Үстіміздегі жылдың 20 сәуірінде Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне қол қойды. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген Әлеуметтік кодекстің басты мақсаты – әрбір отбасының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту. Кодекс адамның бүкіл өмірлік циклі – туғаннан бастап жасы ұлғайған шақтағы қолдаулардың барлығын қамтиды. Осының барлығы бір құжатпен реттеледі.
Кодексте қазіргі кездегі әлеуметтік қолдаудың барлық кепілдіктері мен нысандарының, сақталғанын атап өткен жөн.
Кодекстің негізгі бес жаңалығының біріншісі – Отбасының цифрлық картасы. Отбасының цифрлық картасы – мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде азамат немесе отбасы туралы ақпарат жинақталған жүйе. Ол үш мәселені шешеді. Алдымен қазақстандықтардың мемлекеттік қолдау жүйесіне теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын қарастыруға мүмкіндік алады. Сондай-ақ карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқықылы екендігін жеткізіп отыратын электрондық жаршы құралы қызметін атқарады. Мұндай ақпарат әрбір отбасына орталық мемлекеттік орган тарапынан SMS хабарлама ретінде жіберіледі. Бүгінгі күнге әзірше төлемнің 10 түрі бойынша азаматтар SMS хабарлама алып отыр. Болашақта біртіндеп қызметтер тізбесі кеңейтілетін болады. Сонымен қатар мемлекеттік қолдауды проактивті форматта жүргізу көзделген. Яғни азаматтарға әлеуметтік төлемдер және көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделіп тағайындалады.
Мысалы жаңа босанған ана бұрынғыдай құжат жинаймын деп әртүрлі мемлекттік органдарға немесе халыққа қызмет көрсету орталығына бармайды. Отбасының цифрлық картасы арқылы жәрдемақы алушыға автоматты түрде SMS-хабарлама жіберіледі және оң жауап болған жағдайда оған тиісті төлем тағайындалып, қаражат банктік шотына аударылады. Яғни ешқандай құжатсыз, өтінішсіз жәрдемақы тағайындалады.
Кодекстің екінші жаңалығы – мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасы. Оған сәйкес мемлекеттік қолдау алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алатын атаулы шара, одан кейін ғана атаулы әлеуметтік көмек ретінде қарастырылатын болады.
Осы бағыттағы тағы бір маңызды өзгеріс атаулы әлеуметтік көмек беру үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейі арқылы емес, медиандық табыс деңгейі арқылы анықталатын болады. Егер күнкөріс деңгейі адамның физиологиялық қалпына келуін қамтамасыз ететін болса, медиандық табыс – жалпы халықтың нақты тұтынушылық шығындарын жабатын орташа күнкөріс табысы.
Үшіншіден, әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамыту нәтижелі және формальды жұмыспен қамтуды ын¬таландыруды көздейді. Яғни формальді форматта жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру деңгейі жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда жоғары болады. Мысалы, азаматтардың зейнетақысының мөлшері олардың зейнетақы жарнасын төлеген уақытына және оның көлеміне байланысты болады. Егер азамат жұмыс істеген кезеңінде әлеуметтік жарналарын тоқтатпай төлеп отырған болса, ол 3 түрлі төлем алады және алар зейнетақысының мөлшері де жоғары болады (базалық зейнетақы, міндетті зейнетақы жарналары есебінен және жұмыс беруші жарналары есебінен). Ал жұмыс істемеген азамат тек күнкөріс деңгейінің бүгінде 60 пайызын құрайтын базалық зейнетақыны ғана алатын болады. Яғни әлеуметтік әділеттік кодекстің негізі болып табылады.
Кодекстің маңызды жаңалығының бірі зейнетақыны кезең-кезеңмен арттыру болып табылады. Биылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ке өседі.
Яғни, 2 миллионнан астам зейнеткер осы қолдау шараларымен қамтылады.
Жалпы, қабылданып жатқан шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ке арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ азаматтар өздерінің зейнетақы активтерінің 50%-ін сенімгерлік басқаруға беруге құқылы болады.
1 шілдеден бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағы 14,5%-ке ұлғаяды.
Жалпы өсім – 23%-ті құрайды. Мүгедектік медициналық мекемелерге міндетті түрде бармай-ақ және растау алмай-ақ, проактивті түрде белгіленеді.
Қорытындыны тәжірибелі дәрігерлерден құралған тәуелсіз сарапшылар береді.
Балалы отбасыларды қолдау үшін Алтын алқа, Ана даңқы және «Батыр Ана» наградаларымен марапатталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері сараланды.
Әлеуметтік кодекске сәйкес “Наградталған аналар” деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл мәртебе “Күміс алқа”, “Алтын алқа” алқаларымен наградталған немесе бұрын “Батыр Ана” атағын алған, І және ІІ дәрежелі “Ана даңқы” ордендері бар әйел¬дерге беріледі. Сондай-ақ наградталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделген. Бү¬гінде 6, 7 және одан да көп бала тауып, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде, яғни 6,4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы алады.
“Алтын алқа” иегері, I және II дә¬ре¬желі “Ана даңқы” ордендерімен және “Батыр Ана” атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала тауып, тәрбиелеген аналар үшін жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін артады немесе 25530 теңгені құра¬мақ. Бұл жәрдемақы 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап төленеді.
Биыл 1 шілдеден бастап Мемле¬кет басшысының тапсырмасына сәйкес Әлеуметтік кодекстің енгізілуі аясында мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 14,5 пайызға артады. Сонда жыл басындағы 8,5 пайыз өсімді қоса есептегенде, бұл төлем мөлшері 23 пайызға ұлғаяды деп айта аламыз.
Қорыта айтқанда, Әлеуметтік кодекс әділ әлеуметтік саясатты табысты жүзеге асырудың маңызды қадамы болмақ.