Күнделікті қала ішінде жасалған қылмыстар туралы оперативтік мәліметті алып, өткен тәулікте жүзеге асқан құқық бұзу әрекеттерін безбенге салып отырғанда «Аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 1978 жылы туған Руслан Рүстемұлы ұсталды» деген жазу көзіме оттай басылды. Ойпыр-ау, бұл бөрінің бөлтірігі 10 жылға бас бостандығынан айырылмап па еді?! Қашан босаған? Әлде фамилиясы ұқсас біреу ме? Күдік бұлтын сейілту үшін төртінші қабатқа көтеріліп, криминалдық полиция бөлімінің бастығы Досжігітов Қанаттың кабинетіне бас сұқтым. – Кәке, Арахамия сол 95-жылы қылмыс жасаған сабаз ба? – Соның нақ өзі. 2002 жылдың 6-шілдесінде кесімді жазасының 6 жылын өтеп, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған көрінеді, – деген Қанаттың жауабы менің санамда сарғая бастаған сол бір 95-жылдың көктемін еске түсірді. Егемендік алып еңсесін енді көтеріп келе жатқан ел үшін «Базарға қарап тұрсам әркім барар», – дегендей барын базардан тауып отырған қаймана қазақты нарықтың құны мен пұлы бір қысса, сол жылы «Аяз мүйізді, мүйіз тұқылды қысады» деп қыс та қытымырлығын танытқанды. Аяз апшыны қуырып, кәдеге көңілі толмаған қытымыр құдадай қаһарына мінген қаңтарға қош айтып, ақтүтек боранын азынатып алаөкпе болған ақпанның арыны жер-дүниені нұрға бөлер наурыздың қапталына келе алмай қалған мезгіл. Түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз сәт. «Арқа жылы болса арқар ауып несі бар» демекші жоғары оқу орындарының бірінде оқытушы болып жүрген мен қара қазан, сары баланың қамы үшін қаланың Затон бөлігінде полиция учаскелік инспекторының штаттан тыс көмекшісі болып қосымша қызмет ететінмін. Бәрімізді Затон ішкі істер мекемесіндегі қылмысты іздеу бөлімінің бастығы Қуаныш Егізбаев (марқұм) жинап, 3-Лодочный көшесі бойындағы күл-қоқыс арасынан бір адамның екіге бөлінген мәйіті табылғанын, жәбірленушінің кім екенін анықтау қиындық тудырып тұрғанын айтты. Өйткені, дене бассыз, оқиға болған жерден мәйіттің басы табылмады, қылмыскер басқа жерге тастады ма, болмаса ит алып кетті ме, белгісіз. Міндет – сол төңіректі жіті қарап, шолып шығу. Жұмыла кіріскен жүзге тарта милицияның бір жарым күнгі еңбегі еш болып, ол аумақтан «Алланың добы – адамның басы» табылмады. Бірақ, сол жолы облыстық және Затон аудандық із кесушілерінің ілкімді әрекеті арқасында Арахамия алғаш рет торға түскен-ді. Оқиға 35 кварталдағы бес қабатты үйлердің бірінде болды. Руслан өзінің екі досымен апалы-сіңлілі қыздардың пәтеріне қонаққа келіп, әдеттегідей көңіл көтеріп отырады. Арақ ішіледі. Ақыры әдемі басталған отырыстың соңы өзара керіс, ұрыс-жанжалға ұласып, нәтижесінде Руслан мен досы жабылып жүріп сол аймақтың «топ атаманы» саналатын Жұмановты өлтіреді. 17 жасқа жаңа толған сәби жүрек селт етпестен жаны бойынан толық шығып үлгірмеген жәбірленушінің басын денеден бөлектейді, қарнын жарып жүрегін суырып алып, қорқыныштан көздері атыздай болған қыздардың алдына тастайды. Ол аздай, турап қуырдақ жасауға әмір етеді. Жұдырықтай жүректі көріп шошынған қыздар қашып ас бөлмеге тығылады.
Ол кезде Руслан серігі екеуі бассыз қалған денені белдемеден төмен екіге бөліп қапқа салады, қыздарға қайтып келгенше пәтерді жуып тазалап қоюды міндет етіп, мәйітті күл-қоқыс арасына апарып тастайды. Басты спорт сумкасына салып алып, ауладағы жасөспірімдерге көрсетіп лепіреді. Сөмкеден алып шаштан ұстап: «Сұмырайды суқаным сүймеуші еді», – деп футбол добындай теуіп, кейін сол маңдағы жатақхананың шатырына лақтырып тастайды. Ауладағы балаларға басты көрсетіп бөсіп жүрген Руслан екенін анықтаған соң, Затон қылмысты іздеу бөлімінің қызметкерлерінің алдында қылмыскерді ұстау міндеті тұрды. Руслан суға сіңген судай жым-жылас. Барады-ау деген жердің бәріне тосқауыл қойылды. Бала – адамның бауыр еті. Оның қаладағы таксопаркте таксист болып істейтін әкесінің де әр қадамына аңду қойылды. Баласына апарар жолды әкесінің тамырын басу арқылы байқап көрмек. Әкесін бақылаған топ араға апта салған мезгілде оның парктен шығып, машинасымен қаланың Сротство бөлігіндегі бір үйге келгенін, араға аз уақыт салып үйден бір нәрсені алып шығып, теміржол бекетіне бағыт алғанын хабарлайды. Әкесінің артындағы аңдыған топ та вокзалға келеді. Вокзалға келген соң ол перронға өтіп жүк пойызының машинистерімен сөйлеседі де, қайта келіп қап ішінен ұлын шығарып, жүргелі тұрған тепловозға отырғызып жібереді. Осыншама уақыт ұлын әжесінің үйіндегі подвалда тығып ұстап, ерекше тәсілмен Ресейге қашырып жібермек болған әке пиғылын кеш ұққан полиция қызметкерлері сан соғып қалады. Пойыз «Ресей қайдасың деп?» Мәскеуді бетке алады. Ендігі қалған амал – пойызды күштеп тоқтатып, айлакер әке әдісінің алдын орау. Осы мақсатта Қуаныш Егізбаев, Азанбек Бектасовтар пойызбен қапталдаса жүріп отырып аспанға бірнеше рет ескерту оғын атып, пойызды амалдап Белағашқа жеткізбей тоқтатады да, тепловоз моторларының бір қуысында тығылып жатқан Русланды суырып алады. Сөйтіп қылмыскер тақымына қылбұрау салынады. Қылмыстық іс-құжаттармен танысу сәтінде жауап алу хаттамасын, куәлердің жауабын оқып, фото және бейне жазбаларды көру кезінде адамзат баласының жауыздығымен алғаш жүздескендей болдым. Көз алдымнан сол бір сурет – мәйітханада іші жарылған жарым кеуде мен қылтадан сәл бүгіле қатып қалған аяқ кетпей жүрді. Тергеушінің алдында жауап беріп отырған мұрты жаңа ғана тебіндеп келе жатқан бозбала осындай бейбастақ, бәтуәсіз әрекетті шімірікпей жасады дегенге иланғың келмейді. Славян халқы мен тау ұлы қанының қоспасынан пайда болған ана сүті аузынан кеппеген осы бір сымбатты жігітті жексұрын деуге қимайсың. Алайда, оның кінәсі тергеу амалдары кезінде толық дәлелденді. Жастығын, бұрын сотталмағанын ескеріп, сот 10 жылға жаза тағайындады. Көңіл түкпірінде «Жаңылмас жақ болмас, жүйелі сөз түспесе» дегендей, түзелер деген болмашы бір сенім бізде қалған-ды. 2005 жылдың тамыз айының соңы мен қыркүйектің басы дихан қауым үшін қалай қарбалас болса, Семей қалалық ішкі істер бөлімі үшін де қауырт қимылды қажетсінген қарбаласты болды. 31 тамызда қалалық өрт сөндіру басқармасының кезекші бөліміне Қабанбай батыр көшесіндегі 164-үйдің бір пәтері жанып жатқаны туралы дабыл түскен. Өрт сөндірушілер өртті өршітпей дер кезінде ауыздықтап, үйден 1970 жылғы пәтер иесі мен оның 1995 жылғы қызының мәйітін алып шығады. Сот-медициналық сараптау бөлімі аталмыш азаматтардың ажалына өрт емес, қылғындыру себеп болғанын анықтайды. Сол сәттен бастап тергеушілер мен қылмысты іздеу қызметкерлері іске кіріседі.
Жәбірленушінің жақын жанашырларының арқасында 20 мың теңге тұратын «Самсунг» ұялы телефоны және 30 мың теңге көлеміндегі алтын сақина, сырға, алқа қолды болғаны анықталады. Жаманат болған жерден қысқа кендір жіп, екі ұшы қысқа темір құбырға байланған темір тросс табылады. Көрші-қолаң, туыс-жекжат, тамыр-таныстарының осы қылмысқа қатысының бар-жоғын анықтау барысында жұмыс жүргізген топтың назарына бұрын кісі қанын мойнына жүктегені үшін кінәсін өтеп шыққан Руслан да шалынады. Жүзіктің көзінен өтердей жылпос, сырлы да сымбатты, қу сөзден қуырдақ қуырғанда алдына жан салмас Руслан мен Заринаның арасында о баста махаббат бәйшешегі бүр жарып, алайда уақытына жетпей солған-ды. Жауап алғанда Руслан өздерінің араларында қара мысық жүгіріп өткенін, Заринамен араласпағалы көп болғанын, оның өліміне ешқандай қатысы жоғын айтып бет бақтырмады. Әккі де айлакер, түлкі мінез Русланның оңайшылықпен шағыла қоймайтын жаңғақ екенін ескеріп із кесушілер оның жүріс-тұрысын қадағалауға алады. Басқарма бастығы Ж.Ибраев топты күнде өзіне жинап, мән-жаймен, атқарылған іспен танысып, ақыл-нұсқауын беріп отырды. Ағын судай арындаған өмір арнасымен аққан уақыт, 17 қыркүйекке иек артады. Күндегі әдеті бойынша лездеме жиналысын өткізіп, күнделікті поштамен таныса бергені сол еді, полковник Ибраевтың назарын кезекші бөліммен тікелей байланыстағы телефон шылдыры бөлді.
Ар жағынан оперативтік кезекші, майор Абдрахманов 352 кварталдағы 6-үйде белгісіз біреулер қарақшылық шабуыл жасап, үй иесінің әйелін пышақтап өлтіріп кеткенін баяндады. Бұл үйден де «Сименс» ұялы телефоны, 141 мың теңге көлеміндегі алтын бұйымдар және 4000 теңге ақша ұрланған. Алдыңғы кісі өлімін ашу кілті табылмай тұрғанда оған мына қылмыс қосылып, онсыз да қысқа жіп күрмеуге келмей қиын болатын болды. Қылмыс жасаған адамның өмірі алаңдаумен өтеді. Қылмыскер қалайда бір қателесуі, сүрінуі керек. Тек соны дөп баса білген маңызды Кесіртке қысылғанда құйрығын құрбандыққа шалады демекші, түрмеде жүріп есірткімен әуес болып, кейін есірткінің күшті түрі героинды тамырға жіберіп «тамаша» ләззат табатын Русланның ұрлаған заттарды бірде болмаса бірде көл бетіне қалқыған қауырсындай жарыққа шығаратыны шүбәсіз еді. Атқарылған жұмыстардың бір бағыты осы мақсатқа жұмылдырылған болатын. Солай болып шықты да. Қалалық телефон жүйесінен келген қағазда ұрланған телефоннан тақау арада кезекті телефон номеріне қоңырау түсті делінген. Дереу ұрланған телефоннан қоңырау шалынған адам анықталып, кім хабарласқаны туралы сұралғанда ол өзіне Самат деген досының телефон шалғанын айтады. Қылмысты іздеу қызметкерлері Саматты табады. Жоғалған ұялы телефон соның қолында екен. Қаладағы «Газель» шағын автобусының бірінде кондуктор болып істейтін Самат бұл құрылғыны 10 қыркүйек күні 35-кварталда бір жас жігіттің 3 мың теңгеге сатқанын айтады. Дереу оған Русланның фотосын көрсеткенде, Самат телефон сатқан кісінің Руслан екенін дөп басып таниды. Оны «Газель» шоферы да танып, Саматтың нақ осы жігіттен «самсунг» телефонын сатып алғанын растайды. Қылмыскер сол күні ұсталды. Басында түлкі бұлаңға салып, айтқан сөзінен қайта-қайта жалтарып мойындамауға тырысып бақты. Тіпті оларды (Зарина мен қызын) немере ағасымен бірге өлтірдік, маған тапсырыс берген сол, ол Заринаның банктен ірі көлемде несие алғанын айтты деп, еш кінәсі жоқ, о баста Заринаның осы сұмыраймен жақындығына жан-тәнімен қарсы болып, ұдайы кедергі жасап келген ағасына жала жауып бақты. Алайда, қулығына құрық бойлатпай қанша жалтармақ болса да, тәжірибелі тергеуші Талғат Шәріпов оның бәрін дәйекті түрде анықтап, сот-медициналық, сот-биологиялық, сот-трасологиялық, сот-техникалық сараптама қорытындыларымен нақтылап, қылмыскердің адымын аштырмай мойындатады.
30 тамыз күні жұмыс орнында күн бұрын әзірлеп қойған темір білеуге тросс байлау арқылы жасалған қыл тұзақты қалтасына салған Руслан кешкі 11 кезінде Заринаның пәтерінің есігін қағады. Есік ашқан Заринаға: «Зарина жаным! Сенің бейнең көзден кетсе де, көңілден кетер емес. Иілген басты қылыш кеспес. Кеш жаным! Кешір мені!» – деп көлгірси, қара ниетін кесіп алса қан шықпас бетінің астына жасырған Русланға ол әйелдік кеңпейілдігімен кешірім беріп, кішкене қызының көзі ұйқыға кеткенше сыртта тоса тұруын өтінеді. Қызы ұйықтаған соң Русланды ішке кіргізеді. Оған таңғы шықтай таза сезімін ұсынады. Ниеті жаман, қырым мен ұрымның бәрінен өткен бәлекет тергеушіге берген жауабында: Мен оның ұйықтауын күттім. Жыныстық қатынас жасаған жоқпын, өйткені ертең шашылған шаухатым сараптау кезінде айғақ ретінде шарадай басыма пәле болып жабысатынын білдім. Зарина ұйқыға бас қойған кезде, шамамен сағат 5-7-лердің арасында мойнына қыл тұзақты салып қылқындырып өлтірдім. Сол кезде біздің шуымыздан қызы оянып кетті. Тірі куә қалдырмауды мақсат етіп, оны залдағы диван үстінде қылқындырып өлтірдім. Ас үйдегі Заринаның өлі денесін сүйреп әкеліп диванға қызының қасына жатқызып, қылмысымды жасыру мақсатында төсек жаймасына өрт қойып, жалын күш алғанша тосып тұрдым да сосын ізімді жасырдым. Су жұқпас, екі жүзді кәззапті құр қол, жалаң сөзбен ала алмасын білген тергеуші Талғат Русланмен бірге істейтін қызметкерлерді сұрастыру барысында Русланмен бірге механик болып істейтін Павел 17-сі күні өзіне сағат таңертеңгі 8.30-да бастығы Березовский поселкесіне «Уаз» автокөлігін айдап апарып тастауын тапсырып, қайтарда оны алып келу үшін артынан «Москвич-27В» машинасымен Руслан Арахамия баратынын айтады. Автокөлікті апарған соң Руслан екеуі қайта жұмысқа сағат 10-да келгенін, келген соң өзінің гаражға бір жұмыстармен кеткенін, сосын тағы бастықтың тапсырмасымен шамамен 10.15-тен бастап кәсіпорынға дизель отынын әкелу үшін машина қажет болып Русланды іздегенін, кәсіпорын ауласынан таппағанын, тек сағат 11 кезінде Русланды аулада кезіктіргенін айтады. Демек, қылмыс болған мезгілде жұмыста болдым деген Русланның берген жауабы жалған. Ол Павелдің жауабынан кейін белгілі болады. Істі нақтылау үшін айғақ іздеу мақсатында оның үй, гаражы, жұмыс орны, жүргізіп жүрген машинасы жіті тінтіледі. Машинаны қарау кезінде кенеп қолғаптың ішінен сыртында қатқан қан дағы бар үзілген алқа табылады. Дереу қылмыс болған үйге қайта жүргізілген тексеру кезінде алғашында байқалмаған қостөсек астынан үзілген алқаның жартысы табылып, сот-сараптау кезінде алқаның екі үзіндісінің бір бүтін болғаны расталып, сот-биологиялық сараптау қорытындысы негізінде алқаға жұққан қан дағы жәбірленуші марқұм әйелдің қанымен сәйкес екендігі дәлелденеді. Бұдан ары жалтарудың жөні жоғын ұққан жаналғыш өз істегенін мойындады. Сондағы Русланның тергеушіге берген жауабы: «Мен әйелдің бизнеспен айналысатынын білетінмін. Бірнеше күн сол маңды төңіректеп, оның күнде таңертеңгі мезгілде жалғыз болатынын анықтаған соң, 17-сі күні шамамен сағат 10-нан кете аталмыш мекенжайға келдім. Есік ашық екен. Кіреберіс дәлізге енгенімде әйел қарсы алдымнан жолықты. Әй-шайға қаратпай жұдырықпен 2-3 рет қонжиттым. Әйел байбаламға басты. Біреу естіп қояр деген күдікпен оның аузын қолыммен жауып, төргі үйдегі төсекке құлаттым. Арнайы алып келген жіппен қолын артына қайырып байлап, қалтамдағы пышағымды тамағына тіреп, ақша, қымбат заттар талап еттім. Әйел айғайын үдете түсті. Қолыма ілінген капрон шөлкимен аузын тығындап, пышақпен тамағынан орып жібердім де, үй ішін ақтарып ерлер әмиянының ішінен 44 мың теңге және ұялы телефон мен көзіме ілінген сақина, сырға, білезік, ерлер печаткасын, кетіп бара жатып әйелдің мойнындағы алқаны да жұлып алуды ұмытпадым. Сосын із жасырып жұмысқа келдім де, ұрланған заттарды өзім мініп жүрген «Москвич» машинасының ішіне жасырдым. Кейіннен әркімдерге саттым.
Телефонның маркасы ескі болған соң қираттым да, бізбен шектес мектеп ауласына лақтырып жібердім. Ақша есірткі алу үшін қажет болды» деді жайбарақат. Міне полиция қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында қандықол қылмыскер жасаған аса ауыр, үш кісінің өліміне ұласқан қылмыс ашылып, толық тергеліп, Шығыс Қазақстан облыстық соты Руслан Арахамияға 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Елубек ОСПАНОВ