Биылғы су тасқыны еліміздің барлық аймағында аса күрделі. Жылдағыдан молырақ түскен қар мен күз бойы тоқтаусыз жауған жаңбырдан кейін жер тоң болып қатып қалған. Мамандардың айтуынша, бұл су тасқынымен күресте елеулі қиындықтар туғызды. Бұл орайда төтенше жағдай қызметі мен жергілікті атқарушы органдардың, басқа да су тасқынымен күреске жұмылдырылған күштік құрылымдардың атқаратын жүгі аса ауыр екені түсінікті. Дегенмен, ел басына күн туған шақта құзырлы органдар да, халық та жұдырықтай жұмыла әрекет етіп, тасқынға тосқын болып жатқанын аңдауға болады.
Су тасқыны көктемнің басынан-ақ әбігерге салған аймақтың бірі – Ақмола облысы. Өңірдің Целиноград, Аршалы, Атбасар, Сандықтау және Астрахан сияқты бірнеше ауданында қар көбесі сөгілместен бұрын 13 мыңнан астам адам тұратын 112 елді мекенге су басу қаупі төнген еді. Дегенмен, жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметінің бірлескен әрекетінің арқасында қазіргі уақытта жағдайдың біршама тұрақталып, бақылауға алынғаны байқалады. Наурыздың онынан бастап күн күрт жылына бастағандықтан, облыста төтенше жағдай қызметімен қоса барлық құзырлы органдар жоғары әзірлік режиміне көшкен.

Қалың қар еріп өзен-көлдер арнасынан асқан тұста ағын судың кептеліссіз еркін өтуі үшін су қоймаларында тоң болып қатқан мұздарды жару жұмыстары басталған. Әсіресе, су басу қаупі аса жоғары болғандықтан, Ерейментау ауданында Қарасу өзені және Есіл өзенінің Аршалы ауданындағы Түрген ауылы тұсында жарылыс жұмыстары екі кезең бойы өткен. Өзен арнасы маңындағы елді мекендерді шайып кетуі мүмкін болғандықтан, Нұра өзенінің бойындағы Целиноград ауданына қарасты Рақымжан Қошқарбаев, Преображенко ауылдары, сондай-ақ Колутон өзенінің Жарқайың ауданының Пригородный ауылдық округы, Есіл ауданының Бұзылық ауылы маңында мұз жарылыстары жүйелі жүргізілген. Бұрнағы жылдары өзендер арнасынан асып, тасыған тұста өңірдегі елді мекендердің бір-бірімен қатынасы қиындап, жолдар жабылып қалатын кездер аз болмайтын. Биыл облыстың полиция қызметі де су тасқынымен күреске бел шеше кірісті.

Су тасқыны шайып кетуі мүмкін болған аймақта қазір 300-ден астам полиция қызметкерлері күндіз-түні кезекшілікке қойылыпты. Су басу қаупі төнген аймақтарда полиция төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге тұрғындарды эвакуациялауға да жәрдем беруге кіріскен. «Қазіргі уақытта ақмолалық полицейлер тасқын су шайып кету қаупі төнген 21 жолда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Облыс аумағында су тасқынының салдарын жою және қауіптің алдын алу мақсатында полицейлер арнайы жедел штаб құрып, күндіз — түнікірпік қақпай қызмет етуде. Күн сайын осы бағытта облыс полициясының жеке құрамының 714 сарбазы мен 152 техникасы жұмылдырылған. Жедел штаб мәліметі бойынша қазіргі уақытта өңірдегі 21 жол бойында ағын су жолдың үстінен өтіп кеткен. Бұл жолдардың барлығы қазір полицияның толық бақылауына алынған. Жолаушылардың діттеген жеріне жетіп алуын а м ү м к і н д і к беретін бас қ а қауіпсіз жолдар б а р » , – д е й д і Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук. О б л ы с т ы ң төтенше жағдай қызметі де аса қарбалас күйде жұмыс жүргізуде. Ведомствоның ұсынған сандық мәліметіне жүгінсек, өңірде су тасқыны басталғалы бері ғана 25470 текше су сорылып, 78 мыңнан астам қапқа құм толтырылып бөгендер қойылған. Өзен арналарында 11109 метр бөген нығайтылып, 4 шақырымнан астам жаңадан бөген тұрғызылған. Сонымен қатар 600-ден астам арықтар тазартылып, 322 мың текше қар шығарылған. – Қазіргі уақытта жалпы саны 1037 жеке құрам сарбазы, 350 техника бірлігі мен 116 мотопомпа және 12 жүзу құралы тұрақты жұмыс істеп жатыр. Жағдай толықтай төтенше жағдай қызметінің бақылауына алынған. Елді мекендерге қауіп төндірмеу мақсатында барынша қауырт режимде жұмыс жүргізіліп жатыр. Су тасқыны кезінде облыс аумағында құтқарушылар 434 адамды эвакуациялап, қауіпсіз жерлерге көшірді. Оның ішінде 60 бала бар. Сондай-ақ, суға ағып кетуі мүмкін болған 10 ірі қара мал, 27 қой-ешкі, 7 жылқы мен 6 түйе құтқарылды. Қауіп әлі сейілген жоқ. Сондықтан барша азаматтардан су тасқыны кезінде бірлесе әрекет етуді сұраймыз, – дейді Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қанат Доспаев. Су тасқыны ерекше қауіп төндіріп тұрған аймақтың бірі елорданың іргесіндегі Қосшы кенті. Мұнда күні кеше жағдайды бақылау мақсатында республикалық штаб басшысының орынбасары, вице-премьер Қанат Бозымбаев, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Марат Ахметжанов та арнайы барып, жүргізіліп жатқан жұмыстарды тексерген еді. Қазіргі уақытта алаңдатып тұрғаны Тайтөбе ауылы тұсындағы Нұра өзенінің жағалауы. Ауылдың өзен аңғары тұсында ұ з ы н д ы ғ ы 2 4 0 0 метр топырақты нығайту жұмыстары жүргізіліпті. Сапар кезінде Нұра, Есіл өзендеріндегі су ағыны тексерілді. Құзырлы министрлік облыстағы жағдайды тұрақты түрде күрделі деп бағалады. Қазіргі уақытта өңірге Астана қаласы әкімдігі мен елордалық ұйымдардың арнайы техникасы жіберіліп, Төтенше жағдай министрлігі мен Азаматтық қорғаныс академиясының күштері орналастырылыпты. Штаб басшысының орынбасары облыс әкімі мен ТЖД басшысына елорда маңындағы өңірлерде су тасқынынан өту мәселесін жеке бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ, қауіп-қатерді жоюға бағытталған бірқатар тапсырма берді. Ақмола облысы бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 1500-ге жуық адам мен 350 бірлік техника жұмылдырылғаны атап өтілді. – Өңірде жыл сайын тасқын судан зардап шегетін аймақтың бірі – Атбасар ауданы. Іргесіндегі Жабай өзенінің тасуынан қызыл су мұнда бірнеше жыл қатарынан жүздеген үйді шайып кетіп, ауыр шығынға батырғаны көптің көкейінде әлі сайрап тұр. Аудан әкімдігінің мәліметінше қазіргі уақытта ауданда елді мекендер мен тұрғын үйлерді су басу оқиғасы тіркелмеген. Дегенмен сақтық мақсатында 8 мыңнан астам қапшық құммен толтырылып, тұрғын үйлердің айналасына қойылыпты. Сондай-ақ 2 шақырымнан астам арықтар тазартылып, 126 мың текше қар шығарылған. Дегенмен, қар қалың түскен елді мекендерде қауіп әлі сейілмеген. Ауданда әлі де болса 16 елді мекенді су басу қаупі төніп тұр. Соңғы үш күн ішінде ғана 400-ден астам аудан тұрғындарынан хабар түсті. Зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Жақында Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің көмегі де жетпек. Су тасқынының салдарынан Атбасар-Сочинское трассасының бойынан ұзындығы 800 метр облыстық маңызы бар жолды су шайып кетті. Қазіргі уақытта Сепе, Новомариновка және Есенгелді ауылдарымен қатынас үзілді. Дегенмен, азық-түлік пен дәрі-дәрмек қоры жеткізілген. Төтенше жағдай қызметімен 2 қайықта 5 құтқарушымен кезекшілік ұйымдастырылған. Барлық жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, – дейді Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов. Жалпы аймақта жағдайдың аса күрделі болғанына қарамастан құзырлы органдар мен жергілікті әкімдіктер барынша қауырт режимде жұмыс істеуде. Елді мекендердің қызыл судың астында қалмауы үшін ерікті азаматтар да су тасқынына қарсы шараларға белсене кіріскен. Қауіптің алдын алу және жою үшін бірлесіп барынша жұмыла әрекет ету өзінің жемісін беретіні де сөзсіз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ