Алматыда 29 қыркүйектен бері қалалық туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Almaty mount fest 2023» халықаралық тау фестивалі өтіп жатыр. Дүниежүзілік туризм күніне орайластырылған бұл шараның салтанатты ашылу рәсімі жұмада Абай атындағы алаңда болып, алғашқы күні DJ-жиындар, байқаулар, шеберлік сыныптары өтті. Алыс-жақын шет елдерден 2 мыңнан астам тау туризмі мамандары қатысқан фестивалдің екінші күні Медеуден Шыңбұлақ тау курортына бұқаралық тау жорығы мен Шыңбұлақта тау велосипедмен төмен түсуден жарыстар болды. 3200 метрлік жорықта ерлер арасында башқұртстандық Александар Пашков жеңімпаз атанды. 2-3 орынды жерлестеріміз Искандер Мукам мен Александр Дубук иеленді. Әйелдер арасында үздік үштікке отандастарымыз Анна Зейцева, Татьяна Талабанова және Александра Дубук енді.
Ал тау велосипедімен 650 метр биіктіктен жылдамдықпен төмен түсуде 14-17 жастағы жасөсіпірімдер арасында Даниэль Ізбасқанов, Эдуард Подушка мен Алдияр Қасымов жүлделі 1-3 орынды бөлісті. 18-29 жас аралығындығы жастар арасында Александр Зубенко, Жомарт Қумақбаев, Константин Трейман үздік үштіктің қатарынан табылды.
Фестивальдің үшінші күні «Жастар» шыңына альпиниада және тауда жылдам жүгіру сайыстары өтті. Дүйсенбіде енді «Тау туризмін дамытудағы жаңа мүмкіндіктер» деген тақырыппен халықаралық форум өтеді. Онда Андорра, Грузия, Италия, Франция, Қырғызстан, Ресей және тағы басқа да алыс-жақын шет елдерден келген сарапшылар экологиялық тұрақты саяхатат, демалысты ұйымдастырудың креативті форматтары және таулы аймақтағы инклюзивті туризм мәселелерін талқылайды. Кешке фестиваль ойын-сауық бағдарламасы мен өнер ұжымдарының концертімен өз жұмысын аяқтайтын болады.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ «Заң газеті»