Қазақстанда келесі жылдан бастап 2021 жылғы 12 қазандағы Үкімет қаулыларымен қабылданған 9 Ұлттық жобаның күші жойылады. Оған «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» 2023 жылғы 28 қыркүйектегі №828 қаулы түрткі болып отыр.
Сол себепті 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Ұлттық рухани жаңғыру»; «Дені сау ұлт»; «Білімді ұлт» сапалы білім беру»; «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс»; «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту»; «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері»; «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу»; «Жасыл Қазақстан» және Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021– 2025 жылдарға арналған Ұлттық жобалардың ғұмыры аяқталады. ҚР Президентінің 2021 жылғы 7 қазандағы № 670 Жарлығымен алғашқы кезде 10 ұлттық жоба бекітілген еді. Олардың арасынан кейін бірінші боп «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы қатардан шығып қалды. Енді келесі жылдан бастап Үкімет жұмысын бағалауда бірде-бір Ұлттық жоба болмайтын сияқты. Ал жаңасын жасап, қабылдау үшін қанша уақыт қажет екенін әзірге ешкім дөп басып айта алмайды. Жалпы, Ұлттық жоба мәселесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында көтерген болатын. Онда мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі туралы айтқан кезде: «Дәстүрге сай, мемлекеттік жоспарлау жүйесінде жоспарлау, орындау және бағалау қызметін негізінен мемлекеттік аппарат атқарады. Бұл – дұрыс емес. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі адам ресурстарын барынша жұмылдыруға тиіс, яғни жеке сектор мен қоғам өкілдерін толыққанды серіктестер ретінде жұмыстың барлық кезеңіне – жоспарлауға, орындауға және бағалауға тартуы керек. Саналуан көрсеткіштер мен индикаторлардан тұратын мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуді тоқтату қажет. Барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшкен жөн. Негізгі мақсат – жұмыстың барысы емес, нәтижесі болуға тиіс» деген еді. Ал 12 қазанда Үкімет мемлекеттік органдар әзірлеген Ұлттық даму жобаларын қараған кезде Ұлттық жобалар Жалпыұлттық басымдықтарды, Ұлттық даму жоспарын және Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру үшін әзірленгені сөз болды. Олардың басым міндеттері ретінде экономика тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілікті одан әрі күшейту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту керектігі айтылды. Онда Ұлттық жобаларды бюджет қаражаты мен жеке инвестиция есебінен қаржыландыру көзделіп отырғанын жеткізген Үкімет басшысы қаржыландыруға 49 триллион теңге жұмсау жоспарланғанын жеткізді. Оның 33 триллионы, яғни, 67 пайызы жеке инвестиция болады деп көрсетілді. Алайда, 2022–2023 жылдары бұл Ұлттық жобаларға республикалық және жергілікті бюджеттен ғана емес, жеке инвестициядан бөлінген қаржының қаншалықты тиімді не тиімсіз жұмсалғанын және оның қандай нәтижесі болғаны әзірге белгісіз. Президенттің 2020 жылғы жолдауында айтылған «мемлекеттік басқару саласындағы реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажет» деген сөзі бойынша заң шығарушы билікте де, атқарушы билікте де орын алған ауқымды талқылауларды көре алмай отырмыз. «Ең алдымен, мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастауымыз керек. Пандемия және дағдарыс жағдайында мемлекеттік басқару жүйесі бар күш-жігерін жұмылдырып жұмыс істеуде. Жедел шешімдер қабылдау айтарлықтай уақыт пен қаражатты талап етеді. Бірақ алдағы жоспарларды назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Сондықтан мен тікелей Президентке бағынышты болатын стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылдадым. Бұрын мұндай орган болды және өз жұмысын ойдағыдай атқарды. Енді осы агенттік қайтадан тұтас мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі орталығына айналады. Агенттік ұсынған реформалар нақты, іске асатын және ең бастысы, барлық мемлекеттік органдар үшін орындауға міндетті болуға тиіс. Реформалар жөніндегі жоғары Президенттік кеңес құрылады. Бұл кеңестің шешімдері түпкілікті болады. Тез өзгеріп жатқан ахуалға шынайы баға беру үшін Статистика комитеті агенттік құрамына беріледі» деген Қ.Тоқаевтың тапсырмасынан кейін қайта құрылған Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі үшін енді 2024 жыл үлкен сынақ болғалы тұр.
Мақсат ХАЛЫҚ, экономикалық сарапшы:
– Бұл Ұлттық жобалардың бәрі 2021 жылы қабылданды. Онда біраз мәселелер қамтылып, орындалуы тиіс бағыттары, мақсаттары, межелері қойылды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін мен біраз сұхбаттарымда «Ұлттық жобалардың барлығын өзгерту керек. Өйткені, ол Қазақстандағы шынайы жағдайды көрсетпейді» деп айттым. Қаңтар оқиғасы елдегі байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты, әділетсіздікті, кедейлердің күн санап көбейіп бара жатқандығын, олардың қиын жағдайда жүргендігін, халықтың өмір сүру сапасының нашарлығын көрсеткен еді. Сондықтан мен осы мәселелердің бәрін ескере отырып, жаңа Ұлттық жобаларды қабылдауымыз керек деген ұсыныс айтқам. Сол уақытта қатты сынға қалдым. Әсіресе, Үкімет мүшелері тарапынан сын көп айтылды. Өйткені олардың позициясында бұл Президент қол қойып, бекітіліп кеткен жобалар. Сол себепті бұл мен үшін күтілген жағдай болды. Үкіметтің енді жаңа стратегия немесе жаңа жоба керек екендігіне көзі жетіп отыр. Меніңше, бізге экономикалық жаңа моделімізді қалыптастыратын стратегия керек әрі ол 15 жылға жоспарланғаны жөн. Президент жолдауындағы межені қарасақ, орта мерзімді уақыт 2029 жыл деп көрсетілген. Яғни, 6 жылдан кейін оған да жетеміз. Ал бізге орта емес, ұзақ мерзімді бағыт керек. 2050 жылға дейінгі стратегия, ондағы бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіреміз деген меже де көп жерде айтылмайды. Қазақстаның әлемдік еңбек бөлінісінде, нарықта үлесі қандай болады деген бағытта қазір бізде үлкен стратегия жоқ. Меніңше ол ұлттық экономикалық сипатта болу керек. Ол бүкіл халықтың жүрегіне үміт сыйлайтындай және оларды ұйыстыра алатындай стратегия болуы маңызды. Жаңа стратегия қазіргі жағдайды толық сипаттап, ендігі қадамдарымыз қандай болады және олар келесі 5-10 жылда қалай өзгереді деген сауалға жауап беретін құжат болуы тиіс.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»