Астанада Жаңа жыл қарсаңында мерекелік отшашу атылады. Ақпаратты Астана әкімдігінің баспасөз қызметі растады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Астанада Жаңа жыл қарсаңында демеушілік қаражатқа ұйымдастырылған мерекелік отшашу басталады. Отшашу алдында, сағат 00:00-де Қазақстан Әнұраны ойналады. Одан кейін екі орын: Ботаникалық бақ және «Атырау» көпіріне іргелес аумақта әр жерде 1 мыңға жуық отшашу атылады», — деп хабарлады әкімдік.
Сонымен қатар, жаңа жыл қарсаңында 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға дейін қаланың үш жерінде мерекелік іс-шаралар өтеді. 31 желтоқсанда сағат 21:00-ден 02:00-ге дейін елорданың қалалық алаңында, «Қазақ елі» монументі аумағында және EXPO алаңында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен қала тұрғындары мен қонақтары үшін «Жаңа жыл түні» атты жаңа жылдық мерекелік концерттер өтеді.


