12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

АР СОТЫ

Көкірегінен қан сауғалаған құлын қайта-қайта ақсаңдап, енесіне жаутаң қағады. Әлдеқайдан медет күткендей жер бауырлап жатқан жылқыны айналшықтап кісіней берген. Ене ақсақ құлынына мөлт еткен жанарымен ақырғы мейірін сарқып берді де, соңғы демін шығарды. Шерлі құлынның көзінен бір тамшы жерге домалап түсті. Дарханның жүрегі шым ете қалған. Көрші ауыл ішімен өтіп бара жатып дәл осындай көрініске кезігем деп ойламаған. Түс секілді. Өмірінде көрген ең қорқынышты түстей. Бірақ бұл өңі екен. Дегбірі құрып, дем ала алмай қалды. Денесіне мың-сан ине бір мезетте шаншылғандай. * * * Маржан сол күні әдеттегідей анасына қоңырау шалған. Тұтқаның ар жағындағы дауыс дірілдеп шықты: – Жақсымыз, қызым… Өзің қалайсың? – деген анасының дауыс ырғағы күндегіден өзгерек. – Шүкір, жақсы. Дауысыңызға не болған? – деп сұрады Маржан. – Әкең мен ағаң екеуі көрші ауылға кетті. Жылқыларымыздың өлігін тасып жатыр, – деді ашынған әйел. Маржанның ойына ең әуелі Көкбурыл келген. «Көкбурыл сенікі» деп, әкесі сол құлынды Маржанға атаған. Көкбурыл десе, Көкбурыл еді. Сұлу. Сыртынан қарағандар сүйсініп, Жаратушының мінсіз жаратқанына таңдай қағатын. – Көкбурыл ше? – деп сұрады Маржан. Аузына ең бірінші түскені осы. – Мал бола ма, білмейміз, аяғын сындырып тастапты… – деді анасы. Маржанның тамағы буылып, ары қарай сөйлей алмады. Тұтқаны тастай салды да, көрпенің астына тығылып жылай берген. «Көкбурыл. Құлыншағым». Көзін жұмса болды алғашында үркектей келіп маңдайынан сипатып тұратын сәттері елестейді. Аяғын сындырып тастапты… «Аяғы сынған жылқы мал болмайды» дейтін әкесі. Бірақ жүрегі бір жақсылық күткендей, үміт үзгісі келмеді. * * * Ой құшағында жатып, көзі ілініпті. Іңір қараңғылығында оянып, өз-өзіне келгендей болды. Айнаға қараса, көзі ісіп кетіпті. Бір жағынан ыза, бір жағынан шер қысып, қайта жылағысы келген. Қарсы алдындағы айнаға төніп, «Қолыңнан жылағаннан басқа не келеді?!» деп өзіне кейіді. Ең оңайы өз-өзіңді айыптау ғой. Бәлкім, қиыны да сол шығар… Дүниеде өзіңді айыптаудан өткен оңай нәрсе жоқ. Өзіңе кейісең де, ызаланып ауыр сөздер айтсаң да өз еркіңде. Өйткені ол – өзің ғой. Оған сені ешкім де айыптамайды, ешкімнің алдында жауап та бермейсің. Бірақ, ақылға салсаң, одан ешнәрсені өзгерте де алмайсың. Ал кінәлілер ше? Жер бетінде қылмыс жасаған қаншама зұлымдар жүр. Сонда олардан кім кек алады? Қазақ үшін жылқы да адамдай аяулы емес пе еді? Қалайша қолы барды екен? Сансыз сұрақтан Маржанның діңкесі құрыды. Мән-жайды анықтап білу үшін әкесіне қоңырау шалып, жағдайын біліп тұрса да, әуелгі әдетімен халін сұрады. – Тәуірміз, балам. Өзің амансың ба? – деді әкесі. – Жаман емес, әке. Жылқыларға не болған? Дұрыстап айтып беріңізші, – деді Маржан. – Таңертең қора-жайда тұрған. Қалай болғанын білмеймін, қораның есігі ашылып, жылқылар шығып кетіпті. Көрші ауылдың егініне түсті дей ме, әйтеуір қан-жоса болып жатқанын көрген ауылдас Дархан ағаң хабарласты. Барсақ, шынында ені біздікі. – Барлығын өлтіріп тастаған ба? – деді Маржан жаны жай таппай. – Марат ағаңның жылқысы бар, менікі бар. Жиырма екі жылқыны аяусыз төпелеген. Қолмен істемеген сияқты. Балтамен шапқан ба, білмеймін. Кей жылқының көкіректері айырылып кетіпті. Өкпесінен қан сорғалап тұр. Төрт жылқыны сойып алдық. Әйтпесе арам өлетін еді. – Көкбурыл ше? – деді тағы да жаны шырылдап. – Мал болмайды-ау… Түрі жаман. Аяғын да сындырыпты… Сойып алған бірер жылқының ішінен құлын шықты! – деді әкесі дауысы дірілдеп. Ызадан жанып тұрғанын Маржан іштей сезді. – Ағаң айтып жатыр, «Жігіттерді жинап барамын» дейді. «Сабыр сақта» дедім оған. Заңмен шешеміз. Кім істесе де заң алдында жауап береді, – деді әкесі. * * * Дәурен Тұрарұлының Келес ауданындағы Абай елді мекеніне тергеуші болып келгеніне баржоғы төрт ай уақыт өткен-ді. Бұдан бұрын Жетісайда істеген. Мынадай жағдаймен тұңғыш рет бетпе-бет келуі. «Бір арықтың суын ішіп отырып бұндай қиянатқа қалай барады? Ел бұзылған екен» деді ол. – Бұл ауылда бас көтерер азамат бар ма? – деді Дәурен жиналған жұртқа дауыстап. – Сіздің ауылыңызда айдың күннің аманында осындай оқиға болып отыр. Бұл жайлы білмей қалу мүмкін емес. Куәгер жоқ дегенге өз басым сенбеймін… – деді жас тергеуші. Жиналғандар бір-біріне күмәндана қарап, басын төмен салғаннан басқа ешнәрсе істей алған жоқ. – Кеше ғана «Ауылды сасытпай жинап алып кет жылқыларыңды» деп едің ғой. Неге үнсіз тұрсың? – деді ашынған Жақыпбек жуан Теңізге қарап. Теңіз оқиға болған ауылдың өз арасынан сайлаған биі еді. Жаңа заманда да бұл елде би сайлау дәстүрі қалыптасқан. – Жақа, бұныңыз не? Менен күдіктеніп тұрсыз ба? – деді Теңіз далбалақтап. Әп-сәтте өңі бұзылып кетті. – Егер таза болсаң маған солай айтушы ма едің?! – деді Жақыпбек. – Жақа, ашынғаныңыз жөн. Әйтсе де, заң сізге бұлай айтуға рұқсат бермейді. Ақырын күтейік, – деді тергеуші. – Кінәліні осы ауылдан табасыз. Бар-жоғы отыз үй, – деді Жақыпбек. * * * Дәурен бір бума қағазды әкеліп Жақыпбектің алдына тастады. – Анықтадық. Кім қалай істеді, қандай құрал қолданды – бәрі бізге аян. Қанша адам араласқаны да белгілі. Әйтсе де, мойындата алмай отырмыз, – деп күйінді тергеуші. – Бәрі анықталған болса неге мойындата алмайсыздар? – деді Жақыпбек. – Бұл істе сіз біле бермейтін жайттар бар… – деді Дәурен. – Кеше мен аудан әкіміне кірдім. Сегіз айдан бері шешілмей жатқан істі қайта қара деп едім. «Қайда барсаң, онда бар. Маған десе Америкаға барып шағымдан» дейді. Сонда мен Америка азаматымын ба? – деді Жақыпбек. – Төрт адам анықталып тұр. Оларды жақсы танисыз… Бірақ ешбірі мойындамайды, – деді тергеуші. – Мойындату сіздің міндетіңіз. Сегіз айдан бері мойындата алмасаңыз кәсіби тергеуші болмағаныңыз ғой, – деді Жақыпбек. – Іске жоғары жақтан араласқандар бар… Мені де түсініңіз. – Онда бәріне түсіністікпен қарайық. Ертең кісі өлтірсе де түсіністікпен қараймыз ба? – деді Жақыпбек ызаланып. – Олай демеңіз… – деп ақталуға сөз таппай қиналды тергеуші. * * * Бұл бір қызық іс болды. Жақыпбектің жылқыларын өлтірді деген күдікке ілінгендер жиналып, оның үйіне келген. – Жақа, түсінесіз ғой. Ауылымыз аралас отырған елміз. Есболдың баласы ауруханада ес-түссіз жатыр. Әкесі болса қайта-қайта аурухана мен полицей мекемесінің табалдырығын тоздырып жүр… Кешірім беріп, арызды қайта алыңыз, – деді көрші ауыл биі Теңіз. Кездесуге мұрындық болған бұл ауылдың биі Айбол болса Жақыпбекке жалынышты көзбен қарады. Онысы кешірім берсе, тезірек осы іс жабылса деген ой еді. – Заң қалай шешсе, солай болады, – деді Жақыпбек. – Айналайын-ау, менің немерем ауруханада жатыр. Кешірім бере салшы енді, – деді Есболдың кәрі әкесі. Төс қалтасынан орамалын шығарып көзін сүрткен болды. – Маңдай теріммен бала-шаға үшін жинаған адал малымды арам өлтірдіңдер. Енді не сұрайсыңдар! – деді Жақыпбек. – Бергенімізге разы бол да, кешірім бер, – деді Теңіз. – Сонда жиырма екі малдың құны бес жүз мың теңге болып тұр ма? – деп, одан әрмен ашуға ерік берді Жақыпбек. – Бұлар қу кедей ғой. Одан басқа ақшаны қайдан алады? – деді Теңіз. – Мәселе ақшада да емес. Қолмен істегенді мойынмен көтерсін, – деп Жақыпбектің жары Бәтима сөзге араласты. – Жеңеше, сіз көзі ашық адамсыз ғой. Кешірім беріңіздер, – деп килікті мұғалім Берік. – Көзім ашық болған соң, осылай айтып тұрмын. Ертең бұлар жазаланбаса, заң жоқ екен деп одан да ауыр қылмысқа барады, – деді Бәтима. Жақыпбек күйіп кетті. «Осыншама надан жұрт екенбіз» деп жүрегі қыса бастаған. – Айналайын балам, кешірім бер. Менің немерем өлім аузында жатыр, – деп бұрыннан ауру немересін ортаға салды қария. Ұрпағын саудалап кешірім алғысы келді. – Кештім, – деді Жақыпбек. – Бірақ Құдайға салдым. * * * Маржанның жаны түңілген. «Анық істің өзін шеше алмайтын ел екенбіз» деп күйінді. Көз алдына Көкбурыл келе берген. Әкесіне «Неге кешірім бердіңіз?» деп айта алмайды. Әкенің жұмсақ жүрегін тағы да ауыртқысы келмейді. Түн қараңғылығында Алматы аспанына қарап ойланып келеді. Бұрын жұлдыздар көрінбеуші еді. Қазір ауық-ауық көзге түсетін болған. «Бізді тура жолға бастайтын бағыт та осы жұлдыз секілді бірде көрініп, бірде көрінбей тұрған жоқ па?» деп ойлады. Заңсыз елде тұруға алғаш рет қорыққан. Бұрын байқай бермейтін. Өз басына түскен бұл істен кейін ішіндегі көп ойлар тұншығып сыртқа шығып жүр. Заңсыз елде қалай күн көреміз? Ал кінәлілер заң сотынан сытылып шыққанымен, ар сотына тартылмай ма екен?.. Нұрлайым БАТЫР

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...