12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Алтынай ЖОЛЫМБЕКОВА, Түркістан облыстық Ішкі істер департаментінің аға тергеушісі: «ХАЛЫҚТАН АЛҒЫС ЕСТУ ҒАНИБЕТ»

– Алтынай Махамбетқұлқызы, алғашқы тергеген ісіңіз есіңізде ме?

– Әрине, есімде. 2010 жылы тергеу бөліміне келгенімде ең алғаш қараған ісім кісі өлімі болды. Кісі өлген жерге бардым. Барсам, қаладағы дәмханалардың бірінде ер азаматты бірнеше жерінен пышақтап өлтіріп, қашып кеткен. Өлген адамның жатқан жерін қоршап тастаған, иттер жүр. Аң-таңмын. Сараптамалар тағайындау керек болды. Көмекке облыстық ішкі істер департаментінен тергеуші келіп, бағыт-бағдар берді. Ертесіне жұмысқа келсем, басқа тергеушілер «Алтынай, сен бұл істі бізге бере сал, саған ауыр болады» деп маған жанашырлық танытты. Бірақ, мен көнбедім. Себебі, өзімнің қызметімді жетілдіру үшін осындай қиын істерден бастаған дұрыс деп ойладым. Мен «Жоқ, бұл істі ешкімге бермеймін» деп өзім тергеуге кірісіп кеттім. Содан бастап тергеудің қыр-сырын үйреніп, тағайындалатын сараптаманың түр-түрін тани бастадым. Қаза тапқан ер адамның үйіне барсақ, кішкентай бес қызы бар екен. Әкесі отбасының жалғыз асыраушысы болған екен. Соларды көріп, қылмыскерді тауып, қалайда жазалау керек деген ойға келдім. Оның арасында күнделікті орын алған қылмыстарды ашуың керек, күн-түн демей жұмыс істеп жүріп, қылмыскерді таптық. Сот болып, ол тиісті жазасын алды.

– Сіз тергеген істердің ішінде өзін өзі өртеген кәсіпкер Нұркен Айнабековтің де ісі болды. Бұл істі алып жүру сізге ауыр болмады ма? Өйткені, ол өзіне өзі қол жұмсағанда тергеушілер мені осы дәрежеге жеткізді деп айыптаған болатын?

– Кәсіпкер бастапқыда бізге жәбірленуші ретінде арызданып келді. Ол өз арызында бұрынғы шенеунік Жамбыл Байғоновтың 25 млн теңгесін алып қойғанын көрсеткен. Біз тиісті тергеу шараларын жүргізіп, ақшасын өндіріп бердік. Кейін анықтай келе, кәсіпкердің өзі алаяқ екені белгілі болды. Оның үстінен төрт бірдей қылмыстық іс қозғалды. Осы кезде ол жағдайы тығырыққа тірелгенін біліп, БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Сөйтіп бізді жұртқа қараламақ болды. Ол аздай, келесі күні прокуратураның алдына барып өзін өртеп жіберді. Осы кездер мен үшін өте ауыр күндер болды. Жаппай қызметтік тексеру шаралары жүргізілді. Сол күндері бала-шағам да «анашым, енді сізге не болады» деп қатты уайымдағаны бар. Барлық тергеу жұмыстарымды тексеріп, ақырында менің ешбір қателік жібермегенім дәлелденді. Осылайша, адал еңбегімнің арқасында мен өзімнің ақ дұрыс бағытта жұмыс жүргізгенімді дәлелдеп шықтым.

– Алаяқтыққа байланысты қылмыс көп пе?

– Алаяқтық туралы істерде небір құйтырқы әрекеттерге көз жеткізесің. Бізге бес адам арыз жазып келді. Олардың сөзінше, бір таныстары банктен жеңілдетілген пайызбен несие алып б е р е м і н д е п барлық құжаттарын, қомақты көлемде ақшаларын алып, қашып кетіпті. Тергеу шаралары барысында ол адамның фотороботын жасап, кім екенін анықтадық. Мекенжайы да табылды. Онымен хабарласып, полиция бөліміне шақырттық. Жауап алу барысында алданған адамдардың құжаттары ауылд а ғ ы ү й і н д е деп көрсетті. Ертесіне қаладан шалғай жатқан Мон — тайтас ауылына бардық. Барсақ, құжаттарды бір қапқа салып, пештің түбіне көміп қойыпты. Ішін ашып қарасақ, бес адам емес, отыздан астам азаматтың құжаттары жатыр. Араларында банк қызметкерлері де бар. Кейіннен барлығын шақыртып, құжаттарын қайтардық. Олардың қуанғанын көрсеңіз ғой. Кейбірі, құжатын да, ақшасын да қайтара алмаймын деп күдерін үзген екен. Ұсталған күдікті жәбірленушілердің барлық шығындарын қайтарды. Сөйтіп халықтың алғысын алдық. Жәбірленушілердің «рақмет» деп шын көңілмен айтқан сөзін естудің өзі бір ғанибет.

– Қылмыстық істерді қарау барысында қандай қиындықтар кездеседі?

– Істі қарағанда негізінен күдіктілердің мың танысы араласып іс тоқтап қалмаса екен, сотқа дейін жетсе екен деп іштей уайымдайсың. Желілік маркетинг, пирамида сынды алаяқтық істер көп кездесті. Мәселен, Өзбекстаннан келген әйел қызы екеуі адамдарға «бастапқыда 150 мың кассаға апарып төлейсің, ол қағазды тіркеп қоямын, артынша ай сайын 1,5 млн теңге, екінші айда 3 млн теңгеден алып отырасың» деп алдап, халықтың сеніміне кіріп отырған. Алайда, ол адамдарды бір-біріне тіркемей, барлығын өздерінің атына тіркеп, пирамидалық желімен өзі қыруар қаражат алып отырған. Оның ісін үш тергеуші жүргізіп, ақыры іс маған өтті. Танысып қарасам, таза алаяқтық. Себебі, олар негізінен заңдылық сауаты жоқ, ауылдың адамдарын шақырып отырған. Оған жауап алуға барсам, «мен ешкімнен қолма-қол ақша алған жоқпын» дейді. Базадан анықтап қарасақ, ол әйел Өзбекстанда да осындай алаяқтықпен айналысқаны үшін түрмеге отырған екен. Ал, жәбірленушілерге хабарлассам, олар күйіп отырмыз, ұстатпайды деп жылап отыр. Осындай кездерде қарапайым адамдарға қатты жаным ашиды. Солардың алданған ақшаларын қайтартып берсем екен деп іштей ойлап жүремін. Ал, істі сотқа өткізгенде үстімнен үлкен жүк түскендей болады.

– Өзіңіз қараған атышулы пирамада ісі жайында сөз қозғасаңыз?

– Мен қараған істің 80 пайызында шағым айтушы, жәбірленушілердің материалдық шығыны өтелді. Бұл менің бірінші орынға қоятын талабым. Тергеу барысында тергеуші ретінде де, кей кезде әйел ретінде де, ана ретінде де баға берілетін жағдайлар болады. Қазақстанның барлық өңірінен 2100 адам «Индиго 24» және «Evolution Corporation» атауларымен құрылған қаржы пирамидаларына алданып, халыққа 3,5 млрд теңге көлемінде шығын келген. Қаржы пирамидасын құрды деген айыппен 20- ға жуық адам сотталды. 950 томдық іс жинап, оны сотқа өткіздік. Қаржы пирамидасы бойынша бұл істі 2021 жылдың қаңтар айында бастап тергеп, өткен жылдың қыркүйек айында істі сотқа өткіздік. Өте қиын іс болды. Бұл істі жалғыз тергеген жоқпын, өйткені, осы қылмыстық іске қатысты жедел тергеу тобы құрылып, оның құрамына отызшақты адам ендік. Олардың арасында жедел уәкілдер, жергілікті полиция инспекторлары болды. Өйткені, іс бойынша жәбірленушілердің көбі Түркістан облысына қарасты Жетісай, Мақтаарал қалаларының, Шардара мен Сарыағаш аудандарының тұрғындары. Сонымен қатар, басқа облыстардан да жәбірленушілер болды. Әсіресе, Астана, Шымкент қалалары, Маңғыстау, Жамбыл облыстарында тұратын жәбірленушілердің саны тым көп еді. Әуел баста іс бойынша 25 адам күдікті ретінде танылып, тергеуде отырды. Еліміздің әр өңірінен 2100 жәбірленуші шағымданды. Олардың іс-әрекеттеріне қарап, ұйымдасқан қылмыстық топ белгілерімен істі сотқа жолдадық. Қаржы пирамидасы деген қазір қоғамдағы ең күрделі мәселенің бірі. Қаншама адам соңғы ақшасын салған, қаншасы сол үшін несие алған. Жәбір көргендердің көбі әйел адамдар болғандықтан, бұл іс өте ауыр тиді. Біреуі үйінен, біреуі отбасынан айырылған, қаншама әйел алдымызға жылап келіп, қаржы пирамидасын құрған адамдарды қашан жазалайсыздар деп сұрайды. Ал, тергеу изоляторында айыпты ретінде 22 әйел отырды. Олардың да бала-шағасы бар, бұл жолға отбасын асырау үшін барғанын айтып ақталады. Олар бір жарым жыл отбасын көрмей, тергеуде отырды. Оларға да психологиялық көмек көрсетілді. Соңғы ақшасын салып, қомақты қаржыға кенелемін деп алданған әйелдерге «сен не үшін несие алдың, неге алаяқтарға сендің?» деп те айта алмайсың. Олар онсыз да ауыр күндерді бастан кешіріп, қарызға алған ақшасы мен несиесін қайтарудың қамын ойлап жүрген жандар. Тергеу бітті, сот үкімі шықты. Сот үкімі бойынша қаржы пирамидасын құрды деп бір ер адам, оның анасы және тағы бір әйел, барлығы үш адам 12 жылға, бес адам 10 жылға, сегіз адам 5 жылға сотталды.

– Түркістан облысы Шардара су қоймасында браконьерлікпен айналысқандардың ісін тергедіңіз, бұл тергеу жұмысы қалай өрбіді?

– Үш күдікті ер адамды бірден сот қамауға алды, ал қалған жетеуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Осы іс маған тапсырылып, тергеуді жүргізе бастағанымда көбісі іс сотқа жетпейді деп сенімсіздік танытты. Алайда, мен бұл іске әдеттегідей білек сыбана кірістім. Барлық дәлелді назардан тыс қалдырмадым. Оларды біртіндеп жинап, әрбірінің сөзін саралап отырдым. Сарапшыларға балық аулау құралдарын апарып, бірнеше рет тиянақтап тексерттім. Бағыма орай көлікті жақсы жүргізетінімнің көмегі көп тиді. Яғни, мен күдіктілерден тәркіленген балық аулайтын тор мен ауды жүксалғышқа салып алып жүретінмін. Оның салмағы шамамен 30 келі. Торды Жетісай қаласынан Шымкент қаласына дейін үш рет апарып, үш рет сараптамадан өткіздім. Екі аумақтың ара қашықтығы шамамен 250 шақырым. Оған қоса жауап алушыларды беттестірдім, сұрақ-жауаптарын алдым және тағы да басқа түрлі тергеу әрекеттері болды. Әрине, мұндай жұмыс өз кезегінде біршама уақытты талап етті. Тергеу үш айдан астам уақыт бойы жүргізілді. Нәтижесінде қылмыстық іс 23 томды құрады. Бұл тек 10 адамға қатысты бір іс. Сондықтан айтар едім, тергеудің өзіндік есепке алына бермейтін қиыншылықтары да бар. Сондай-ақ, қайталанып жасалған сараптамалар, қосымша жүргізілген жедел шаралар, жалған құжаттармен балық көрші облысқа шығарылғандығына байланысты аудиторлық тексерулер тағайындалды. Осылайша 2020 жылдың қараша айында айыптау ісі сотқа жіберілді. Араға жеті ай салып, 2021 жылдың маусым айында сот өз шешімін шығарды. Жетісай ауданынан 44 және 42 жастағы ерлі-зайыпты мен 51 жастағы әйел алты жылға және 32 жастағы ер адам жеті жылға сотталды.

– Алтынай, осы еңбек еткен жылдарыңызда әттеген-ай деген тұстар болды ма?

– Әрине, адам болғаннан кейін «әттеген-ай» дейтін кездер болады ғой. Бірақ, ауыз толтырып айтарлықтай немесе өкінетіндей тұстар болған жоқ. Мен 8 Наурыз халықаралық әйелдер күні қарасаңында Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжановтың қолынан алғыс хат алдым. Бұл мен үшін үлкен қуаныш десем артық айтқандығым емес. Өзімнің адал қызметімді елеп-ескерген басшылыққа алғысымды айтамын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Раушан НАРБЕК ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ

    «Ұлттық ойындар»  авторлық бағдарламасының  берері не?

Мазмұны бойынша барлық халық ойындары балаларға қол жетімді. Олар...

”МИГРАНТ” профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде

02.05.2024 жылы Түрксіб станциясындағы Желілік полиция бөлімі көші-қон қызметі...

Рейдовые мероприятия провели среди сотрудников ДУИС Астаны

Сотрудниками Группы собственной безопасности совместно с сотрудниками Отдела воспитательной...

Строевой смотр проведен среди личного состава ДУИС Астаны

В ДУИС Астаны среди личного состава проведен строевой смотр....

Осужденные Алматинской области отметили День единства

Осужденные, отбывающие наказание в учреждении №14 ДУИС по г.Алматы,...