Апостиль дегеніміз — құжатқа қол қойған адамның қолын және оның өкілеттіктерін, сондай-ақ осы қағаз немесе электрондық нысандағы құжат бекітілген мөрдің немесе мөртаңбаның түпнұсқалығын растайтын арнайы мөртаңба.
Заңдастырудың осы нысанын танитын елдер аумағында, яғни 1961 жылғы 5 қазандағы Гаага конвенциясына сәйкес басқа бір мемлекеттің аумағында пайдалануға арналған, бір мемлекеттің өкілетті органдар берген құжаттарда арнайы мөртабан (апостиль) қойылады. Конвенцияның 5-бабына сәйкес, апостиль қолдардың түпнұсқалылығын, құжатқа қол қойған адамның кім екендігін және тиісті жағдайларда бұл құжат бекітілген мөрдің немесе мөртаңбаның түпнұсқалылығын куәландырады. Апостильге қойылған қол, мөртаңба ешқандай да растауды немесе заңдастыруды талап етпейді және бұл құжатты Гаага конвенцияға қосылған барлық мемлекеттерде пайдалануға болады.
Аталған мемлекеттік көрсетілетін қызмет сот жүйесінінен шығатын құжаттарға да қолданылады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының 2020 жылғы 13 сәуірдегі №13 бұйрығымен бекітілген «Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» жөніндегі қағидасы осы қызметті көрсету тәртібін айқындайды. Онда, қызмет көрсету процесінің сипаттамалары, нысаны, мазмұны мен нәтижесі, сондай-ақ өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі қамтылған.
Қағидаға сәйкес, «Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» жөніндегі мемлекеттік қызметті Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігі және облыстардағы, республикалық маңызы бар қалаларда және астананың аумақтық органдары көрсетеді.
Облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада орналасқан Мемлекеттік корпорация филиалдары бөлімінің қызметкері құжаттар келіп түскен күні құжаттарды дайындауды жүзеге асырады және оларды көрсетілетін қызметті берушіге жіберу үшін Мемлекеттік корпорацияның курьеріне береді. Егер Мемлекеттік корпорация филиалдарының бөлімдері басқа елді мекендерде орналасқан жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның жинақтаушы секторының қызметкері (маманы) құжаттар келіп түскен күні оларды дайындауды жүзеге асырады және құжаттарды көрсетілетін қызметті берушіге қағаз түрінде Мемлекеттік корпорацияның курьері не пошта байланысы арқылы жіберуді екі жұмыс күні ішінде қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін жеке және заңды тұлғалар көрсетілетін қызметті берушіге «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» арқылы қағаз тасығышта не «электрондық үкіметтің» веб-порталы www.egov.kz арқылы электронды түрде, не Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігінің кеңсесі арқылы Қағидада берілген нысан бойынша өтініштерін төмендегідей құжаттарымен бірге береді.
Қызметті берушіге немесе Мемлекеттік корпорацияға өтініш білдірген кезде: өтініш, жеке басын куәландыратын құжат, апостиль қою үшін ұсынылатын сот органдарынан шығатын ресми құжат, егер қызметті алушының мүддесін үшінші тұлға білдірген жағдайда нотариалдық куәландырылған сенімхат, мемлекеттік баждың бюджетке төленгенін растайтын құжат ұсынылады.
Ал, портал арқылы жүгінген кезде: ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық өтініш, апостиль қою үшін ұсынылған құжаттардың, мемлекеттік баждың бюджетке төленгенін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі ұсынылады.
Мемлекеттік қызмет ақылы түрде көрсетіледі, әрбір апостиль қойылатын құжат үшін 1 АЕК-нің 50 % мөлшерінде мемлекеттік баж алынады.
Құжаттардың толық емес пакетін, сондай-ақ мерзімі өткен құжаттарды ұсыну өтінішті қабылдаудан бас тартуға негіздер болып табылады.
Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағым Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына, мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға берілуі мүмкін.
Көрсетілетін қызметті берушінің мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Айнұр Әбілқасымқызы
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының
кеңсе меңгерушісі