Қоғамда материалдық және рухани құндылықтар қатар әрі маңызды рөл атқаратыны мәлім. Сол құндылықтардың иесі адам ойлау,шығармашылық, ғылыми жəне мəдени туындылар жасау қабілетімен ерекшеленіп, рухани hәм зияткерлік қор негізін құрайды.
Қазақстан тəуелсіздік алғаннан бастап, дүниежүзілік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болып, халықаралық қатынастарда өзіне сəйкес құқықтар мен міндеттерді қабылдап отыр. Соған сəйкес Қазақстан заңнамалары қатарына зияткерлік меншік құқығына қол сұғуға жол бермейтін заңдар «Азаматтық кодексі», «Авторлық құқық жəне сабақтас құқықтар туралы», «ҚР Патенттік Заңымен», «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы», «ҚР Кәсіпкерлік кодексі» Заңдарымен қорғалады.
Зияткерлік меншік объектілерінің жекелеген түрлерін қорғауға арналған заңнама әртүрлі нормативтік құқықтық актілер ауқымын білдіреді. Нормативтік құқықтық актілер рәсімдік, әкімшілік-құқықтық, қылмыстық-құқықтық, зияткерлік меншік нысандарында азаматтық құқықтардың пайда болуы мен іске асыруға арналған.
Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан зияткерлік меншік құқығы саласын дамытуға жоғары деңгейде көңіл бөлінуде.Өйткені, дүниежүзілік қауымдастықтың талаптарына жауап беру секілді маңызды мемлекеттік мақсаттарды жүзеге асыруда авторлық және сабақтас құқықтар мен өнеркәсіптік меншік саласындағы құқықтарды қорғау маңызды факторлардың бірі болып табылады.
Жалпы өнеркәсіптік меншікке – өнертабыстарға, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге арналған патенттер, тауар белгелері, көрсетілетін қызмет белгілері, фирмалық атаулар және тауар шығарылған жер немесе оның атаулары жатқызылады.
Өнеркәсіптік меншік интеллектуалды меншіктің құрамдас бөлігі.
Кез келген азаматтың зияткерлік меншік обьектісі конституцияға сай заңмен қорғалады. Біздің елімізде Қазақстан азаматтарымен қатар шетел азаматтарының да зияткерлік меншік құқығы заң алдында тепе-тең дәрежеде қорғалады. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтарының зияткерлік саладағы жетістіктері ұйымға мүше мемлекеттердің барлығында бірдей қорғалады.
Азаматтардың зияткерлік меншік құқығын қорғау арқылы мемлекет олардың шығармашылық өрісінің дамуына және сол арқылы ел экономикасының дамуына қолайлы жағдай жасайды. Зияткерлік меншік құқығын қорғау мəселесі бойынша тауар таңбасының құқықтық иелері, авторлар жəне өнертапқыштар өз құқығы бұзылған жағдайда сотқа немесе Əділет министірлігінің зияткерлік меншік департаментіне, аумақтық органдарына арыздануына құқылы.
Қорыта келгенде, зияткерлік меншік жүйесі қалыптаспаған және зияткерлік меншікке қолдау көрсетілмеген мемлекет әрқашан экономикалық, мәдени, саяси, әлеуметтік және өнеркәсіптік салалар бойынша басқа елдерге тәуелді болып қалады. Сондықтан қоғамның әрбір мүшесі жоғарыда көрсетілген заңдарды толық түсініп, зияткерлік меншік обьектілерін заңсыз пайдаланбауы керек. Қоғам зияткерлік меншік обьектілерін заңсыз пайдаланудан бас тартса, зияткерлік меншік иелеріне қолдау көрсетіп, мемлекет экономикасының және мәдениетінің дамуына септіктерін тигізеді.
Еркебұлан Жетпісбаев, Алматы қаласы әділет департаменті зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы, заң ғылымдарының магистрі.