Кемел Тоқаев атындағы республикалық VII детектив шығармалар байқауының жеңімпаздары мен қонақтарын Шымкент қаласы ерекше құрметпен қарсы алды. Қатысушыларды Қазақстанның рухани ордасына айналған үшінші мегаполистің көрікті жерлерімен, тарихымен және мәдениетімен таныстырды. Бұл күн тек марапаттау рәсімі ретінде емес, сонымен бірге қонақтарға ерекше әсер қалдырған рухани саяхат есебінде де ерекше есте қалды.
Таңертең сағат 9:30-да «Достық» үйінің алдынан басталған саяхат қаланың рухани, мәдени және тарихи нысандарын тамашалаумен жалғасты. Сағат 14:00-де байқаудың қорытынды марапаттау шарасы басталды. Салтанатты кешке ҚР Президентінің кеңесшісі – ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Парламент сенатының депутаты Айгүл Қапбарова және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Іс-шарадан кейін қонақтарға арнайы дастарқан жайылып, шығармашылық кездесу ұйым дастырылды. Шымкенттегі жаңадан салынған Сейітжан қари атындағы мешіт өзінің ерекше сәулет, жылы атмосфера, ғажап архитектурасымен көз тартты. Қазақы нақышта өрілген әрбір деталі қонақтардың таңданысын тудырды. Бұл қасиетті орынның аурасы әр адамның жүрегіне ерекше жылулық ұялатты. Сапардың келесі бағыты – Бәйдібек би ескерткішін көрумен жалғасты. Қазақ халқының бірлігі мен батырлығын паш ететін бұл тарихи орынның маңыздылығы биік тұғырымен менмұндалайды. Жеңімпаздардың келесі аялдамасы – А. Асқаров атындағы дендросаябақ болды. Қала қонақтарына өңірдегі көрікті жерлерді аралатып жүрген әріптесіміз Шадияр Молдабек саябақ тарихын әдемі әңгімеледі. Мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров қала шетіндегі қоқысқа айналған орынды тазалатып, жасыл талдар отыр ғызуға мұрындық болыпты. Қазақтың «артыңда мал қалғанша, тал қалсын» дейтін сөзінің мәні осыдан болар. Саябақты аралауға келген әрбір адамның ілтипат алғысына бөленуден артық қандай тағылымды із болсын. Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей де өзінің азалы тарихымен ұрпақ санасында қаралы кезеңдерді қайта жаң ғыртады. Бұл мекен – ұлт азаттығы жолындағы әр кезеңнен, сол кезеңнің қайраткер ұл-қыздарының тәуелсіздік жолындағы қарекеттерінен хабар береді.
Шымкент қаласы түрленген, қайта түлеген қала. Сонымен қоса қаншама жылдар тарихын қойнауына сыйдырған қазыналы мекен. Кемел Тоқаев атындағы республикалық VII детектив шығармалар байқауының марапаттау рәсімі Шымкент қаласындағы «Достық» үйінде өтті. Бұл байқау – еліміздегі детектив жанрын дамытуға арналған бірегей жоба. Шығармашылық дода алғаш рет 2018 жылы ұйымдастырылған еді. Содан бері әр жыл сайын өзінің маңыздылығын арттырып, жазушылар, журналистер, заңгерлер мен құқық қорғаушылардың басын қосатын айтулы шараға айналды. Осы жылдар ішінде байқау Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жетісу және Шымкент қалаларында өткізілді. Жанашырлардың қолдауымен байқау сәтті ұйымдастырылып, талай таланттың танылуына сеп болды. Байқаудың басты ерекшелігі – детектив жанрын жаңғыртып, оны әдебиетіміздің маңызды саласына айналдыру.
Берік УƏЛИ, ҚР Президентінің кеңесшісі – ҚР Президентінің баспасөз хатшысы: Бәсі жоғары байқау
– Қазақ әдебиетінде детектив сынды күрделі әрі деректі жанрдың негізін қалаған Кемел Тоқаевтың ізін жалғап, әдебиет айдынында жаңа есімдерді танытып жүрген бұл дәстүрлі байқаудың қашанда бәсі жоғары екенін жақсы білесіздер. Оған қоғам мен қатысушылардың қызығушылығына және олардың көптеп қатысып жатқанына қарап көз жеткізуге болады.
Ғабит СЫЗДЫҚБЕКОВ, Шымкент қаласының əкімі:
Шынайы таланттарды танытты – Шығармашылық доданың арқасында қаншама жазушылар, журналистер, заңгерлер мен құқық қорғаушылар кез келгеннің қолынан келе бермейтін шығармалар жазып, шынайы таланттарын танытты. Қиын да күрделі жанрда талай дарындар анықталды. Осы ретте бүгінгі басқосуымызға ұйытқы болып отырған «ЗАҢ» Медиа-корпорациясын» 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.
Досымбек ӨТЕҒАЛИЕВ, «ЗАҢ» Медиа-корпорациясы» ЖШС директоры: Ерекше жанрды дамытуға жол ашатын жоба
– Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив шығармалар байқауы – қазақ әдебиетіндегі ерекше жанрдың дамуына жол ашатын маңызды жоба. Бұл байқау қаламгерлердің өздерін жаңа қырынан танытуына мүмкіндік беріп, детектив жанрын әдебиетіміздің маңызды бөлігіне айналдыруға сеп болды. Шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша азаматтарға және қолдау көрсеткен Шымкент қалалық сотының ұжымына алғысымды білдіремін. Бұл байқаудың жетістіктері қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосып, жаңа есімдерді танытып, оқырманға жаңа туындылар ұсынуға мүмкіндік береді.
Айнұр СЕМБАЕВА, «Заң газетінің» бас редакторы: Қазақтың өз Шерлок Холмсы болуы керек
– Байқауды әр өңірде өткізудегі негізгі мақсатымыз – детектив жанрын әр өңірде насихаттау және оған деген қызығушылықты арттыру. Соның нәтижесін біз анық көріп отырмыз. Жыл сайын байқауға қатысуға ниет білдірген үміткерлер саны артып келеді. Биыл 106 шығарма келіп түсті, оның ішінде ерекше көзге түскен 10-ы іріктеліп алынды. Биылғы байқаудың талабы ерекше болды. Қазақтың өзіндік Шерлок Холмсын, яғни, ізкесуші кейіпкерді қалыптастыруды мақсат еттік. Сонымен қатар, шығармалар көлемін де ұлғайттық. Қылмыскердің образын, қылмыстың қалай жасалғанын, қылмыстың сыры мен оны шешу жолдарын түсіндіретін шығармалар күшейе түсті. Бұл талаптар үміткерлердің шығармашылық деңгейін шыңдап, тың дүниелер ұсынуға мүмкіндік берді. Қатысушылардың әрбірі осы байқау арқылы өзін жаңа қырынан танытып, шығармашылық шеберліктерін шыңдауда.
Тұрақ ƏДІСҰЛЫ, байқау жеңімпазы: Байқаумен бірге өстік, толыстық
Сөз жоқ, байқау біздің шығармашылығымызды шыңдады, ширатып, өсірді. Мен алғаш рет 2022 жылы «Оралманның ойраны» деректі әңгімеммен III орын алсам, былтыр 2023 жылы «Бандитті қуған Хамит» атты деректі хикаятымды қазылар алқасы II орынға лайық деп таныды. Байқаудың бір пайдасы – бізге өзіміздің шама-шарқымызды, деңгейімізді байқатты. Байқаумен бірге біз де өстік, толыстық. Биылғы ұсынған «Бес миллиондық кемпір» нағыз шы тырман болып шықты. Жалпы, биылғы сұрыпталған дүниелердің осалы жоқ. Менің «Бес миллиондық кемпір» атты деректі хикаятым 106 шығарманың ішінен ең үздік шығарма деп бағаланып, Бас жүлде берілді. Әріптестерімді жүлделі орындарымен құттықтай отырып, алдағы уақытта шығармашылық табыстар тілеймін!
Әділ қазылар алқасының шешімімен биылғы байқауда үздік деп танылған шығармалар:
• Бас жүлде: Тұрақ Əдисұлы – «Бес миллиондық кемпір»
• І орын: Ирина Базарғалиқызы – «Мидағы «Кох таяқшасы»
• Түркістан облысы əкімінің арнайы жүлдесі: Қанағат Əбілқайыр – «…Жар астында»
• ІІ орын: Əділбек Ибрайымұлы – «Паханның ажалы»
• ІІІ орын: Бекмұхамбет Абдрасулаев – «Соңғы қоңырау»
• ІІІ орын: Арман Жусанбай – «Тұнықсудың салқын жазы»
• ІІІ орын: Ғабдулсабит Юсупов – «Қорқаулар».
Сонымен қатар, бірнеше қатысушы ынталандыру сыйлығына ие болды. Ең жас қатысушы атағын 10-сынып оқушысы Сара Мамажанова жеңіп алды. Бұл байқау – тек үздіктерді анықтау ғана емес, жас қаламгерлерге жаңа мүмкіндіктер сыйлайтын шығармашылық алаң.
Аружан МАУЛЕНБАЙ, «Заң газеті»