Сот жүйесі – адамның құқықтары мен бостандықтарының сақталуының, қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың қамтамасыз етілуінің кепілі. Сот төрелігін сапалы атқаруды жетілдіру жолымен халық сеніміне қол жеткізуге болады. Сот төрелігінің әділдігі мен толық орындалуы еліміздің кемел болмысының көрінісі. Сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс емес, оны үздіксіз жетілдіріп отыру қоғамның біртұтас дамуына оң әсерін тигізеді.
Өзін демократиялық қоғам санайтын әр мемлекеттің басты міндеті – заң үстемдігін орнату, ел азаматтары құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету. Азаматтық қоғамды қалыптастыруды басты бағыт етіп ұстанған Қазақстан да соңғы жылдары құқық жүйесін жақсарту мақсатында бірқатар реформаны қолға алды.
Соның бірі ретінде – елімізде Конституциялық соттың құрылуын атап өтуге болады.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты мемлекет аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етеді. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде дербес, азаматтардан, ұйымдардан, мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз, Конституцияны басшылыққа алады.
Конституциялық Сот азаматтардың жолданымдары бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарайды.
Конституциялық Сот дау айтылып отырған нормативтік құқықтық актіге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларында берілген ресми түсіндірме нормативтік құқықтық актіні өзгеше қолдану болжанбайтынын және бұл құралдар азаматтың құқықтарының бұзылуының алдын ала алмайтынын куәландырса, азаматтың жолданымын сот актісіне апелляциялық шағым жасамай, өзінің іс жүргізуіне қабылдауға құқылы.
Елімізде өткен жалпыхалықтық референдумда Конституцияға өзгерістер мен түзетулер енгізілді. Конституциялық соттың құрылуы да сол кездегі түзетулердің бір бөлігі болды. Мемлекет басшысы Конституциялық сот туралы заңға қол қойды.
Конституциялық соттың құзыретіне сайлауды өткізудің дұрыстығы мен Парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың республика Конституциясына сәйкестігін қарау, сондай-ақ, Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру құзыреті кіреді. Сонымен бірге, Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Конституциялық сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайтын болады.
Конституциялық соттың басты ерекшелігі – азаматтардың өтініштері мен шағымын қабылдауы. Өтініштерді қарау тәртібіне тоқталсақ, ол бес кезеңнен тұрады. Олар конституциялық сот аппаратының өтініштерді алдын ала қарауы, конституциялық іс жүргізуге өтінішті қабылдау, отырысқа дайындық кезеңі, өтінішті қарау бойынша отырыс өткізу, өтініш бойынша түпкілікті шешім қабылдау.
Конституциялық Соттың отырысында қабылданатын акт оның шешiмi болып табылады. Конституциялық Соттың шешiмдерi Конституциялық Соттың конституциялық өкiлеттiктерi жүзеге асырылатын қорытынды шешiмдерге және Конституциялық Соттың өзге де өкiлеттiктерi жүзеге асырылатын басқа да шешiмдерге бөлiнедi.
Конституциялық Соттың шешімдері Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының құрамдас бөлігі болып табылатын нормативтік қаулылар, жолдаулар, қорытындылар, қаулылар нысанында қабылданады.
Нормативтік қаулылар, қорытындылар мен жолдаулар Конституциялық Соттың қорытынды шешімдеріне жатады. Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары мен қорытындылары Қазақстан Республикасының атынан шығарылады.
Конституциялық Сот шешімдерді алқалы түрде қабылдайды. Шешімді ашық дауыс беру арқылы отырысқа қатысушы судьялардың көпшілік даусымен қабылдайды. Егер шешім қабылдау кезінде Конституциялық Сот судьяларының дауыстары тең бөлінген болса, барлық жағдайларда өзінің дауысын ең соңынан беретін Конституциялық Сот Төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
Қорытынды шешіммен келіспеген Конституциялық Соттың судьясы өз пікірін жазбаша түрде баяндауға құқылы, ол конституциялық іс жүргізу материалдарына қоса тіркеледі.
Конституциялық Соттың судьясы өзінің ерекше пікірін жариялауға немесе оған жария түрде сілтеме жасауға құқылы емес.
Конституциялық Соттың шешімін түсіндіру туралы мәселе қойылса, қосымша шешім қабылданады. Бұл жағдайда қосымша шешім конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың не Конституциялық Соттың қорытынды шешімін орындауға міндетті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың өтінішхаты бойынша қабылданады.
Конституциялық Соттың шешімінде жіберілген редакциялық сипаттағы дәлсіздіктер мен қателерді түзету қажет болса, қосымша шешім қабылдайды. Бұл жағдайда қосымша шешімді Конституциялық Сот өз бастамасымен қабылдайды. Қосымша шешiм Конституциялық Сот шешiмiнiң шынайы мазмұнына, мағынасы мен мақсатына қайшы келмеуге тиiс.
Қосымша шешiмді Конституциялық Сот отырыста қабылдайды, оның жүргізілу тәртiбi Конституциялық Соттың регламентiнде айқындалады.
Конституциялық Соттың қорытынды шешiмдерi шешiм қабылданғаннан кейiн бес жұмыс күні iшiнде жолданым субъектiлерiне немесе олардың өкiлдерiне, сондай-ақ барлық жағдайларда Қазақстан Республикасының Президентiне, Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарына, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына, Қазақстан Республикасының Әдiлет министрiне жолданады.
Заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде, Конституциялық Соттың интернет-ресурсында, сондай-ақ Конституциялық Соттың шешімі бойынша басқа да дереккөздерде қазақ және орыс тілдерінде жариялануға жатады.
Өзге шешiмдер қажеттілігіне қарай Конституциялық Соттың регламентiнде белгiленген жағдайларда және тәртiппен жарияланады және тиiстi мемлекеттiк органдарға, лауазымды адамдарға, ұйымдар мен азаматтарға жолданады.
Сот имиджінің әлеуетіне қол жеткізу үшін сот билігі ұйымдар мен азаматтардың сотқа деген сенімін одан әрі арттырып, Конституция мен заң талаптарының бұлжытпай орындалуын қамтамасыз етуі керек. Бұл мақсатта елімізде құрылған Конституциялық соттың алар орны айрықша.
Ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын одан әрі қорғау бағытында сот әділдігін жүзеге асыруда сот жүйесі барынша объективті, ашық әрі жариялы түрде қызмет етіп келеді. Сондықтан, сот жүйесіндегі оң өзгерістердің барлығы жалғасын тауып, ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді деген сенім мол.
А.А.Изтелеуова
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы