12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Ажар ҒИНИЯТ, Денсаулық сақтау министрі «ЕМ ІЗДЕП ШЕТЕЛ АСУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»

– Ажар Ғиниятқызы, денсаулық сақтау саласындағы соңғы қабылданған ірі жобалар туралы айтып өтсеңіз. Олардан қандай нәтиже күтеміз?

– Денсаулық сақтау – ең серпінді және жоғары технологиялық саланың бірі. Сондықтан заман көшіне ілесіп, қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуға ұдайы ұмтылу қажет. Осы мақсатта жаңа ауқымды мемлекеттік жобалар мен бағдарламалар әзірленуде. Мемлекет басшысының қолдауымен ауылдық денсаулық сақтау саласын дамыту, онкологиялық қызметті жаңғырту, ана мен бала денсаулығын сақтау және басқа да маңызды салалар бойынша үлкен жобалар іске іске асырылуда. Біз қазір барынша күш салып жатқан бірінші және ең өзекті бағыт ауылды жерде тұратын азаматтарға медициналық көмек көрсетуді жақсартумен байланысты. Урбанизацияның тұрақты процесіне қарамастан, бүгінде 8 миллионға жуық қазақстандық (халықтың 38 пайызы) ауылдық жерде тұрады. Былтыр денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік стандарты бекітілді. Осылайша, 50 адамға дейінгі ауылдарда медициналық көмекті үй-жайсыз медбике көрсетеді, ал 500 адам тұратын ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт ашылып, медицина қызметкерінің саны үш бірлікке ұлғайтылды. Бүгінде ауылдық жерлерде медициналық мекеме ғимараттарының 56 пайызы, медициналық құрал-жабдықтың 50 пайызы тозған. Ауылдарда жаңа медициналық ғимараттар салып қоймай, оларды заманауи құрал-жабдықпен, технологиямен жарақтандыру, кадрлармен қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ ем алу үшін үлкен қалаларға баруға, жол жүруге, ақша жұмсауға, кезекте тұруға мәжбүр. Ауыл тұрғындарының жоғары технологиялық және мамандандырылған медициналық көмекке қол жеткізу мәселелерін шешу қажет. Ауылдағы денсаулық мәселесі түбегейлі реттеуді қажет етеді. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы мақұлданды.

Жоба медициналық ұйымдардың аумақтық жақындығын қамтамасыз ету арқылы ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін айтарлықтай жақсартуға арналған. Мұнда үш негізгі мәселені шешу көзделіп отыр. Біріншісі – жетіспейтін алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары, яғни фельдшерлік, фельдшерлік-акушерлік пункттерді, дәрігерлік амбулаторияларды салу арқылы барлық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Екіншісі – заманауи медициналық құрал-жабдықпен жабдықталған көпсалалы орталық ауданаралық аурухана желісін ұйымдастыру. Үшіншісі – ауылдық денсаулық сақтау мекемелерін медициналық кадрлармен қамтамасыз ету. Жалпы, ұлттық жоба аясында алдағы екі жылда 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын, оның ішінде 257 фельдшерлік пункт, 238 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда. Бүгінгі күні 99 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанының құрылысы жүргізілуде, олар биыл пайдалануға беріледі. 2024-2025 жылдар аралығында аурухана базасы да айтарлықтай жаңартылады. Оның ішінде мүмкіндігі кеңейтілген 32 заманауи көпсалалы орталық аудандық аурухана, инсульт және кардиологиялық орталықтар, травматология және ортопедия бөлімшелері, сондай-ақ оларды медициналық құралмен жарақтандыру көзделген.

– Ауыл үшін ең қиыны – мамандар тапшылығы. Алыс мекендерге кадрларды жеткізу де, тұрақтандыру да күрделі мәселе. Мұны қалай шешпексіздер?

– Ауылдағы денсаулық сақтау саласын кадрмен қамтамасыз ету мақсатында республика бойынша медициналық колледждер мен жоғары оқу орындарында 14 мыңнан астам медбике, 10 мыңнан астам фельдшер, 957 акушер және 7 мыңнан астам жалпы тәжірибелік дәрігерді оқыту жоспарлануда. Жобаның қосымша кадрлық қажеттілігі – алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары үшін 307 медицина қызметкері және көпсалалы орталық аудандық ауруханалар үшін 793 медицина қызметкерін құрап отыр. Бұл мәселе әкімдіктермен бірлесіп, медициналық кадрларды әлеуметтік қолдау және қайта даярлау тетіктері арқылы шешілмек. Министрлік әкімдіктермен бірлесе отырып, 2025 жылға дейін кадр тапшылығын қысқарту жөніндегі Жол картасын бекітті. Онда нысаналы индикаторлар нақтыланған және кадр тапшылығын азайту және жергілікті жерде ұстап қалу, шетелге кетудің алдын алу бойынша қосымша ынталандыру шаралары қарастырылған. Бүгінде жәрдемақы мен бюджеттік несие көлемі – 3-5 миллион теңге аралығында. Бұл ауылдарға дәрігерлер тартуға жол ашады.

– Көбінесе науқастар, соның ішінде ауыл тұрғындары жедел медициналық көмектің дұрыс көрсетілмейтініне шағымданады. Жедел жәрдем қызметінің жұмысында не өзгереді?

– Денсаулық сақтау министрлігінің «Жедел медициналық көмекті, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып, халыққа қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізілді. Бұйрық бойынша, жедел жәрдем бригадасының құрамына фельдшер – алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша кәсіби дайындық курсынан өткен, қосымша алғашқы медициналық көмек функциясын орындай алатын және жедел медициналық жәрдем бригадасының жұмысына қатыса алатын адам кіреді. 100 мың және одан да көп халқы бар моноқалаларда жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша дербес жедел медициналық жәрдем станциялары ұйымдастырылады. Медициналық бригадалардың саны бригадалардың жалпы санының кемінде 25 пайызын құрайды. Сондай-ақ жедел жәрдем станциялары үйлестіруші ұйымға медициналық көмек көрсетуде интеграцияны қамтамасыз ететін медициналық ақпараттық жүйелерге қолжетімділікпен қамтамасыз етіледі. Ауылдық елді мекендердегі шақыруларға қызмет көрсету үшін аудандық қосалқы станциялардың диспетчерлері мамандарды, сондай-ақ жақын маңдағы медициналық ұйымдардан жедел жәрдем көліктерін тарта алады. Жергілікті атқарушы органдардың шешімімен, елді мекендерде жедел медициналық жәрдем қызметінің функциялары аудандық ауруханаларға берілді. Бұл жаңалықтар ел тұрғындарына көрсетілетін жедел медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырарына сенім мол. Сонымен қатар, жедел медициналық көмек көрсету және жедел жәрдем көліктерімен қамтамасыз етілген білікті мамандарды тарту арқылы медициналық көмек көрсетудің жан басына шаққандағы нормативі ұлғайтылмақ. Соның нәтижесінде қызметтің қаржылық жағдайын жақсартуға болады.

– Денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі буынды – алғашқы медициналық көмек немесе емханалар құрайды. Бұл деңгейде қандай ілгерілеушілік бар?

– Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары (емханалар) желісінің кеңеюімен олардың халыққа, оның ішінде ауылдық жерлерге қолжетімділігі жақсарды. Бүгінде еліміздегі дәрігерлік амбулаториялар саны 3324-ке жетіп, 3,7 пайызға өсті. Сонымен қатар, халықты алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қамту өсуде. Күн сайын алғашқы медициналықсанитарлық көмек ұйымдарына 570 мыңнан астам пациент келеді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекке жұмсалған қаржы 3 жыл ішінде 1,5 есеге өсіп, денсаулық сақтаудың жалпы бюджетінің 34,3 пайызына жетті. 2025 жылға қарай алғашқы медициналық-санитарлық көмекке жұмсалатын қаржы сомасын екі есеге жуық ұлғайту жоспарлануда. Былтырдан бері 9 бағыт бойынша консультациялық-диагностикалық қызмет көрсету учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз жүргізілуде. Онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдікті адамдарды тексеру мен емдеуді жеделдету үшін «Жасыл дәліз» енгізілген. Балалардың туабітті кемістігінен болатын мүгедектік пен өлім-жітімді азайту мақсатында түрлі аймақтарда 18 орталық ашылды. Нәтижесінде жүкті әйелдерді скринингпен қамту өсті. Бүгінде бұл көрсеткіш 6 пайызға, жалпы көрсеткіш 79 пайызға жетті. Амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жыл сайын артып келеді. Ағымдағы жылы амбулаториялық-емханалық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша нозологиялар тізбесі 181-ге дейін кеңейтіліп, 3,8 млн адамды қамтыды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 54%-ға артық. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуімен халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі артып отыр.

– Ажар Ғиниятқызы, соңғы жылдары медициналық оңалту, оның ішінде балаларды оңалту ісі белсенді дамып келеді. Бұл қызметтер қазақстандық балаларға қаншалықты қолжетімді?

– Негізі бұл – 3 жасқа дейінгі балаларға арналған ерте араласу институты. 2020 жылдан бастап «Қамқорлық қоры» және «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен «Қамқорлық» бастамасы жүзеге асырылуда. Соңғы 2 жылда 0-ден 3 жасқа дейінгі балалар үшін 15 оңалту орталығы мен 11 ерте араласу орталығы ашылды. 2023 жылы жыл сайын 10 мыңнан астам жас баланы қамтитын тағы 13 орталық ашу жоспарлануда. 55 орталық балаларға оңалту көмегін көрсетеді. 2022 жылы 83 мыңнан астам бала тәулік бойы жұмыс істейтін және күндізгі стационарларда, 12 мың бала емханаларда негізгі ауруынан оңалту арқылы ем алды. Соңғы 3 жылда оңалтуды қаржыландыру 15 млрд теңгеге дейін өсті. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесінде балаларға көмек көрсететін 55 оңалту орталығы жұмыс істейді.

– Қазақстанда онкологиялық көмек көрсетудің жаңа бағдарламасы қабылдануда. Олар науқасқа осы қорқынышты аурумен күресуге қандай мүмкіндіктер береді?

– Қазіргі таңда онкологиялық аурулар тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өзекті болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жер шарындағы әрбір бесінші адам қатерлі ісік ауруынан зардап шегеді. Қатерлі ісік әлемде және Қазақстанда жүрекқан тамырлары ауруларынан кейінгі өлім-жітімнің екінші себебіне айналды. Елімізде жыл сайын 37 мыңнан астам адам қатерлі ісікке шалдығады, олардың саны тұрақты өсіп келеді. Мамандандырылған көмекті кеңейту, жаңа технологияларды енгізу және қатерлі ісіктерді (жатыр мойны обыры, сүт безі обыры, тоқ ішек обыры) ерте анықтауға арналған скринингтік тексеруден кейін соңғы бес жылда өмір сүру деңгейі 4,5-ке артты. Онкологиялық аурулар әлеуметтік маңызы бар ауруға жатады. Ел тұрғындарына онкологиялық көмек көрсету денсаулық сақтау мекемелерінің барлық деңгейінде жүзеге асырылады. Мәселен, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымында тексеру кабинеттері (2168) және онкологиялық (499) кабинеттер көбейіп келеді. Ел тұрғындарына онкологиялық көмек көрсетуді одан әрі жетілдіру перспективалары 2023-2025 жылдарға арналған қатерлі ісік ауруларымен күресудің кешенді жоспарының негізін құрады. Құжаттар онкологиялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, атап айтқанда, қауіп факторларының алдын алу мен басқаруды күшейту, ерте диагностикалау, мамандандырылған емдеуді дамыту, ғылым мен кадрлық әлеуетті дамыту арқылы қамтамасыз ететін шараларды қамтиды. Қатерлі ісікпен ауыратын науқастарға клиникалық тәжірибеде әртүрлі биологиялық маркерлерді анықтау бойынша қызмет көрсетіледі (иммуногистохимия, молекулалық-генетикалық зерттеулер), бұл онкологиялық науқастарды дербес емдеуге мүмкіндік береді және қатерлі ісіктің молекулалық биологиялық ерекшеліктерін неғұрлым егжей-тегжейлі зерттеу мүмкіндігін кеңейтеді. Елімізде гамма-пышақ, радионуклидті терапия және томотерапия сияқты технологияларды қолдана отырып, онкологиялық науқастарды емдеудің жоғары мамандандырылған әдістерінің қолжетімділігі артып келеді.

– Демек, ем іздеп, шетел асу қажет емес сияқты ғой…

– Иә, осы орайда ел азаматтары шетелге шықпай-ақ, әлемдік деңгейдегі емханалардан еш кем түспейтін ұлттық орталықтарда кардиология, кардиохирургия, нейрохирургия, трансплантология және ортопедия саласындағы қазақстандық медицинаның жетістіктерін пайдалана алады. Биыл Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері 2 мыңнан астам ота жасапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға жоғары. Орталық ашылған уақыттан бері 40 мыңнан астам операция жүргізді, бұрын Қазақстан мен Орталық Азияда қолданылмаған 70 жаңа технологияны енгізді. Біздің еліміз Орталық Азиядағы жүрек пен өкпе трансплантациясы жасалатын жалғыз мемлекет екенін мақтан тұтамыз. Бүгінгі таңда МӘМС пакетінде емделушілерге ВТМП-ның 80 түрі қолжетімді. Қазақстанда алғаш рет нейрохирургияның принципті жаңа бөлімдері – микронейрохирургия, эндоваскулярлық, эндоскопиялық және функционалды нейрохирургия енгізілді. Бұған дейін жоғары технологиялық емдеуді қажет ететін нейрохирургиялық патологиясы бар науқастардың 80 пайызының елімізде ем қабылдауға мүмкіндігі болмаған. Ендігі кезекте күрделі нейрохирургиялық операциялар еліміздің барлық тұрғынына қолжетімді. Сондай-ақ халыққа мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуді жақсарту үшін ауруларды (жүрек-қантамыр жүйесі, онкологиялық аурулар және т.б.) емдеу және диагностикалау бойынша 250-ден астам хаттама қайта қаралатын болады. Бұл жалпы науқастарды емдеу тактикасын халықаралық стандартқа мүмкіндігінше жақындатады. Сонымен қатар, халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін биыл өңірлерде 8 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарлануда.

– Денсаулық сақтау министрі ретінде және жеке дәрігерлік тәжірибеңізден адамдарға денсаулықты жақсарту бойынша қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Мемлекет денсаулық сақтаудың заманауи инфрақұрылымын жасайды, кәсіби медициналық кадрларды дайындайды, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді ұйымдастырады және қаржыландырады. Бірақ азаматтың өзі денсаулық сақтау жүйесі мен медицина қызметкерлерінің толық серіктесі болып, өз денсаулығын сақтауға бар күшін салуы керек. Содан кейін біздің жоғары білікті хирургтарымыз стент қою, коронарлық шунттау оталарын жасап, науқасты құтқарып, аяғына тұрғызады. Содан өз емханасында диспансерге тіркеліп, жүрек талмасы қайталанбас үшін барлық жазып берген дәрі-дәрмектерін мемлекет есебінен ұзақ мерзімге тегін алады. Бірақ бұл жерде маңыздысы – науқастың жүрегі ауырып, аурухана төсегіне жатып қалмас бұрын профилактикалық тексеруден өтеді. Скринингтер, медициналық тексерулер, қан қысымын емдеу, осының барлығы біздің емханаларда толығымен тегін жолға қойылған. Бірақ халықтың жартысы ғана қауіпті аурулардың алдын алу үшін бұл мүмкіндіктерді пайдаланады. Алкогольді, темекі шегуді тұтынуды азайту, қауіпсіз көлік жүргізу және жалпы мінез-құлық ережелерін сақтау маңызды. Бұған мән бермесек, біз еңбекке қабілетті жас азаматтарды жоғалтамыз. Өйткені темекі шегудің өзі адам денсаулығына орасан зор зиян келтіріп, бірқатар қауіпті ауруларды, ең алдымен, қатерлі ісік ауруын тудырады. Әйелдердің денсаулығының көрсеткіштеріне, әсіресе, жүктілік пен босану кезінде көп көңіл бөлеміз, бірақ ер адамдарымыз өз денсаулығына немқұрайлы қарайды. Барша қазақстандықтарды уақытында тексеруден өтіп, дәрігерлік кеңестерді сақтауға шақырамын. Қазіргі кезеңде медицина «жеке емдеуге» көшуде, профилактикалық медицина тенденциясы күшейіп келеді, бұл кезде денсаулықты кез келген жолмен сақтау, ауырмау және өмір сүру сапасының көрсетілген параметрлерін сақтау маңызды. Жұртшылықтың назарын тағы бір мәселеге аударғым келеді. Ол – медициналық көмек алу үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына тіркелу қажеттігі. Олар алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталықтары, тұрақты немесе уақытша тұратын жері бойынша емханалар, фельдшерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар болуы мүмкін. Екінші маңызды мәселе – міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде міндетті түрде сақтандырылған жарналар төлеу керек, бұл сізге медициналық көмек пен дәрі-дәрмекпен қамтудың толық көлемін алуға мүмкіндік береді.

– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!

Айша ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ, «Заң газеті»

2026 жылы табысты қалай дұрыс декларациялау керек?

2026 жылдан бастап Қазақстанда жеке табысты декларациялау тәртібі бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Мемлекет қаржылық ашықтықты арттыру мақсатында азаматтардан табыс көздерін заңды түрде көрсетуін талап етіп отыр.

Олимпиада-2026: Жеңімпаз спортшыға қанша сыйақы беріледі

7 ақпанда 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары басталды. Жарыстардың басталуымен бірге қазақстандық спортшылардың сәтті өнері үшін мемлекет тарапынан қарастырылған сыйақы мөлшері де белгілі болды.

Алматыда ақылды көлік жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде

Алматыда цифрландыруды дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2026 жыл елімізде ресми түрде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды.

На грани безработицы

ПАРЛАМЕНТАРИИ ПРЕДУПРЕДИЛИ О РИСКАХ РОСТА БЕЗРАБОТИЦЫ И УСИЛЕНИЯ СОЦИАЛЬНОГО НАПРЯЖЕНИЯ В СЕЛЬСКОЙ МЕСТНОСТИ В СВЯЗИ С ИЗМЕНЕНИЯМИ ПОРЯДКА ОРГАНИЗАЦИИ ОПЛАЧИВАЕМЫХ ОБЩЕСТВЕННЫХ РАБОТ.

Перизат Қайрат колонияда жұмыс істей ме?

Жарты жыл бұрын Перизат Қайрат алаяқтық қылмысына байланысты 10 жылға сотталды.