда Балкенже деген бірге туған апасы тұрады. Баяғыда… жүріп жүргенде апарған таныстыруға. Сол апасы білмесе. – Апасының әдірісін білесіз бе? – Сайран жақта тұратын. Айтпақшы ол апай зоопаркте ветврач. Сол жақтан табасыз. – Тұрсынай, сізге рақмет. Сұрақ боп қалса телефон соғам. Нөмір жаңағы ғой, – деді Хамит. – Иә, жақсы, соғыңыз, – деді Тұрсынай мектеп жаққа қарағыштап. Кетіп бара жатып, бұрылып тағы бір қарады. Қолын бұлғады сосын. Өмірде ер-азаматтан жолы болмаған келіншек, кім біледі, Хамит сияқты мықты жігіттен әлі де дәмелі шығар. …Алматыға келген соң бірден орталық зоопаркке тартты. Ол жақтан білгені Балкенже деген апайдың расымен де паркте мал дәрігері болып жұмыс істегені. Жақында зейнет демалысына шығыпты. Мекеме бастығы мынау деп, телефон нөмірін берді. Былай шыға бере сол нөмірге қоңырау соғып еді, тұтқаны көтере қойды. – Балкенже апа, саламатсыз ба, мен Мейіржанның досы едім. Үйде ме екен, телефонын алмай тұр. – Мейіржан дейсің ба? Бірге оқып па едіңдер? – Иә, иә, апай бірге оқығанбыз СХИда, – дей салды Хамит. – Ақтөбеден келіп ем? Сонда тұрам. Бизнестің шаруасымен жүрмін. Досымды бизнеске тартқым келеді. – Ій-и, айналайын-ай. Өзі жолы болыңқырамай жүр еді. – Анада сөйлескенде «Алматыға келсең міндетті тұрде соқ» деген. Сіздің нөміріңізді берген өзі. – Жетісайға кетті, айналайын. Сонда бір немере ағамыз бар. Бүркіт деген. Соған кеткен шығар. Оның қолында қазір телефон да жоқ. Азып-тозып жүр. – А-а, Бүркіт аға ма? Білем, білем. О кісінің әдірісін, телефон нөмірін беріңізші. –Білмеймін әдірісін. Өмірі барып көрмеген жерім, – деді Балкенже апасы. Әңгіме осымен үзілді. * * * «Енді қайттім, Жетісайға барам ба? – деп ойлаған күйі, шаршап-шалдығып теміржол бекетіне келді. – Бастыққа не деймін?» Бекеттің күту залында отырып ватсабын ашты да, Тұрсынай жіберген куәлікті үлкейтіп қарады. Қызының аты Гүлімай екен. Шешесі Тұрсынай, әкесі Масимов… осы арасына келгенде көзі жасаурап кетсе болар ма? Жүрегі дүрсілдеп ала жөнелді. Орнынан ұшып тұрғанын өзі де байқамай қалыпты. Мәссаған! Көзін уқалап жіберіп смартфонға қайта үңілді. Иә, иә… анық жазылған. Әкесі Масимов Мірқасым! «Мірқасым? Мейіржан дегені қайда? Бәсе, бәсе! Көңілі алдамайтын сияқты еді. Сол ғой, сол!» Күту залын кезіп кетіпті. Сол бойда тысқа шықты да Тұрсынайға қоңырау шалды. Тұрсынай іле көтерді. – Иә, аға!? – Келіншектің толқыған демі анық білінді. – Тұрсынай! Гүлімайдың әкесі Мірқасым дап жазылыпты ғой. Сіз маған Мейіржан дедіңіз? – А-а, – деді арғы жақтан келіншек, тағы да сол туралы ма дегендей көңілі ортайып. – Оны солай атап кеткен жас кезінен. Әйтпесе құжат бойынша Мірқа– Жақсы, рақмет! – деді Хамит шалт сөйлеп. * * * Жетісай аудандық полиция бөлімі бастығына жағдайды баяндап, көмекке бір-екі жедел уәкіл беруін сұрады. Бөлім бастығы бұған екі опер қосты. Іздестіру барысында Бүркіт атты үш азаматтың мекенжайы анықталды. Жетісайлық жедел уәкілдің бірі аға лейтенант, өзін Бекболат Сармурзинмын деп таныстырған. Ол Хамиттың алдында жік-жаппар болып: – Хамеке, мен жаңағы үш Бүркіттің үй-жайына барлау жасап қайтайын. Ал сіз қонақ үйде бола беріңіз, демалыңыз, тамақтанып алыңыз. Мына лейтенант ініңіздің аты Фараби. Жағдайыңызды жасайды, – деп лезде ғайып болды. Фараби сөмкесінен анау-мынауын шығарып, дастарқан жасап Хамитты асқа шақырды. Сөмкесінің түбінен бір шөлмек коньяк та табыла кетті. – Ал, аға, ауқат алып отырыңыз, – деп құрмет көрсетті сосын. – Сенің көңілің үшін бір рөмке алайын. Жұмыста жүріп ішпеуші едім, ренжіме, – деді Хамит. –А-а, бопты ағасы, – деп Фараби оған да құрақ ұшып жатыр. Екі сағаттан соң Бекболат келді. – Бардым. Таптым. Бірақ Масимов жоқ. Ташкентке кетіп қалыпты. Бір апта болды дейді. Туыстарына сенбей, таныстарынан да сұрастырдым. Олар да солай дейді. Сіз текке жатып қалатын болдыңыз-ау. Қайта берсеңіз де болатын шығар. Біз оны ұстап, сізге хабар береміз, – деді Бекболат. «Қап, әттеген-ай, – деді Хамит өкініп. – Қолға түсті ме дегенде…» Енді не істемек керек, Ташкентке бара ма? Ташкентте оның қай жерге тұрақтағанын қайдан біледі. Үлкен қаладан оны іздеу, айсыз қараңғыда ине іздегенмен бірдей болмай ма. Сондықтан, қайтса қайтқаны дұрыс болар. Осы ойға бекінген Хамит: –Жігіттер, сый-құрметтеріңе рақмет. Қайтсам, қайтайын. Өздеріңнен хабар күтем!– деді. Сол жерде іс сапар қағазына «Келді, кетті» – деген белгі соқтырып, мөр бастырды. «Масимов Жетісайда жоқ, Ташкентке кетіп қалған» – деген қағазды жігіттерден алып алды. Жігіттер Хамитті өздерінің көлігімен вокзалға әкеліп, пойызға мінгізіп жіберді. Пойыз жүріп кетті. Хамит билетте көрсетілген купедегі орнына баруға асықпады, тамбурда тұр. Тамбурдың терезесінен сыртқа қарап тұрып, ойға батты. Алматыдағы апасының айтуынша Масимов азып-тозып жүр, жағдайы да жоқ. Қалайша ол аяқ астынан құйысқаны көтеріліп, Ташкентке кете қалды. Шымкенттіктерді де, мені де аузымызды күншығысқа қаратып, алдап кетіп жүрмесін сол. Осы жерде әлі де зерттеуді қажет ететін бір шикілік бар сияқты. Қонақүйде шай ішіп, палау жеп отырғанша өзі неге бармады? Бекболаттың көзі бір орнында тұрмай, ойнақтай береді екен. Көбіне кісіге тура қарап сөйлемейді. Ай, осында бір шикілік бар. Әлде… Жоқ, олай болуы мүмкін емес, олай болмайды. Масимов сияқты бандиттің құрықталғаны өздеріне жақсы емес пе. Өз ойымен болып тұрып келесі стансаға келіп қалғанын байқамай қалыпты. Тепловоз бір-екі рет өкіріп-бақырып, стансаға тоқтайтындай сыңай байқалды. Екі-үш әйел қоржын арқалап, тамбурға беттеп келеді. Яғни, бұл стансаға тоқтайтын болғаны ғой. Жолсерік келіп, есікті ашып жатыр. Пойыз ысылдап келіп, перроннан өтіңкіреп барып тоқтады. Жолаушылармен бірге Хамит та түсіп қалды. «Оу, ағасы, сіздің билетіңіз Қызылордаға дейін еді ғой» – деді жолсерік. «Бауырым, осы жерден бір туысқаныма жолығуым керек еді» – деп қала берді Хамит. Стансадан бір пәтер тауып, сол күні түнде қонды. Ұйқыны қандырып, ертеңіне Жетісайға қайтып келді. Қонақ үйге жайғасты, бірақ тіркелген жоқ. Қонақ үй әкімшісі жасы отыздарға келіп қалған жас келіншек екен. Алақанына бес мыңдықты қыстырды да, «Қарындасым, менің бұл жерде жатқанымды ешкім білмей-ақ қойсын» – деді. Өзіне берілген нөмірге майда-шүйде заттарын қойды да, қайта шықты. Көшеден такси ұстап, өзіндегі мекенжай бойынша Жетісайдың батыс жағында орналасқан Масимовтың тұратын үйінің қасына келіп, түсіп қалды. Сол маңда жүріп, үйді үш сағаттай сырттан шолды. Тастан қаланған іргетастың үстіне әдемі қызыл кірпіштен соққан қора, биік әшекейлі, оюлы дарбаза. Қораның іші, үйдің ауласы сырттан көрінбейді. Бір қабатты, еңселі үйдің қызыл қаңылтырмен жабылған шатыры ғана көрінеді. Масимов тұратын үйдің қорасымен жапсарлас көрші үйдің қорасы бұл үйдің қорасына қарағанда аласалау. Көршінің сарайының үстіне үйемелеп, шөп жиналған екен. Үйеме шөптің бір жағы бұзылып алынған да, екінші жағы тұтас тұр. «Мына сарайдың үстіне шығып алып, Масимовтың үйінің ауласын шолар ма еді» – деді іштей. Сарайдың үстіне шығып алып, ана мая шөптің арасына кіріп жатса Масимовтың ауласын анық көріп, бақылауға болады. Үйге келіп, кетіп жатқан адам жоқ. Бұл үш сағаттай бақылағанда үйден бір әйел ғана шықты. Үстіне иығы ашық жеңіл ақ гүлді көйлек, басына ақ шләпі, көзіне күннен қорғайтын көзілдірік киген, орта бойлы, жас шамасы отыз-отыз бестердегі келіншек тротуармен қаланың орталығына қарай жаяу тартты. Сол кеткеннен бұл кеткенше келген жоқ. Үйді сырттай шолып, сол маңайда не бар, не жоғын жадына түйіп алды да, қонақ үйге қайтып келді. Масимовты қалай да ұстап, ауылға алып баруым керек. Қалай ұстаймын, ол шынымен Ташкентке кетіп қалса ше? Ай, жоқ кеткен жоқ, кететін реті жоқ. Ал, үйінде болса қалай ұстаймын. Үйінің айналасы тас қорған, дуал, дарбаза. Дарбазаның қоңырауын басып, ресми түрде кіруге болмайды. Ондай жағдайда бірден күдіктенеді. Басқа жағынан шығып кетуі мүмкін. Сонда енді не істеу керек? Сырттан салқын ауа соқты. «Оны қапыда басуым керек» – деді іштей күбірлеп. Ойламаған жерден, ойлануға мүмкіндік бермей басып қалуым керек. Түнде барған дұрыс, жоқ таң алдында барған жөн. Таң атпай, тәтті ұйқы құшағында жатқанда басу керек. Өзінің тәжірибесінен біледі, осы мезгілдегі әрекеттер сәтті болады. Таңғы сағат бестерде барады, не болса да сол жерде көреді, жағдайға қарай қимылдайды. * * * Таң бозарып атып келеді. Көше тірі жаннан ада. Аласа дуал қабырғаны сатылап сарай үстіне қабыланша атылып шыққан бойда шөпке сүңгіді. «Сағат сегізге дейін сыртқа бір шығарсың, бәлем!» деді алақанын ысқылап. Екі үйдің ауласы да анық көрініп тұр. Енді тек бөтен көзге түсіп қалмаса болды. Бір қорыққаны ит еді. Арсылдап, ауланы азан-қазан қылса қайттім деп қауіп қылған. Ондай жағдайда атып тастағаннан өзге амал жоқ. Тапаншаның дыбыс тұншықтырғышы қалтасында. Соны тапанша ұңғысына бұрап салса бітті, тыңқ еткен дыбысы сезілмесі анық. Бұның жалғыз шарты, бір атқанда иттің қақ маңдайынан тигізіп, сеспей қатыру. Жараланса, өлмей қыңсылап бәле қылады. Бір жақсы жері екі ауладағы екі ит тұмсықтарын жерге салып тың тыңдағанымен, жоғарыға назар аудара қоймады. Шөптің арасын ұя қып алып еді, сондай жайлы болып шықты. Тіпті бірер мәрте көзі де ілініп кетті-ау. Сағат сегізге таяу үйдің есігі ашылғанға елеңдей қараса, шығып келе жатқан жігіт екен. Кәлөшін сылп-сылп сүйрейді. Бағыты әжетхана. Хамит оған тесіле қарады. Мірқасымды Тұрсынайдың айтуымен ғана біледі. Бақытжан сияқты суреті жоқ. Тұрсынайдың айтуынша, сұйық шашты, маңдайы ашықтау келген, сүйегі шағын жігіт болу керек. Мынау соның нақ өзі. «Атаңа нәлет, сондай жақсы қызды қор қылып» деп іштей кіжініп қойды. Тапаншаны қолына алып, кісенді тексерді. Шаруасын жылдам бітірді ме, жігіт көп бөгелмеді. Хамит сол кезде сарайдың үстінен жеміне ұмтылған жолбарысша атылып кеп, дәл алдына дік етіп қазықша қадалып түсті. Анау болса естен танғандай қалт тұрып қалды. Екі көзі алақ-жұлақ. Не болғанын ұқпай қалғаны анық. Хамитқа да керегі осы еді. Шап беріп қолын шалт қайырып жіберіп, кісенді сарт еткізіп сала салды. Жігіт сонда ғана: – Өй, өй, тоқта, тоқташы! – деп мойнына бұғалық түскен асаудай туласын. – Кімсің сен?! – Тырп етпе. Мен полициямын! – деді Хамит дыбысын бәсең шығарса да, нық сөйлеп. – Полиция? Мен не істедім? Кінәм жоқ! Жібер! – Оны аудандық полицияға барғанда айтасың! Жүр, давай! – деп Хамит оны дедектетіп ала жөнелді. Ол үркек бұзаудай аяғын жерге тіреп, қасарысып бағады. Сол сәт үйден кешегі әйел шықты да, ойбайды салды келіп. «Ойбай, ойбай… Әкесі, ойбай, біреу кіріп кетті қораға. Өлтірді, ойбай! Қасымды байлап әкетті, ойбай! Полиса, полиса шақыр, полиса!» деп бажылдап, ауланы басына көтерсін. Хамит бірақ саспады. Әйелдің Қасым дегенін естіп, діттеген адамды ұстағанына көзі жетті. Осы кезде құлағына телефон тақап, әлдекіммен асығыс сөйлескен отағасы жеделдетіп бері келе жатыр екен. – Әй, бұл қай ит? Жібер, кәне. Полиса шақырдым. Ешқайда кете алмайсың! – деп, ентіге жетті. Полиция шақырғаны дұрыс болды. Сөзге келуге үлгертпей дабылдатып полиция да жетті. Хамит оларға куәлігін көрсетіп: – Жігіттер, жақсы келдіңдер. Мынау күдікті азамат. Бөлімге апару керек,– деді. Полиция бөлімінде ұшырасқан Бекболат бұларды көріп, ыржалақтап күліп жіберді. – Оу, мынау кім? Масимов па? Бұның Ташкентке кеткені қайда? Кеше жеңгесі де, ағасы да бет бақтырмап еді ғой. Енді олар да жауап беретін болды, – деді ұялған тек тұрмас дегендей. – Сіз де маладес екенсіз! – Кетпепті Ташкентке. Не нәрсеге де көзімді жеткізбей сенбейтін едім. Кеше ойланып, қайтып келдім. – Нағыз опер екенсіз! – деді Бекболат. – Бұл бізге сабақ болды. * * * Аудандық полицияның арнаулы көлігі Хамитті Масимовпен бірге Шымкентке жеткізді. Шымкенттен такси ұстап, Қызылордаға қарай зымырады. Жүргізушінің қолына жолпұлын ұстатты да, «Бауырым, жүріңкіреп отыр» деді. Масимов екеуі артқы орындыққа жайғасқан. Жапондық жеңіл көліктің жүрісінде мін жоқ, жұлдыздай ағып, заулап келеді. – Мына сурет сенікі ме? – деді Хамит былай шыққан соң Тұрсынайдың фотосын Мірқасымның көз алдына тосып. Мірқасым көзін ашып фотоға бір, Хамитке бір қарады. – Айт, сенікі ме? – Иә, менікі, – деп міңгірледі ол. – Сенікі болса, сендер тонаған үйде қалтаңнан түсіп қалған, – деді Хамит нық сөйлеп. – Ол үйдің адамын өлтіріп қойғаныңды білесің бе? – Жоқ, мен өлтірген жоқпын! – деп Мірқасым басын кегжең еткізіп. – Енді не істедің? Шалды ұрып өлтіріпсің. Мойындайсың ба соны? А-а!? – Братан, – деп кемсеңдеп кетті Мірқасым, – братан… аға… – Жаныңда Бақытжан деген жігіт болған. Біз бәрін білеміз. – Оны соққан Бақытжан. Мен үйге кірдім. – А-а, айтпақшы сен сандыққа жүгірген екенсің ғой. Бірақ сен де сау емессің. Әйел мен кішкентай балдарды өлімші қыпсың. Енді мойындап, өкінем десең жазаң жеңілдейді. Айт, мойындап, өкінетініңді. – Иә, иә! Мойындаймын! Өкінемін! – деді Мірқасым дауысы әрең шығып. Олар Жалағашқа түн ауа жетті. * * * Хамит ертеңіне таңертең ұйқысынан күліп оянды. Қол-аяғын созып, рахаттана керілді де, төсектен атып тұрды. Бойы жеп-жеңіл. Неше ай бойы еңсесін басқан ауыр жүк иығынан сыпырылып түскендей. Қос қылмыскерді көздерін бозартып абақтыға қамады. Енді бүгін бастыққа барып, бір аптаға демалыс сұрамақ. «Не көрініпті беретін шығар, демалысын?» деді іштей үміттеніп. Сол кезде есіне баяғы қаба сақал мен екі сыбайласы түсе кеткені. «Мені көздеп атты-ау, нәлет!» Жұдырығы еріксіз түйіліп бара жатты. Көз алдына олардың боз «АУДИ» көлігі елестеп тұрып алсын. Машинаның мемлекеттік нөмірі жадында жаңғырды. Жоқ! – деді күйініп. – Демалыс сосын. Әуелі сол сұмырайларды ұстау керек! Сазайын тарттыру керек! Осы кезде смартфоны зың етті. Хабарлама түсті сірә. Дереу үңіліп қарап еді, Тұрсынайдан екен. «Аға, мен сізді құрметтеймін! Дүниеге әділдік орнататын сіздей азаматтар. Қайда жүрсеңіз де аман болыңызшы. Мен тілекшімін!» депті. Осыны оқып болып еді, хабарламаның екіншісі сап ете қалды. «Егер келсеңіз, есігім ашық. Күтем!» Хамиттің кеудесін әлдебір тәтті сезім әлдилей жөнелді. Тұрсынайдың үшінші жолдаған хабарламасы дүрс-дүрс соққан қып-қызыл жүректің бейнесі болды.

Тұрақ АДИСҰЛЫ

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...