Қазақта «Әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ» деген сөз бар. Кім де болмасын өз балаларының тәрбиесіне мейлінше мән береді. Үлкенін кішісіне жауапты етуге тырысады. Балаларының арасында жиі боп тұратын ұрыс-керісті әділ шешкілері келеді, бірақ көбіне кішісіне бүйрегі бұрып тұратындары жасырын емес. Бұл әрине отбасындағы жағдай. Сондықтан, осы орайда балалардың құқығы заңмен қорғалатынын да айта кетуіміз керек. Бұған дәлел ретінде бала құқықтары туралы конвенцияны айта аламыз. Бұл, адамзат баласының туған кезінен 18 жасқа толғанға дейінгі құқықтары мен бостандықтарын бекітетін халықаралық құқықтық акт. Бала құқығы туралы конвенцияда балалардың кім екендігі түсіндіріледі, сондай-ақ олардың барлық құқықтары мен үкіметтің міндеттемелері тізіліп көрсетіледі. Барлық құқықтар өзара байланысты, олардың бәрі бірдей маңызды және оларды балалардың мүдделерінен, заңмен қорғалатын бостандықтарынан бөлек қарастыру мүмкін емес.
Бала құқығын қорғау Конвенциясы — 1989 жылы 20 қарашада қабылданды. Конвенцияның 54 бабында өктемдік көрсетуден қорғау, отбасы өмірінің тыныштығын сақтау, пікірін еркін білдіру көрсетілген.Қазақстан осы заңнамаға сәйкес 2002 жылы 8 тамызда «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңы қабылдады. Балалардың құқығын қорғау ережелері де бар.Оларға ерекше қамқорлық керек. Балалар да, сыйлау, қол тигізбеу, абыройын сақтау сияқты құқықтарға ие. Әдетте, онымен қоса психологиялық қысым немесе жәбірлеу деген де бар. Психологиялық немесе эмоционалды жәбірлеуге үнемі немесе кей кездері балаға сөзбен немесе сөзсіз, яғни, басқа әдістер арқылы жәбір көрсету, ата-ананың қорқытып-үркітуі, кемсітуі, жақсы көрмейтінін не жақтырмайтынын білдіруі мысал бола алады. Мұның салдарынан бала ересек адамға немесе өзіне деген сенімінен айырылып, қарым-қатынасқа түсуді қиындықпен қабылдайы. Физикалық және психологиялық жәбірлеу мәселесіне бейжай қарауға болмайды. Осы орайда оқырмандарымызға конвенция жайлы қысқаша мәлімет бере кеткенді жөн көріп отырмыз:
Конвенцияға кіретін құқықтардың бәрі барлық балаға бірдей тарайды. Конвенцияға қол қойғаннан кейін балаларды кемсітуден қорғауға және олардың құқықтарын жүзеге асыруға жәрдемдесу үшін белсенді шаралар қолдану міндетін мемлекет өзіне алады.
«Бала құқығы туралы халықаралық конвенциядан» Мемлекет әрбір баланың аман-сау өсіп, жан-жақты дамуын қамтамасыз етеді. Бала өмірге келе салысымен тіркеуге алынады және өзіне есім мен азаматтық алуға құқылы. Әрбір бала өз отбасында ата-анасымен бірге өмір сүруге құқылы. Бала мектепте кінәлі болғанда да оны ешкім ұрып жазалауға, кемсітіп қорлауға құқығы жоқ. Бала тынығуға және мәдени демалуға құқылы. Әрбір баланың ой-пікір, ар-ождан және дін еркіндігіне құқығы бар. Бала өзі қалаған спорт түрімен шұғылдануға құқылы, өз денсаулығын сақтауға, емделуге құқылы.Одан тыс бала өз ойын еркін айтуға құқылы.
Балалар адамға қатысты барлық құқықтарға ие, бірақ ересектерге қарағанда өз құқықтарын қорғау мүмкіндіктері аз болғандықтан ерекше құқықтық қорғауды қажет етеді.
Сондықтан да құрметті оқырман, бала тәриесіне барынша көңіл бөліп, мамандармен жиі ақылдасып тұрған абзал болады демекпіз…
Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері
жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы
Сәкен Бәкірұлы Абсаматов