12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Медиация туралы заң – билер билігінің жалғасы

2011 жылдың 28 қаңтарында Елбасымыз қол қойған Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы 2011 жылғы 5 тамызында заңды күшіне енді.

Медиация сөзі «mediare», латын тілінен аударғанда, делдалдық ету, яғни тараптарды өзара келістіру тәсілі немесе мәмілегер, бітімгер деп түсіну абзал. Медиация – үшінші бейтарап көзқарасты ұстанатын тараптың, яғни медиатордың қатысуымен дау-жанжалдарды шешудің баламалы әдісі. Ол екі жақтың еріктілік, құпиялық, тең құқылығын сақтай отырып, тараптардың өзара тиімді бітімге келуіне жол ашады.

Аталмыш Заң жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларды шешуге қолданылады. Әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың мүдделеріне қатысты, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын дауларға, сыбайлас жемқорлық қылмыстар және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы істер бойынша қолданылмайды. Сондай-ақ медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, жүргізу қағидаттары мен рәсімін және медиатордың мәртебесін айқындайды.

Медиаторлар екіге бөлінеді. Олардың бірі медиация мәселесі бойынша арнайы білім алып, тәжірибе жинақтаған кәсіби медиаторлар. Ал екіншісі – кәсіби емес медиаторлар. Заңда атап көрсетілгендей, медиаторлықты таңдаған адам өз қызметін кәсіби де, кәсіби емес те негізде жүзеге асырады. Жоғары білімі бар, жасы 25-ке толған, ҚР Медиаторлар одағынан арнайы оқудан өткен кез келген тұлға кәсіби медиатор бола алады. Ал кәсіби емес медиаторлықпен 40 жасқа толған, халық арасында беделді, адамгершілігі жоғары, ары кіршіксіз адамдардың айналысуына толық мүмкіндік бар. Олар тұрғындар жиынының ресми хаттамасы арқылы жергілікті атқару органдарына тіркелуі тиісті және де заңгер мамандығы болуы міндетті емес. Медиаторлар өз қызметтерін тек қана жеке құқықтық қатынастар бойынша жүргізеді. Мемлекеттік қызметкерлерге, сотты болып, ақталмағандардың бұл қызмет түрімен айналысуларына рұқсат етілмейді.

Ең бастысы, медиатордың бейтараптығы процедураға араласуға жол бермеушілік принциптерімен ерекшеленеді. Бір-біріне талап қоюшы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да медиаторға жүгіну арқылы өзара тиімді мәмілеге келе алады. Қылмыстық істерді қарау аясында тараптар келісімге келгеннен кейін іс сотта бейбіт келісім ретінде мақұлданады. Ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстық істер бойынша жәбірленушіге айыпталушы жақ келтірген залалдың орнын толтыру туралы екі жақты келісімге келетін болса, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 67-бабы негізінде қылмыстық іс қысқартылады.

Дала билігінің дара тұлғалары –Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дау-дамайды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, жеріміздің тұтастығын сақтауға баса назар аударған. Яғни, қолданысқа енген Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы аты бөлек болғанымен қазақ құқығы үшін жат дүние емес. Бұл «алдыңа келсе атаңның да құнын кеш» деген қағиданы басшылыққа алған дарабоз билердің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы деп есептеймін.

Қай заманда да қазақ сөзге тоқтаған, қара қылды қақ жарып айтқан билердің сөзін аяқасты етіп кетпей ымыраға келіп, бейбіт тірлігін жалғастырған ел. Бір кездергі жер мен жесір дауы, барымта мен қарымта дауы ел ішіндегі от ауызды, орақ тілді шешендер мен данагөй ақсақалдардың араласуымен әділ шешімін тауып отырған. Сол ұлы дәстүр бүгінде заңнамаға еніп, өмірімізге қайта келуде.

Шет елдердегі сот саласында бұл практика бұрынан қолданылып келеді. Көптеген даулы істер сотқа жетпей осындай бітімгершілік жолмен шешіледі екен. Мысалы, Америкада істердің 95 % , Германияда 90%, Англияда 87%, кішкентай ғана Словения елінде 35 % бітімгершілік жолмен өз нәтижесін табатыны белгілі болып отыр. Сондықтан да мұндай бітімгершілік тәжірибе біздің еліміз азаматтарына да көп істерді уақыт созбай, жүйке тоздырмай бітірулеріне көмектеседі деген ойдамын.

Мәселенің ақ-қарасын анықтауда сот пен медиация арасында айырмашылық көп. Сот туындаған дауды заң тұрғысынан қарайды. Ал, жаңа заңда екі тараптың мүддесі көзделіп, шешім шығарылады. Оның үстіне сотқа шағымданушы уақыттан әрі ақшадан ұтылады. Екі жақты дау-жанжалды сот-қа жеткізбей нүкте қою адамдарды эмоциялық күйзелістен сақтайды деп көрсетілген заңда.

Сотта бір жақтың, яғни шағымданушының ғана талабы қанағаттандырылатын болғандықтан, онда шығарылған үкімге екінші жақ тарапынан келіспеушілік немесе риза болмаушылық орын алып жатады. Ал, «Медиация туралы» Заңда екі жақтың да көңілін тауып, дау-дамайды бейбіт жолмен шешу жағы қарастырылған. Мұнда айыпталушы өз кінәсін мойындап, шағымданушыдан кешірім сұрап, жәбірленуші жақ та кешіргендігін айтып, істі үлкен дабыраға айналдырмай тыныш, екі тараптың да ризашылығы болатындай деңгейде бітіруге тырысады. Бұл өз кезегінде медиаторға да үлкен міндеттер жүктейтіні белгілі. Екі араздасушы жақты бір үстелдің басына әкеліп, оларды татуластыру кім-көрінгеннің қолынан келе бермейтін іс. Сондықтан да медиаторлыққа қадам басушы тұлға өзіндік жеке пікірі бар, өмірлік тәжірибе жинақтаған, тәрбиелі, білімді тұлға болуы керек деген ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, ол сыр сақтай білетін, ешкімнің сөзіне ермейтін және көпшілікке танымал адам болуы керек. Аталмыш заң өз кезегінде соттардың мойнындағы жүктемені азайтып, сапалы сот шешімдерінің көбеюіне және бюджет қаражатын үнемдеуге, сонымен бірге қарапайым халықтың сот жүйесіне сенімділігін әкелері сөзсіз.

Сот көпшілік алдында өтсе, медиация көпшілікке жария етіле бермейді. Жаңа құжат еңбек қатынастары, тұрмыстық жағдайда, кәсіпкерлер арасында болатын келеңсіздіктерді мәдениетті түрде шешеді деген сенім бар.

Менің ойымша, бұл заңның пайдалы жақтары әсіресе, аудандық, ауылдық жерлердегі жиі кездесіп жататын кішігірім дау-дамайларды шешуде өте ықпалды бола алады. Себебі, ондағылардың көбі істерді сотқа жеткізбеуге өздері мүдделі екендіктерін талай рет айтып та жүр.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың 2010 жылдың 17 тамызындағы «Қазақстан Республикасы құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында «Қылмыстық сот ісін жүргізуде бітімгерлік рәсімдерді кеңейтуге, оның ішінде медиация институтын дамытуға, сондай-ақ жеке және жеке-бұқаралық айыптау қылмыстық істерінің санатын кеңейтуге» тапсырма бергені баршамызға мәлім.           

Заң күшіне енген бұл Заң  туындаған дау-дамайды сотқа жеткізбей, делдал арқылы әділ шешу жүзеге аса бастайды деп сенемін.

Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып отырған дана бабаларымыздың бітімгершілік саясаты егеменді елімізде жаңа серпінмен қолға алынуы құптарлық жайт. Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасында «Медиация туралы» Заңның қабылдануы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды.

Ол даудың заңды шешілуіне, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға үлкен септігін тигізеді деп сенгім келеді.     

                   Бибитгуль Менситова, 

     Атырау облысы

Құрманғазы аудандық сотының судьясы

Ерлікке мәңгі ескерткіш: Таласта тарихи нысан орнатылды

Жеңістің 80 жылдығы – халқымыз үшін айрықша маңызға ие...

«Ақ жол» газетіндегі аштық тақырыбы тарихи дереккөз ретінде

Бүгінгі әдебиеттерде «1921 жылдың күзіне қарай Қазақ АКСР-інің жеті...

Агенттіктер арқылы жұмыс табу: мүмкіндік пе, қауіп пе?

Қазақстанда жұмыс іздеушілердің көбі уақытты үнемдеу және тиімді байланыс...

Ы.Алтынсарин атындағы мектеп түлектері ерекше шарамен үлгі көрсетті

Адамзаттың рухани байлығы мен мәдени жетістіктері көп жағдайда ұлы...

Кассациялық соттың 3-ші сатыдағы жұмысы басталады

2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасынында жаңадан құрылатын...