Қазақстан аумағында авторлық құқықты қорғау біреудің авторлық шығармасына қол сұғудың, оны автор рұқсатынсыз ел алдына шығарудың, туындыға қандай да бір өзгерістер енгізудің, сол шығармадан қаламақы іспетті пайда көрудің алдын алады. Авторлық туындыны өзінше бұрмалау, оны рұқсатынсыз жарыққа шығаруға қарсы бұл құжатты алу шығарманың бар міндеттері мен құқығын өз мойнына алумен пара-пар.
Авторлық құқықты дұрыс тіркеу, алаяққа алданбау сынды проблемаларды оңай шешу мақсатында осы мәселемен айналысатын заң өкілінен кеңес алдық.
Мамырова Диляра – Қазақстанның патенттік сенім білдірілген өкілі (тіркеу № 195). 2014 жылдан бастап «Зияткерлік меншік агенттігі» ЖШС кәсіпорнында заңгер болып жұмыс істеп келеді. Ағылшын тілінде еркін сөйлейді.
— Авторлық құқықты заң жүзінде тіркеу қалай жүзеге асады? Ол үшін қандай құжаттар керек?
— Авторлық құқықты қорғау мақсатында шығармашыл тұлғаға арнайы куәлік тағайындалады. Қазақстан Республикасында ондай құжатты Ұлттық Зияткерлік Меншік Институты береді. Ұйым елордасы Астана қаласында орналасқан.
Жоғарыда айтқанымдай, бұл куәлік, біз сияқты жекеменшік ұйымдар арқылы мемлекеттік органдар атынан беріледі. Авторлық құқық деректері бір жұмыс күні ішінде қарастырылады.
Айталық, егер, бұл құжат авторлық құқық туралы заңның 6 және 7 баптарында белгіленген барлық талаптарға сәйкес келсе, ұсынылған туындыларға сараптама жасалады. Содан кейін сараптама алқалары шығарма құрылымын егжей-тегжейлі тексере отырып, авторлық құқықты тіркеу туралы куәлік алуға рұқсат береді.
Егер, жүргізілетін сараптама барысында қандай да бір қарама қайшылықтар мен плагиаттық қасиеттер байқалса, сәйкесінше ұйым республика аумағында авторлық құжатқа ұсынылған туындыны куәландырудан бас тартады.
Біз арқылы куәлік алу үшін авторлар бірнеше құжат түрлерін жинайды. Және ол электронды форматта жүзеге асады. Атап айтқанда, автордың жеке төлқұжаты, туындының жазылған немесе жарыққа шыққан күні және шығарманың электрондық түрде кодталған, көлемі 100 мб аспайтын типі. Бұл файлдардың барлығы «блокнот» форматында оқуға қолайлы күйде тапсырылуы тиіс. Кейде, сазгерлер музыкалық композицияның авторлық құқығын әншілерге беріп жатады. Мұндай жағдайда автордың атынан наториалды сенімхат міндетті түрде берілуі тиіс.
— Заңгерлік қызметтің бағасы қанша тұрады? Тіркегеннен кейін құжат қандай форматта беріледі?
— Кез келген туындының авторлық құқығын тіркеудің заңды бекітілген ресми жарнасы – 6932 теңге, 80 тиын. Ал біз жекеменшік ұйым болғандықтан, арнайы тағайындалған қаламақымыз бар. Оның құны – 16800 теңге.
Авторлық куәлікке келер болсақ, біздің қызмет көрсеткенімізді растайтын анықтама – тек электронды күйде. Яғни, қағаз түріндегі түпнұсқа қолға берілмейді.
Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы Медиажурналистика мамандығы 4 курс студенті Сәдуақас Шаттық


