Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі Департаментіне бағынысты №9 мекемесінің кітапхана қоры жаңа әдеби кітаптармен толықты. Әдеби кітаптарды С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қоры тарту етті. Сыйға берілген кітаптардың ішінде қазақтың зиялы тұлғаларының, сондай-ақ шетелдің жазушыларының классикалық шығармалары бар.
Жалпы, кітапхана сөресін толықтырған әдебиеттер №9 мекемесі және С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасымен бірлескен жоспары аясында жүзеге асқан. Сонымен қатар, тәрбиелік ықпал ету жұмыстарының бір бағыты ретінде №9 мекемесінде сотталған азаматтардың білім және мәдени деңгейін арттыру қарастырылған. Бұл орайда мекемеде бас бостандығынан айырылған азаматтармен тәрбиелік мәні бар шаралар жүйелі жүргізіледі. Соның бірі — жазасын өтеушілер ішкі күн тәртібіне сәйкес, мекеме кітапханасынан қажетті кітаптарды оқи алады.
«Кітап оқу – адамның ой-өрісін дамытып, болашаққа деген сенімін қалыптастырып, өзін тануға көмектеседі. Аталған іс-шараның мақсаты – мекемедегі жазасын өтеуші сотталғандардың жаза өтеу мерзімін тиімді пайдалануды ұйымдастыру және жаңа әдеби кітаптарға қол жеткізуін қамтамасыз ету болып табылады. Осы тұрғыда №9 мекемесінің кітапхана қоры С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қорымен бірлесіп, түзеу мекемелеріндегі кітапхана қорын жаңа кітаптармен толықтыру бойынша жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп отырады»,- дейді №9 мекемесінің Тәрбие бөлімі бастығы әділет капитаны Арман Панабек.
Айта кетейік, қазіргі таңда Ақтөбедегі №9 мекемесінің кітапхана қорында 2300 –ден астам әдеби кітаптар бар.
Гүлфайруз Төремұратова,
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ Департаментінің баспасөз хатшысы


