Спорт – бұл тек дене шынықтыру ғана емес, ол ұлттың рухын көтеретін, бірлік пен тәртіпке баулитын ерекше күш. Әсіресе, ұлттық спорт түрлерін дамыту мен дәріптеу – елдің болмысын сақтаудың, жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңірудің маңызды жолы. Осы тұрғыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті үлкен үлгі көрсетіп отыр.
Жақында университеттің Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп тоғызқұмалақтан түрлі жарыстардың жеңімпаздары және ҚазҰПУ құрама командасының мүшелерімен арнайы кездесті. Бұл кездесу жастардың спортқа, оның ішінде ұлттық зияткерлік спортқа деген қызығушылығын арттыруға, олардың жетістігін мойындауға және алдағы жетістіктерге ынталандыруға бағытталған маңызды оқиға болды.
Тоғызқұмалақ – қазақ халқының сан ғасырлық тарихымен бірге жасасып келе жатқан ұлттық ойын. Бұл ойын – тек бәсеке емес, логикалық ойлауды, стратегиялық шешім қабылдауды, шыдамдылық пен зияткерлік тәрбие беруді мақсат тұтатын ерекше спорт түрі. Сондықтан да оны тек ұлттық ойын емес, жастарға арналған рухани және тәрбиелік құрал деуге толық негіз бар.
Абай университетінде тоғызқұмалақ ойынына ерекше көңіл бөлініп келеді. Университет құрама командасы түрлі қалалық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, оқу орнының абыройын арттырып келеді. Бұл жеңістер – тек спорттық жетістік емес, педагогикалық жоғары оқу орны үшін ұлттық құндылықты ұлықтау жолындағы үлгілі іс.
Жеңімпаз студенттермен кездесу барысында ректор Болат Тілеп университет спортшыларының еңбегін жоғары бағалап, оларға жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде: «Тоғызқұмалақ – біздің рухани кодымыздың бір бөлігі. Университетіміздің студенттері мен спортшыларының осы ұлттық ойынды әлемдік деңгейде насихаттауы – мақтаныш. Сіздер арқылы біз ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап отырмыз. Алдағы жарыстарда да табысты болуларыңызға тілектеспін», – деді.
Атап айтқанда, 10-20 ақпан аралығында Ақтөбе қаласында өткен тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының чемпионатында Абай атындағы ҚазҰПУ құрама командасының мүшесі, қыздар арасында спорт шебері, Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультетінің 1 курс студенті Аяна Исахан І орынды иеленді. Одан өзге Румынияда өткен тоғызқұмалақтан Әлем кубогында Дакен Эльдар мен Аяна Исахан І орын алған болатын. Ал, Түркия елінде өткен Әлем чемпионатында Аяна Исахан ІІ орынға ие болған еді. Семей қаласында өткен ҚР чемпионатында Дакен Эльдар мен Ердаулет Джанабилов І орын иегерлері атанса, Алматы қаласы студенттері арасында өткен турнирде Аяна Исахан ІІ орын, Ерасыл Пернебаев І орын, Нұрай Ганикызы І орын, Сырым Тілеубек ІІІ орынды қанжығасына байлады.
Бұл кездесу студенттерге үлкен мотивация ғана емес, университет ұжымының ұлттық спортқа деген көзқарасы мен қолдауының айқын көрінісі болды.

Қазіргі таңда Қазақстанда «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заң аясында жастар арасында бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамытуға басымдық берілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың бойында ұлттық рухты ояту, салауатты өмір салтын насихаттау және елдік бірлікті арттыру үшін спорттың маңызын жиі атап өтеді.
Абай университетінде бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар нақты нәтиже беріп отыр. Университетте:
— Тоғызқұмалақ секциясы тұрақты жұмыс істейді;
— Жыл сайын студенттер арасында ұлттық ойындарға арналған турнирлер ұйымдастырылады;
— Спорттық жетістікке жеткен студенттерге моральдық және материалдық қолдау көрсетіледі.
Бұл – спортты тәрбиенің, ұрпақ сабақтастығының, ұлттық сана мен дене мәдениетінің біртұтас жүйесіне айналдырудың үлгісі.
Тоғызқұмалақ – бұл тұрғыдан алғанда ерекше спорт түрі. Өйткені ол тек дене емес, зерде мен сана деңгейіндегі тәрбие мектебі. Университет студенттерінің осы ойында жеңіске жетуі – олардың білімге, тәртіпке, ұлт рухына адал екенін көрсетеді.
Тоғызқұмалақ ойыны арқылы жастар тек спорттық шеберлігін ғана емес, ұлттық рухты, зияткерлік қабілетті, тәртіп пен әділдікті қатар дамытып келеді. Мұндай ұстаным – дені сау, ойы сергек, ұлтқа адал азаматтарды тәрбиелеудің ең тиімді жолдарының бірі екені сөзсіз.
Ақбота Ерболқызы