Қазіргі жаһандану дәуірінде ақпарат қоғамның негізгі ресурсына айналып, журналистиканың әлеуметтік рөлі бұрынғыдан да күшейе түсті. Журналист тек хабар таратушы ғана емес, қоғамдық санаға ықпал ететін, мәдени құндылықтарды жеткізетін маңызды тұлғаға айналды. Осыған байланысты журналист қызметінің басты өлшемдерінің бірі – кәсіби әдеп, яғни журналистік этика мәселесі. Алайда журналистік әдепті тек әмбебап кәсіби қағидалар шеңберінде қарастыру жеткіліксіз. Себебі әр халықтың дүниетанымы, ұлттық тәрбиесі, моральдық ұстанымдары журналистік этиканың ұлттық сипатын қалыптастырады. Сондықтан журналистік әдеп мәселелерін зерттеу барысында ұлттық мәдениет пен кәсіби мораль арасындағы сабақтастықты талдау өзекті.
Қазақ қоғамындағы әдеп жүйесінің негізгі қайнар көзі — халықтың өзі. Ұлттық тәрбие ғасырлар бойы қалыптасып, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, адамға мейірім таныту сияқты моральдық қағидаларды орнықтырды. Бұл құндылықтар қоғамдық қатынастарды реттейтін рухани тәртіп қызметін атқарады. Философ Әбдімәлік Нысанбаев ұлттық руханият мәселесіне тоқтала отырып, қазақ мәдениетінде әдептің қоғамды біріктіретін негізгі күш екенін атап өтеді. Оның пікірінше, ұлттық мораль адамның мінез-құлқын ғана емес, қоғамдық жауапкершілікті де қалыптастырады. Журналистика саласында бұл құндылықтар кәсіби мінез-құлық нормалары арқылы белгіленсе, қазақы ортада журналистің әдебі тек кәсіби міндет емес, ұлттық мәдениеттің өлшемі екендігін еске салады. Журналистика да қоғаммен тікелей байланыстағы сала болғандықтан, журналистің мінез-құлқы мен сөйлеу әдебі ұлттық мораль талаптарына сәйкес болуға тиіс.
Қазақ мәдениетінде тыйым сөздер тәрбиенің маңызды тетігі болып саналады. «Нанды баспа», «үлкеннің алдын кесіп өтпе», «үй ішінде ысқырма» сияқты тыйымдар адамның жауапкершілігін қалыптастырып, ұлттық этикалық сүзгі қызметін атқарған. Журналистикада да мұндай моральдық шектеулер маңызды. Журналист сөз арқылы қоғамға ықпал ететін тұлға болғандықтан, оның ақпарат таратуда мәдениет пен әдеп нормаларын сақтауы міндетті. Қазақстандағы журналистік тәжірибеде бұл мәселе жиі көрініс табады. Мысалы, әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарату немесе жеке адамның ар-намысына тиетін материал жариялау қоғам тарапынан сынға ұшырап, журналистік әдептің ұлттық деңгейде қадағалануын көрсетеді.
Қазақ дүниетанымында сәлемдесу — әдептіліктің алғашқы көрінісі. «Сәлем — сөздің анасы» деген Бұқар жыраудың нақыл сөзі коммуникация мәдениетінің ұлттық негізін көрсетеді. Журналист қоғаммен қарым-қатынас орнатқанда ең алдымен сыйластық, мәдениет және аудиторияға құрмет қағидаларын ұстануға тиіс. Бұл журналистік коммуникацияның ұлттық ерекшелігі ретінде қарастырылады.
Кәсіби мораль ұғымын зерттеуші Дэнис Мак Куэйл журналистиканың негізгі этикалық міндеті — қоғамға шындықты жеткізу және қоғамдық сенімді сақтау екенін атап көрсетеді (McQuail, 2010). Ал Юрген Хабермас қоғамдық кеңістіктегі коммуникацияның әділдігі мен ашықтығы журналистиканың моральдық негізін құрайтынын дәлелдейді (Habermas, 1989).
Қазақ журналистикасында да кәсіби мораль категориялары ұлттық ұғымдармен терең байланысады. «Ар», «ұят», «намыс» секілді түсініктер журналистің кәсіби шешімдерінің ішкі өлшеміне айналды. Егер журналист этикалық талаптарды бұзса, бұл тек кәсіби қателік емес, ұлттық моральға қарсы әрекет.
Қорыта келгенде, қазақы әдеп мәдениеті — халықтық тәрбиеден бастау алып, исламдық рухани құндылықтармен үндескен, дәстүр арқылы қалыптасқан ұлттық моральдық жүйе. Үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, тыйым сөздерді сақтау, сәлемдесу әдебін ұстану — қазақ қоғамындағы рухани тәртіптің негізі. Журналистік мораль қоғам сенімін сақтаудың басты кепілі ретінде кәсіби жауапкершілік пен ар-ұят өлшемдерін талап етеді. Осылайша ұлттық әдеп пен кәсіби мораль нормалары бір-бірімен сабақтасып, қоғамдағы мәдениетті қарым-қатынастың, әділеттілік пен сенімді коммуникацияның негізін құрайды.
Игерді Ақтолқын
ҚазҰУ-дың 3-курс студенті


